Ахметжан Керімбек: «Жамағатқа дінді ғана дәріптемей, дәстүрмен де тәрбиелеу керек»
Фотода: Ахметжан Керімбек, Оңтүстік Қазақстан облысының бас имамы
- Оңтүстік Қазақстан облысы еліміздегі ең халқы тығыз орналасқан өңір. Өңірдегі діни ахуалды қалай сипаттаған, қалай бағалаған болар едіңіз?
- Оңтүстік Қазақстан облысы ең халқы көп өңір болумен қоса мешіттердің саны әрі намазхандар есебі бойынша да елімізде бірінші орында. Бүгінде облысымызда 787 мешіт халық игілігіне ұсынылған. Жалпы елімізде 3000-ға жуық мешіт бар екенін ескерсек, соның басым бөлігі осы біздің облысымызда орналасқан. Сол мешіттердің барлығында жұма намаздары, күнделікті бес уақыт намаздар оқылады. Бірқатар мешіттерімізге адамдар сыймай, жұма намаздарын сыртта оқиды. Бұл – біздегі діни ахуалдың тұрақтылығының белгісі. Аллаға шүкір, жағдай қуантатын дәрежеде. Біздердегі мешіттер жамағатының – 90-95 пайызын жастар құрайды. Бұл да жақсы көрсеткіш. Бұл үшін біз Аллаға шексіз шүкір айтамыз. Бірақ бізді алаңдатып отырған жағдайлар да бар.
- Сонда қандай жағдайлар алаңдатып отыр?
- Кейбір жастарымыз дұрыс емес пікірлерге иланып, сол бұрыс көзқарастардың жетегінде кетіп барады. Оларға қатысты шаралар қазір белсенді түрде жүріп жатыр. Бұл – Елбасымыздың назарындағы, билікте отырған басшыларымызды алаңдатып отырған мәселе. Біздің бас мүфтиіміз де бұл тұрғыда өте нәтижелі жұмыстарды атқаруда. Республика бойынша құрылған ақпарат-насихат тобы бар, біздің өкілдіктің жанынан да осындай топ жасақталған. Сонымен қатар облыстық әкімдіктің жанында да тиісті комиссиялар бар. Осы топтар мен комиссиялар бірлесіп жұмыс атқарып жатыр. Бұл жұмыс максималды деңгейде жүріп жатыр деп айта аламыз.
- Кері ағымдарға ерген жастарды қалай сипаттауға болады? Олар қандай ортадан шыққан, байлардың балалары ма, әлде аз қамтылған ортадан шыққан ба, кері ағымдар жетегінде кеткен жастар несімен қауіпті?
- Кереғар ағымдарға ергендердің ортақ бір сипаты – олар отбасында діни тәрбие алмағандар, сондай-ақ, олар дәстүрмен де сусындамаған жастар. Бұл жастардың басым бөлігі – орысша тәрбие алғандар, сонымен қатар олардың көпшілігі көшеде бұзықшылық жасап жүрген, бауырмалдық деген нәрседен хабарсыз, қазақы тәрбие көрмегендер. 90-ы жылдары көшенің бұзықтары болатын, кезінде оларды рэкет, көшенің жаргон тілімен айтқанда «положенец» дейтін. Кейін олардың арасында бірліжарым діннен хабары бар жігіттер де көрініс бере бастады. Зерделеп, тереңірек үңіліп қарасаңыз әлгі жігіттердің өз отбасында бауырмалдықты сезінбей бөлек өскені байқалады.
Ата-аналары көбінше қолы тимей, оларға жеткілікті көңіл бөлмей, әлгі жастардың дербес өмір сүргендігін байқауға болады. Былайша айтқанда, кері көзқарастағылар «менменшіл» болып тәрбиеленген, бұлар көбінесе дербес өмір сүргісі келеді. Өз өміріне ешкімнің араласқанын қаламайды, сәләфилік идеологиясының өзі де солай – олар ақыреттегідей, «бұл дүниеде де тек өзің үшін жауап бересің» деген жолды ұстанады. Яғни «сенің өміріңе ешкім араласпасын, саған ешкім олай бол, былай бол деп кеңес бермесін, сен өзің қалай жүргің келеді – солай жүр» деген қағидамен өмір сүреді. Біздің қазақ: «Көппен бірге бол» дейді, ислам ғұламалары да осыны айтады, көппен бірге болу – Пайғамбарымыз Мұхаммед с.а.с. сүннеті. Бұлар өз өміріне ата-анасының да араласқанын қаламайды, олар көбінесе имамдарды да тыңдамайды, құлақ аспайды. Олар тек имамдарға емес, жұмыс орнындағы басшысына да бағынбайды. Имамның айтқанына жүрмесе, ата-анасын тыңдамаса, басшысына бағынбаса, «қырық кісі бір жақ, қыңыр кісі бір жақ» болады емес пе? Рас әдетте орысша тәрбие алғандар дербес шешім қабылдайды, өзіне тиімді болса ғана қабылдайды, мәселенің ортаға, айналаға тиімділігі олар үшін маңызды емес. Осындай тәрбиеде, осындай мінез-құлықта болғандарға кереғар ағымдардың идеологиясы өте жақын.
Біздің оңтүстік баланы дәстүрімен тәрбиелеген, шамалы діни тәрбиесі де бар. Негізі бізде кеңестік заманның өзінде де молдаларымыз болды. Сол молдалалардың уағыздарын тыңдадық, ата-аналарымыз кұрмет көрсеткен адамдарды біздер де құрметтедік. Ал батыс жақ пен солтүстік жақты қарасаңыз, оларда керісінше – орысша тәрбие басым. «Адам құқығы» деген нәрсені алға тартып, өз қалауы мен өз мүддесін жоғары қояды. Байқап қарасаңыз – кереғар ағымдарға кетіп жатқандар сол батыс жақта көп. Бізде де мұндай жастар бар, бірақ олар еркін жүре алмайды. Сол кереғар ағымдағы азаматтардың бірі ауылға барып, өз көзқарастарын насихаттамақ болыпты. Бірақ сондағы діни сауаты жоқ, көп мәселені білмейтін ақсақалдар «Біздің ата-бабамыздан келе жатқан тәрбиеміз бар, сенің айтып отырғаның бізге тура келмейді, бізден аулақ жүр» деп оны қуып жіберген. Жалпы біздің ортамыз осындай, тек қарттарымыз емес, орта буын да, жастарымыз да – осындай тәрбиені бойына сіңірген. Бұл оқиға бұрыс ағымдар өкілдерінің біздің облысымызда көбеюіне, емін-еркін жүруіне жағдай жоқ екенін көрсетіп отыр. Біздің билікпен бірге осы тұрғыда атқарып жатқан жұмысымыздың нәтижелі болуына кезінде дұрыс берілген тәрбие мен салт-дәстүрдің беріктігі үлкен септігін тигізіп отыр.
- Әлгі орысша тәрбиеленген, өзімшіл, тек өз мүддесін ойлайтын жігіттеріміз – сол қысқа балақтар мен ұзын сақалдар ма?
- Жалпы мынау балағын қысқартқан, сақалын күземеген жігіттерді солардың қатарына жатқызуға болады. Бірақ біз мына нәрсеге сақ болуымыз керек:қысқа балақ, күзелмеген сақалмен жүргендердің барлығының ділінде ондай кереғар ағымдарға тән ойлар мен ұстанымдар болмауы мүмкін. Сырт келбеті осындай жастардың барлығын кереғар ағымдардың жетегінде дегеніміз артық болады.
- Кереғар ағымдағы жігіттер қазақ қоғамы үшін несімен қауіпті?
- Олар ақида, яғни сенім мәселесінде адасқан. Оны біз сенімді түрде айта аламыз.
- Осы мәселені тарқатып айтып берсеңіз.
- Діни Басқарманың жанында топтасқан ғұламаларымыз дәйекті уәждер айтып жатыр. Ол уәждерге қарсы айтар ешкімнің дауы жоқ деуге болады. Пайғамбарымыз с.а.с. насихатында, ол кісінің сахабалары мен табиғиндер, мужтаһид ғұламаларымыздың пікірінде жалпы Алла тағаланы ешбір нәрсеге ұқсатпайды. Алла тағала өзінің жаратқандарының бірде-біріне ұқсамайды, ұқсайды деуге ешкімнің хақысы жоқ, олай ойлауға да хақысы жоқ. Сонымен қатар Алла тағала ешбір нәрсеге мұқтаж емес, осы мәселеде оларда басқаша түсінік бар. Олар Алла тағаланың мекенін бар қылады, Алла тағаланы аспанда деп қарайды, яғни бұл мекен беру деген мағынаны тудырады. Осылайша Алла тағала мекенге мұқтаж емес екендігін олар естерінен шығарып қояды. Олар «Алла тағала аспанда, Алла тағала күрсіге отырды» деген сөздерді айтады. Бұл – үлкен адасушылық, Алла мекенге мұқтаж емес, тақ – патшаларға керек. Алла ондай нәрселерге мұқтаж емес. Мысалы Құранда астарлы аяттар бар, оларды тура түсінуге болмайды. Көбіне астарлы аяттарды төте мағынадағы аяттар арқылы түсінуіміз керек болады. Осы ақида мәселесіндегі қателер біздің сенімімізге қауіпті. Халқымыздың ақидасына, яғни сеніміне осы түрлі түсініктер мен қателіктер қауіп туғызады. Қарапайым оқырманға бұл айтқандарымыздың қаншалықты түсінікті болатынын білмеймін, бірақ ақидамызға қауіпті нәрселерден сақ болуымыз керек.
Амал мәселесінде де біздер үшін қауіпті жайттар бар. Біз салт-сана, дәстүрімізбен келе жатқан халықпыз, осы дәстүрлер арқылы ұрпақтарымызды тәрбиелеп келе жатырмыз. Бұл салт-дәстүрлеріміз – біздің өзіндік болмысымыз бен өзіндік ерекшелігіміздің негізі, басқа ұлттар мен ұлыстардан ерекшелендіріп тұратын идентификациялық кодымыз. Біздің өз ұлттық құндылықтарымыз бар. Кереғар ағымға ергендер осы құндылықтарымызды жоққа шығарады. Пайғамбарамыз с.а.с. бен бұрынғы мужтаһид ғұламаларымыз амалда әдет-ғұрыпқа сүйенуге рұқсат берген. Мысалы бір мәселенің шешімін Құран аяттарынан, Пайғамбарымыз с.а.с. хадистерінен, ғұламаларымыздың ижмахтарынан немесе қиястан, яғни анология жолымен шеше алмасақ, біздің ата-баба жолына, олардың әдет-ғұрыптарына жүгінуімізге рұқсат берілген. Дәстүр мен діннің сабақтастығы – ұлтымыз үшін өте маңызды. Біз әрбір мешітте жамағатқа дінді ғана дәріптемей, дәстүрмен де тәрбиелеуіміз керек. Дін мен дәстүрді бірге ұстау арқылы біз алға қойған мақсаттарымызға жете аламыз, ал егер дін бөлек, дәстүр бөлек десек, діннен де, дәстүрден де айырылып қалуымыз мүмкін. Бізді өз құндылықтарымыздан айырғысы келетіндердің мақсаты да осы.
- Сирияға барған жігіттермен немесе олардың ата-ана, туған-туыстарымен кездескен кезіңіз болды ма? Олар кімдер, арман-мұраттары қандай?
- Ия, кездескен кездеріміз болды. Сирияға кеткендер – көбінесе адасқан сенімнің жетегіндегілер. Оның ішінде білімді, саналы таңдау жасағандары жоқ. Олардың білімі жоқ, бірақ көп тыңдаған, сол адасқан сенімдерінің шеңберімен шектелген адамдар. Пайғамбарымыз с.а.с. «Білімнің ең үлкені – Алладан қорқу» дейді. Біздің біліміміз Алладан қорқуға апарады, олар әлеуметтік желілер арқылы өздерінің шейхтарының, жетекшілерінің «Ал кеттік, жиһад жаса!» деген сөзіне әбден иланып, солардың ықпалына көніп отыр. Бұл жігіттер дүниені, өмірді тәрк етіп отыр, олар ақ-қарасына бармай, өзге елдің заңына, тәртібіне, яғни ережесіне қарсы шығып отыр. Олардың исламға титтей де қатысы жоқ нәрсенің құрбанына айналуы өкінішті-ақ. Біздің мүфтилеріміз, ғұламаларымыз бұл мәселе жөнінде өз пәтуаларын беріп қойған. Ондайлар өз Отанын қорғап жатқан жоқ, өзге елдің ішкі ісіне араласуда, олардың патшасына қарсы күрескен топтардың ішінде жүр. Ислам ешқашан бұл нәрсені айтқан емес. Ислам жиһад деп бірінші кезекте әрбір адамның өз нәпсісімен күресуін айтады, Пайғамбарымыз с.а.с. үлкен жиһад деп осыны айтқан. Сирияға кеткендер – анық адасқандар, олар саясаттың құралына айналып отыр.
- Сіздер мен облыстық әкімдік, басқа да билік құрылымдары арасындағы ынтымақтастық қалай өрбіп жатыр?
- Жалпы бізде мақсат біреу – халқымыздың ынтымағын, бейбіт өмір сүруін қамтамасыз ету. Халқымызға ешбір жақтан ешқандай қауіп келмесе, халқымыз бейбіт өмір сүрсе, халқымыз Алла тағаланы таныса, өзінің басты міндеті болған құлшылығын жасаса дейміз. Бейбіт өмір сүргенде ғана құлшылық дұрыс болады. Қазақта: «Ораза-намаз тоқтықта» деген сөз бар. Осындай басты мақсат, басты мүдде тұрғанда, біз бірге жұмыс істеуге міндеттіміз. Біз тығыз қарым-қатынастамыз, бірге жұмыс істеп келеміз. Әлбетте олар бізбен кеңеседі, бізбен келіседі, бірлесіп осы бір ұлы мақсатқа, игі мұратқа қызмет ету – біздің күн тәртібіміздің басты бағыты.
Сұхбаттасқан Үсен Асқаров,
Мұрағаттан, 2015 ж