Орталық Азиядағы ең бақытты ел

Oinet.kz 27-03-2024 1224

World Happiness Report – әлемдегі ең бақытты елдер тізімінде Өзбекстан 143 мемлекеттің ішінде 47-орын алды. Яғни салыстырмалы түрде айтсақ, Орталық Азиядағы ең бақытты ел атанып отыр. Бұл тізімді БҰҰ Гэллап институты және Оксфорд зерттеу орталығымен бірлесіп дайындаған. 

Screenshot_5.jpg

Биылғы рейтингте Финляндия жетінші жыл қатарынан әлемдегі ең бақытты ел деп танылды. Алғашқы ондыққа Дания, Исландия, Швеция, Израиль, Нидерланд, Норвегия, Люксембург, Швейцария және Австралия енді. Өзбекстан 47-орында тұр. Қазақстан одан екі саты төмен орналасқан. Қырғызстан – 75, Тәжікстан – 88. Түркіменстан бұл тізімге кірмеді. Ресей бұл рейтингте 72-орында, Украина 105-орында тұр. Молдова – 71, Армения – 82, Әзербайжан – 101. Беларусь рейтингке қосылмаған. Тізімдегі ең соңғы 143-орынды Ауғанстан алды. Рейтинг дайындау кезінде жан басына шаққандағы ішкі жалпы өнім көрсеткіші, халықты әлеуметтік қолдау деңгейі, орташа өмір сүру жасы, азаматтардың еркіндігін құрметтеу деңгейі, жемқорлық көрсеткіші және басқа да жайттар ескеріледі.

Бақытты ел атанған Өзбекстанда мыңнан астам жекеменшік балабақшалар алдағы күндері жабылып қалуы мүмкін. Орталық Азия жаңалықтар қызметінің хабарлауынша, «Реал Софт» бағдарламасында кеткен қателік салдарынан кейінгі үш айда мыңдаған кәсіпкер субсидия, ал тәрбиешілер жалақы ала алмай жүр. Тақырға отырған жүздеген кәсіпкер өзбек үкіметіне шағымданды. Жекеменшік балабақшалар мемлекет субсидиясы есебімен жұмыс істейді. Бақшадағы әрбір баланың тамағына мемлекет 12,7 мың сум төлейді. Бұл жүйе 2022 жылғы тамызда енгізілген. Қазір Өзбекстанда мектепке дейінгі білім беру мекемелері 27 мыңнан асқан. Бірақ мемлекеттен субсидия алудың өз тәртібі бар. Жекеменшік балабақшалардың қызметкерлері күнде мекемеге келген баланы суретке түсіріп, оны «Реал Софт» бағдарламасына жүктеуі тиіс. Бірақ бағдарламадағы қателік салдарынан кәсіпкерлер үш айдан бері балаларды тіркей алмай отыр.

Өзбекстан мектепке дейін білім беру министрлігінің баспасөз хатшысы Мавлюда Асқархожаеваның мәлімдеуінше, 1500-ден астам балабақшада бюджет қаражаты жымқырылғаны анықталған. Егер кәсіпкерлер қаржысыз қалса, онда ондаған мың адам жұмыссыз қалуы мүмкін.

«Қаңғыбастың» қастандығы
Қасқасуда 17 демалыс орны бар
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу