Ең қымбат пәтер қай қалада?

Oinet.kz 09-11-2017 1233

Үйі жоқ жанда күй болмайды. Басында баспанасы болмағандықтан, пәтер жалдап күн көруге мәжбүр. Ал, пәтерақысы қалтаға салмақ түсіреді. Салдарынан қаржы басын құрай алмай, тапқан табысы ештеңеге жетпей жатады. Сондықтан да, әрбір азамат түбінде үйлі болуды көздейді. Ал, елімізде үй бағасы қалай болып жатыр? Нарыққа үңіліп көрелік: 

Screenshot_22.jpg

Ең қымбат пәтер қай қалада?

Қазақстанда ең қымбат үйлер – Астанада екен. Бұл заңды да. Елорда үздіксіз даму үрдісінде. Ең бастысы, мұнда жылдан-жылға халық саны артуда. Позитивті үрдіс жүріп жатқан қалада өз кезегінде баға да өседі. Бұл нарық заңы.  

Бас қаладағы риэлторлар келтірген мәліметтерге сенсек, мұнда бір бөлмелі пәтер орта есеппен 15 миллион теңге шамасында тұрады екен. Мысалы, Есіл ауданындағы 2016 жылы салынған «Арнау» тұрғын-үй кешеніндегі 38 шаршы метрлі бір бөлмелі пәтерге  14 миллион теңге. Және «Айсанам», «Nova city» секілді кешендерде де пәтерлерді осы шамада сатып ала аласыз. 

Ал, екі бөлмелі пәтер алу үшін қалтаңызда ең кемі 20 миллион теңге болу керек. Әрі көбінесе күні кеше құрылысы біткен тұрғын үй кешендеріндегі пәтерлерде жөндеу жұмыстары толықтай аяқталмаған. Оны баспаны сатып алған азамат өзі бітіруге мәжбүр. Мысалы, Есіл ауданындағы Қабанбай батыр мен Керей және Жәнібек хан даңғылында орын тепкен «Жыл мезгілдері» тұрғын-үй кешеніндегі қос бөлмелі пәтерді «Элит» жылжымайтын мүлік агенттігі 22 миллион 500 мың теңгеге бағалап отыр. Жоғарыда айтқанымыздай, егер сіз осы кешеннен пәтер алсаңыз, оны өз қалауыңызбен жөндеп, жамап-жасқай аласыз. Әрине, бұған да әжептеуір қаржы кететіні айтпаса да түсінікті. Орта есеппен мұндай пәтер сізге 25 миллион теңгеге түсуі әбден мүмкін. 

Ал, «Эксперт» жылжымайтын мүлік агенттігі 2010 жылдары салынған «Достар-2» көпқабатты үйіндегі қос бөлмелі пәтер 16 миллион 500 мың теңге тұратынын хабарлайды. Оншақты жыл бұрын салынған тұрғын үйлердегі пәтерлер бағасы осы шамада. Бұл Астанадағы ең минималды бағалар десе болады. Сонымен қатар, Астанада бағасын айтуға аузыңыз бармайтын (шаршы метрі миллион теңгеге дейін барады) элитті пәтерлер де аз емес.Бұны риэлторлар сұраныс заңдылығына байланысты түсіндіреді. Яғни, сұраныс өскен сайын баға да өседі. Әрі үйлер жаппай монолитті. Монолитті үйлер – қымбат жүретіні белгілі. Статистика агентігінің мәліметі бойынша, биыл жыл басында Астанада бір пәтердің орташа құны шаршы метріне 338 мың теңгені құраған. Бұл жаңа үйлердің жалпыұлттық орташа бағасынан 136,8 пайызға жоғары.    

Ranking.kz сарапшылары ұсынған деректерге сүйенсек, биыл қаңтар-сәуір айларында елімізде орташа есеппен бір шаршы метр пәтер бағасы – 250 мың теңгеге дейін барған. Ал, Krisha.kz сайтының мониторингті зерттеуіне көз жүгіртсек, биыл қазан айына дейін 7 облыста пәтер бағасы қымбаттаса, 7 облыста арзандаған. Бір қызығы, Астанада пәтер бағасы 0,8 (315 375 теңге) пайызға арзандапты. Ал, Алматыда 2,5 (347 300 теңге) пайызға көтерілген. Үшінші мегаполис – Шымкентте баға 2,2 пайызға төмендеп, шаршы метріне 191 450 теңгені құрап отыр.     

Шымкентте нарық қалай?

Әрине, Шымкентті Астанамен салыстыруға мүлдем келмес.  Қалада Кеңес Одағы тұсында салынған көпқабатты үйлер үлесі көп. Бірнеше риэлторға хабарласып білгеніміздей, дәл қазір қалада сату-сатып алу маусымы жүріп жатқан көрінеді. Дегенмен, өткен жылғыдай емес. Бәсеңдеу. Делдалдар оның себебін «Тұрғынүйқұрылысжинақбанк» арқылы мемлекеттік бағдарламасымен берілетін арендалы және кредиттік пәтерлермен байланыстырды. Облыста он мыңдаған адам аталған банк арқылы тұрғын үй кезегіне тұра отырып, үкіметке сенім артқан. Олар ертелі-кеш мемлекеттен үй алуға үмітті. Содан болар, қолма-қол сауда үрдісі сиреп, бұл делдарға соққы болып тиюде. 

Әйтсе де ауызды қу шөппен сүрткен жарамас. Банктен есепшот ашпағандар, оны білмейтіндер де аз емес. Салдарынан кей мемлекеттік бағдарламадан қол үзгесін, олар делдарға жүгінеді. Халық көбіне жаз соңында және күз ішінде пәтер алуға ұмтылады екен. Одан ары қарай өлі тыныштық деуге болады. Неліктен жаз соңы? Әрине, бұл кезеңде ата-аналар мектеп бітіріп, студент атанған балаларына қаладан баспана әперуге тырысады. Көбіне сауда көрігін қыздыратындар – шалғай ауылдардан келгендер. Олар қаланы бес саусағындай білмегендіктен, риэлторларға көмекке жүгінеді. Осы кезде делдалдар бір жырғап қалады десе болады.

Риэлторлардың айтуынша, Шымкентте бір бөлмелі пәтерлер сұранысқа ие емес екен. Мұндай « үй сияғы жоқ пәтерлер» туған-туыс, дос-жараны көп қазақ халқы үшін тиімсіз көрінеді. Бір бөлмелі пәтерге қонақ шақыру мүмкін емес. Жұрт көбіне қос бөлмелі пәтер алуды қалайды. 

Шымкентте 2 бөлмелі пәтерлер орташа есеппен 8 миллион мен 20 миллион теңгенің аралығында екен. Тұрғын үй ескірген сайын пәтер бағасы да түсе береді. «Бұзылуға» кету қаупі бар 1969 жылғы тұрғын үйлердегі пәтер егелері шаңырақтарын тезірек сатып құтылуға мүдделі. Сондықтан да олар пәтерлерін еурожөндеуден өткізіп, жаппай сатылымға шығарып қойған. 

Бір айта кетерлігі, «хрущевка» атанған мұндай көне тұрғын үйлерде көбіне бірінші және соңғы қабаттағы пәтерлер арзан жүреді. Сонда да болса жұрт бұл қабаттардан үйді алмауға барынша тырысады. Бірінші қабаттан канализациядағы су иісі шықса, соңғы қабаттағы пәтерге әбден ескірген қырық жамау шатырдан жаңбыр, қар суы сорғалайды. Салдарынан пәтер қабырғалары жарылып, апатты жағдайға ұшырап жатады.  Және қос бұрышта орналасқан пәтерлерге клиент табу өте қиын. Бұрыштағы пәтер жазда ыстық, қыста суық болатыны белгілі.   

Сонымен, Республика көшесінің бойындағы пәтерлерді орта есеппен 8 миллион теңгеге алуға болады. Ал, енді Жангелдин көшесі жақтағы пәтерлер 6 миллион теңгеден басталады. Бірақ, мұндағы пәтерлерге сұраныс аз. Көпшілік жаманатты болған бұл шағынауданға қоныс аударуға құмбыл емес. Мұнда көбіне пәтерді сату емес, жалға беру кең етек алған. Көше бойында кілтін салдыратып тұратындар осыған дәлел болса керек.

Үйлер «шіруге» айналған Қалдаяқов жақта да баға осы шамада. Қолыңызда 6 миллионнан аса қаржыңыз болса, күтімсіз пәтер ала аласыз. Жылжымайтын мүлік агентігі мамандарының айтуынша, халық жай-жай ескі шаһардан көшуде. Орташа дәулеттілер көбіне Рысқұлов даңғылының бойындағы тұрғын үйлерге қоныс аударып жатқан көрінеді. Себебі, бүгінде Рысқұлов даңғылы – стратегиялық маңызға ие күре тамыр, мемлекеттік бағдарламамен жаппай салынып жатқан «жаңа шаһардың» қақ ортасындағы алтын орта.  Аталған даңғыл бойында қоныс тепкен «Отырар», «Төменгі Отырар» шағынаудандарынан 2 бөлмелі пәтерді 10 миллион теңгеден жоғары бағалануда. 

Шымкентте ең қымбат пәтерлер – Қонаев даңғылы бойындағы тұрғын үйлерде. Мұндай үйден барлық жағдайы жасалған 1 бөлмелі пәтерді 20 миллион теңгеден бастап сатып алуға болады екен. Осыдан-ақ мұндағы үйлер қарапайым халыққа мүлдем қолжетімсіз, тек, дәулетті азаматтарға арналып салынғанын аңғаруға болады.

Қалтасы жұқа жұрт қашан баспаналы болады?

Тіпті, ең арзан деген 6 миллион теңгелік пәтерді алуға қалың бұқараның қалтасы көтере бермейді. Ресми мәліметтерге сүйенсек, елімізде орташа жалақы – 145 мың теңгеге жуықтаған екен. Әрине, бұған келісу қиын. Әйтсе де, осы 145 мың теңгемен есептеп көрсек, сол азамат пәтерге қол жеткізу үшін 3 жарым жылдай ішпей-жемей жұмыс істеуі керек. Ал, жалақысының тең жартысын ішіп-жем, жүріп-тұруына жұмсап, қалғанын пәтерге салса, онда 7 жыл уақыты кетеді екен. Былай қарасаңыз, көп те, аз да мерзім емес. Дегенмен, адамдардың көпшілігі  145 мың жалақы алмайтыны айтпаса да түсінікті. Орташа жалақы мөлшері жөнінде мәліметке ашынған жұрт одан кемі екі есе аз алатындарын айтуда. Осыған орай, сонда 7 жыл мерзімді екі еселесек, сол уақытта үй алуға болады екен.

Естеріңізде болса, «Тұрғынүйқұрылысжинақбанкінің» басшысы Ләззат Ибрагимова қазақстандықтарға қалай үй алуға болатынын түсіндіріп беріп еді. Оның есептеуінше, айлық табысы 140-150 мың теңгені құрайтын әрбір қазақстандық орта есеппен айына жинақтау қорына 40 мың теңге салып тұра алады. 12 айда жиналған 480 мың теңгеге  жыл соңында мемлекеттен 96 мың теңге, ал банктің өзінен тағы 2 пайыз қосылады. Нәтижесінде, 600 мың теңге жиналады. Ал үш жылдың ішінде 1,8 млн. теңге болады, ол пәтердің алғашқы төлемақысы бола алады екен.  

Сонымен қатар, Ләззат Ибрагимова ақшаны желге шашатын азаматтарды: «үй алғысы келген адам өзін мейрамханалардан, той-томалақтан шектейді. Себебі оған керегі үй ме, әлде ойын-сауық па?» деп сынап та алды. Бұл сыны орынды ма, әлде орынсыз ба, ол жағына халық әділ төреші. Ал, халық банк басшысының бұл сөзін орынсыз деп танып, оның өзін сынап тастады. 

Тоқетері, «түстік өмірің болса кештік мал жи» демекші, әрбір азамат ертеңгі күніне бүгіннен бастап жауапкершілік танытқаны абзал.   

Абылай Есімбай 

Тәуіп пен емшілерге сенесіз бе, әлде дәрігерлерге ме?
Қаржы пирамидасынан сақ болыңыз!
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу