Тәуіп пен емшілерге сенесіз бе, әлде дәрігерлерге ме?
Ежелден бері қазақ халқында шөппен емдейтін де, отпен емдейтін де емшілер болған екен. Ата-әжелеріміздің айтуынша, құрсақта өлген сәбидің денесін бөлшектеп әйелдің өмірін сақтап алып шыққандар да болған. Көптеген ауруларды емдеген емшілер халықтың есінде әлі де бар. Бүгінгідей медицина дамымаған заманда қаншама ғасыр бойы жалғасып келген емшілік дәстүрге сенімсіздікпен қарайтындар да аз емес. Оған қазіргі алаяқ емшілердің септігі де тиіп жатқаны анық. Дегенмен түрлі әдіс-тәсілін, амал-айласын тауып, күнін көріп жүрген балгерлер мен бақсылар, емшілер мен тәуіптер бүгінде жетерлік. Бұл жайлы баспасөз беттерінде де, телеарналарда көп жазылып, аз айтылған жоқ. ХХІ ғасыр ғылым-білім, медицина дамыған заман дейміз, алайда ғалымға емес емшілерге сенетіндер қоғамда баршылық. Соңғы уақытта екпе салудан бас тартып, балаларының өміріне қауіп төндіретін ата-аналар да пайда болды. Жалпы, бүгінгі қоғамда дәрігерге емес, емшілерге барып қаралғанды жөн санайтындар аз болмай тұр. Сұраныс болғаннан кейін емші, балгер, көріпкел дегеніңіз көбейіп шыға келді. Байқасаңыз бәрінің айтатыны бірдей сияқты. Бара қалсаң, дуаланғансың, біреу жолыңды жауып тастаған деп бастайды. Мұнан соң дуаңды қайтарамын, жолыңды ашамын деп ананы әкел, мынаны әкел деп қолыңа тізім ұстатады. Сондай-ақ, ақшаңды да алады. Алайда ешқандай нәтиженің бола қоймайтынын біле тұра солардың қызметіне жүгінетіндер бар. Бұл бір жағынан дәрігерлерге деген сенімнің азайғанын аңғартатын секілді. Ең бастысы ауырмаңыз. Бұл мәселені тереңірек ұғына түсу мақсатында сауалнама жүргізген едік.
Тәуіп пен емшілерге сенесіз бе, әлде дәрігерлерге ме?
Ардақ Нұрғали,«Consul Garant» фирмасының заңгері:
Жүрегі, ары таза емшілер әлі де бар
Медальдің екі беті болатыны сияқты. Бұл мәеленің де екі қыры бар. Кейде өмірімізде біз түсінбейтін құбылыстар орын алып жатады. Бірақ оның нақты дәлелі жоқ. Ал дәлелі жоқ кез-келген нәрсеге күмәнмен қарауға негіз бар. Емшіге барып ауруынан айығып кетіп жатқан адамдарды көріп таңқаласың. Менің ойымша жүрегі, ары таза емшілер әлі де бар. Құдайдың өзі оларға ерекше қасиетті бойларына дарытқанын мойындау керек шығар. Емдеу кез-келген адамның қолынан келе бермейді. Алайда, дәрігерден түбегейлібас тартқан дұрыс емес. Екеуін де бірге пайдаланып, аурудың жолдарын жан-жақты іздеуде тұрған ештеңе жоқ деп ойлаймын. Бірақ болашығыңды білу үшін пал аштыру үлкен күнә екенін білемін. Сондықтан балгерлерге бармаймын және жақындарымды да олардан аулақ ұстауға тырысамын.
Гүлім Бегімбетова, медбике:
Бірінші сеанстан кейін балдақты ұмыттым
Астана маңайындағы ауылдардың бірінде, науқастарға таңқаларлық ем беріп жүрген, көзі соқыр қария туралы әңгімелерді бірнеше рет естігенім бар. Содан сол атаға баруды жөн санадым. Ақмола облысы, Қорғалжын тасжолы бойындағы Сабынды ауылына бет бұрып, ақыры тауып алдық. Осы ауылда тұратын ата кез келген проблемаларды шешеді: дуаланған, көз тиген адамның дуасын шешеді, жолы болмай жүрген адамдардың жолын ашады.Тіземе ота жасалғаннан кейін, ұзақ уақыт балдақпен ғана жүретін едім. Бірінші сеанстан кейін мен балдақ туралы ұмытып, жүріп кеттім де, жан жағыма қарап: «ойбай, балдағым қайда?», — деппін.Сөйтіп біраз күлгенбіз. Жұбайым асқазан ауруынан арылды, көптен бері бастырыла беретін – одан да емделді. Әпкем бірнеше аурудан айықты, 4 жыл бойы ерікті жалданушы болып жұмыс істеген оның қызы бір апта ішінде аттестатталып шен тақты. Бір жас қыз, әріптесім, көп жылдар бойы түсініксіз аурумен науқастанған болатын. Анда-санда денесі бұратылып, айқайлап, қысылатын. 3-4 ер адамды лақтыратындай денесіне бір күш бітетін. Ол ауруханада да емделді, мұсылман және христиан емшілеріне де жүгінді. Алайда, ешкім оған көмектесе алмады. Сол дерттің салдарынан тұрмысқа да шыға алмай жүрді. Ата оның денесіне қонған шайтанды қуып, дем салды. Сол қыз тұрмыс құрды, қазіргі уақытта аяғы ауыр. Осындай мысалдар көп. Атаға емделу үшін Қазақстанның түпкір-түпкірінен, Ресейден, Қырғызстаннан, Германиядан, Қытайдан, Монғолиядан, Кубадан және т.б. жақтан адамдар келіп жатады. Ата кез келген тілде сөйлей алады, қалай таңғалмайсың?! Атаның көмегіне, игі істеріне қарап, мен — 21 ғасырдың адамы, Жаратушының бар екеніне көзім жетті. Ата сияқты адамдар аурудан азап шеккен жандарға жәрдем беру үшін жерге жіберілген елшілер деп санаймын. Көптеген адамдар өз ризашылығын білдіріп жатқанда, Ата оларға: «Мен қарапайым адаммын, менің қолымнан ештеңе келмейді. Аллаға рахмет айтыңдар, шүкіршілік білдіріңдер!» — дейді. Ата Жаратушының күшімен адамның дертін ғана емес, оның рухын емдейді.
Зубайра Қалдыбаева, дәрігер:
Емшілерге баруға қарсымын
Көзі ашық, білімді азамат дәрігердің көмегіне жүгінетіні анық. Біздің тәжірибеде емшілерге барып, емделемін деп ауруларын асқындырып жібергендер көп кездеседі. Арты қайғылы оқиғаларға ұласқандары да бар. Бірінші кезекте дәрігерге бару керек. Міндетті түрде. Қазір технологиялар дамыған заманда кез-келген ауруды бастапқы стадияларында тез емдеуге жағдай жасалынған. Сондықтан уақытыңызды ең бастысы денсаулығыңызды жоғалтпау үшін дұрыс ем қабылдауды үйреніңіз. Өзін-өзі емдеу мен халық емшілеріне баруға дәрігер ретінде қарсымын. Ең болмағанда диагнозын біліп алып, емханаларда емделу қажет. Емшілерге қатты барғыңыз келсе екеуін қатар алып жүріңіз. Алайда дәрігердің көмегінен түбегейлі бас тарту ол жаңсақ пікір. Тіпті осындай сауалдарды естіген кезде таң қаламын.Бұл деген өзін өлімге қиюмен бірдей деп түсінемін.
Гүлмира Серікқызы, жеке психолог:
Оларға сену былай тұрсын, тіптен тыңдамаған жақсы!
Өзім бірнеше рет зерттеу жүргізгенмін. Тіпті екі-үш балгерге барып оларды сынаған кезім болды. Бірінің жалған сөйлеп отырғаны маған бірінші минуттан - ақ білінді. Ары қарай оның айтқаны мен үшін маңызды болмады. Бір түйгенім, балгерлер бір пластинканы айналдырып отырып айта береді екен. Сіздің бүйрегіңіз, асқазаныңыз ауырады екен деген сияқты әңгімеден бастайды. Қазіргі уақытта асқазаны ауырмайтын адам жоқ шығар.Осы сынды қарапайым нәрселерді айтады.Балгерге баратын болсаңыз мынау сөзге морально дайындалып барыңыз: Сізді туысқаныңыз немесе әріптесіңіз дуалапты.Тіпті, оның бет-бейнесін сипаттап береді. Осылайша сізден ақша алудың жолдарын іздей бастайды. Біздің ақ көңіл қазақ ол әңгімелерге бірден сенеді. Әрине өміріңде болып жатқан қиындықтарды біреуге арта салған бәрінен оңай емес пе? Мүмкін мен психолог маманы болмағанда бұл сөздерге сеніп қалар ма едім кім біледі?. Сондықтан ағайын, бұл бәлелерге сену былай тұрсын, тіптен тыңдамаған жақсы!
Алишер Мұхаев бағдарламашы:
Сенбейін десең, айтқаны тура келеді...
Ағам кенеттен дүние салғанда үй іші есеңгіреп қалды. Жиырма беске енді келетін атпал азамат аяқ астынан қайтыс болды дегенге көңіл сенбеді. Ағам басқа қалада тұрған еді. Денесін араға үш күн салып жеткізді. Оған дейін әйелдер жағы ауданға аты белгілі емші-көріпкел әйелге барып, не болғанын білуге тырысты. Әрі көршілердің «біреу өлтіріп кетіпті» деген пыш-пышы көбейген соң, күдіктерін сейілткісі келген болар.
Емші апай сабырлы кісі екен. Көзін сәл жұма отырып, көз алдында әлдене тұрғандай-ақ суреттеп беріпті. Жолда келе жатқан қаралы көштің жайына да тоқталыпты. Біздің білетінімізден өзге тағы бір қосқаны бар. «Бала кісі қолынан өлген жоқ» деп кесіп айтыпты. «Басына дәке орапты. Тізе тұсынан бір жарақат алыпты. Бірақ ажалы одан болмаған» дейді тағы.
Денесін жеткізген соң жуып, оң жаққа салғандар тізенің астында тым терең емес жарақат барын растады. Ол, сірә, баспалдақтан аяғы тайып құлағанда түскен жара болса керек. Ал басына дәке ораған себебі, комада аппаратпен жатқан екен. Туыстар осылайша ағамның ажалына адам себепші болмағанын білді.Сонда көріпкелдер мұның бәрін көзімен көргендей қалай біледі?! Әйтпесе, басқа бір жердегі адамның белгілерін қалай біле қойды? Осыдан кейін көріпкелге сенбей көр.
Дана Сүлейменова