Бекмамбетов ең үздік
Талантына Голливудттың өзі таңдай қаққан қазақ режиссері, сценарист және продюсер Тимур Бекмамбетов АҚШ кинотеатрлар иелерінің Ұлттық қауымдастығы тағайындаған «Ең үздік шет ел режиссері» атағына ие болды.
Марапат ресми түрде 23 сәуір күні өтетін «CinemaCon»-ның екінші конвенциясында тапсырылады.
Аталған ұйымның өкілі Митч Нойхаузер:
-- Тимур Бекмамбетов халықаралық аудитория жылы қабылдай алатын керемет туындыларды жасай алды. Оның тырнақ алды «Пешаварский вальс» фильмі Кеңес Одағының Ауғанстандағы соғысы туралы ащы ақиқатты суреттейді. Фантастикалық жанрда түсірілген «Ночной дозор», «Дневной дозор» және блокбастер «Особо опасен» фильмдерімен Тимур әлемді дүр сілкіндірді десе де болады. Оның кинематографияға деген жаңаша көзқарасы талайларды таңқалдырып келеді,--дейді.
Тимур Бекмамбетов «Пешаварский вальс» фильмін 1991 жылы түсірген болатын. Фильм 1994 жылы Карл Варахта өткен фестивальде және Кинотаврде арнайы жүлдемен марапатталған. 2005 жылы Тимур Голливудқа шақырылып, «Fox» кинокомпаниясының бірнеше жобаларына қатысты. 2008 жылы осында «Особо опасен» картинасын түсірді. 2009 жылы «9» мультфильмі мен «Чёрная Молния» фильміне продюссердік етті.
Қазіргі уақытта ол продюсер ретінде «Авраам Линкольн: Охотник на вампиров» фильмінде жұмыс істеп жатыр. Фильмде АҚШ-ті біріктірген президент Авраам Линкольннің оңтүстік штаттардың қатыгез басшыларына қарсы жүргізген күресі суреттеледі.
Дегенмен Т.Бекмамбетов өзінің кинематография саласындағы келешегін Голливудпен байланыстырғысы келмейді. Ол:
--Маған көрерменді қорқытқан ұнайды. Ал америкалықтардың бұл салада жинаған тәжірибесі көп. Бірақ бұл тәжірибені қайталай бергім келмейді. Сол сияқты америкалық режиссер де болғым келмейді,--деген болатын өзінің берген сұхбаттарының бірінде.
"Рейтинг" газеті №1, 6 қаңтар 2012 жыл