Асқар Мамырбаев: «Шымкенттің үшінші мегаполис атануға қай жағынан болсын әлеуеті жетеді»

Oinet.kz 19-05-2019 1328

Screenshot_4.jpg

Асқар Мамырбаев, Шымкент қалалық сәулет және қала құрылысы  бөлімінің басшысы: 

         - Үшінші мегаполис атағынан басты үміткер Шымкенттің алдағы уақытта сәулеті қаншалықты өзгермек, бас жоспарға сай атқарылар іс-шаралар легі қандай?

         - Шымкент – Қазақстанның үшінші қаласы болуға тиіс. Бұл Елбасының тапсырмасы және кездейсоқ айтылған әңгіме емес. Өйткені, Шымқаланың қай жағынан болсын үшінші мегаполис атануға әлеуеті жетеді. 2012 жылы бекітілген бас жоспарға сәйкес Шымкент қаласының аумағы бұрынғысынан үш есеге дейін ұлғайғаны белгілі. Көршілес жатқан Сайрам, Ордабасы, Төле би аудандарынан барлығы 40 елді-мекен қаланың аумағына енді. Бұл бір жағынан қаланың аумағын кеңейткенімен, екінші жағынан шешімін күткен мәселелер қатарын да әлдеқайда арттыруға себеп болды. Кейінгі қосылған елді-мекендердің көпшілігінде аталған аудандар тарапынан бекітілген бас жоспарлар енбей қалуына, сол жерлердің топографиялық түсірілімдердің болмауына байланысты қазір қосымша жұмыстар атқаруға тура келді. Осы қызметке бекітілген жыл басынан бері қала басшылығының алдына бірінші кезекте бас жоспарды өзектендіру мәселесін қойып, қажетті қаражат сұралды. Қала әкімдігінің, мәслихаттың қолдауымен бұл мақсатқа 50 миллион теңге қаражат бөлініп, қазіргі таңда оның 30 миллионын игеру үстіндеміз. Бас жоспарлардан кейінгі этапта атқарылатын егжей-тегжейлі жоспарлау немесе нақтылау жобасы Шымкент қаласының аумағындағы 48 нүктеге жасалынған. Жыл басында оның 13-і бекітілген болса, қазір 29-ға жетті. Қалғандары жұмыс үстінде, бекіту барысында.

- Халық айтса, қалт айтпайды ғой, жергілікті тұрғындар арасында «Шымкентті – үлкен ауылға айналып кетті» дейтіндер де аз емес...

         - Иә, мұны бекер әңгіме дей алмаймыз. Жалпы, бас жоспар қалаға не үшін керек? Ол - қаланың болашақ дамуының жоспары. Өкінішке орай көп елді-мекендерде бір қабатты, ұсқынсыз үйлер жаппай салынып, үлкен ауылға айналып кеткені жасырын емес. Мұның себебі де жоқ емес. Біріншіден, бұл жерлерге қатысты кезінде бас жоспар болмады, екіншіден, халық ауылшаруашылық мақсатында берілген жерлерді өз беттерінше пайдаланып, тұрғын үй салып жіберген. Солардың барлығының заңдылығын анықтау мақсатында құзыретті органдар жұмыс жүргізіп жатыр. Бас жоспардың негізгі мәселерінің бірі осы кемшілікті реттеу.

         - Шымкентте құрылыс қарқыны жоғары деңгейде, дегенмен, оның сапасына, сәулетіне қаншалықты деңгейде көңіл бөлінуде?

         - Облыс орталығында бой көтеретін жаңа құрылыстардың барлығы қала әкімінің төрағалымен жұмыс істейтін қала құрылысы кеңесінде талқыланып, бекітіледі. Содан кейін ғана біздің бөлімде бекітіледі. Қазіргі таңда жыл басынан бері кеңестің бірнеше отырысы өтті. Болашақта Шымкенттің сәулетін арттыратын бірнеше ғимараттардың жобасын бекіттік. Олар негізінен жеке инвесторлардың есебінен салынатын үйлер. Мысал үшін айтар болсақ, орталық Д.Қонаев даңғылының бойынан 25 қабатты зәулім тұрғын үй кешені, бірнеше соңғы үлгідегі сауда орталықтары салынатын болады. Қазірге дейін жеке инвесторлар есебінен бой көтеретін 20-дан астам көркі көз тартар нысанның жобасын бекіттік. Алғашқы құрылыс жұмыстары басталып та жатыр.

         Жобасы бекітілген әкімшілік іскерлік орталығын әрі қарай дамытып, соңына дейін жеткізу мәселесі бүгінде өзекті болып тұр. Қаламызға жаңа басшы – Ғабидолла Әбдірахымовтың келуімен көптеген бастамалар қолға алынып жатыр. Қазақта «көп жасағаннан емес, көпті көргеннен сұра» деген даналық сөз бар ғой, сол айтқандай, Ғабидолла Рахматоллаұлы өзі жас болса да көргені көп, түйгені мол, жаңа, тың идеяларға бай азамат екен. Жұмысына кірісе сала жаңа тапсырмалар берді. Шымкенттің солтүстік қанатындағы әлі игерілмеген Тұран мөлтекауданының батыс жағынан үлкен орталықтың жобасын жасауды бастадық. Әзірге оны шартты түрде «Шымкент-Сити» деп атадық. Ол жерде көп қабатты тұрғын үйлер, сауда орталықтары, кеңсе ғимараттары, азаматтардың демалыс аймақтары шоғырланып, қаланың бірден-бір көрікті аймағына айналуы тиіс деп отырмыз.

         Қаланың қалыптасқан аумақтарын қайтадан құрылымдау мәселесі де қолға алынды. Бұл тұрғыда ескі үйлердің қасбеттерін жөндеу, ландшафттық дизаин, яғни қоқыс тастайтын алаңдарды, қоғамдық орындарды таза ұстау, көркемдеу жұмыстары ұдайы назарда болады. Күрделі мәселелердің бірі – бұрынғы қалыптасқан елді-мекендерде, оның ішінде Сайрам ауылы бас жоспарсыз болған. Енді соған егжей-тегжейлі жоспарлау жобасын жасауға қаражат сұрап жатырмыз. Өйткені, Сайрам ауылының орталығында ретсіз сауда, заңсыз құрылыстар көбейіп, көше тарылған. Бұл жергілікті тұрғындардың да наразылығын тудырып отыр. Осы секілді қордаланған мәселелерді шешу мақсатында жоба жасалып, бірінші кезекте орталық көшелерді реттеу жұмыстары жүргізілуде.

- Кезінде жарнамасы жер жарып, құрылысы басталмай жатып тоқтап қалған «Шымкент-Плаза» сауда орталығының тамырына қайта қан жүгірген тәрізді...

- Иә, жабық сауда, ойын-сауық орталығы ретінде салынып жатқан «Шымкент-Плазаның» құрылысы биыл жыл соңына дейін толық бітпесе де аяқталуға жақындайды. Әлемдік дағдарысқа байланысты мемлекет қаражаты есебінен соңғы үш жылда жаңа нысандардың құрылысы басталмайды, бірақ, мұның әлеуметтік нысандарға қатысы жоқ. Былайша айтқанда, қалада 2018 жылға дейін жүргізілетін құрылыстар жеткілікті. Тұрғын үйлердің құрылысы да тоқтамайтын болады.

- Сұхбат басында сөз болған «үлкен ауыл» атауынан құтылу үшін қала аумағына ауданнан енген елді-мекендерде көпқабатты тұрғын үйлер салу жоспарда бар ма?

         - Иә, оларға қатысты егжей-тегжейлі жоспарлар біртіндеп бекітіліп жатыр. Үлкен магистралды жолдардың бойында міндетті түрде көпқабатты тұрғын үйлер бой көтеретін болады. Ал, орталық жолдан шалғай жатқан аумақтарға бір, екі қабатты әсем коттедждер салу жоспарланған.

         - Қалаға келген қонақтар болашақта бұл айтылғандардан өзге қандай өзгерістерді көруі мүмкін?

         - Қаланың бүгінгі келбеті, әлеуеті осыдан бес жыл бұрынғы кездегімен салыстыруға келмейді. Облыс орталығы әлдеқайда жаңарып, жасарып, көркейді. Мұны қалада соңғы екі-үш жылда болмаған азаматтар бірден байқай алады. Дәл қазірдің өзінде хайуанаттар бағында қайта құрылымдау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Африка зонасын жасау қолға алынуда. Болашақта бос жатқан жерлерді игеру мақсатында үлкен жоба дайындалған. Дендросаябақты да қайта құрылымдау жоспарда бар. Жалпы аумағы 20 гектардан астам бұрынғы қоқыс алаңы алдағы уақытта қаланың көркін арттыратын дендросаябаққа айналуы тиіс. Онда ағаш отырғызу әрекеті қараша айында басталу жоспарланып отыр. Сайрам ауылындағы Наурыз саябағын қайта құрылымдау мәселесі де қаралды. Сол секілді қаланың ішіндегі көріктендіру, абаттандыру жұмыстарына баса көңіл бөлінетін болады. 

         - Қызыл сызыққа түскен нысандар жайы жиі сөз болып жатады...

         - Қызыл сызық - бас жоспармен бірге бекітілетін құрамдас бөлігі іспетті. Бас жоспар бойынша көшелер қалалық, аудандық және жергілікті маңызы бар болып үшке бөлінеді. Қызыл сызық та осы көшелердің маңызына байланысты белгіленеді. Қала бірден қалыптасқан жоқ. Кеңес Одағы кезінде, дәлірек айтқанда 1980 жылдардың басында бекітілген бас жоспарға сәйкес қызыл сызық белгіленіп, 2004 жылға дейінгі бой көтерген нысандардың барлығы соған сәйкестендірілген. Ал, 2004 жылы бекітілген бас жоспарда көлік санының артуына, өзге де даму үдерісіне байланысты көшелерді кеңейтуге қажеттілік туындап, қызыл сызық та кеңейтілген. Соңғы бас жоспарда бұл көрініс тағы да қайталанды. Осыған орай бұрынғы нысандардың ішіндегі көптеген құрылыстар, тіпті, бес қабатты тұрғын үйлер де жаңа бас жоспарда қызыл сызықтың ішінде қалып қойды. Оны қалай реттейміз? Әрине, оларды аяқ астынан сырып тастауға болмайды. Ол үшін әлгі қызыл сызықта қалып қойған нысанды қайта құрылымдауға қажеттілік туындаған жағдайда, яғни тозығы жеткен кезде ғана ары қарай сыруға болады. Осылайша барлығы уақыты жеткенде біртіндеп реттелетін болады.

- Амалсыз қызыл сызықтың ішінде қалған құрылыстарға қатысты мәселе жоқ, алайда, қызыл сызық екенін біле тұра, былайша айтқанда қасақана салынған нысандар да аз емес қой.

- Олар әрине, заңсыз құрылыс болып есептеледі. Бірақ, ондай заңсыз нысандарды тексеруге біздің құзыретіміз жүрмейді. Мұндай нысан анықталған жағдайда тиісті мекемеге жолдап, шара көруге ұсыныс жолдаймыз. Түсініктеме жұмыстарын да жиі жүргіземіз, дегенмен, әсіресе шеткі аймақтарда өз беттерімен қызыл сызыққа түсіп кеткен нысандар көп.

- Қаланың сәулетіне тікелей әсер ететін дүниелердің бірі - көше бойындағы жарнамалар. Оларды реттеу мақсатында қандай жұмыстар атқарылуда?

          - Жарнаманы реттеу тікелей құзырымыздағы дүние. Жол жиегіндегі жарнамалар - билборд, скролер, панолар біздің рұқсатымызбен ғана орнатылады. Қазіргі таңда жабайы, бір күндік жарнамалар көбейіп кетті. Анықталған заңсыз жарнамалардың барлығы аудандық әкімдіктер мен мәдениет бөліміне, құзырлы органдарға тапсырылып отырады. Жарнамалар жайымен айналысатын арнайы бөліміміз бар.

         - Қала күні мерекесітойлануда. Шымкенттің белгісінің, яғни гербінің авторы өзіңіз екенін білеміз. Соның тарихына қысқаша тоқталып өтіңізші.

         - Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін барлық символикалық белгілерге жаппай бәйгелер жариялана бастады ғой. 1997 жылы Шымкент қаласының эмблемасын белгілеуге байланысты байқау жарияланып, оған 40 шақты үміткердің жұмыстары түсті. Байқау екі турдан өткізіліп, менің нұсқам жеңімпаз ретінде танылды. Қала таңбасы қазаққа тән қалқан түрінде жасалған. Артқы фонында мемлекеттік ту бейнеленген. Оның бетінде шығыс жұлдызы деп аталатын 8 бұрышты жұлдыз берілген. Ортаңғы тұсындағы етегі қошқар мүйізбен аяқталған таға іспеттес бейне – тұрақтылықтың белгісі. Оның ішінде көгілдір аспан, күн және Қазығұрт тауының тұлбасы көрсетілген. Тіршіліктің бастауы – Қазығұрт тауы Шымкенттің қай жағынан қарасаңыз да менмұндалап көрініп тұрады. Ал, ішіндегі өсімдік – дермененің бір бұтағы. Шымкент қаласының ең алғашқы өндіріс ошағы, яғни қала өндірісінің бастауы – Сантонин, кейіннен Химфарм деп аталған зауытта шығарылатын, біздің өңірде ғана өсетін дәрілік дермене шөптің бейнесі.

         - Демек, шығармашылық жұмыстарға да жаныңыз жақын болғаны ғой...

         - Шымкент қаласының ғана емес, Оңтүстік Қазақстан облысының таңбасына да жарияланған байқауға қатысып, бірінші орын бұйырған. Үш турға созылған конкурстың қорытындысы бойынша мен бірінші, тараздық сәулетші екінші орын алып, екеуіміздің еңбегімізді біріктіру арқылы облыстың таңбасы қабылданды.

         Шығармашылық жұмыстардың барлығы бір-бірімен сабақтас қой, қол босай қалса өлең жазып, ән шығаратын да өнерім бар. Әндерімнің өзі бір дискіге жүк болды. «Анашым-әкем», «Сағыныш», «Мұзсүңгі» деген секілді 4-5 әнім Қазақ радиосынан жиі беріліп тұрады.

         - Ендеше, жұмысыңызға табыс, шығармашылығыңызға шабыт тілейміз!

         Сұхбаттасқан Шадияр МОЛДАБЕК,

          Мұрағаттан, 2015 ж

Ахметжан Керімбек: «Жамағатқа дінді ғана дәріптемей, дәстүрмен де тәрбиелеу керек»
Оңғарбек Құралов: «Тойымда қалыңдығымды жоғалтып алдым»
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу