Бибігүл Сауытова: Дәстүрлі әншілікке тек туабітті дарыны бар өнер иелері бет бұра алады

Oinet.kz 20-05-2019 1757

Screenshot_7.jpg

- Жастардың дені эстраданың «сауытын» киіп жатқанда сенің таңдауың неліктен дәстүрлі әншілікке түсті?

- Қазақтың нағыз асыл өнері ол дәстүрлі әндері емес пе? Жастайымнан қолыма домбыраны алып, халық әндеріне, дәстүрлі әндерге сусындап өстім.  Мектеп қабырғасында жүргенде көптеген фестиваль, өнер додаларына қатысу арқылы   қызығушылығым  арта түсті. Алтын ұямен қоштасқан соң алдыма  халқымыздың төл өнерін дамытуға үлесімді қосуым керек деген  мақсат қойып, 2003 жылы Дина Нұрпейісова атындағы Атырау музыкалық колледжінің «Халық әні» кафедрасына оқуға түстім.  Оны тәмамдаған соң Алматы қаласындағы Құрманғазы атындағы Қазақ Ұлттық консерваториясында білім алып, дәстүрлі ән өнерінің өкілі, Қазақстан Республикасының  еңбек сіңірген қайраткері Сәуле Жанпейісованың шәкірті атандым. Осы жолды таңдағаныма еш өкінбеймін керісінше, мақтан етемін. Себебі эстраданы қазір екінің бірі айта беретін болды, ал дәстүрлі әншілікке тек туабітті дарыны бар өнер иелері бет бұра алады. Сондықтан Алланың берген талантына қиянат жасамай,  дұрыс қолдана білген дұрыс. Әйтсе де бұл эстрадаға мүлдем жоламаймын деген сөз емес. Репертуарымда эстрада жанрында шырқаған бір-екі әнім бар. Бірақ концерттерде  үнемі үкілі домбырамен  көпшіліктің алдында  дәстүрлі әнімді орындап шығамын.  

- Президент оркестрінде қызмет ету бос уақытыңды бұғаулап тастамай ма? Жеке шығармашылығыңа қаншалықты көңіл бөліп жүрсің?

- Жауапты қызмет болғандықтан,  уақыттың тапшылығы аздап сезіліп жатады. Гастрольдік сапарлармен шетелдерге көп шығамыз. Соған қарамастан жеке шығармашылығымды  да дамытып келемін. Нақты қашан екенін айта алмаймын, алдағы күннің еншісіне жеке концертімді беруді жоспарлап қойдым. Кеште халыққа жаңа қырымнан танылмақпын. Яғни жетіген тартып ән салып, сазсырнайда күй ойнауға дайындалып жүрмін. 

- Спорттың бірнеше түрімен «дос» көрінесің?

- Ия, оныңыз рас. Кішкентайымнан спорт пен өнерді қатар алып жүрдім. Үш жылдай каратэге қатыстым, стол теннисімен де шұғылданып,  республикалық сайыстарда бақ сынадым. Тоғызқұмалақтан бірнеше рет ел ішінде чемпион атанғанмын. Одан бөлек  ұзындыққа секіруге, жүзуге қызығамын. Бос уақытымды жаттығу  залдарында өткізгенді ұнатамын. Егер өнер жолын емес, спорттың құлағынан әрі қарай ұстап жүре бергенімде талай асуларды бағындыра алатыныма сенімдімін. Айтпақшы, тоқыма өнерінің де түбін түсіремін.  

- Дәстүрлі әншілерді іздейтіндер кімдер?

- Концерттерде топ-топ болмаса да бізді тыңдап отырған жастарды көргенде  қуанып қаламыз. Алайда «біздің тыңдармандар-- жастар» деп ауыз толтырып тағы айта алмаймын. Оған жастарды кінәлауға да, ренжуге де болмайды. Жастар түгілі төл өнерімізді құлағына да қыстырмайтын аға буын өкілдері де жетерлік. Бүгінгі дәуірдің адамдары, жастары заман ағымымен жүргісі келетінін мен жақсы түсінемін. Әрине, таңның атысынан кештің батуына дейін экраннан эстраданың өкілдерін беріп жатса, көк жәшікке телмірген халық тұрақты тыңдарманға айналмағанда қайтсін?! Дәл осылай дәстүрлі әншілерді теледидар, радиодан таныстырып, әндерін тоқтаусыз беріп отырса біздің де іздеушілеріміздің қатары көбейер еді.  Әйткенмен дәстүрлі әншілерді іздеп, сүйіп тыңдайтын халық жоқ деуге ауыз бармас. Егер солай болса менің әріптестерім жұрт алдында, өнер жолында  жарқырап жүрер ме еді?!  Әлде де дәстүрлі ән  эстраданың көлеңкесінде қалып кетпесін десек насихат жұмыстарын мықтап қолға алу керек.   

- Ұлы ойшыл Конфуций «егер бір елдің ахуалын білгің келсе алдымен әніне құлақ түр» деген екен. Қалай ойлайсың, қазақтың бүгінгі әні ұлттық болмысымызды таныта алып жүр ме?

- Қазақ ән-жырға бай халық. Осы күнге аманатпен келген сол құндылықтарымызды бүгінгі ұрпақ барынша бағалай алып жүр ме  деп ойлаймын. Бұған, әсіресе, шетелге гастольдік сапарлармен шыққанда көзімді жеткізе түскендей боламын. Концерт барысында Қазақстаннан келген өнерпаздар деп таныстырғанда  залдағы көрермендердің ду кошеметтерін көріп төбем көкке жеткендей болады. Бағдарламадан кейін шетелдіктердің көбісі бізге алғыстарын жеткізіп, домбыраны қалай шертетінімізді сұрап, қос ішектегі, бас киіміміздегі үкіге дейін қызығушылық танытып жатады. Яғни әніміз арқылы қазақ деген халықтың бар екенін, еліміздің өнерін, болмысын танытып жүрген жайымыз бар. 

- Шетелге көп шығамын деп қалдыңыз, жат елде түрлі қызықтар болып тұратын шығар...

Әрине, ел, жер көргеннің қызығы көп. Франция қаласында Қазақстанның мәдениет күндері өткен болатын. Бос уақытты пайдаланып  біздің ұжым ұлттық киіммен Париж қаласын аралап шықтық. Сондағы жұрттың бізге таңырқай, қызығушылықпен қарағанын көрсеңіз. Неге екенін білмеймін әйтеуір, сол сәт менің есімнен кетпейді.

- Продюссеріңіз бар ма?

- Жоқ

- Жалпы, дәстүрлі әншілер  продюссердің көмегіне қаншалықты зәру?

- Осы уақытқа дейін елімізге танылған, танылып келе жатқан дәстүрлі әншілердің продюссері бар дегенді естімеппін де, көрмеппін де. Әрине, барлығының ұстаздары бар, бірақ бірге жұмыс істеп жүрген  басшысы,  көмекшілері болмаған. Мүмкін жасырын продюссерлері, қамқоршылары бар шығар, кім біледі.  Бірақ ұлттық әнімізді дәріптеуші  өнерпаздардың барлығы өз еңбектерімен танылып жүргендер. Сондықтан біздер продюссердің көмегіне аса мұқтаж емеспіз.

- Шырқап жүрген әндеріңнің тарихына үңіліп көрдің бе?

- Ұстазым Сәуле апай «әр әнді айтпас бұрып оның тарихын біліп алыңдар, әннің астарында қандай сырдың жатқанын сезініңдер, сонда ғана ән әлеміне кіріп, беріліп айта аласыңдар» деп үнемі айтып жүреді.  Мен де студент кезімнен осыған машықтанғанмын. Бұған ұстазымның тапсырмасы ғана деп қараған емеспін, керісінше, әннің тарихын, авторлардың өмірін зерттегенді ұнатамын. Іздене отырып неше түрлі құпиялардың бетін ашып, сан түрлі тағдырларды танисың.

- Қай әннің тарихы сені ерекше толғандырды?

- Қазақта Қайып деген әнші-ақын, сазгер, шебер болған. Ел аралап жүргенде бай қызы Ақбөбекке есі кетіп ғашық болған деседі.  Қыз Есберген деген жігітке атастырылған екен. Қалың малы берулі, қызды небір қымбатпен киіндіріп, тойға дайындық жүріп жатады. Ауылға Қайып келгеннен бері Ақбөбек етікті киіп көру сылтауымен шебердің қасына  жиі жақындай береді. Осының арты ғашықтардың жырына айналады. Бұл сезім Қайып әндерінің тууына, халық арасына аңыз болып қалған Ақбөбек-Қайып оқиғасының желісіне айналады. Ауыл қыстаққа көшер күні Ақбөбек екеуі қос атпен қашады. Қаһарлы қысқа ұшыраған Есжан аулының адамдары бұларды келер көктемде Самдағы Қорабай ауылынан тауып, Ақбөбекті тартып әкетеді. Бұдан кейін де Қайып Ақбөбекті екі дүркін алып қашып, сәтсіздікке ұшыраған. Қайып қолға түсіп, тұтқын есебінде азап тартады. Сүйгеніне қосыла алмай, зарлы даусына ешкім құлақ аспай, еліне өкпелеп, Қайып өзге жаққа кетпек болады. Ғашығы Ақбөбек  айттырылған жеріне еріксіз телініп, Итбайдың Есбергенімен өмір кешкен. Ақбөбек-Қайып оқиғасын, Қайыптың Ақбөбекке арнаған арманды әндерін халық аңызға айналдырып, әр аймақта әртүрлі өзгеріспен айтып келеді. Солардың бірі «Ақбөбек», «Жадаукөк» әндері.  “Ақбөбектің” бірінші түрін қазақтың белгілі әншісі Ғарифолла Құрманғалиев айтып жеткізген. Міне осы әндерді орындай жүріп ғашықтар хикаясына қанықтым. Маңғыстау өңіріне барғанда халық көбінесе осы әндерді шырқауымды сұрап жатады. 

  Сұхбаттасқан Айнұр Оңғарбай 

Мұрағаттан: 15.01.2015





Мұрагер Сауранбаев, домбырашы: Нұрғиса Тілендиевтің домбырасын талай шертіп көрдім
Шахаризат Сейдахмет: «Ел алдына электро-домбырамен шығуды ойладым»
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу