Мансапқа мастану. Рахат Әлиев пен Гаухар Әлиеваны не байланыстырады?

Oinet.kz 03-12-2009 985

Screenshot_13.jpg

Мансапқа мастану, қызметтің буы дегенді қойсайшы. Жұмыр басты пендені азғырып, әп-сәтте тура жолдан адастырып жібереді ғой шіркінің. Қызметтің желігі тура бір жұқпалы індет секілді.  Жұмсақ креслоға жамбасы тигеннің ілуде біреуі болмаса көбі осы бір «жұқпалы дерттің» созылмалы әрі айықпас түрінен өмірінің соңына дейін айыға алмай кетеді.  Керек десеңіз денедегі дертті емдеудің жолын білетін дәрігерлер де. Бұл жолы «айықпас аурудың буы»  нешеме жылдар бойы жұқпалы індеттермен күресіп келе жатқан жоғары лауазымды санитар дәрігердің «басына теуіпті.»   Қызмет пен мансапты асыра пайдалану жөнінен Шымкент қаласы Әл-Фараби аудандық санитарлық қадағалау басқармасының бастығы Гаухар Әлиеваның іс-әрекеті пендешелікке бой алдырған өзге шенеуніктерден асып түсті. Ауданның бас санитары мансабын пайдаланып,  қызметкерлерінің ар-намысын аяққа таптап, балағаттауды көптен бері әдетіне айналдырып алған екен. Желік қысса оңай ма, онымен де шектелмей  түскі және кешкі асын қымбат мейрамханаларда тегін ішіп, құрбыларымен барған сауналарына да ақы төлемейтінін былайғы жұрт енді біліп отыр. Ал басқарма қызметкерлері Әлиева ханымның мұнысын білгенімен «күресерге дәрмен жоқ...» болған соң  амалсыз бастықтың ішкен асы, түскен моншасы мен ұялы телефонының ақысына дейін  өз қалталарынан  төлеп келген. Ауданның бас санитарының демалатын жерлері әрине анау-мынау емес. Қаладағы дәулеті орташалардың өзі қалтасын қарманып, әрі именіп кіретін «Караван», «Астория» және Грузинская кухня» мейрамханалары. Ал Гаухар Әметқызын құрбыларымен моншада көргіңіз келсе «Үш ноян» саунасынан табасыз. Жалпы 2003 жылдан бастап Шымкент қалалық санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау басқармасының басқарған Гаухар Әлиева 2005 жылы бұл құзыры мықты құрылым облыс орталығының аумағына қарай үшке бөлінгенде Әл-Фараби аудандық санитарлық қадағалау басқармасының басшылығына ауысқан болатын.  Оның қарамағында жұмыс істеген қызметкерлері жазған түсініктемелерінде Әлиеваның өздерін қылмысқа итермелегенін де растады. Әл-Фараби аудандық санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау басқармасының  маманы Раушан  Дәулетбаева «басқарма бастығы бізге ешбір себепсіз кәсіпкерлік нысандарға айыппұл салуды тапсыратын, күнделікті кестеге сай тексеретін  обьектімізге шықпай жатып, сол жерден әкімшілік құқық бұзушылық туралы осыншама хаттама алып келесің деп  тапсырма беретін»,-дейді. Сондай-ақ Г. Әлиева денсаулығына байланысты демалыста жүрген кездің өзінде басқарма мөрін өзімен бірге алып кетіп, үйінде отырып басшылық қызметін жалғастыра берген. Бұл дерек басқарма бастығының орынбасары В. Гапуненконың сөзімен айқындалып отыр. Ал ең сорақысы Әлиева ханым қарамағаныдағыларды өзінің әбден тозығы жеткен киім-кешектерін және ескірген жиһаздарын қымбат бағамен сатып алуға мәжбүрлеген. Мұның бәрін басқарма қызметкерлерінің арызына сәйкес тексеру жүргізген тәртіптік кеңес мүшелері анықтап берді.  

Басқарма бастығы Гаухар Әлиева өзіне қатысты дау басталғалы денсаулығына байланысты жұмыста жоқ.  Тексеру кезінде өзіне тағылған кінәні де мойындамаған. Масапқа мастанған ол тәртіптік кеңес жиынына қатысуды да жөн деп таппапты. Әйтсе де тәртіптік кеңес мүшелері санитарлық қадағалу жөніндегі комитеттің Әлиеваға  қатаң сөгіс беру туралы хатын және дәлелді фактілерді негізге ала отырып, оны қызметінен босату туралы ұсыныс жасады. Және барлығы бірдей бұл жазаны бірауыздан мақұлдады. Тәртіптік жазаны қолдану туралы шешім денсаулық сақтау министрілігі жанындағы санитарлық қадағалау комитетіне жолданды.  Сондай-ақ қазір Әлиеваның ісімен құқық қорғау органдары да айналысып жатыр. 

P.S: Бет қатталып жатқанда Әл-Фараби аудандық санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау басқармасы қызметінен қуылған Гаухар Әлиеваның транспорттағы санитарлық ахуалды қадағалау жөніндегі бір басқармаға бастық болып тағайындалғаны туралы ақпарат алдық. Егер рас болса... Рас болса, бұл тірегі мықтының тағы да сағы да сынбайтынын аңғартса керек. Ырымға сенгіш халықпыз ғой. Көбіне лауазымды қызметі бар, бақ-дәулеті тасыған «мықты» жанның киім-кешегі мен дүние- мүлкін теберік санап, жұғысты болсын деген көңілмен маңдайға басып, бетімізді сипап алып жатамыз. Алайда Гаухар Әлиева сияқты ар-намысты аяққа таптап мәжбүрлеп  алғызғанды кім көрген?

Шымкенттік судья Шара Бисембиева шығарған үкімінен 478 қате шықты
Қазақстандағы ең бай мұнай және пайдалы қазба компаниялары
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу