Алмат Исаділ: Ақын қоғамды алаңдатып, ойлантып тұруға тиіс

Oinet.kz 20-04-2019 1413

Screenshot_13.jpg

Рейтинг: Алмат, өмірге көзіңді ашқалы қалам ұстап келе жатырсың ғой. Осы өлең саған не берді?

Алмат Исаділ: Өлең шіркінді адам жазам деп жазбайды. Адамды белгілі бір кәсіпке баулыға, қолынан келмейтін істі үйретуге болады. Өзінің бойында, қанында жоқ, Тәңірден берілмеген шығармашылық дарынды – ақынды, суретшіні, сазгерді қолдан жасай алмайсың. Мен қазақы ауылда, орыс мектебінде оқыдым. Қазірдің өзінде Алматы облысының Райымбек ауданында бірде-бір орыс жоқ деуге болады. Орысша оқысам да, әке-шешем қайдан тауып әкелетінін, батырлары жырын, қисса-дастандарды, ертегілерді әкеп беретін. Ғылым үшін ғана санаулы таралыммен шығатын дүниелерді сыйға тартатын. Соларды оқып, Мұқағали, Төлеген, Мұхтар Шаханов сияқты ақындарды жаттап өстік. Өлең маған бәрін берді. Өлеңдерім арқылы бір адамның санасына сәуле түсірсем, мен үшін аз табыс емес. Өлең ең бірінші кезекте ақын адамға – жұбаныш. Есениннің «мен ақын болмағанда, ұры не баукеспе болып кетер едім» деген сөзі бар. Біздің балалық шағымыз 90-жылдардың басына, нағыз аумалы-төкпелі кезеңдерге дөп келді. От пен суға кезек түсіп жүрген күндер еді. Әке-шешемнен, бауырымнан айырылып, дүниенің асты үстіне түсіп, ауыл қалаға үдере көшіп жатқан дағдарыс кезеңдерінде мені аман алып қалған – осы өлең. Өлеңнің арқасында мен  өзімнің жүздеген қатарласым сияқты уақыттың арзан алданыштарына бой ұрғаным жоқ. Өлең мені барлық қиындықта жұбата алды, демек, өлеңдерімді оқитын жандардың да жанына медеу бола алатын шығар.

Рейтинг: «Өлең ең жақын адамдардан айырылғанда үлкен медеу болды» деп жатырсың. Сол шақты басыңнан қалай өткердің, қалай еске аласың?

Алмат Исаділов: Қазір білмеймін, бұрын бір адам дүниеден өтсе, бүкіл ауыл қайғыратын. Оны танисың ба, танымайсың ба – маңызды емес. Қайғыны ауыл түгел көтеретін. Әкем балалар дәрігері болды, шешем басшылық қызметтер атқарды. Біздің әулетке түскен қайғыны да бүкіл ауыл көтеріп алды.Ата-анам өте сыйлы кісілер еді. Олар өмірден өткенде, шапағатын көрген кісілер көп болысты, қайғымызды жеңілдетуге тырысты. Осы күнге дейін «сенің әкең менің баламды ажалдан құтқарып қалып еді» деп маған рахмет айтатындар көп. Басымызға қаралы күн туғанда, ел ішінде жүріп жетімдікті сезінбедік. Мектепте мұғалім болып істедім. Ағайын-туыс, көрші-қолаң қатысып тұрды, ешқайсысы көмегін аяған жоқ. Ауылдың бір жақсысы – мүлт кетсең, тезге салып отырады. «Бәленшенің баласы бүйтіп жүр екен» деген сөздің өзі-ақ жинақы жүруге тәрбиелейді. Әрине, шатқаяқтап кеткен кездерім болды, бірақ елдің тәрбиесінен жаманшылық көргенім жоқ. Сол кездері төрде отырған бір ақсақалдың сөзіне бір ауыл ұйыйтын еді. 90-жылдардан бері қарай осындай қасиеттен айырылып қалдық. Қазір ауылда қазына ақсақалдар некен-саяқ. Ал Алматыға келгенде... мен шын жетімдікті сезіндім. Ой да, өлең де, көзқарас та өзгерді. Қала тірлігіне байланып отырсақ та, әлі күнге дейін ауылға елеңдеп тұрамыз.

Рейтинг: Қазақы ауылда орысша оқығаныңның қандай пайдасы болды?

Алмат Исаділ: Қазақ әдебиеті де әлем әдебиетінің бір бөлшегі болғандықтан, шетел әдебиетімен де сусындамай болмайды. Шығыс шайырлары жалпы шығысқа ортақ болды, Абай осы қайнардан бөлек, орыс, әлем әдебиетіне молынан құлаш ұрды. Ешкім де жоқ жерден пайда болмайды. Маған әдеби ақпарат өте мол болды. Әдебиет пәнінің мұғалімі Жәмила Бағашарқызы бізге мектеп бағдарламасынан тыс көркем шығармаларды көп оқытты. Ұстазымыз мәніне келтіріп өлең оқитын, шығармаларды талдататын. Кітапты жапқызып қойып, әдемі әңгімелер айтатын. Алғашқы өлеңдерімді де орыс тілінде жаздым. «Тянь-Шаньские горы, Уныло глядят. А ветры страшно шумят. Где-то там, далеко, Птицы летят» деп келетін. Бірақ мен қазақ әдебиетіне сусап өстім. Өйткені кеңес заманында еліміздегі орыс мектептерінде қазақ әдебиеті оқытылмайтын. Аттестатымда «казахская литература не изучалась» деп тұр. Екі ағам қазақ мектебінде оқыды. Мен Лермонтов, Пушкиндерді жаттап жүргенде, олар Абайдан тартып, Махамбет, Мұқағалиларды оқитын. Адам өзінде жоқ нәрсеге ұмтылғыш келеді ғой. Маған Махамбеттің отты жырлары, Абайдың ойлы өлеңдері таңсық көрінетін. «Біз неге бұл ақындарды оқымаймыз?» дейтінмін. Әуелі орыс әдебиетімен танысып, кейін өз қайнарыма бас қоя бастағанда, менің дүниетанымымда үлкен өзгерістер болды. Салыстыра қарауға кірістім. Алматыға талапкер ретінде біраз нәрсеге дайын болып келе алған сияқтымын. 

Рейтинг: Орысша оқығаныңның әсері аудармаға көмегін тигізген сияқты. Қазір өз тұстастарыңның өлеңдерін де ақырындап аударып жүрсің.

Алмат Исаділ: Әдебиет деген шекарасыз нәрсе. Аударма шекараларды бұзады, әдебиеттерді жақындастырады. Қазір әлемде аудармашылар ең жоғары қаламақы алады. Өйткені, аударма жеке шығармашылық дегеннен гөрі, қара жұмысқа көбірек ұқсайды. Әсіресе поэзияны аудару қиын. Мына нәрсеге мән берейікші: орыс тіліндегі кез келген шығарманы қазақ қаламгерлері қазақшаға аудара алады. Ал қазақ өлеңін орысшаға аудару қиын. Менің ден қойып жүргенім осы. Мұндай ойға студент кезімнен бекідім. Қазір жолма-жол аударма жасап, әрекеттеніп жүргендер бар. Бірақ қазақ өлеңін қазақ ақыны өзі аударса, табиғатынан ажыратпайды, қайнарынан алыстатпайды деп білемін. Танакөз Толқынқызы француз тілінің маманы, ол қазақ өлеңін тікелей французшаға аудара алады. Дәурен Берікқажыұлы ағылшын ақындарын тікелей қазақша сөйлетті, кері бағытта жұмыс істеуге де мүмкіндігі бар. Өзім Жанарбек Әшімжанның «Қылбырау» деп аталатын шағын дастанын аудардым. Оған біраз уақытым кетті. Өйткені, өте қиын. Жарас Сәрсек, Әмірхан Балқыбек, Маралтай Райымбекұлының бірқатар өлеңдерін де аудардым. Әрқайсысының өзіндік өрнегі бар, соны сақтай отырып аудару оңай болған жоқ. Өз қатарластарымның әрқайсысынан болмаса да, бірқатарынан екі-үш өлеңнен аударсам да аз қазына болмас деп ойлаймын. Ақберен Елгезек, Ерлан Жүністің өлеңдерін аударғанымда, еліміздегі орыстілді аудитория бірден қызығушылық танытты. Телеарналар сұхбаттар ұйымдастырып, арнайы бағдарламалар да түсірді. Демек, аздап болса да ілгерілеушілік бар. Бізде «Аударма» баспасы бар, басқа да баспалар бұрыннан аударылған шығармаларды қайта басумен көбірек айналысып жүр. Менің ойымша, шетел авторларының аударылған, дайын шығармаларын қайта басып шығарғаннан гөрі, өз қаламгерлерімізді шетке танытуға бой ұрған дұрыс. Атомнан, цунамиден зардап шегіп жатса да, Жапония өз әдебиетін сыртқа таныстырудан бір сәт те бас тартып отырған жоқ. Харуки Муракамидің әр шығармасын дереу француз, ағылшын, қытай, орыс тілдеріне аударып, таратып жатыр. Жапон тілінде жазып қоя салса, оған ешкім ештеңе демес еді. Пауло Коэлью де тура сондай. Олардың шығармаларының көркемдігі туралы сөз басқа. Түріктер де аянып жатқан жоқ. Қазір, Құдайға шүкір, ірі шығармаларды түпнұсқа тілінде оқи алатын ұрпақ бізде де қалыптасып келе жатыр. ҰлықбекЕсдәулет, Есенғали Раушанов, Бауыржан Жақып, Ғалым Жайлыбай, күні кеше өмірден өткен Есенқұл Жақыпбек, басқа да талантты қаламгерлер қаншама! Олардың бәрі өз қазанымызда ғана қайнамай, мықты шығармалары толықтай сыртқа танылуға тиіс.

Рейтинг: Жұрт сені ақын, журналист қана емес, айтқыш деп те біледі. Бұл қайдан жұққан қасиет?

Алмат Исаділ: Айтқыштық қанымда бар. Арнайы дайындалсаң, айтқыш бола алмайсың. Кейбіреулер аузын томпайтып, тауып сөйлеуге тырысып жатады. Ол бәрібір жасанды. Исаділ атам кесіп сөйлейтін адам болған екен. Ал әкем Мұрат әзілді сүйетін, әдемі шымшып, сөз тауып жүретін. Мамандығы да сеп болды ма екен? Өйткені, ауырып алдына келген балалардың тілін табуы керек, ауырған жерін ұмыттырып жіберуі керек. «Адамды дәрі емес, мейірім емдейді» деп отыратын еді марқұм. Бір жолы үйге қонақ келіп, абыр-сабыр болып жаттық. Әжем әкеме: «Көмектесіп жіберсеңші, үгермей жатырмыз ғой», – деп қалды. Әкем қолына уәдімгі жейтін сыр ұстап отырған. Ақырын шертіп қойып: «Шеше, мен сыр шертіп отырмын», – деп күлдіргені есімде. Ауруханадағы «сестра-хозяйка» әкемнің халаттарын тазалағанда, үнемі қалтасынан кәмпиттің қағазы, тағы басқа нәрселер шығады екен. «Мұрат аға, үнемі қалтаңыз толып, кірлеп жүреді» дегеніне: «Үйге барғанда балаларым – қолға, мен полға қарап қалмайын деп қалтамды толтырып жүремін», – депті.  Әкемнің достары да қалжыңбас еді, бірін-бірі іліп-шалып, думандатып отыратын. Соларға іштей қызығатынмын да. Қазір достық әзілдің өзі дөрекілене бастаған сияқты. Аса шетін әзілдерді әлеуметтік желіге салып, досының беделін арттырудың орнына, кемітіп жүргендер де аз емес. Менің ойымша, әзілдің игі мақсаты болуы керек. Өзім арнайы сөз дайындамаймын. Сәті келеді, айтылады. Арада біраз уақыт өткенде өз құлағыма жетеді. 

Рейтинг: Бүгінгі әлемнің, қоғамның беталысын қаламгер ретінде қалай бағалайсың? Алаңдайтын мәселе аз емес қой.

Алмат Исаділ: Біз басын жақсы бастадық. Халық өзі аңсап күткен тәуелсіздікке қол жеткізгесін, аяқтан тұрып кетуге қатты талпынды. Жазушылар жоғалған жауһарларды іздеді, тарихи романдар жазды. Елдің рухын көтеру үшін жанталасты. Экономикада да біраз үлкен қадамдап жасалды. Ал ел біраз еңсе түзеген кезде халық пен биліктің арасы алшақтап кеткендей көрінеді. Көп нәрсенің мұнай бағасына тәуелді болып тұрғаны қынжылтады. Мұнай деген – бар болғаны тауар ғой. Өтеді, кетеді, арзандайды, қымбаттайды. Ол арзандаса, талай елдің арты белгілі болып қалады. Ақын-жазушылардың көпшілігі «саясатта шаруам жоқ» деген сөзді жиі айтады. Бізді құртатын да осы нәрсе. Адам саяси білімді болуы керек. Қоғамнан бөлініп қалуға болмайды. Ақын қоғамды алаңдатып, ойлантып тұруға тиіс. Әрине, «қырды, жойды, келді, жетті» деп қара аспанды төндіре беруге де болмас. Ақын бір өлеңімен ұлтқа келе жатқан қауіпке алаңдай алады, ойландыра алады. Біздің қазіргі күйіміз – тұтынушылық қана. Экономикада ғана емес, руханиятта да. 

Сұхбаттасқан Есей Жеңісұлы

Мұрағаттан: 22.01.2015


Шахаризат Сейдахмет: «Ел алдына электро-домбырамен шығуды ойладым»
Айгүл Кемелбаева, жазушы: «Жазудан асқан мұрат жоқ»
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу