Экономикалық дағдарысты шымкенттік шенеуніктер су жаңа шетелдік қымбат көліктермен қарсы алды

Oinet.kz 23-01-2009 1165

Screenshot_11.jpg

Фотода: ОҚО әкімі Нұрғали Әшімов

Салық түсімдерінің орындалмауы салдарынан өткен жылды Шымкент қалалық әкімдігі қыруар қарызбен аяқтады. Биылға қаралған қалалық  бюджеттің кірісі едәуір азайып, қаншама миллиард теңге қаржыға жоспарланған аса қажетті бағдарламалар қысқарып кетті. Пезидент Нұрсұлтан Назарбаев үшінші қала болады дегенге үлкен үміт артып жүрсек облыс орталығының қақ ортасындағы Самал-3 мөлтекауданының тұрғындары не ауыз суға, не табиғи газға, не жарыққа жарымай қиналғандарын құзырлы мекемелерге, құрығы ұзын басшыларға қанша құлаққағыс еткендерімен жанайқайлары жаңғырық күйі қалып келеді. Ең сұмдығы сол Шымкентте мәйттерді жерлеуге де қажетті  қаржы табылмай бұқаралық ақпарат құралдары дабыл қаққанына еріксіз жаға ұстадық. Жерлеу рәсімін орындайтын мекеме әр мәйітті жерлеуге 25 мың теңге бюджеттен бөлінбей қойған соң қызмет көрсетуден бас тартуы естіген жанның тұла бойын түршіктіргені даусыз. Алайда, Шымкентте өлікті жерлеуге жетпеген қаржы көлікке табылғанына күлесіз бе, жылайсыз ба? 

 Елімізде «қаржылық дағдарысыңа пішту» деп жүрген бір топ бар. Олар кәсіпкер де, саудагер де емес, шымкенттік шенеуніктер. Осыдан бір жыл бұрын  Премьер-министр Кәрім Мәсімов шенеуніктерді қымбат көліктерден бас тартуға шақырған еді.  «Қаптаған «Мерседес» мен «Камрилердің» орнына отандық «Шкода-Октавияға» ауысыңдар» деді. Индустрия және сауда министрі Ғалым Оразбақов Мәсімовтің бастамасын қолдап  барлық министрлерді  «Шкода» мен «Ниваға» отырғызамын деп жариялады. Алайда, VIP-шенеуніктердің жолы болғыш екен. Көп ұзамай Ғалым Оразбақов орынтағынан босап, Израильге Төтенше және өкілетті елші болып қызмет ауыстырды. Содан бері  арзан көлік жайлы ешкім жұмған аузын ашпайды. 

Есесіне Үкімет басшысын қолдаудың орнына облысымыздың шенеуніктері Мәсімовті мазақ еткендей қадамға барды. «Кризистің» бастапқы белгілері байқала бастаған тұста облыстық әкімдік үш бірдей  «Лэнд Крузер 200» джип автокөлігі, екі «Тойота Хайс» микроавтобусы мен қатарынан 38 (!) «Тойота камри 40» бизнес-класс жеңіл автокөліктерін сатып алуға бюджеттен шұғыл түрде қаржы қарады. Үш джипті сатып алуға 24 735 000 теңге, «Тойота» автобустары үшін 17  387 000 теңге жұмсалса, «Тойота Камри 40» жеңіл автокөліктерін алуға 155 410 000 теңге төленді. Көп ұзамай облыстық 20 басқарма бастықтары қара түсті арғымақтарын қабылдап, бірін-бірі құттықтап жатты.  

Бір ғана  облыстық әкімдіктің өзі 18 «Тойота камри 40» көлігіне зәру екен. Әрқайсысының бағасы – 4 миллион теңгеден асады. Есептеп көрдік, бұл 100 адамның бір айлық жалақысынан да артық. Осыдан бірнеше жыл бұрын мұндай көлікті тек облыс әкімінің орынбасарлары ғана мінетін. Билікке Әшімов келгелі қатардағы шенеуніктердің  бағы жанды.  Бұған дейін тиісті қызметін жаяу жүріп-ақ атқаратын бөлім бастықтары мен әкімнің кеңесшілері әп-сәтте жарқыраған көлікке ие бола қалды.  Облыстық мәслихаттың депутаттары қайда қарады деген де заңды сұрақ туады.  Бюджеттегі әр тиынның жұмсалуын қадағалауға тиіс халық қалаулыларының қаптаған «Камрилерді» сатып алуды бірауыздан  қолдауының астарында не жатыр дейсіз бе?  Облыстық мәслихаттың хатшысы Әбілқасым Досболов бір жарым жылдай жеке көлігін мініп келгенін айтады. Дегенмен, былтыр желтоқсан айында Әбекең  қара «Прадоны» иеленді. Депутаттық корпустың «Тойоталарды»  сатып алуға дауыс беруінің  бір себебі осы болса керек. 

«Ұшақтың мықтысы «Боинг», көліктің мықтысы – «Мерседес», «Мерседес» – Африкада да «Мерседес» деп бекер айтылмаған. Осынау қанатты сөздерді жадына жаттап алған облыс әкімі Нұрғали Әшімовтің астындағы темір тұлпары қызметіне сай екен. «Mercedes-benz S 500 L 4matic» маркалы көлігін Шымкенттегі автосалондардан қанша іздесең де таппайсың. Оны алғыңыз келсе, Алматыдан іздеу керек. Бұл модельді жоғары шенді министрлер қатты ұнатады.  «Мерседес-Бенц» компаниясының еліміздегі ресми дилері - «Голубая звезда Казахстана» фирмасының автосалонында әлгі модельдің бағасы – 119 мың евро!  Қазіргі валюта бағамымен санағанда  152 000 АҚШ доллары. Қосымша функцияларды қоссаңыз құны тағы өседі.  Өте сапалы, люкс классындағы ең таңдаулы, элитаның тілімен айтқанда элегантты  көліктердің бірі.  

Дегенмен, пенде ғой, адам  «мерстен» де  шаршайды екен. Ондай жағдайда «қосалқы құрамға» алынған «Лэнд Крузер 200» джипі көмекке келеді. 

Дәл осындай джип көлігі бірінші орынбасары Ислам Әбішевке де бұйырды. Жалпы, Исекең – джиптің нағыз  жанкүйері. Мұның алдында да ол «Лэнд Крузер 100» көлігін мініп жүрді.  

Әшімовтен қалыспай келе жатқан шенеунік – Шымкент қаласының әкімі Арман Жетпісбаев. Оныңкі элиталық  «Lexus LX 570» джип. 2008 жылғы модель ә дегеннен-ақ бай-манаптардың назарына ілігіп, едәуір сұранысқа ілікті. Бір қызығы, Қазақстанда «Лексустің» ресми дилері жоқ. Тіпті біздің мақтанатын «Астана моторс» компаниясы да бұл мәртебеге ие емес. Сондықтан, су жаңа «Лексус» мінгіңіз келсе, шетелге тапсырыс беріп алып келуден басқа жол жоқ. Осы модельді Алматыдағы көлік базарынан іздеп табуға болады. Ең арзан бағасы 90 000 доллардан бастап жарақталуына қарай  сонау 150-160 мыңға дейін барады. Арекеңді өзге шенеуніктерден ерекшелеп тұрғаны – бұл оның жеке меншігіндегі джип. Өзіне тиесілі қызметтік көлікті («Тойота камри 40» болса да) мінуден бас тартып, анағұрлым қымбат джиппен жүргенді жөн санаған Жетпісбаев дағдарыс кезінде қаржысының тасып жатқанын тағы бір көрсетті.  

Күн өткен сайын жұлдызы жанып келе жатқан облыс әкімінің  орынбасары Әли Бектаев бұрын облыс әкімі мінген «Лексус 470»  джипін мініп шыға келді.  Жетпісбаевтің көлігінен сәл-ақ арзан болғанымен, «LX 470»-те жанның рахатына қажетті барлық опциялар бар. Өте ыңғайлы, кең, жол талғамайтын көлікті қысы-жазы  қалаға да,  далаға да мінуге болады. Араб шейхтарының арасында осы «Лексусқа» деген қызығушылық алабөтен. 

Егер шенеуніктің жұмысы көлікке келіп тіреліп тұрса мақұл дер едік. Алайда, су жаңа авто мінген атқамінерлердің ел ішін аралауын жиілеткенін көрмедік. Кешегі замандағы Асанбай Асқаров секілді арыстай ағаларымыз қарапайым «Волгамен»  жүріп-ақ ерен еңбек атқарды емес пе? «Волга» демекші,  облыстық әкімдіктің автопаркінде ресейлік көліктердің саны жыл сайын кеміп барады. Қазір  бар-жоғы 5-ақ «Волга»  көліктері қалған. 

Облыстық әкімдікегілер  «Камри 40»-тың  орнына арзандау көлік алғанда қанша қаржы үнемделетінін есептеп көрдік.  Айталық,  Өскеменде шығарылатын «Шкода-Октавиа» көлігінің  бағасы 23 мың доллардан аспайды. 38 көліктен үнемделетін  қаржы көлемі 50 миллион теңгені құрар еді. Бұл қаржыға қаншама мектепті жөндеуге, немесе жалақысын ала алмай жүрген мыңдаған  жұмысшының айлығңын алуға болар еді. Мемлекеттің қаржысын есепсіз жұмсайтын әдетін шенеуніктер қашан қояр екен?

Фотолар сөйлесін: 

Рейтинг:

(нарықтық баға бойынша алынды)

Screenshot_6.jpg

Screenshot_14.jpg

1. Нұрғали Әшімов – облыс әкімі

 Mercedes-Benz S500 L4 matic. Бағасы - 152 000 АҚШ доллар

Screenshot_7.jpg

2. Арман Жетпісбаев – Шымкент қаласының әкімі

Lexus LX 570 - 100 000 -140 000 АҚШ доллары аралығында 

Screenshot_8.jpg

Screenshot_9.jpg

3. Ислам Әбішев, Байділдә Жылқышиев

TOYOTA LAND CRUISER 200 - 84 000 АҚШ доллары 

Screenshot_18.jpg

4. Әли Бектаев, облыс әкімінің орынбасары

 Lexus LX 470  -  70-100 000   АҚШ доллары аралығында

Screenshot_19.jpg

5. Әбілқасым Досболов – облыстық мәслихаттың депутаты

TOYOTA LAND CRUISER PRADO - 53 000 АҚШ доллары

Screenshot_16.jpg

6. Мәжит Тұрмағамбетов, 

Эльдана Сәдуақасова

Уәлихан Қайназаров

Тойота Камри – 40  -  35 000 АҚШ доллары

7. Д. Керімрай – бөлім меңгерушісі 

ГАЗ-3102


(с) Жандар Көшенов,

(с) Ғалымжан Елшібай, 

"Жас Алаш" газетінің ОҚО-дағы меншікті тілшісі

Ғани Ташқараев: Міндетімді орындау барысында қорқытқандар да болды
ОҚО әкімінің есебі тойанасыз той болды
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу