Елді шулатқан депутат мандатынан айырылды. Ендігі кезек кімдікі?

Oinet.kz 21-11-2021 2758

Қаңтарда өткен мәслихат сайлауында жасақталған Түркістан облыстық мәслихатының жетінші шақырылымы бір жылға жетпей әжептәуір өзгерістерге ұшырады. Әзірге халық қалауыларының ішінде  өткен шақырылымдағыдай сотталып кеткен немесе қамалып кеткен ешкім жоқ. Әрқайсысы әрқилы себептермен депутаттың мандатынан айырылып қалды. 

Screenshot_2.jpg

Әрқилы дегенді түсіндіре кетсек.  Түркістан облыстық мәслихатына жылдың басында депутаттыққа сайланған нәзік жандылардың бірі, әрі жастардың да квотасына кіретін Мақтаарал аудандық кәсіпкерлер палатасының директоры Нұргүл Пердебайқызы жылдың орта тұсында  мандатынан айырылғандардың  бірі. Депутат облыстағы басқармалардың біріне  басшының орынбасары лауазымына тағайындалды. Шенеуніктік пен депутаттықтың өзара үйлеспейтіндігі айтпаса да түсінікті. Бос орын қырықтың қырқасынан асқан, әбден тісқаққан депутат Жансерік Мұсаханұлына бұйырды. 

Жалпы Жансерік Мұсаханұлы бұған дейін Сайрам аудандық мәслихатының хатшысы қызметін атқарған. Хатшы туралы әңгіме қозғалғанда оның діни ұстанымы туралы түрлі әңгімелер айтылатын.  Оның жұрт «мазхабы күдікті» деп жүрген азаматпен түскен суретін әлеуметтік желідегі парақшасына жариялауының өзі біраз жәйтты аңғартқандай еді. Ал былайша бизнесін өрге домалатып жүрген жігіттің жаман аты шықпаған. Күні кешеге дейін... 

Осыдан біраз уақыт бұрын Ж.Мұсаханұлының  жұбайы КТК телеарнасынан берілетін  «Астарлы ақиқат» бағдарламасына қонақ болып барып, отбасындағы біраз құпияның бетін ашты. Түн ішінде жеңін түріп қойып, далаға шығып су төккені үшін күйеуінен таяқ жеп, үйінен қуылған бейбақ әйел балаларын өз қолына алғысы келетінін мәлім етті. Әрине, ерлі-зайыптылардың арасына есі кеткен түседі. Олардың отбасындағы мәселелерді біз әңгіме етуден, талқылаудан аулақпыз. Артынша, ақиқатты айтқыш әйелдің  қателескенін мойындап, кешірім сұрап жатқан видеосы әлеуметтік желіні шарлап кетті. Бірақ бәрі кеш екен. Отбасындағы дау-дамайдан кейін Жансерік Мұсаханұлының Түркістан облыстық мәслихатындағы мандатынан өз еркімен бас тартқанын, дұрысын айтсақ депутаттықпен қош айтысқанын сенімді ақпарат көздерінен білдік. Себебі түсінікті. Этикалық тұрғыдан таразылағанда мұндай елді шулатқан адамның бұдан әрі Елбасының өзі жетекшілік ететін «Нұр Отан» партиясының атынан мәслихаттың мандатын иеленуіне моралдық құқығы жоқ. Енді кеше ғана беріліп бүгін айырылып үлгерген мандат кімге бұйырар екен?   

Мәслихаттағы жас депутатың тағы бірі Амалбек Өміртайдың Кентау қаласы әкімі аппаратының басшысы лауазымына тағайындалғаны белгілі. Одан босаған  мандатты келестік кәсіпкер  Нұралы Дәулетияров еншіледі. Әрине, бұл шешім партияның облыстық филиалының алқалы отырысында, саяси бюросында талқылаумен, мақұлдауымен қабылданғанына біздің күмәніміз жоқ. Бірақ партиялас серіктері үлкен сенім білдірген Нұралы Дәулетияровтың аты-жөні әлеуметтік желілерді, ақпарат құралдарын шулатып жатқаны рас. Мектеп құрылысы талапқа сай жүргізілмеуіне, мерзімінен кешіктірілгеніне оның қатысы бар екені  телеарналардан көрсетілді, сайттарда жарияланды. Егер бұлай жалғаса  берсе, құқықтық жағын құзырлы мекемелер шешер, ал  этикалық мәселесіне байланысты Дәулетияровтың да облыстық мәслихаттағы мандатының тағдыры  майшаммен қаралуы әбден мүмкін. 

"Рейтинг" газеті, қараша, 2021 ж

Екі рет отставкі қаупі төнсе де Есбаевтың есебі түгел
Назарбаев билікті Тоқаевқа тапсыратын болды
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу