Айгүл Кемелбаева, жазушы: «Жазудан асқан мұрат жоқ»

Oinet.kz 20-04-2019 2764

photo_123549.jpg

Бұрымы желбіреген кезінен-ақ әдебиет ақсақалдарының аузына ілігіп, «әдебиетке соны леп әкеледі» деп күткен Айгүл Кемелбаева үлкендер сенімін ақтады. Үндемей жүріп үлкен іс тындыратын жазушы, әдебиетші болып қалыптасты. Өзі айтпақшы, «қазіргі қазақ әдебиеті олқы қалмас» үшін жүрекпен жазып, айлалылардан алданып қалатыны және бар. Бірақ жазудан басқа мұрат іздемек емес.

Есей Жеңісұлы: Бүгінгі күннің кейіпкерін табу оңай ма? Не жазып жүрсіз?

Айгүл Кемелбаева: Әдебиет адамзатқа ортақ керемет өнер болған соң, оның өрісі бір заманмен шектелмейді, ең мықтымын деген автор дүние тұрғанша тұрсам деген аса биік мүддені көздейді. Сондықтан жазушы нысан үшін қайғырмаса керек. Мен «жазушыға Құдай көмектеседі» деген принципті ұстанамын, жазуда Құдайсыз түк өнбейді.

Рюнеско Акутагава кезінде жапон әдебиетінде бір әсірешіл топта «жазушы тек қана өз басынан кешкенін жазу керек» деген теріс түсінік болған. Бұл шектеуді Акутагава бұзып-жарып, классикалық проза тудырды.

Қоғамды рухани құндылықтар арқылы ұстап тұратын мораль төменшіктеп кетті. Сондықтан өліараны әуезе қылып жаза қою қиын. Қазақтан шыққан небір мықты адамдар туралы ғұмырбаяндық деректі проза көркеюі керек. Мемлекеттік кепілі тұлғалық екшеу арқылы нығаяды.

Адалдықты мүлде менсінбейтін, дүниеге табынуды пір тұтқан, тіршілік үшін жанталасқан қоғамға айналып барамыз. Өтірік жуан болып алды. Ол тексіздікке, ал тексіздік бөтенге құл, жем болуға ұрындырады.

Кішкентай бастықтар қол астындағыларға күн көрсетпейтін құбылыс зорайып өсіп алса, ол қоғам өркениеттен жұрдай, дертті деген сөз. Жағымпаздық, екіжүзділік, жемқорлық, парақорлық, дүниеқоңыздық, тоғышарлық, аярлық қоғамдағы үйреншікті қалып болмауға тиіс. Жарамсақ өзі жағынған адамды расында іші жек көріп тұратынын, одан жасқанып, не пайда іздеп солай жасайтынын, түбі жалғандық жарға жығарын ұғу қиын емес қой. Нағыз сыйластық – жарық дүниенің қазынасының бірі.

Шынайы ізеттілік, рухани мәдениет, біліктілік, парасат қазақ қоғамында қалыпқа айналса, үлкен мемлекет болып іргеміз беки түседі. Расында қазақ халқы жаратылысы асыл, текті халық, бірақ ұлт ұйтқысы кілең таңдаулы азаматтар ажал құшқан қаралы 1937 жылдың салдары кейінгі ұрпаққа оңай тимеді. Жалған дүниені малдану көп ретте соның кесірі.

Сондықтан әдебиеттің негізгі нысаны – қашанда қорғансыз, дағдарған адамды, рухты қорғау. Рухы, жаны таза адамдар көктегі Күн дүниеге тегіс сәулесін шашқандай айнала шуақ шашып жүреді. Күйзелтер, сананы ойрандап, жарға итерер, терісбаққан көркем шығарма жазу – жазушылық мұратқа жатпайды. Жеке басының амбициясын бейнелеп, проза жаздым деп ұғу неткен адасқандық!

Мені жазушы деп іздеп келіп танысатындар аз болмайды. Аяқ астынан бір жігіт жұмысқа келіп, бір сюжетті тыққыштай бергені есімде. Мен одан ешқандай сюжет сұрағаным жоқ, әрине. «Сотталатын болып, үш баласын өлтірген әйел туралы жаз, бұл жайт өмірден алынған» дейді. Тіпті болмаған соң, «осыны астыртын бір дұшпаным арнайы жіберіп отырған жоқ па?» деген күдік ойыма келді. Астафыралла, алас, алас, аулақ, кәпір, қазақ атам «сынықтан басқаның бәрі жұғады» деп бекер айтпаған, «мал құлағы саңырау» дейді мұндайда, ұрпағына жаманат нәрсені айтпауға тырысқан. Өйткені, «құлақ естігенді көз көреді» дейді қазақ даналығы. Мұндай сұмдық оқиғаны суреттеп жазғаннан Құдай сақтасын.

Қазақ рухын жасытатын боркемік арзан дүние емес, айбынын асыратын көркемдікке құн жетпейді. Жазып жүрмін бұйырғанын, проза, әрнәрсе сәтімен болады. Күнкөріс қамы алтын уақытыңды олжалайды. «Отбасын қалай асыраймын?» деп басы қатпай, қомақты қаламақы алып, 35 жасынан бастап үйінде таза шығармашылықпен айналысқан Қадыр Мырза Әли ағаның  буынына бұйырған заман көзден бұлбұл ұшқан. Ол артықшылық біздің буынға өлсе бұйырмай тұр.  Көз майыңды, миыңды жұмсап, жаның сүйіп жазатын шығармаларыңа көк тиын қаламақыңды ала алмай, елдің қоры болмасаң да осы қорлыққа шыдап, іштен тынған уақыт шіркін әлі толық өтпей тұр. Сол өкінішті. Еліміз нығайса, мұның да жарасы жазылар. Президенттік стипендия тағайындалғаны үшін рахмет!

Есей Жеңісұлы: Әдебиет оқырман үшін. Сіздің шығармашылығыңызды дайындығы бар оқырман оқуы керек сияқты көрініп тұрады. Қазір кітап жастанып жататындар сирек. Кім үшін жазып жүрсіз?

Айгүл Кемелбаева: «Мен жазбасам, қазіргі заманғы қазақ әдебиеті олқы қалар еді» деген берік қағидамен жазамын. Буын алмасу процесі әдебиет үшін аса маңызды. Қазіргі прозада ешкімге дес бермес өкіл болуға бәрі құмар. Олқы-солпы, көркемдік әлемі жоқ, бықсық, бульварлық, бір күнгі ұшпа, қарабайыр көшірме әдебиет ешкімге керегі жоқ. «Тоқпағы күшті болса, киіз қазық жерге кіреді» деген алдарқату әдебиетке атымен жүрмейді.

Кітап дүкендерінен қыруар ақша жұмсап кітап алатын адамдар көп. Кітап оқылмайды деген болжам жалған. Кітап жинау –  иен дәулет. Машина алып не керек, қалаған жағыма такси апарады. Фонвизиннің кейіпкері Недоросльдің «Географияны біліп не керек, қалаған жағыма арбакеш апарады» дегеніне ұқсас алғаным ғой.

Жазушылық басқа қонады, адам сондықтан жазады. Әйтпесе не талас бар?
Есей Жеңісұлы: Қазіргі әдеби процесте сізді қандай қадамдар мен жаңалықтар сүйсінтеді?

Айгүл Кемелбаева: Қазақ әдебиеті классикалық шығармаларын ағылшын тіліне аударуды енді бастады. Жаңа туған нәрестені қырқынан шығарып, 9-10 айдан соң қаз-қаз тұрғанын қызықтап тұрған ата-анасы сияқтымыз. Бұл сең бұзылды деген сөз. Бұның қайыры зор болмақ. Қазақстан жалпақ жер жаһанға әдебиеті, өнерімен де танылса, елдік мұрат күшейеді. Мәскеудің М.Горький атындағы Әдебиет институтында аударма бөлімі бар. Қазақ жастары өздері талпынып, сонда оқыса, орыс пен ағылшын тілінен бөлек, итальян, грек, француз, испан, жапон, португал, араб, урду, хинди, парсы, армян, грузин, т.б. тілдерге тікелей қазақ тілінен жоғары кәсіби тұрғыда аударма жасау – мемлекеттік іс. Қазақшадан түрік, қытай, моңғол тілдеріне мықты аударатын аудармашылар бізде аз болмауы керек. Ал қалғандарын арнайы оқытса жөн. «Болашақ» бойынша Мәскеудің өзім оқыған Горький атындағы Әдебиет инстиутына жыл сайын 5 студентке грант берілсе, бұл тұрақты үрдіске айналса, жаман болмас еді. Әдебиетті терең оқыту жағынан бұл институттың әлемде теңдесі жоқ.

Есей Жеңісұлы: Қандай қадамдар күйіндіреді?

Айгүл Кемелбаева: Әдебиет пен кино, театр өзектес, асыл тегі сөз өнері, бауырлас салалар ғой. Атағы дардай, бірақ иманнан жұрдай кейбір адамдар өнердің киесінен қорықпай, арсыздық, алаяқтық жасайды. Кәдімгідей интеллектуальдық  еңбегіңді пайдаланып, ақыңды жеп кететін тексіз,  қайыршы ұрылар осы салада жоқ емес. Жеке өз басымды 2007-2013 жыл ішінде 4 мәрте – 1 киносценарий, 2 деректі фильмге – сценарий, 1 драма тапсырыспен жазғызып, алдап кеткендер болды. Келісім-шарт жасамай жазғызудың небір құйтұрқы жолдарын меңгерген, әрі кейбірі таныс болған соң біздің қазақ сөзге сенгіш қой.

Бір облыстық театр «драмаға конкурс жарияладық, драма жаз» деп қоңырау шалғыштап, қоярда-қоймай жазғызды. Алдында сол тұлға туралы деректі фильмнің сценарийін жаздым, фильм шыққан. Менің тақырыпты зерттегенімді біліп, сол театрдың жетекшісі, бас режиссері өте айлақор маневр жасады. Облыс бюджетінен сол үшін қыруар ақша бөлініп, тек спектакль қоюға драма жаза алмай қор болған ғой. Артынан білсем, конкурсқа бірде-бір шығарма түспеген. Өйткені, әлгі тұлға, репресссия құрбаны болған адам туралы ресми дерек табу қиын, екі жыл бұрын ерен ізденіп, инемен құдық қазғандай тапқанмын. Сосын театр менің драмамды өтірік талқылаған болып, екі рет  факспен хаттама жіберіп, «жарамай қалды» деген болды. Әуелі жөндетіп бір алды. Ішінде бірде-бір әдебиетші жоқ, кілең актерлер талдағансиды. Түнімен отырып, балалардың ырзығы үшін аянбай жұмыс істейсің. Солардың құлқынына түсерін білмей.  Аяр болса, балаларымның аузынан жырып, менің еңбегімді түгел жейді. Құдайдан қорықпаудың түбі қорлық. Алла Тағала бәрін көріп тұр. Енді олармен соттасып, шулатып жатуға қайран уақытым қор болады. Түбі әділет оларды жібермейді ғой. «Маған есесін Аллам береді, ақым кетсе мейлі, пәлекет сонымен кетсін» деп қолды бір сілтеуге үйрендім. Сөйтіп, кейде аса ірі, кейде миллион теңгеге алданып, көк тиын ақшасыз жүретін кезім аз-кем болып тұрады.

Шетел өнері осының бәрінен өткен. Олардың заңы шығармашылық иелерін мейлінше қорғайды. Ал біз әлі авторлық құқықты білмей, сорлап жүрміз.  Бірақ келешекте ешкімге желінгім келмейді.

«Мені жазшы» деп өзімді жиі мазалайтын, алтын уақытымды ұрлайтын кейбір адамдар ұятпен санасса деймін. Өз басым ешкімге сондай теріс пиғылмен қармақ салған емеспін. Құдай бергенге жетпейді. Қолдан жасалғаннан түк шықпайды.

Есей Жеңісұлы: Қазір сіздердің буын біздің әдебиетіміздегі алтын аралық іспеттес. Алдарыңызда аға-әпкелер, арттарыңызда іні-сіңлілер бар. Алға қарасаңыз, нені аңғарасыз, соңыңызға көз тастасаңыз, қандай мінез байқайсыз?

Айгүл Кемелбаева: Әдебиетте қиянат жүрсе, оның түбі сұрауы болады. Астыртын талай аяғымнан шалған біреулер бар. Қарадай жала жабу, «құрыса екен» деп тілеу оңбастың ісі. Эгоизм жазушыны иектемеуі керек.

Үлкен жазушылар «біздің ұлттық поэзиямыз керемет, қазір қазақта дұрыс проза жоқ» деп аузын қу шөппен сүртіп, жиі сұхбат беретінін оқып қайран қаламын. 1991 жылы Шерхан аға «Жас Алашқа» «Айгүл Кемелбаеваны іздеп жүріп оқимын» деп сұхбат беріп еді. Сол үшін Шерағаң тұғырынан тайып, мәртебесі кеміп кеткен жоқ қой, менің ол кісіге құрмет-ықыласым ерекше. Жазушылығы, жаны таза, дуалы ауыз әділеттігі үшін. Өсер елдің үлкені солай болуы керек.

Несіпбек Дәутайұлы, Серік Асылбек, Жұмабай Шаштайұлы, Ұлықбек Есдәулет, Ғалым Жайлыбай, Қасымхан Бегман, Мейірхан Ақдәулет, Аманхан Әлім буыны бірер мүшел кіші ақын-жазушыны бауыр санаған, «осылар кім өзі? Қайдан шықты?» демеген буын болды. Соған қарағанда, өздері алдыңғы ағаларынан бір салқындық көрген болса керек. Өскеменде Серік Ғабдуллин, ақын ағамыз жақында қайтыс болды. Сол кісінің жастарға мейірі, қазақы бекзаттығы ерекше болатын. Нағыз қазақтық осы кісілермен бітпесе екен.

Кейінгі буын адалдықтан айнымаса, әдебиетте айла-шарғы, ұсақ-түйек пысықтық  Ұлтан құлдың мінезі боларын білсе, өкінбейді.

Есей Жеңісұлы: Сіздің көзіңізге бүгінгі қоғам қандай түспен көрінеді? Қай түспен көре аласыз?

Айгүл Кемелбаева: Қоғам өзі үшін оңалады әлі. Қазақ халқының потенцалы мықты. Асыл тілін құрдымға жібермейді енді.

Есей Жеңісұлы: Көңіліңізді қатты демейтін ой қандай?

Айгүл Кемелбаева: Иттің иесі болса, бөрінің Тәңірі бар. Биік идеал өзін ақтап, алып шығады. Әдебиет жолын таңдасаң, «аштан өліп, көштен қалып жатқан жоқпын, жазуым болса бітті, дүниенің басқа байлығы маған не үшін керек?» деп өмір сүру керек. Ел аман, жұрт тыныш болса, жазар дүниесін жазып жүрсе, одан асқан мұрат  жоқ. Өйткені, нағыз жазушының ғұмыры фәни дүниемен шектелмейді.

Сұхбаттасқан Есей Жеңісұлы

Мұрағаттан, 13.02.2014 ж

Алмат Исаділ: Ақын қоғамды алаңдатып, ойлантып тұруға тиіс
Айбек Қалиев: Айтысымның эфирден қырқылмаған кезі болған емес
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу