Күйеуімнің әруағымен сөйлесемін
02-11-2024
Оңғарбек Құралов, «Қазақстан» РТРК» АҚ-ға қарасты Қазақ радиосының Бағдарламалар директоры, ҚР Журналистер Одағының мүшесі:
1988 жылы Өзбекстандағы Ташкент облысының Бостандық ауданындағы №34 мектепті тәмамдап, арман қуып Алматыға Абай атындағы ҚазПИ-ге оқуға түстім. Ол кездердегі талапкер студент атанған заматта-ақ «қағып алып» ауыл шаруашылығы жұмысына салатын. Бізді сонда Алматы облысындағы Шелек ауданында темекі жинауға жіберген. Тапсырма болғасын амал жоқ орындау қажет. Құрдастарымызбен құлшына темекінің жапырағын жинауға кірісіп жүргенбіз. Сонда «Жүздің түсін білгенше, бірдің атын біл» дегендей, бір бойжеткеннің есіміне қанық болдым. Бір күні «темекіші» студенттер арасында кішігірім дау туындап, белсенді деген 3-4 қыз-жігіт шаршы топта суырылып алға шығып, өз пікірлерін дәлелдеп жатты. Солардың арасында өзі қараторы, бұрымы белден төмен түскен, сөйлеген сөзі көркем де шынайы, айтқан дәлелі айқын да тұшымды, өзгелерге де «Ақылгүл десе, Ақылгүл екен» дегізген бір қыз болды... Сол-ақ екен, «жүректен ұрды» деген сол екен... ой түкпірінде, арман құшағында «мынау нағыз жар болатын қыз екен» деген ой қылаң берді. Ақылгүлмен темекі жинап жүріп, танысып, кейін дос болдық. Бес жыл бір топта оқыдық. Үш жыл тағы да қарашаңырақ Қазақ радиосында бірге жұмыс істедік. Сегіз жыл қатар жүрген соң ғана қыз-жігіт боп құпия бөлістік... Көзқарасымыз, танымымыз, қызығушылығымыз, тіпті армандарымыз ұқсас болған соң екі жүректің қатар соққанын қаладық... Қыз жүрегін жаулап алу оңай болсын ба?! Шын сүйген махаббат иелері ғана ондай күйді басынан өткереді деп білем...
Ол кезде қазіргі кинодан не әлеуметтік желілерден көріп жүргеніміздей, «тосын оқиғаны» қолдан құрастырып, оған кішігірім сценарий жазып, қызды қорқытып-үркітіп, не таңқалдырып «ұсыныс» жасап жату деген атымен жоқ-ау деймін. Жігіттің қызға сөз салғанындай, біз де шама-шарқымызша тілегімізді білдірдік... ол да ойланып-толғанып жауабын берді. Ешкімнің зорлығынсыз екеуара солай шештік. Сөз байластық. Уәдемізге берік болуға «ант-су» ішістік. Ол 1996 жылдың жазы еді... Алматыдағы Орталық неке сарайында некемізді қидық. Содан соң Алматы облысындағы Жамбыл ауданында қазіргі Балғабек Қыдырбекұлы ауылында «Қыз ұзату тойы» болды. Қазақ радиосындағы әріптестеріміз бен курстастарымыз да «мұндай той көптен бері көрмеген ек, керемет тамаша болды» деп ықыластарын білдірді.
Сол тойда бір естен кетпес жағдай болды. Сценарий бойынша, өз жағымыздың дәстүріне сай тойдың ертеңіне түске қарай қызды алып қалаға жетуіміз, одан әрі Өзбекстанға жолға шығуымыз керек болған. (Соны білген екі шопыр баламыз да сол арада «жынды судан» ұрттап ала қойыпты. Ертеңге дейін «кәйфі тарап кетеді-мыс»). Түннің бір уағы. Той деген шырқау шыңына жеткен. Елдің бәрі мәз-мәйрам. Жақын, туыс, дос, әріптес, курстас, т.б. бәрі шат-шадыман. Бір кезде ұзатылар қызымды жоғалтып алдым. Ары іздеймін, бері іздеймін, ұшты- күйлі жоқ. Анадан да, мынадан да сұраймын, ешкім білмейді. «Масқара болдым ғой» деп енді қауіптене бастадым. Жүгіріп көшеге шықтым. Жүз қаралы көлік тұр. Сөйтсем, мен алып кетуге тиіс қызым киініп, қолына сөмкесін ұстап, көшеде жүр. Жүгіріп барып, ентігімді баса алмай: «Қайда болдың, бір жаққа кетейін деп жүрсің бе?» деп сұрадым. «Мені алсаң алып кет, енді мына тойға қайта кірмеймін» дейді... Оның ашуланып, ренжіп тұрғанын алғашында түсіне алмадым. Кейін ұқтым, сөйтсем Алматы жақта түнгі он екіге дейін ұзатылатын қыз ұзатылып кетуі керек екен де, «жаңа таңды сол барған жерінде атырсын» деген салт бар екен. Өзбекстандық қазақтар өз салттарымен той тойлап жүрсе, Алматының қазақтары, яғни болашақ жарымның әпкесі Күлімхан апай «мыналар сені мазақ етіп тастап кеткелі жатыр, егер керек болсаң он екіге дейін алып кетпес пе еді, әй осылар осы жерде жұртқа бізді күлкі етіп сені қалдырып кетпек» деп қалыңдығымның «құлағын бұрап» қойған екен. Намысқа шыдамаған қызым өзі бірінші боп көшеге шығып жүре бергені сол екен. Өз қателігімді
түсіндім де, апай-топай бата жасалып, басқа көлік болмағандықтан, бағанағы кәйфі тарамаған екі шопырдың көлігімен қызды ала-мала Алматыға аттандық. Ұзынағаш түбіндегі бұрынғы Тараннан қалаға сағатына 160 шақырым жылдамдықпен 15 минутта жетіп келдік. «Мен де аң-таң, апам да аң-таң» дегендей, біз жақтан құда боп келгендер тұрмақ, өзім де таңғалып, бір түнде қыз алып қашқандай болдық та қалдық. Түнгі он екіден асырмай қызды ұзатып алып кету салтын содан кейін біле жүретін болдық...
Жарыма гүл сыйлағанды ұнатам. Сәуірде қызғалдақтың құлпырар шағында туған күнінде қызғалдақ сыйлағанды жөн көрем. Жауапты қызметте болған соң жұмыстан кештетіп, түнделетіп қайтатын кезіміз жиі кездеседі. Оған түсіністікпен қарайды. Қол бос кезде о кісінің шопыры, барып кел, шауып келі болудан жалыққан емеспіз. Оның шыншылдығы, қара қылды қақ жарып айтар әділдігі ұнайды. Тұрмыста кәдімгі әйел, балаларға сүйікті ана, мектепте ұлағатты ұстаз, құрбы-құрдасқа адал дос, жақын-жуыққа сырлас-мұңдас.
Үйленген соң сегіз жыл тостық баланы. Қаралмаған дәрігеріміз, бармаған емші-балшымыз қалмады. Ұстаз Қыдырәлі Тарыбаев атты ағамыздың жол көрсетуімен әулие-әнбие араладық, түнедік, сөйтіп жүріп көздеген мақсаттарымызға жеттік. Арманымыз орындалды. Сәбилі болдық. Ол да бір құдіреттің арқасыдеп білем...Оны несіне жасырайық, Қазір екі қызымыз бар. Шұғыла 6-сыныпта, Нұрила 4-сыныпта оқиды. Тіл-көзіміз тасқа, екеуі де оқу озаттары.
«Отбасы – шағын мемлекет», «Отан – отбасынан басталады» деп жатады. Әрбір шағын «Отанның», яғни отбасылардың түтіні түзу шықпаса, мемлекеттің де іргесі бүтін болмайды, шайқалады. Өз әулетін, ата-анасын, бауырларын, бала-шағасын ойламаған, береке мен бірлікті, татулық пен ынтымақты ту етпеген шаңырақ - бүгіні бұлыңғыр, ертеңі күңгірт, қасиеті мен қадірі қашқан шаңырақ атанбақ. Сол үшін де әр отбасының амандығын- елінің қазыналы байлығы, Отанының алтын ұйытқысы деп қарау керек. Отбасы құндылығын мен солай ойлаймын!
Мұрағаттан, 2015 ж