Айбек Қалиев: Айтысымның эфирден қырқылмаған кезі болған емес
Рейтинг: Қазір айтыста өткір сөздерді эфирден кесіп тастау сәнге айналды ғой. Сіздің де «біреулерге» жақпаған сөздеріңізді эфирден алып тастаған кездер болды ма?
Айбек Қалиев: Бұл сұрағыңызды айтысыңызды эфирден алып тастамаған кезі болды ма деп қойғаныңызда жеңілірек болар ма еді...Мен айтыскер ақындарды билік пен халықты тұтастырушы алтын аралық деп есептеймін. Айтыс ақындары халықтың көкейінде жүрген мәселені билікке жеткізе білуі керек, кемшілігі болса, сын айтқан орынды, жетістігі болса, оны да халыққа насихаттауы қажет. Ізгілікке, имандылыққа шақыру-- ол да ақынның негізгі міндеті. Жалпы біздің қоғамда, халықтың, оның ішінде қазақ ұлтының жанына батып, түйіні шешілмей жүрген мәселелер көп, оны ақын айтпағанда кім айтады? Мен де айтыста ақты ақ, қараны қара деп барынша жырлап жүрмін. Бір додадан кейін «Айбек тезек теріп кетті», «Ол аузына келгенін айтып, лағып сөйлейді» деген пікірлерді айтыстың басы-қасында жүргендерден-ақ естіп едім. Тезек теріп емес, талай сөзіміздің айтылмай өзекте өліп кеткенін, «лағып» сөйлесек те, билік пен қазыға емес, халыққа жағып сөйлегенімізді түсінсе екен дейміз ол кісілер. Айтыстарымның қиылып, қырқылмаған кезі жоқ-ау деймін, оған етіміз де өліп кеткен. Алайда қазір халықты алдау оңай емес. Оның үстіне интернет желісі айтыстарды боямасыз беруге жол ашып жатыр. Дүлдүлдер сайысының толық нұсқасын көргісі келгендер сол жерден барлық ақынның сөздерін «абортсыз» тауып алады.
Рейтинг: Айтыста кімнен оңбай ұтылдыңыз?
Айбек Қалиев: Айтыста ұтып тұрып, ұтылған кезім де, ұтылып тұрып ұтқан кездерім де көп болды. Енді оңбай ұтылдым дейтіндей айтыстарым жоқ, бірақ 1999 жылы Жүрсін ағамыздың айтысына алғаш шыққанда марқұм ақын Оразалыдан ұтылғаным әлі есімнен кетпейді.
Рейтинг: Қазіргі айтыстың сізді сүйсіндіретіні немесе күйіндіретіні қайсы?
Айбек Қалиев: Қазіргі айтыстың жетістігі де, кемшілігі де жетерлік. Әсіресе, ортаңғы буын өкілдерінің қарымы мықты, арыны қатты. Көңілге қаяу түсіретіні қазіргі айтыстың ақсақалы Бекарыс, Балғынбектер боп қалды. Кейде айтыста Құдайберді, Айтақын, Абаш, Серік, Мэлс, Аманжол, Мұхаммеджан, Бекжан ағаларымды, Лена, Ақмарал, Маржан, Кәрима, Жібек апаларымды аңсаймын. Солардың ізіне еріп, еркелеп өскендіктен бе, мен үшін олардың айтыстағы орны ойсырап тұр. Қазіргі айтысқа ұйымдастыру жағынан реформа керек сияқты. Мысалы қырғыз қандастарымыздың айтыс өткізуі маған ұнады. Оларда үлкен айтыс өтетін болса, екі күн бұрын айтысқа кім қатысқысы келеді, соның бәрін жинайды, ешкімге шек қойылмайды. Содан ешкімнің атақ-дәрежесіне қарамай сахнада жеребе бойынша жұптайды, 10 минут айтыстырады. Бұл іріктеу екі күн бойы өтеді. Жеңгені келесі айналымға өтеді, жеңілгені қалады. Сөйтіп айтысам деп келген 50-60 ақыннан сегіз немесе он ақыны іріктеліп алынады, 60 ақыннан 8 ақын қалғанша айтыса береді. Іріктелген 8 ақынды көрерменнің алдында айтыстырады. Мұнда да жеребе бойынша жұптасады. Қазір шыны керек, «загатовкаға» көп сүйеніп кеттік. Ал, айтысты қырғыздардың үлгісімен өткізсек, суырып-салмалық шеберлік алдыңғы орынға шығар еді, бір жағынан айтысқа қатысқысы келген ақындардың бағын сынап көруге мүмкіндік ашылар еді.
Рейтинг: Жақында айтыскер ақындар мен шоу бизнес өкілдерінің арасында өткен айтысқа қандай баға бересіз?
Айбек Қалиев: Бұл әлеуметтік желіде, БАҚ өкілдерінің арасында көп дау тудырған мәселе болып тұр. Қаншама пікірлер айтылды. Осы пікірлерді саралай келе, барлығының ойы бір мәселеде тоғысады. Ол Қанат Әлжаппаров пен Лұқпан Жолдасовтың айтысқа немқұрайлы қарағаны және мазақ еткендей болуы. Сонымен қатар Роза Әлқожа мен Жанар Айжанова, Жазира Байырбекованың айтыстарының ұнағанын айтып өткен дұрыс. Егер бұл шоу айтыс Қанат пен Лұқпансыз өткен болса, халықтың пікірі мүлде басқаша болған болар еді. Әншілердің арасында да Тоқтар Серіков, Еркін Нұржанов, Төреғали Төреәлі сияқты кезінде айтыста топ жарған дүлдүлдер бар ғой, міне соларды айтыстырғанда «құда да тыныш, құдағи да тыныш» болар еді. Айтысты ұйымдастырушылар мұны болашақта ескереді деп ойлаймын.
Рейтинг: Жастық жалыныңыз сейіліп, жігіт ағасы жасына жақындап келесіз. Өмірден түйгеніңіз бар шығар?
Айбек Қалиев: Өмірден ой түйіп, философия айтатындай деңгейге әлі жеткен жоқпын, білгенім¬-бір тоғыз, білмегенім-тоқсан тоғыз.
Рейтинг: Бір сөзіңізде мақсатым ақындық мектеп ашу депсіз. Мақсатыңызға жете алдыңыз ба?
Айбек Қалиев: Астанада жүргенде елдегі біраз талапты балаларды көзім шалып, соларды айтысқа баулуға бел буып едім. Содан Арқалық педагогикалық институтына шақырту алып, филология факультетіне декандық қызметке кірістім. Алғашында айтыс үйірмесі боп ашылған кішкене ғана ұжым бүгінде 150 адамнан тұратын М.Дулатұлы атындағы әдеби-мәдени бірлестікке айналды. Институттағы талантты студенттердің бойындағы жігер мен қайрат ақындық мектептен де күрделі істермен айналысуға итермеледі. Қазір бірлестігіміз айтыс, жыр-терме, поэзия, журналистика, дебат, көркемсөз, жайдарман, ән-би, ғылым сияқты салаларды қамтиды. Бірлестік құрамында «Руханият» студент-жастар театры жұмыс істейді. Бұл театрымыз да облыс көлеміне танымал боп қалды. Институтымызға Қазақстанның түкпір-түкпірінен келіп оқып жатқан шәкірттерімнің көзінен бір ұшқынды байқасам, соны жалынға айналдыруға тырысамын. Аллаға шүкір, шәкірттерім республикадан бастап әртүрлі деңгейдегі бәйгелердің алдын бермей жүр. Бұл жағынан алғанда мен өзімді бақыттымын деп есептеймін.
Рейтинг: Әріптестеріңіздің арасында еліміздегі партияларға мүшелікке қабылданғандары бар. Ал сіз ше?
Айбек Қалиев: Мен өзімді бүгінде тіркеуде жоқ Ахмет, Әлихан, Міржақып аталарым құрған «Алаш» партиясының мүшесімін деп есептеймін. Қазіргі партиялардың қатарында жоқпын. Ұсыныс жасаған партия болған жоқ, кіру-кірмеуімді уақыт көрсетеді.
Рейтинг: Азды-көпті ғылыммен шұғылданамын депсіз, қазір не зерттеп жүрсіз?
Айбек Қалиев: Ғылыммен шұғылданып жүргенім рас. Студент кезімде кандидаттық қорғаған тақырыбым «Торғай ақындық мектебі өкілдерінің шығармашылығы» болатын, сол төңіректе әлі күнге дейін ізденіп жүрмін. Торғай өңірінде шығармашылығы елеусіз қалған ақындар көп, солардың шығармаларын іздеу, жинау, жариялау жұмыстарымен айналысудамын. Былтыр Торғай ақындарының шығармашылығына арналған «Топжарған» атты монографиямды шығардым. Бірлестік құрамындағы ғылыми үйірмедегі он студентпен бірлесіп «Торғай ақын-жазушылары» сериясымен көптомдық шығаруды бастадық. «Торғай ақындарының антологиясы» деп аталатын еңбектің үш томын шығарып, келесі томдарын жинақтап жатырмыз. Республикалық «Үркер» журналының соңғы бір саны тұтастай біздің ғылыми үйірме мүшелерінің ғылыми мақалаларына арналды.
Рейтинг: Қасиетті Мекке жеріне барып қайттыңыз, сапардан кейін қажылыққа дейінгі және кейінгі Айбектің бойында қандай айырмашылықтарды байқадыңыз?
Айбек Қалиев: Бұл Алла өзі нәсіп еткен сапар болды. Оны тілмен айтып жеткізу мүмкін емес. Мен қасиетті Қағбаға қарап тұрып, мына жалған дүниенің өткіншілігін, өмірде болмайтын нәрсеге бола бір-бірімізбен босқа қырғиқабақ болып, пендешіліктің соңында жүргенімізді ұқтым. Сапардан кейін жан дүниемде көп өзгерістер болды. Бір сөзбен айтқанда Алланың берген ғұмырын босқа өткізіп жатқанымды түсіндім.
Рейтинг: Айтыскер ақыннан жазба ақынға айналу оңай ма, әлде жазба ақыннан айтыскер ақын болған оңай ма?
Айбек Қалиев: Айтыскер ақындардың арасында жазба поэзия жазатындары да, жазбайтындары да бар. Ал жазба поэзияда, Әселхан, Әсия апамыздың өлеңдерін былай қойғанда ел аузында жатталып жүрген Есенқұл ағамыздың өлеңдерін, Құдайберлі Мырзабековтің, марқұм Оразалы Досбосыновтың, өзіңіз айтып отырған Дәулеткерейдің, Бекжан Әшірбаевтың, Бауыржан Қалиолланың, Мұхамеджан мен Балғынбектің имандылық тақырыбындағы өлеңдерін жақсы бағалаймын. Жұртқа көрсетпегенімен, Серікзат Дүйсенғазин, Рүстем Қайыртайұлы, Мұхтар Ниязовтың, Жандарбек Бұлғақовтың өлеңдері де мықты. Қазіргі поэзияда өзіндік орны бар Бақыт Беделхан мен Қалқаман Сарин де шығармашылығын айтыстан бастаған. Мен өзім жазба өлең жаза алмаймын. Жаза алмасам да бұл екеуінің де оңай емес екенін білемін.
Сұхбаттасқан Айнұр Оңғарбай
Мұрағаттан: 26.02.2015