Шахаризат Сейдахмет: «Ел алдына электро-домбырамен шығуды ойладым»

Oinet.kz 20-04-2019 1170

Screenshot_11.jpg

- «Қазақстан дауысы» мега жобасы сені танымал еткені рас. Жобаның алдында Шахаризат кім еді?

- Мойындау керек, жобаның алдында Шахаризат ешкім емес еді.  Астананың төңірегінде той-томалақта ән салып, асаба болып жүрген, қарапайым, жұрт тани бермейтін жігіт едім. Ойда-жоқта жобаға қатысып, жеңімпаз атанғанда жеңісіме біраз уақытқа дейін сене алмай жүрдім. Жалпы бұл жоба маған талғамымның өзгеруіне, өнер майталмандарымен танысуға жол ашты. Сайыс барысында жаныма дүние емес, дос жинағаныма көзім жетті. Финал жақындағанда мені қолдаушылардың барлығы келісіп,  құра­мында 300 адам бар штаб құрды. Сарышұнақ аязда олар  көшеге шығып “Шахаризатты қолдайық” деген плакат ұстап,  суретім салынған күн­тіз­белерді таратқандар да, үсті-үстіне смс жолдап, жеңіске же­туі­ме себепші болғандар да осы­лар.  Жобаның маған берген басты сыйы – танымалдылық. Атақ-абыройды, танымалдылықты көтере алмай, жолынан адасқан жандар қаншама. Өнер жолында жүрген аз жылдарымнан түйгенім өнердің екі ауыртпалығы бар. Біріншісі:  біреу бетіңе келіп мақтап тұрса  көтере алмау және тыңдармандарың көрген жерде сенімен  суретке түсерде, қолтаңба беруде  сабыр сақтай алмау. Егер өнер иесі осы қағиданы берік ұстана білсе  жолынан адаспайды деген ойдамын. 

- Биылғы «Қазақстан дауысында» тәлімгер Нұрлан Албанның кеңесшісі болып жүрсің. Алғашқы байқаудан айырмашылықтарды  байқадың  ба?

- Айырмашылық бар. Біріншіден: өткен жылғыға қарағанда биылғы жобаның рейтингісі жоғарылаған. Екіншіден, залда отырғанда көрермендердің қошеметтерінің өзгешелігін сезіндім.  Бұл жобаның деңгейінің өскенін байқатады. Екінші маусымда да алғашқы жеңіс қайталанып, Нұрлан ағаның шәкіртінің оза шапқанын қалаймын. Яғни менен де мықты әнші жеңімпаз атанса қуанар едім.

- Жобаның шарты бойынша сен  әлемге әйгілі «Universal» дыбыс жазу студиясында ән жаздыруың қажет еді. Алайда бір жыл өтсе де әніңді естімедік қой

- Байқаудан кейін студияның біраз уақыт жым-жырт қалғаны рас. Сондықтан ән жаздыруға кештеу кірістім. Оның үстіне жобадан кейін Астанадан Алматыға көшіп келуге бел байладым. Елордаға келу де оңай болмап еді. Астанада білім аламын дегенімде әке-шешем қарсылық танытқан. Ал мен  алған бетімнен қайтпайтынымды түсіндіру үшін тамақ іш­пей жатып алғанмын. Анам көз жасын көлдей етіп, ақырында Астанаға шығарып салған. Онда бақандай 10 жыл тұрыппын. Алматыға кө­шемін дегенімде тура осындай жағдай болды. Бірақ осы жолы әкем анама: «Балаңның бағын байлама» деді. Көшіп-қонып жүргенде шығармалығыма жарытып көңіл бөле алмадым. Қоныстанып, жайғасып алған соң  «Жұлдыз fm» радиосына қызметке орналастым. Қазір радио жүргізушімін. Міне осындай қарбалас тірліктермен ән жаздыруға уақыт болмады. Енді ғана бұл іске кірісіп,  қазір әні мен сөзін өзім жазған   дүниемді студияның Мәскеудегі бөлімшесінде жаздырып жатырмын. Келісім-шарт бойынша жарыққа шыққанша әннің атын құпия ұстауым қажет. 

- Мамандығың  бойынша дәстүрлі әнші екенсің, қазір қай бағытта ән салып жүрсің?

- Этнорок стилінде ән салып жүрмін. «Алдаспан» тобының мүшесі Мақсат Хасановпен біраз жылдан бері араласып келеміз. Мені этнорок бағытына итермелеген осы топтың шығармашылығы. Бала күнімнен домбыраны серік еткенмін.  Өнер жолына түбегейлі түскендіктен өз стилімді, образымды қалыптасырайын деп ел алдына электро домбырамен шығуды ойландым. Оның үстіне электро домбыра мульти жанрмен керемет үйлесім табады. Қазір дәл осы аспаппен жастарымыз қазақтың классикалық туындыларын шетелге танытып жүрген жоқ па?! Сол себепті аспапты жасату үшін Мәскеуге арнайы тапсырыс бергенмін. Домбыра екі ай дегенде дайын болып, қолыма тиген. Жаңа аспапты меңгеру мен ойлағандай оңай емес екен. Сондықтан толықтай үйреніп алғанша жаныма домбырашы алып жүрмін. Этнорок стилі жастарға, болашақ ұрпаққа, сондай-ақ шетелдіктерге қазақтың халық әндерін, ретро әндерін насихаттаудың бірден-бір жолы деп білемін. Өйткені ән өнерінің шыңы операдан кейін қазақ деген халықтың өнерлі екенін, әнге-жырға бай екенін шартарапқа танытып отырған этнорок.  Алдағы уақытта осы бағытты ұстана отырып  «Түрквижн» секілді халықаралық байқауларға қатысып, елімнің атын асқақтатуды көздеп жүрмін.

- Мүмкіндігің болса бүгінгі қазақтың ән өнеріне, шоу-бизнесіне қандай реформа енгізер едің?

-  Реформа енгізу үшін адам реформатор болып туылуы  қажет шығар. «Көтере алмайтын шоқпарды беліңе байлама» дейді ғой қазақ. Өзінше білгішсініп, мынау дұрыс емес, анау дұрыс емес деп қоқилана бергім келмейді.  Өнерді үлкен теңіз деп алсақ мен сол теңізге енді ғана қосылған тамшыдаймын. Қазақ өнеріне кірпіш болып қаланбай жатып ақыл айтқаным жігіттікке жатпас. Реформаны  көпті көрген алдыңғы буын ағаларымыз қоса жатар. Ал әзірге шоу-бизнестің дамуына өкпем жоқ.  Ешбір мемлекеттен кем қалып жатқан жоқпыз. Тек айтарым, ұлттық өнерімізді, шоу-бизнесті дамытуды әнші-бишілерге, ақын-сазгер, продюссерлерге артып қоюға болмайды. Себебі өнер қоғамға ортақ дүние. Өнерге әлеуметтік жағдайдың, экономиканың, Қазақстанның ішкі-сыртқы саясатының барлығының қатысы бар. Демек, өнердің дамуына әрбір адам атсалысуы қажет деп ойлаймын.

- Байқауды жеңіп алған күні  Шахаризат есімді сәбидің дүниеге келгенінен хабарың бар ма? 

- Ия. Жеңімпаз атанған күні туып өскен ауылымда бір отбасы ұлдарының есімін Шахаризат деп атапты. Бұл жаңалықты  ертесіне естіген болатынмын. Алғашқыда қуандым әрі аздап  ыңғайсыздандым. Аттасымды көріп қайтайын деп ауылға жол тартқан едім. Әрі ата-анасын құттықтап, алғысымды айтып, сыйлығымды ұсынғым келген. Дәл сол уақытта мектеп бітіргенімізге 10 жыл толып, сыныптастарыммен кездесу ұйымдастырдық. Кішкентай Шахаризатпен кездесуге кәдімгідей ниеттеніп ауылға келген едім, бірақ қол тимей бара алмай қалдым. Сәті түссе әлі де жолығармын деп жүрмін. 

- Біраз салмақтан арылған секілдісің, арнайы диета ұстадың ба?

- Бұрын үлкен сахналарға жиі шығып жүрмеген соң мезгілсіз тамақтана беретінмін. Соның салдарынан  Нұрлан ағам  айтпақшы  «Томпания» болып шыға келдім. Тым томпайып  бара жатқанымды өзім де сезіне бастадым. Содан мезгілсіз тамақтануды доғарып, майлы тағамдарды тұтынуды азайттым. Алайда өз-өзімді қинап, аштыққа барған жоқпын. Қолым бос кезде жаттығу залдарына бас сұғып тұрамын. Өткен жылы салмағым 100 келі болған. Қазір 14 келімен «қош айтыстым». Әрине, бір жылдай уақытқа 14 келі деген аз шығар, дегенмен жәй-жәй азған жөн. Бірден сыптай бола қалсам жұртты шошытып аламын ба деп қорқамын.      

- Әскерде болдың ба?

- Отан алдындағы борышын өтеу барлық ер-жігіттің міндеті. Алайда мен әскерде болмағанмын. Қабанбай, Бөгенбай батырлар әскерге бармай-ақ елін-жерін қорғаған ғой. Алла бетін ары қылсын егер жерімізге жау шапса, тығылып жатпаспын. 

Сұхбаттасқан: Айнұр Оңғарбай

Мұрағаттан: 22.01.2015

Бибігүл Сауытова: Дәстүрлі әншілікке тек туабітті дарыны бар өнер иелері бет бұра алады
Алмат Исаділ: Ақын қоғамды алаңдатып, ойлантып тұруға тиіс
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу