Мұрагер Сауранбаев, домбырашы: Нұрғиса Тілендиевтің домбырасын талай шертіп көрдім

Oinet.kz 17-04-2019 2113

Screenshot_25.jpg

- Мұрагер, қос ішекті аспапқа аңсарың қалай ауды?

- Бала қиял қайда жетелемейді дейсіз. Мектеп қабырғасында дебаттарға көп қатысатынмын. Сонда сөздің турасын айтып, әділдікті жақтауға үйрендік. Бала жүрегім «адамдар жазықсыз түрмеге отырмаса екен» деп тілейтін.  Сондықтан да сот қызметкері болуды армандасам керек. Кейіннен журналист пен заңгер мамандықтарына да қызыққанмын. Бірақ теледидардың арғы жағындағы музыка алыбы Нұрғиса Тілендиев ағамыздың домбыра тартқанын  көргенде осы аспапқа «ғашық» болып қалдым. Үйде әрдайым домбыра ілініп тұрса да ешкім қолына алмаушы еді. Бір күні сол домбыраны алдым да, ары-бері ойнап көрдім. Кейіннен музыка мектебіне барып жүрдім.  Бұл аспапқа мені одан сайын ынтықтыра түскен «Көкіл» мектебінің оқушылары еді. Өрімдей балалардың домбыраны соншалықты шебер ойнайтындарына қызығып, мен де солардай болсам екен деп армандадым. Осылайша теледидардан көріп жүрген балалармен кейін сыныптас, әріптес болдық. Білікті ұстаздардан тәрбие алып, қос ішектің қыр-сырын меңгеріп шықтым.   

- Солақайлығың домбыраны үйренуге кедергісін келтірген жоқ па?

- Музыка мектебіне барғанда мұғалімдерге менің солақайлығым ұнамаған. Себебі оркестрде симметрияны құртасың деп сенімсіздік білдірді. Талпынған баланың белін бумаған соң  менің де жігерім құм бола бастап еді. Кейіннен байқап қарасам даңқты Нұрғиса атамыз да домбыраны сол қолмен тартқан екен.Сөйттім де аспапты қайта қолыма алдым. «Көкіл» мектебінің ұстаздары менің ұлттық аспапқа деген ықыласымды көріп, домбыраны ерекше тәсілмен ойнауды үйретіп, арманымды жүзеге асыруға шабыт берді. Сондықтан домбыра үйренемін деген адамға солақайлық кедергі емес.  

- Шығармашылығыңа шабыт берген даңқты Нұрғиса  Тілендиевтің отбасымен қоянқолтық араласатын секілдісің?

- Ия, мен ол тұлғаны өзгеше үлгі тұтамын. Көзін көрмесем де домбырасын қолыма бір ұстап көрсем деуші едім. 2007 жылы Н.Тілендиев атындағы байқауға қатысып, бас жүлдені жеңіп алдым. Байқаудан кейін Нұрғиса атамыздың жанжары Дариға апай өзі хабарласып, үйіне шақыруы мен үшін күтпеген қуанышты жәйт болды. Міне, сол күннен бастап атақты күйшінің отбасымен жақын араласып кеттім. Музыканттың артында қалған ұрпағы Динарамен жақын доспын. «Отырар сазы» оркестрінің концертіне жиі шақырып тұрады.  Сол  шаңыраққа  барған сайын олар Нұрағаңның естеліктерін айтып, әркімге көрсете бермейтін ноталарын беріп тұрады. Дариға апайымыз «ол домбыраны былай тартушы еді, сен де осыны меңгеріп ал» деп ақылын айтып тұрады. Бір кездері армандаған Нұрағаңның домбырасын да талай шертіп көрдім.

- Табиғатыңа төкпе күй жақын ба, әлде шертпе ме?

- Шертпе күй жақын секілді. Қолым қалт еткенде, көңіл күйім болмаған сәтте шертпе күйлерді тартып, лирикаға бөленгенді ұнатамын.  Домбыраны алғаш үйреніп жүргенде төкпе күйлерді тартқанды жақсы көруші едім. Себебі ол кезде жастықтың алауымен бәрін білгің келіп, шабытыңның асып-тұрған шағы. Төкпе күйді нағыз осындай шақта жалғыз мен емес бәрінің  ойнағысы келген шығар.   

- Домбырашы, күйшілерге қазір жарнама қаншалықты қажет?

- Эстрадалық әншілермен салыстырып қарасақ күйшілерге  екі, тіпті,  үш есе артық жарнама қажет. Эстраданың дәурені дүркіреп, дәстүрлі өнеріміздің тасада қалып бара жатқанын барлығы сезіп, көріп жүрген шығар. Ұлттық аспаптарды серік етіп, халықтың ән –жырын өзіне шекпен  жауып қайтарып жүрген өнерпаздардың өнерлері кішігірім аудиториялардан шықпай жүр. Дәстүрлі әнге, әншіге, күйшіге сұраныс төмендеп бара жатқандықтан дәл қазіргі уақытта оларға мықты жарнама қажет. Дәстүрлі орындаушыларға жан-жақты қолдау көрсетіп, мүмкіндігінше шығармаларын радио, телеарналардан тегін берсек деймін. Көпшілік ұмытпаса, бұрынырақта «Алтыбақан», «Жетіген», «Дала думан» секілді бағдарламалар болушы еді. Қазір мұндай бағдарламалардың жұрнағы да қалмады. Егер осы сияқты дәстүрлі өнерді дәріптейтін, насихаттайтын бағдарламаларды көбейтсек қазақтың ұтары көп болар еді.  

- Домбырашы-ғалым Жұмагелді Нәжімеденовтың «домбыраның үні өзгеріп, жаһанданып бара жатыр» деген сөзіне алып,қосарың?

- Қазақ күйлерін заман ағымына сай эстрадаға және өзге аспаптарға қосып тартып жүрген жас күйшілердің өнерін меңзеп тұрған боларсыз. Домбыраның жаһандануына екі жақты пікір айтар едім. Мұның пайдалы жағы ол тыңдарманды өзіне тарта білуге, қызықтыра білуге жақсы. Әсіресе, заманауи тәсілдермен өңделген күйді жастар және шетелдіктер жақсы қабылдайды. Мәселен «Ұлытау» тобы қазақтың небір композицияларын халыққа жаңаша түрде ұсынып, шетелдіктерге танытты. Олардың қазір өз елімізде де,  өзге мемлекеттерде де тыңдармандары бар. Ал қарияларымыздың сөзіне құлақ ассақ  «қазақ үшін қастерлі домбыраның табиғи дауысын құртып алдық, оны эстрадаға қоса берсек кейінгі ұрпақ домбыраның табиғи дауысын ұмытып қалмай ма?»  деп дабыл қағуда. Бұл пікірге де қосылмасқа лажың жоқ. Шетелдіктер домбыраның құрылысына, үніне қатты қызығады, тамсана қарайды, алайда, жанашырлық танытпайды. Қазақтың дәстүрі, ұлттық құндылықтары, оның ішінде аспаптары қазақтан басқа ешкімге қажет емес. Сондықтан домбыраны барынша келер ұрпаққа табиғи қалпында жеткізгеніміз дұрыс. Дегенмен  жаһандануға  үрке қараудың қажеті жоқ, тек шегімен қолдана білсек деймін. 

- Жар болатын аруды әлі жолықтырған жоқсың ба?

- Мен үшін қиындау сұрақ болып тұр...

- Келер жылға қандай жоспарларың бар?

- Соңғы уақыттары шығармашылығыма мықтап ден қоя алмай жүрмін. Азды-көпті жиналып қалған композицияларымды жинақтап, жаңа шығармаларды қосып, үнтаспа шығарсам деп отырмын. Үнтаспамды осы уақытқа дейін менің қасымнан табылған достарыма және өнер жолына жетелеген ұстаздарыма арнағым келеді. 

Мұрағаттан: 25.12.2014

Сырымбет Бибосынов: «Өнер қырандары» театрының әртісі: Сатиралық жанрда сериал түсіргелі жатырмыз
Бибігүл Сауытова: Дәстүрлі әншілікке тек туабітті дарыны бар өнер иелері бет бұра алады
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу