Әкімдердің рейтингісі түзілді

Oinet.kz 20-11-2009 857

1.jpg

«Жол картасы», «100 мектеп, 100 аурухана» секілді бағдарламалар шеңберінде атқарылып жатқан игі істер жергілікті әкімдердің халық алдындағы абыройын арттырғаны анық. Жолдар, мектеп, ауруханалар салынып, әлеуметтік салада әжептәуір тірліктер жасалды. Яғни, халықтың жергілікті билікке айтар мұң-мұқтажы азайды. Дегенмен, өзекті мәселелер әлі де болса жеткілікті. Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі А.Мырзахметов командасын ертіп аудан, ауылды аралау арқылы сол бірінші кезекте шешуді қажет ететін проблемаларды анықтап қайтты. Осы арада заңды сұрақ туындайды. Облыс басшысы барып анықтаған сол проблемаларды жергілікті әкім бұрын неге көтермеген? Көтерген болса ол неге шешімін таппаған? А.Мырзахметов бармаса ол мәселелер қордаланып, келесі жылдарға қала бере ме? Демек, жергілікті әкімдердің халықпен жұмыс істеуі, арыз-шағым бойынша сараптамалар жүргізіп нақты ұсыныс жасауы тиісті деңгейде емес. Айтпақшы, дәл осы мәселе аудан, қала әкімдерінің рейтингін анықтайтын 10 көрсеткіштің бірі ретінде қаралған. Облыс әкімі А.Мырзахметов те әкімдердің жұмысын бағалайтын рейтингке ерекше мән берілетінін бірнеше алқалы жиында ескерткен де болатын. Демек, аудан, қала әкімдерінің көрсеткіші ертеңгі жұмысты жоспарлауда, кадрлық мәселені қарауда үлкен роль атқарары сөзсіз. Бүгінгі таңда әкімдердің қызметі қалай бағаланып отыр, кім алда, қайсысы көш соңында келеді? Биылғы бірінші қарашаға дейінгі аудан, қала әкімдерінің рейтингі бойынша жауап іздеп көрелік.

Оңтүстікте он бес аудан, қала бары мәлім. Әрине, әр ауданның өз ерекшелігі бар. Дегенмен, барлық әкімге қояр талап бір. Аудан әкімдерінің рейтингі он көрсеткіш бойынша баллдық есеппен анықталып отыр. Кестеге көз жүгіртіп, алдын ала берілген мәліметке жүгінсек, барлық көрсеткіштер бойынша жиынтық балы жоғары Созақ ауданы екен. Яғни, 115,4 балл жинаған Созақ ауданының әкімі Созақбай Әбдіқұлов көш бастап келеді. Осы 115,4 баллдың жартысына жуығын өңірдегі өнеркәсіптің дамуы мен бюджет құрап отыр. Әрине, уранға бай ауданда бұл көрсеткіштердің жоғары болуы тиіс. Созақ ауданының әкімі облыс басшысының тапсырмаларын орындау жөнінен де алда. Ауданға сапарында А.Мырзахметов тағы бірқатар тапсырмаларды жүктеді. Бүгінге дейінгі жүрісінен жаңылмаса, аудан әкімі ол тапсырмаларды мінсіз орындайтынына сенім бар. Десек те, С.Әбдіқұлов орындай алмай отырған мәселе де жоқ емес. Мысалы, 2009-2011 жылдарға арналған ОҚО экономикалық дамуының бірінші кезектегі іс-шаралар жоспарының орындалуы бойынша Созақ ауданы ең соңғы орында.

Рейтинг бойынша 96,8 баллмен екінші орында келе жатқан Отырар ауданының әкімі Бейбіт Сыздықов өнеркәсіпті дамытуда осалдық танытуда. Жаңа әкім, әзірге өнеркәсіпті дамыту көрсеткіші жағынан соңғы орында тұр. Ал,  мемлекеттік сатып алу конкурстары бойынша 13,3 баллмен бірінші орынға шығыпты. Оқырмандарымыздың есінде болар, осы Отырарда тендерден теңге табамын деп теріс әрекетке жол берген аудан әкімінің орынбасары ұсталды. Сол себептен бұрынғы әкім қызметтен кетті. Бәлкім, басқа тендерлер әділ де ашық өтіп, жақсы нәтиже берген болар. Сондай-ақ, аудан инвестиция тарту бойынша 7 орында келеді. Қызметке кіріскеніне көп бола қоймаған Б.Сыздықовтың алдағы уақытта қазіргі позициясын қалай сақтарын немесе жақсартарын уақыт көрсетер.

Үшінші орында Сайрам ауданының әкімі Мұхит Әлі (88,1 балл) тұр. Өнеркәсіпті дамыту, бюджет көрсеткіштері бойынша жақсы балл жинаған М.Әлі мемлекеттік сатып алу конкурстары жөнінен 13 орында. Бюджеттік ұйымдардың және тұрғындардың коммуналдық қызметтерге (сумен, электрмен қамтамасыз ету) қарызы жөнінен де соңғы орындарда келеді. Дегенмен, облыс әкімінің тапсырмаларын тиянақты орындауымен көзге түскен. Осы Сайрам ауданы әкімінің 3 ауысымды мектептер мәселесін шешудегі бастамасын облыс әкімі іссапарларында жергілікті әкімдерге үлгі ретінде айтып жүр.

Көш бастап келе жатқан әкімдерге қысқаша тоқталдық. Ал, жалпы рейтингте Шымкент қаласының көрсеткіші өте төмен. Яғни, бұқаралық ақпарат құралдарында жиі сыналатын Шымкент қаласының әкімі А.Жетпісбаев (29,8 балл) 15-ші орында. Осыған қарап, БАҚ-тың жиі сынайтынындай жөні бар екен-ау деген ойда қаласыз. Әлгі 29,8 баллдың 20-сы өнеркәсіпті дамыту көрсеткіші бойынша беріліпті. Алайда, А.Жетпісбаев ҚР «Мемлекеттік қызмет», «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы», «Әкімшілік рәсімдер туралы» құқықтық заңдарының және азаматтардан келіп түскен өтініштердің орындалуы бойынша минусқа кетіп, -35,0 балл алған. Бұл жәйт те көп нәрсені аңғартады, облыс орталығында халықпен жұмыс істеу нашар. Тұрғындар мен қала әкімінің арасында алшақтық ұлғая түскен. Сондай-ақ, Шымкентте мемлекеттік сатып алу конкурстары, бюджет, халықты жұмыспен қамту, ақпараттық тіркеу жүйесі бойынша атқарылған жұмыстар өзгелермен салыстырғанда өте төмен.

Биылғы жылы мақталы өңір Мақтаарал ауданының да мазасы жоқ. Әкім ауысқанымен жағдай жақсарар емес. Жалпы рейтингте Мақтаарал ауданы (40,9 балл) 14 орында. Мақта терімі кезінде дау-дамайы көбейіп кеткен Мақтааралдың тізгініне ие болу, басқару Қасымбек Хаметов мырзаға қиын болып жатқан секілді. Қ.Хаметов облыс әкімінің тапсырмаларын орындамай отыр десек те болады. Олай дейтініміз облыс әкімі тапсырмаларының орындалуы көрсеткіші бойынша Мақтаарал ауданы 0,0 балл алған. Азаматтардың өтінішін орындау жөніндегі жұмысына минус 34 балл беріліпті. Өнеркәсіпті дамыту бойынша да бұл аудан соңғы орындарда.

Қайрат Молдасейітовтің Түркістан қаласына әкім болып тағайындалғанына көп уақыт өте қойған жоқ. Сондықтан қаланың рейтингтегі бүгінгі көрсеткіші Қ.Молдасейітовтің жұмысының нәтижесі дей алмаспыз. Түркістан қаласы 44,5 баллмен 13 орында тұр. Облысымыздағы төрт қаланың екеуі көш соңында келе жатса,  Арыс жетінші, Кентау тоғызыншы орында тұр.

Арыс қаласының әкімі Қанат Сыдықовқа облыс әкімі тапсырмаларының және бірінші кезектегі іс-шаралар жоспарының орындалуы бойынша жоғары балл қойылыпты. Инвестиция тарту жұмысы да жаман емес. Дегенмен, халықты жұмыспен қамту деңгейі төмен.

Облысымыздағы аудан, қала әкімдерінің бүгінгі рейтингі осылай.

"Рейтинг" газеті №41, 20 қараша 2009 жыл

Сырдарияның суы - саясат
Айтахановтың айтқаны айдалада қалған секілді
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу