Шымкент «Шымкентвуд» бола ала ма?

Oinet.kz 16-06-2009 1239

Screenshot_6.jpg

Отандық кино тақырыбына қатысты талай пікір-таластар өрбіп, әрқилы ойлар мен ұсыныстар айтылғанымен, әлі де  көңіл  көншітерліктей  нәтижені көре алмай отырмыз. Тәуелсіздік алғалы бері тым болмаса бір тәуір кино түсіре алмағанымызды мойындау қажет. Тәуір деген сөздің астарында халықаралық фестивальдардан жүлдемен оралуды емес, мыңдаған көрерменнің көңілінен шығатындай дүниені меңзеп отырмыз. Шыны керек, қазақ фильмдерінің жетістіктеріне қуанудан бұрын  бұрын  оның бүгіні мен ертеңіне деген алаңдаушылық басым. Тіпті мемлекет кино түсіру үшін жыл сайын «Қазақфильмге» қыруар қаржы аударып отыруының да пайдасы байқалмай тұр. Оның себебі  неде?   

Бүгінгі қазақ киносының басты кемшілігі – көрерменінің жоқтығында. Көрермен болмаса, кино түсірудің де қажеті жоқ. Алайда, осы қарапайым қағиданы білікті де білгір деп жүрген кинорежиссерларымыз ұмытып кеткен сыңайлы. Рас, шетелде өтетін көптеген халықаралық фестивальдардан құр қол қайтпай, жүлдемен оралатын отандық  фильмдер баршылық. Бірақ, қазақ көрермендеріне жетпеген кинодан не пайда? Айталық, күні кеше Канны фестивалінде «айрықша көзқарас» номинациясында  жеңімпаз атанған «Қызғалдақ» киносын сыншылардан басқа кім көріпті? Өкініштісі сол, отандық режиссерлар фильмді халық үшін емес, шетелдік сыншыларға арнап түсіретіндей әсер қалдырады. Әсілі, фестивальдік кино мен көпшілікке арналған фильмнің арасындағы айырмашылық жер мен көктей. Бірақ, соны түсінетін режисер табылсайшы. Тіпті көпшілікке деп түсірілген «Көшпенділер» тарихи блокбастерінің  де жолы болмады. 

Бізге қандай кино қажет? Осы сұраққа келгенде режиссерлардың арасында ортақ пікір жоқ. Қазір тарихи киноға деген қызығушылық таныту «модаға» айналды. Тақырып дұрыс таңдалған да шығар, бірақ оны ешкім аша алмай отыр. Кейбір режиссерлар  Ресейге еліктеп, криминал түсіргенді ұнатса, енді бірі  қираған ауыл мен оның «бір түрлі» тұрғындарын көрсетуге әуес. Сондағы айтар уәждері: «бұл – біздің қоғамдағы өмірдің шындығы». Ең сорақысы, абыройымызды айрандай төгіп, ұлттық намысты жер қылатын дүниелерді шетелге мақтанышпен апарып жүрміз.  

Киноны  бизнеске қалай айналдырамыз?

Мамандардың айтуынша, кино саласын дамыту үшін арнайы «Кино туралы» заң керек. Сонда ғана отандық фильмдер үлкен прокатқа шығуына, телеарналардан көрсетілуіне  мүмкіндік алады. «Кино туралы заң» Ресей мен Өзбекстанда баяғыда-ақ қабылданып қойған. Нәтижесі белгілі. Көршілер кино түсіруді қып-қызы бизнеске айналдырып, табыс тауып жатыр. Ресейліктер прокаттан табыс табу жағынан голливудтық дүниелерден кем түспейтін фильмдерді түсіруді қолға алса, алашапанды ағайындылар мелодрама, отбасылық тақырыпқа арналған шағын бюджеттік кино жасауды емін-еркін меңгеріп алды. Біздің «кинобизнес» болса  мүлдем керісінше. 

Мына дерекке назар аударайық. Ресейде түсірілген  «9 рота», «Ночной дозор», «Дневной дозор», «Турецкий гамбит» секілді фильмдері кеткен шығынның орнын жауып қана қоймай, кинокопманияларға қомақты табыс әкелді. Түсіру алаңында жұмсалған бір доллар шығармашылық топқа еселеп қайтып жатады. 

Өзбекстандағы жағдай ше?  Өзбек кинорежиссерлары Ташкентті біраздан бері «Азиявуд» деп атап жүр.  Онысының қаншалықты орынды-орынсызын білмейміз, алайда, DVD-дискілер нарығында өзбек фильмдерінің айтарлықтай сұранысқа ие екендігі жасырын емес.  Өзбек тілінде болса да,  «Фатима-Зухра», «Сиви», «Телба» атты фильмдерді бірталай қазақ көрермендері көріп шықты.  Өзбекстандық кинорежиссер Шухрат Аббасовтың айтуынша, бір фильмді түсіруге шамамен 30-80 мың АҚШ доллары аралығында шығын кетеді. Есесіне, түсетін табыстың көлемі 300 мың доллардан асады. Бұл өз еліндегі кинотеатрлардан түскен пайда ғана. 

Енді қазақстандық фильмдердің табысын саралап көрейік. 

Соңғы бір жылда қазақстандық кинотеатрларда көрсетілген отандық фильмдер -  «Сталинге сыйлық» - 63 мың доллар, «Мұстафа Шоқай» - 42 мың доллар, «Қош бол, Гүлсары» - 29 мың доллар, «Бақсы» - 14 мың доллар, барлығы «жұдырықтай жұмылғанның» өзінде – 150 мың доллар жинаған. Бұл орташа бір клиптің құны. Ал, бір ғана «Мұстафа Шоқай» фильмін түсіру үшін мемлекеттік бюджет 3 миллион доллар бөлген. «Сталинге сыйлық» та анау айтқан арзанқол дүние емес.  Оны былай қойғанда, блокбастер ретінде ұсынылған «Көшпенділер» 32 миллион долларға  түсіріліп, түскен табыс шығынның 10 пайызын да жапқан жоқ. Америкадағы кинопрокаттан бар-жоғы 19 мың доллар жинапты.  Мұндай  түрімізбен киноның тіпті 2030 жылы да  бизнеске айналуы неғайбыл. 

Қазақ көрермендерінің арасындағы өзбек фильмдеріне деген сұраныстың жоғары болуының себебін қазақ-өзбек шекарасының маңында қоныстанған Сарыағаш ауданының тұрғыны   Сейітқасым Байназаров былайша түсіндіреді:  

- Өз басым өзбекше фильмдерді көргенді ұнатамын. Олардың  негізгі тақырыбы – отбасы ішіндегі қарым-қатынастар. Біздегідей атыс-шабыс пен зорлық-зомбылық дәріптелмейді.  Менің білетінім, КСРО кезінде өзбектер өздерінің ұлы ақыны – Хамза туралы «Отты жолдар» деп аталатын 11 сериялы фильм түсірген. Серияларының ұзақтығы жөнінен  ол тек атақты  «Көктемнің 17 белесі» атты фильміне ғана жол берген. Ал, біздің ұлы Абай туралы дәл осындай көпсериялы кино түсіруге шамамыз жетпеді. Өзбекше дубляж да біздікінен гөрі әлдеқайда сапалы. Орысытң комедияларын тамашалай отырып, бұл фильмдер өзбекше түсірілген бе деп те қаласың.  

«Шымкентвуд» феномені 

Кинематографияны зерттеушілердің айтуынша, фильмнің прокаттан табыс табуы үшін халқының саны кемі 50 миллион адам болатын аудитория керек. Демек, Қазақстанда кинодан табыс табу өте қиын. Осыдан келіп, көптен бері Орта Азия елдерін бірыңғай кино кеңістігіне айналдыру қажет деген ұсыныс айтылып жүр. Әрине, бұл өнерден бұрын саяси тұрғыдан көбірек қиындыққа тап болатын бастама. Дегенмен, осы жоба жүзеге асып жатса, қазақстандық режиссерлар қарапайым халық қызығатындай қандай дүниелер ұсынбақ?

Бұл ретте «Шымкентвуд» феномені жайлы әңгіме қозғамай өтуге болмас. Соңғы кездері Оңтүстік Қазақстанда кино түсіруге деген алабөтен қызығушылық пайда болғаны рас.  Шымкенттік шағын бюджетті  фильмдер біраздан бері DVD-дискілердің нарығында сұранысқа ие. Тіпті кейбірі үлкен экранға да шығып үлгерді.  Түсіріп жатқандардың көбісі  кәсіби режиссерлар емес. Алайда, ең ұтымды жері – қозғайтын тақырыптарында әрі қазақилығында. Осыдан болса керек,  «Көшпенділерден» гөрі қоғамға «Жетімдер» мен «Аялашы мен» фильмдерінің әсері үлкен болды. 

Шымкенттік фильмдер Алматыда түсіріліп жатқан кинотуындыларға бәсекелес бола ала ма? Бір қарағанда, бұлай сұрақ қоюдың өзі ерсі сияқты. Қазақ киносының қарашаңырағы – «Қазақфильм» киностудиясы да, мықты актерлар мен режиссерлар, кинематографияның майталмандары Алматыда шоғырланғандықтан, оңтүстік Астанамен Қазақстанда ешкім де тайталаса алмайтыны заңды сияқты. 

Дегенмен... мына жайтқа назар аударыңыз. 

Алғашқы әзіл-сықақ театры Алматыда ашылғанымен, қазір осы саланы шымкенттіктер жаулап алды десе де болады. «Шаншар», «Шымкент шоу», «Шымшыма» секілді шығармашылық ұжымдарың қойылымдарына халық лек-легімен ағылып жатады. Ол аз десеңіз, мультфильм саласын алайық. Алтын қорға енген «Қарлығаштың құйрығы неге айыр» мультфильмін жасаған, қазақ мультфильмінің атасы  Әмен Хайдаров ақсақалдың айтқан сөзі есіңізде ме? Алдыңғы жылы  Оңтүстік Қазақстанда ұйымдастырылған халықаралық анимациялық  фестиваліне құрметті қонақ ретінде шақырылған Әмен ата «Шымкент қазақ мультфильмінің отанына айналды» деген болатын. Соны дәлелдей түскісі келгендей, «Жебе» студиясы 45 минуттық «Қанатты барыс туралы аңыз» атты мультфильмін аяқтады. Бірер ай ішінде үлкен экранға шығады. Біреулер үкіметтің бөлген ақшасына жарытымды дүние түсіре алмай жүргенде, шымкенттіктер ешкімге жалынбай-ақ мультфильм түсіру ісін меңгеріп алды. 

Біздіңше, шымкенттік кино да осы заңдылықпен дамыса керек. Мемлекеттік бюджеттен көк тиын бөлінбесе де, жұрт көретіндей фильмдердің шыға басатағаны осының айғағы. Соңғы 5-6 жылда Шымкентте шағын бюджеттік фильмдерден бастап халықаралық деңгейдегі, бюджеті миллиондаған долларды құрайтын жобалардың пайда болғаны назарымыздан тыс қалмады.  

Алматымен бәсекелесу былай тұрсын, шымкенттік режиссерлар қазақ киносының тарихында елеулі бастамаларды қолға алмақ.  Атап айтқанда, біріншіден, комедия тақырыбындағы кино түсіру жоспары бар. Бұған «Шаншар», «Шымкент шоу» секілді әзіл-сықақ театр ұжымдары тікелей атсалыспақ. «Байқасаңыз, соңғы 30 жылда қазақша комедия мүлдем түсірілмепті. Біз осы олқылықтың орнын толтыруға ниеттеніп, комедиялық фильм шығаруға дайындалып жатырмыз», - дейді «Шаншар» театрының директоры Уәлибек Әбдрайымұлы. Жалпы, әзіл-сықақ театрларының әртістері соңғы кездері киноға жиі түсе бастағаны байқалады. 

Сондай-ақ, отандық кино өндірісінде  тұңғыш рет қазақ ертегісін түсіру қолға алынды. Бұл жайында «Жебе» киностудиясының режиссері Батырхан Дәуренбеков былай дейді:

- Бізде  кішкентай көрермендерге ешкім  көңіл бөліп жатқан жоқ.  Жақында «Алтын балық туралы» атты ертегіні түсірдік. Сюжет бойынша, ғажайып ертегiнi тыңдаған балалар, ертесiне ауыл сыртындағы көлден алтын балық ұстауға аттанады. Фильм соңында балалар алтын балыққа қол жеткiзiп, өз армандарын айтады. Олардың тiлегі - сүйiктi әженiң белi жазылып, қанаты сынған көгершiннiң ңалуын қалайды. Жарты-ақ сағаттық фильм, бірақ, тәрбиелік мәні өте жоғары. Ендігі арманым – «Алтын сақа» ертегісін түсіру. Ол «Алтын балық туралы» секілді емес, әлдеқайда қиынға соқпақ.  Сапалы декорация, мықты актерлар керек.  Шынымды айтсам, мынаған қарным ашады. Кеңес Одағы кезінде орыс халқы көптеген ертегілерін кино ретінде түсірген. Соларды көріп отырып, қызыққаның сонша, фильмнің ішіне кіріп кетесің. Ал бізде ертегі фильмдері бар ма деген сұраққа жауап іздесек, есіңе жалғыз  ғана «Тасбол» деген ертегі түседі. Оның өзінде ертегіге тән атмосфера жоқ. Ондай атмосфера болмаса, ертегі түсірудің қажеті де шамалы. Бізде Алпамыс-батыр, Ер-төстік деген керемет ертегілер бар. Түсіріп жатыр ғой шетелдіктер, Зена мен Гарри Поттерлерді. Поттер мен Нарния елі туралы фильмдер миллиондаған табыс әкелді.  Ағылшындардың жалғыз ғана Робин Гуды бар, соны қырық түрлі етіп түсіреді. Ал, бізде қаншама батырларымыз бар, солардың біреуін де дұрыстап түсіруге жарамадық. 

- Жалпы, киноны әуесқой режиссерлардың түсіруіне қалай қарайсыз? Мәселен, «Жетімдер», «Жаралы сезім», «Аймалашы мені» атты фильмдер жайлы не айтасыз?

- Байқайсыз ба, «Жаралы сезімге» қарағанда «Жетімдер» фильмі жақсы түсірілген. Себебі, режиссер Еркін Рақышев тәжірибе жинақтады. Осылайша кете берсе, ертең шын мәнінде сапалы, көрерменге жол тартатын фильмдердің түсірілуі мүмкін. Мәселен, Тимур Бекмамбетов қазір әлемдегі ең мықты деген бес режиссердің бірі саналады. Ол да кезінде Шымкенттегі Шанин атындағы драма театрында жарық қоюшы болып істеді ғой. Бірте-бірте тәжірибе жинақтап, ақырында Голливудты бағындырды. 

- Оңтүстіктің «Шымкентвудке» айналатынына  сенесіз бе?

- Меніңше, Шымкенттің  еліміздегі ірі кино орталығына айналуына толық мүкіндігі бар. 

Жалпы, Шымкентте қанша фильм түсірілгені жайлы нақты дерек жоқ. Қағаз жүзінде пайда болғанымен, жүзеге аспаған да бастамалар баршылық. Айталық,  «Шымкент пикчерз» киностудиясы  «Қоян-қолтық ұрыс» атты шытырман фильмін түсіріліп  жатыр деген хабар кезінде сенсацияға теңелді. Фильм Голливудта, шетелдік актерлардың қатысуымен Голливудта түсірілсе де, режиссері – Шымкентте туып-өскен Еркін Жалғасов болды. Алайда, бұл фильмді көрермендер сол күйі көре алмады. «Қоян-қолтық ұрысты» аяғына жеткізбей жатып, кинокомпания директоры Тоқтар Төлешов «Сұлтан Бейбарс» атты жаңа жоба жайлы жария етті. Қазір оның тағдыры қандай екені белгісіз. 

Көңілді тапқырлар клубының жігіттері де қарап жатқан жоқ. Олардың түсірген  «Аймалашы мені» атты фильмі әсіресе жастардың қызығушылығын оятты. Қазір «кавеэнщиктер» жаңа фильм түсіріп жатыр. 

Кей жағдайда өмір шындығын бейнелеймін деп шектен шығып кетіп жатқандар да жоқ емес. Тіпті  «режиссердің есі дұрыс па?» деген сұрақ туындайтын киноларды да көрдік.  Мәселен, режиссер Сұлтан Мавлановтың  Түркістан қаласында  түсірген «Әке қорлығы» атты фильмі көрермендердің ашу-ызасын туғызғаны анық. Өз қызын зорлаған әке жайлы кино түсірген режиссер осы  арқылы қандай мақсатты көздеді?  Ол жағы бізге түсініксіз күйі қалды. Сценарийдің ойдан құрастырылғаны өз алдына, «фильм» қарапайым мәдениет, жүйелілік дегеннен жұрдай.  Сөйте тұра, Мавланов сияқтылар өзін режиссер атап жүргеніне қалайша ызаланбайсың?

Шымкенттіктерге жақсы таныс есімдердің бірі – Жорабек Мұсабаев. Бұрындары каскадер мен актер ретінде көзге түскен ол кейін  продюсер мен режиссер ретінде де танылды.  Өзбек әріптестерімен бірлесіп түсірген «Фотограф» фильмі сыншылар тарапынан жақсы баа алды. Ендігі белес - әйгілі голливудтық киножұлдыз әрі режиссер Квентин Тарантиноның ағасы Пол Тарантиномен бірлесіп жаңа фильм түсіру. Ж. Мұсабаевтің пікірінше, қазақстандық кино коммерциялық табысқа жетуі үшін  Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан секілді басқа елдермен бірлесіп жұмыс істегенде ғана табысқа жетеді. Сондай-ақ, Мұсабаев  тәжірибесі жоқтардың кино түсіруіне қарсы.   

- Менің ойымша, киноны кәсіби мамандар ғана түсіру керек. Арнайы білімі мен тәжірибесі жоқ азаматтардың түсірген киноларын көрдім. Болмайды, мүлдем ұйқаспайды.  Жұрттың олардың түсірген фильмдеріне баруы  уақытша нәрсе. Алғашқы қызығушылық кейін бәрібір  жойылады. 

- Демек, осындай сападағы  фильмдердің кинотеатрларда көрсетілуіне қарсысыз ба?

- Жоқ, қайта керісінше, толықтай қолдаймын. Өзімізде түсірілген киноға деген қызығушылықтың болуы болашаққа деген сенімді оятады. Бұл талпыныстың болғанына қуанамын. Жалпы,  Қазақстанда кино түсіріп, табыс табамын деу күлкілі нәрсе. Себебі,  кинотеатрға баратын адамның саны өте аз. Табыс табудың  бір ғана жолы бар  – фильмді түсіруге кеткен шығын 200 мың доллардан аспауы қажет.  

- Кино түсіру саласы бойынша  Алматы мен Шымкентті салыстыра аласыз ба?

- Әрине, Алматыда кино түсіру жағы біршама дұрпыс жолға қойылған. «Қазақфильм» - қазақ киносының қарашаңырағы. Дегенмен, өз басым Алматыда кино  түсіре алмаймын. Мен үшін қай жағынан алғанда да Шымкент қолайлы.  

- Шымкенттің Шымкентвудқа айналатынына сенесіз бе?

- Жақын арада дәл солай болатынына күмәнім бар, бірақ, болашақта Шымкентвудқа айналуы ғажап емес. Ол үшін бізде барлық алғышарттар  бар. 

Жорабек Мұсабаевтің пікірін тағы бір шымкенттік режиссер  Бегім Шалдарбеков де қостап отыр. 

- Шымкентте түсіріліп жатқан фильмдердің тақырыбы мен сюжеті  өте ұнайды. Мені тек фильмді түсіру сапасы алаңдатады. Кейде жаңа шыққан фильмдерді көріп отырып, қарапайым логикалық және техникалық қателер өріп жүр. Негізі, кино түсіруцге үлкен адйындық керек. Бір жылдың өзі өте аз. Өзім 10 жылдан бері бейнеклип түсіріп келе жатсам да, киномен айналысуға әлі де дайын емесіпн  деп ойлаймын. Қазір тұңғыш фильмге дайындық жүргізіп жатырмыз. Нағыз детектив түсіргім келеді. Шытырман оқиғамен қатар философиялық дүниелерді де қамтуды көздеймін. 

Қысқасы, шымкенттік фильмдер отандық кино нарығын мемлекеттік қолдауға сүйенбей-ақ бірте-бірте жаулап келе жатыр. Нағыз нарықтық сұраныстан туындаған фильмдердің түптің-түбінде көрерменін табатынында күмән жоқ. Мәселе тек киноның қай бағытта дамуында. Батысқа еліктеп атыс-шабыс, зорлық-зомбылықты насихаттайтын фильмдер түсіруге көшеміз бе, әлде тәрбиелік маңызы бар дүниелерге басымдық береміз бе? Әзірше қазақ киносында осы екі бағыттың арасында тепе-теңдік бар секілді. Бірақ, бұл тұрақсыз  тепе-теңдік.  Алдағы уақытта отандық кино саласында  «Менің атым Қожа», «Алпамыс» сынды сапалы да тәрбелік мәні жоғары  дүниелер бола ма, жоқ па?  Бұл сұрақтың жауабын режиссерлардан күтеміз. 

Ғалымжан Қамытбекұлы

Банктер үйді тексермей үлкен көлемде несие берген
Шенеуніктер сайттан қашатындай сайтан ба екен?
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу