ОҚО әкімінің есебі тойанасыз той болды

Oinet.kz 23-01-2009 1170

Screenshot_24.jpg

Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Нұрғали Әшімов осы аптадағы сәрсенбінің сәтінде есеп берді. Кімге?  Елбасы ерекше тапсырғандай елге ме, әлде...Әлде деуіміздің себебін әрі қарай тарқатып айтсақ, базбір басылымдар  ұрандатып жазғандай елге есеп беру дегенмен қарапайым адам әкімнің әңгімесін тыңдауға қатысқан жоқ. Қолында алдын ала арнайы таратылған шақырту қағазының жоқтығынан ішке кіргізілмей мұң-мұқтаждарын айтуға  мүмкіндіктері болмай есіктің жанынан қайтқан облыс орталығының  тұрғындарымен өзіміз тілдестік. Ал ауылдағы ішіне шер толған ағайындар облыс әкімімен кездесуді  мүлде естімегені  анық. Есесіне әкіммен жүздесуге кілең аудан, қала әкімдері, басқарма басшылары, мекеме басшылары, мәслихат депутаттары шеттерінен шіреніп, шырт түкіріп шетелдік көліктерден түстері жымиып түсіп жатты. Тура әдеттегідей әкімдіктің кезекті мәжілісі өтіп жатқандай әсерде қалдық. Ендеше елге есеп беру демей-ақ әкімдіктің алқалы жиыны деп атау әлдеқайда әділетті болар еді. Жол ережесін сақтайтын полицейлер қадам басқан сайын тұрғанымен шетелдік көліктердің көптігінен бір-бірімен соқтығысып қалып у-шу туындағаны саяси спектаклге жиналғандар күтпеген оқыс оқиға болды. Әрине мұндайда үндемейтін үкіметтік емес ұйымдар мен амалсыздықтан журналистер, сондай-ақ саяси партиялардың өкілдері  шу шықпау үшін тізімге тіркелетіні үйреншікті жайт. Парламент депутаттары Астанадан арнайы ат басын бұрмаса да елмен кездесулері   сәйкес келіп қалған  соң облыс әкімі не тындырыпты, не айтады екен деп  қызығушылық танытқан олар да  төбе көрсетті. Тіпті «ақыры келген екенмін ақша сұрамайтын ақылды несіне аяймын»деді ме әйтеуір мәжілісмен Нұрбах Рүстемов көсіліп тұрып сөйледі. Сөз арасында софлық ілімді насихаттайтын дағдысынан жаңылмады.  Әшімов жайлы әсерлі әңгіме қозғаған облыстық мәслихат депутаттары одан да асып түсіп тамаша теңеулермен мадақтағанына қайта-қайта таңдай қағамыз деп екі ортада таңдайымызды тесіп ала жаздадық. Қайсыбірін айтайық?.. Әттеген-айы сол Әшімов жайлы ет-жүрегіңді елжіретіп жіберетін одалар қанша айтылғанымен тікелей бастамасымен жүзеге асқан тірліктер әңгіме өзегіне айналған жоқ. Сарыағаштағы табиғи апаттың зардабын жою, Көксарай су реттегішінің салына бастауы сияқты ауқымды жұмыстар мемлекет басшысының араласуымен, Үкіметтің қолдауымен оңынан шешілгені мәлім. Қаражат та республикалық бюджеттен бөлінді. Солай бола тұра мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың, Үкімет басшысы Кәрім Мәсімовтің қамқорлығына қарағанда әңгімелердің ауанынан  әкім Әшімовтің еңбегі көптеу секілді сезіліп тұрды. Әшімов ақша жұмсауды ғана біліп  оны қалай табуды білмейтін «дайын асқа тік қасық» дейтін әкім екен. Мұны Жалпыұлттық социал-демократиялық партияның оңтүстіктегі серкесі Нұрлан Сейітжаппаров қадап айтты. Жиында «Дос жылатып айтады...»деген принциппен ащы шындықты батыл баяндаған жалғыз адам осы Сейітжаппаров болды. Ол облыс әкімінің баяндамасында тек қаржының жұмсалуы айтылып, ал қаржыны қайдан, қайтіп табу, мөлшерін қалай көбейту қажеттігі туралы  бір ауыз сөз қозғалмағанын қатаң сынға алды. Біздің білетініміз облыстың өзін-өзі қаржыландыру көрсеткіші тым болмаса 30 пайызға да жетпейтін еді. Сейітжаппаров болса  облыстың өзін-өзі қаржыландыруы небәрі 10 пайыздан аспайтынына, қалған 90 пайызын жоғары жақтан келетін трансферт құрайтындықтан  соған жаутаңдап күн кешуден арылмайынша тірлік дұрыс алға баспайтынына тоқталды. Өзінің маңдай терімен, іскерлігімен, ізденісімен бюджетке қосар кірісін ұлғайтқан әкімнің жұмысын оң бағалап, кірісті азайтқан әкімнің қызметімен қош айтысуы тиістігін талқыға салды. 

Screenshot_25.jpg

Screenshot_26.jpg

Screenshot_23.jpg

Screenshot_22.jpg

Қаржы дағдарысының әсерінен жұмыссыздық  артуы салдарынан  күн өткен сайын қылмыс белең ала бастағанын бүгінде жасырып, жабу қисынсыз-ақ. Облыс әкімі Әшімовтің есеп беру баяндамасында бұл да ешбір ескерілмегені қынжылтады. Сейітжаппаровтың орынды сынына ақталар уәж таппаған әкім « сасқан үйрек артымен сүңгидінің» керін келтірді. Өзі облыс тізгінін ұстағалы бері аудан, қала әкімдері, басқарма басшылары жаппай парамен ұсталуын «алдымен өзімізді іштен тазартуды аяусыз жүргізудеміз» деп көтеріңкі дауыспен көңілге қаяу салатын мәліметтерді көлденең тартқанына түсінбедік. Ол облыс әкімі тағайындалғалы оңтүстікте сыбайлас жемқорлық  фактілері жиі әшкереленіп жатса, мұны мақтаныш деуге де, алға қойған мақсат деуге де келмейді емес пе? Әлде әкімнің жүрек түкпіріне сақтаған бір құпиясы бар ма?  Оған қоса облыс әкімі құқық қорғау органдары басшыларының барлығы бас қосқан алқалы жиында «бұдан былай кім парамен ұсталып, келеңсіздік тағы қайталанса сол адамды қызметке қойған лауазымды тұлға да жауапкершілікке тартылып, жылы орнымен қоштасатынын» бұқаралық ақпарат құралдары арқылы жалпақ жұртқа жариялағалы қаш-а-ан. Содан бері өзге емес Әшімовтің өзі қызметке тағайындаған бір емес бірнеше әкім, басқарма басшысы парамен құрыққа ілікті. Ер екі сөйлемейді деуші едік. Өз сөзіне жауап беруі тиіс әкімнің сөзінің сиқы болса мынау.  

  Ілгеріде біреу «нағашымның ауылына да қыдырып бардым, әрі тайымды үйретіп қайттым»депті. Сол айтқандай биылғы бір жылға қорытынды есеп беру алдымен аудан, қалада, одан барлық облыста мәслихаттың сессиясымен бірге ұйымдастырылғаны Астана жақтың тапсырмасы екен деп естідік. Алайда Астанадан есеп беруге тек шақырту қағазын алғандар ғана қатыссын деген тапсырма берілмеген тәрізді. Өйткені  дәл осы күні көрші Жамбыл облысының әкімі Бөрібай Жексембин де әулиеаталықтардың алдында есеп берді. Бірақ Жексембиннің жиналысына ешкім арнайы шақырту қағазымен кірмепті. Барлық ауданнан арнайы көлікпен ақсақалдар, ауыл тұрғындары алдырылыпты. Ал оңтүстікқазақстандықтар облыс әкімінің есебіне тек шақыртумен барып тойға барғандай күй кешті. Тойда отырғандай тәтті тілектер құлақтың құрышын қандырды. Тек шақырту қағазбен барып шатақ мақала жазғанымыз, тояна бермей қайтқанымыз ұят болды-ау дейміз. Қайтеміз енді, елдің, қалың оқырманның ренішін, талап-тілегін жеткізгеніміз үшін жазықты болуға тура келіп тұр. 

Ғалымжан Елшібай, 

"Жас Алаш" газетінің меншікті тілшісі

Экономикалық дағдарысты шымкенттік шенеуніктер су жаңа шетелдік қымбат көліктермен қарсы алды
Бір күндік әкімдер немесе кадрден қадір қашқан заман
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу