Трамп Украинадағы соғысты қалай шешеді?
30-10-2024
Бәсекелестік жайлаған нарық заманында бедел ұғымы алдыңыздан кесе-көлденеңдейді. Әйгілі қоғам қайраткері Бенджамин Франклин уақытты ақшаға теңесе, бүгінде бедел де ақшамен астасып кетті. Екеуін егіз ұғым десек те болады.
Бедел өз-өзінен келмейді. Оны қасықтап жинау керек. Ал, бұған кемі ондаған жылдар кетеді. Дегенмен, қазіргі таңда көпшілік мұнша уақыт күткісі келмейді. Олар бір-ақ күнде беделді яки атақты болғысы келеді. Беделді болса үлде мен бүлдеге орануға мүмкіндігі мол. Материалдық тұрғыда бай болу - капитализм заманындағы басты құндылыққа айналды десе болады. Бірақ, қалай? Оның оңай жолы бар ма? Міне, осы жерде еске еріксіз «атың шықпаса жер өрте» деген сөз еске түседі. Қазіргі таңда ел ішінде осы бір сөз қызу жүзеге асып жатыр. Алысқа бармай-ақ, шоу-бизнесті алып көрелік.
Естеріңізде болса, биыл көктемде «Соқыр махаббат» фильмі кинопрокатқа шыққан болатын. Фильмді жарыққа шығаруға әнші Сиви Махмуди себепкер болды. Әрине, біз бұл фильмді көрмедік. Дегенмен, оның дақпырты естен әлі шыға қоймады.
...Алматыда көше бойында Сиви қолындағы таяқпен бір көлікті ұрып, терезесін сындырады. Бұған қанағаттанбаған Сиви «мен айттым ғой, фильмге ол көріністі салма деп. Менің үш балам бар» деп көлік ішінде отырған кісіге ренжиді. Ал, көлік ішінде актер Ренат Байсин отырды. Ашулы Сиви көлігіне мініп кетіп қалады. Ал, Ренат көлігінің шытынаған терезесіне емес, ұзап кеткен Сивиге ұзақ қарап тұрады...
«Соқыр махаббат» кинопрокатқа шығар алдында әлеуметтік желілерде фильм актерлары Сиви мен Ренат арасындағы жанжал таспаланған видео әп-сәтте тарап кетеді. Дегенмен, бұл, видеоға ешкім сене қоймады. Керісінше, оны мысқылдап, әжуаға айналдырды. Бұл жөнінде жазушы Бейбіт Сарыбай әлеуметтік желідегі парақшасында:
– Сиви деген қыз Ренат деген жігіттің қымбат көлігінің терезесін шаққан видео әлеуметтік желіде кеңінен таралды. Бәрі жасанды, бәрі өтірік екені көрініп тұр. Сондағылары даурықпа жұртты даурықтыру арқылы «Соқыр махаббат» деген фильмсымақтарының дақпыртын асыру, сол арқылы көрермен тарту.
«Теңіздің дәмі – тамшыдан» дейді. Осы видео арқылы олардың фильмсымақтарының қай деңгейде екенін жобалауға болатын сияқты. Дарынсыз режиссердің талантсыз актерлермен түсірген, түкке тұрмайтын сюжетке құрылған...
«Соқыр махаббат». Кино түсіруге, киноға түсуге деген соқыр махаббат… Өздеріне деген соқыр махаббат. Халықты соқыр, надан санау. Көзі ашық, көкірегі ояу адамдардың барлығы бұл дүбәраның санасында сәулесі жоқ соқырларға арналған дүние екенін түсінді, - деп жазды.
Бұл видео неліктен түсірілді? Әрине, жазушы айтпақшы, осы тәсіл арқылы олар фильмге қызығушылық тудырмақ болды. Қызығушылық туса, жұрт фильмді көруге кинотеатрға ағылады. Нәтижесінде, фильм өз шығынын ақтайды. Ақтамаса да, соған жақындайды. Дегенмен, осы мақсатқа жету үшін қолдан ұйымдастырылған бұл оқиға өте сәтсіз болды. «Қолдан ұйымдастырылған» деп нық сеніммен айтуымызға себеп, рэп жанрында ән орындайтын Жан Ахмадиев аталған видеоны түсіруге өзі кеңес бергенін мойындады:
– Сивиге көлік жарығын сындырып тастайтын оқиғасын мен ұсынғанмын. Бірақ, олар тура айтқандай істемеген және мүлде ойдағыдай шықпай қалған. Бостан босқа ел-жұрттың алдында өздері ұятқа қалды. «Мыналар кімді мазақ қылып жатыр?» деп жұрттың бәрі әлеуметтік желіде жазып жатты.
«Қара пиарды» ұйымдастыру кезінде өзіндік қарапайым заңдылықтарын сақтауға болады ғой. Ал Сивидің жағдайында құдды дайындалып кино түсіріп жатқан секілді. Ол жердегі ұялы телефонның түсірілімі де, басқа жағдайлар да кездейсоқ, кенеттен түсірілгендей әсерде болуы керек. Осы қағиданы басшылыққа алмай, «қара пиар» сәтті жүзеге аспайды. Біздегі «қара пиарлар» неге сенімсіз болып қала береді. Бұны рэпер «қара пиар» деп есептейді екен. Ал, пиар деген не? Ағылшын тілінен аударғанда Пиар (PR – public relationship) – қоғаммен байланыс дегенді білдіреді. Яғни, халықпен тікелей байланысты ұғым. Пиар – жарнамаға ұқсас. Басты айырмашылықтары жарнама - тауарды сатуды көздесе, пиар - тауар туралы халық арасында жағымды пікір қалыптастыруды қалайды. Және PR – беделді басқару. Танымал емес адамды халыққа танымал ету, жағымды образын қалыптастыру, кейін ел ықыласына бөленген образ беделін сол деңгейде ұстап тұру. Және образды ұзақ уақыт жоғары деңгейде ұстап тұру арқылы бренд қалыптастыру. Бұл жұмыспен пиар мамандары тікелей айналысады.
Бүгінде сұранысқа ие және жылдам нәтиже беретін пиар – «қара» пиар. Нақты мысал келтіру үшін атышулы Қайрат Нұртасты алайық. Ол жылына бірнеше концерт өткізді. Дүкен ашты, журнал ашты, фильм түсірді. Бұл – ақ пиар. Ол осыдан атақты болды. Бірақ, дүмпу деңгейінде емес. Ал, енді осыдан бірнеше жыл бұрын Алматыдағы «Prime Plaza» сауда орталығында Қайрат Нұртас өткізген концертте жастар дүрлігіп, айналаның астаң-кестеңін шығарды. Полиция жұмылдырылып шу әзер басылған еді. Содан кейін Қайрат ел аузынан түспеді. Осы оқыс оқиғадан соң оның гонорары 5 мың доллардан 7 мың долларға өсті деген әңгіме тарады. Бұл – қара пиар. Кездейсоқ бола қалған сәтті пиар. Ғылыми тұрғыда қара пиарға – имиджді түсіретін пиар деген түсінік беріледі. Дегенмен, бұл жерде бірқатар ньюанстар бар. Сол оқиғада әншінің имиджі белгілі бір деңгейде түсті. Әйтсе де, оның құны өсті. Мұны парадокс деуге келеді.
Міне, осы оқиғадан бастап қолдан ұйымдастырылған іс-шаралар күрт көбейді. Нақты мысалдар келтірейік:
Асхат Тарғын тойда асабамен жаға ұстасты. Бұл қолдан ұйымдастырылған екен. Оны да Жан Ахмадиев өзі ұсынғанын айтып, өтірікті әшкере қылды; Казнетте «Меломен» тобын Алматыдағы бір кафеде пышақтап кетті деген жаңалық фотоайғақпен тарады. Дегенмен, бұл жалған болып шықты. Ертесіне ел алдына жарқырап шыққан жігіттер «фильмнен көрініс» деп ақталды. Баян Мақсатқызының шекпенінен шыққан Ақбота Сейітмағамбет есімді әнші Дәурен Айдарқұлов есімді күйеуімен мың рет қосылып, мың рет ажырасты. Басында жұрт балалы келіншек үшін алаңдайтын еді. Кейіннен оның жалған пиар екені аян болғасын, оларға деген қызығушылық азайды. Бұлар дәлелденгендер. Ал, дәлелденбегендері қаншама? «Көлік апатына ұшырадым» деушілер, ауыр дертке «шалдыққандар», телебағдарлама рейтингін көтеру үшін сол бағдарламада қолдан дау-жанжал ұйымдастырушылар, айта берсек көп. Бұл тек шоу-бизнестегі көлеңкелі тұстар. Сонымен бірге, саясатта да «саяси пиар» деген ұғым бар. Бұл енді өз алдына бөлек әңгіме.
Біз осы тұста пиар жөнінде шоу-бизнес саласында жүрген мамандармен сөйлесіп көрген едік:
Айдай Адамқұл, Қуандық Рахым мен Тәуекел Мүсілімнің директоры:
Тез тұтанған шырпының тез сөнетінің ұмытпаған абзал
– Қазақстанда шоу-бизнес саласы қарқынды даму үрдісінде. Қазіргі шоу-бизнесті осыдан 10 жыл бұрынғы кезбен салыстыруға мүлдем келмейді. Эстрадасы өркендеп, бүгінде шарықтау шегіне жетті деуге келетін Батыс елдерінің тәжірибесін алып қарасақ, онда бір жобаны (әнші, биші, актер) жиырмаға жуық маман жүргізеді: продюсері, директоры, пиар менеджері, имиджмейкері, стилисі, тағысын тағы. Бәрі бір мүддеге жұмыс істейді – жобаны тек өз елдерінде ғана емес, халықаралық аренада әйгілі етіп, пайдаға кенелу. Осы арқылы олар нәпақаларын айырып, отбасыларын асырайды.
Қазіргі таңда бұл тәжірибе біздің елге жай-жай еніп келеді. Мен қазір қоңыр даусымен талайларды сүйсіндіріп үлгерген әнші Қуандық Рахым мен актер Тәуекел Мүсілімнің директоры болып жұмыс істеймін. Менің міндетім – үйлестіру. Яғни, гастрольдік сапарларды бүге-шігесіне дейін жоспарлау. Жарнама жөнінде әкімдіктермен келісу. Тапсырыс берушімен райдер мәселесін талқылау. Журналистермен баспасөз мәслихатын өткізу. Сонымен қатар, негативпен күресу де басты назарда. Ел алдында жүрген жандар туралы уақыт өте келе небір өсек-аяң өрбитіні аян. Мұндайды әншіні көре алмайтындар әдейі ұйымдастырып та жатады. Осындай дәйексіз жел сөзге жол бермес үшін біздің тарапымыздан түрлі іс-шаралар ұйымдастырылады.
Жалпы, атақты болу үшін жалған іс-әрекеттер ұйымдастыру арқылы халықты алдауға мүлдем қарсымын. Жасанды интрига арқылы келеген атақ баянды болмайды. Ел аузында жүрген мұндай атақ ешқандай бедел алып келмейтіні түсінікті. Керісінше, имиджіне нұқсан келтіреді. Өтірік өрге баспайды дейді, оның құйрығы бір тұтам. Өтірігі әшкере болса, оның абыройы айрандай төгіледі. Бәріне халық – сыншы. Уақыт – төреші. Ертелі-кеш уақыт бәрін өз орнына қояды.
Біздің продюсерлік орталықтағы Қуандық Рахым да, Тәуекел Мүсілім де ондай жалғандықтан, лас іс-әрекеттерден ада деп айта аламын. Халық өнер адамдарынан шынайылықты талап етеді. Сондықтан да, олар туралы жұрт арасында жағымсыз пікірлерді кездестіру қиын.
Әнші болсын, саясаткер болсын, өзі армандаған беделге тура жолдағы адал еңбегімен, маңдай терімен жеткен әлдеқайда абзал. Әсіреқызыл тез оңады. Тез тұтанған шырпының тез сөнетінің ұмытпаған абзал.
Абылайхан Есімбай