Екі рет отставкі қаупі төнсе де Есбаевтың есебі түгел

Oinet.kz 20-11-2021 963

Соңғы уақытта Түркістан облысында сыбайлас жемқорлық фактілерінің көбейіп тұрғаны  рас. Субсидияға қатысты тұтқындаулардың өзі біраз құзырлы органдарға жүк болайын деп тұр. Рас, ауыл шаруашылығы министрлігіне қарасты мекемелерде орын алған дегеніңізбен, жемқорлықтың сехмасы осы Түркістан облысында ұйымдастырылған. Оған жергілікті облыстық, аудандық әкімдіктегі шенеуніктердің де қатысы болуы әбден мүмкін. 

Screenshot_1.jpg

Антикордың төрағасы Марат Ахметжановтың бұйрығымен осы аптада Түркістан облыстық Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментіне жаңа басшының тағайындалуы, жаңа басшыны таныстыру үшін М.Ахметжановтың өзі арнайы Түркістанға келіп, облыс активімен кездесуі осы тұтқындаулармен, шулы жемқорлық фактілермен байланысты сияқты. 

Офлайн, онлайн жүйеде өткен жиынға облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев орынбасарларымен, басқарма басшылары, аудан, қала әкімдері, құзырлы орган басшылары төрт көзі түгел қатысты. Антикордың таратқан мәліметіне қарағанда, басқосуда М.Ахметжанов Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша әзірленіп жатқан Қазақстан Республикасының 2022-2026 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат Тұжырымдамасының жобасына егжей-тегжейлі тоқталған. 

- Жаңа облыс құрылғаннан бері 400-ге жуық сыбайлас жемқорлық қылмысы тіркелген. Жыл сайын қылмыстық жауапкершілікке тұрақты негізде 80-нен астам лауазымды тұлға тартылады. Осы жылдың өзінде 50 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылып, олардың 28-і сотталды. Бұл мәселеде сыбайлас жемқорлықтың салдарымен емес, оның себептерімен күресу маңызды,-деп атап өткен төраға. 

Түркістан облысы бойынга Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің басшысы болып Қанат Қожахметов тағайындалды. Қанат Оспанұлы бұл қызметке антикордың Қызылорда облыстық департаметінен ауысып келді. Бұл қызметке  ол биыл наурызда тағайындалған болатын. Оған дейін ТМД Антитеррорлық орталық басшысының бірінші орынбасары қызметін атқарған. 2005-2009 жылдар арылығында республикадағы екі бірднй ірі өңірдің: Алматы және Қарағанды облыстық ішкі істер департаменттеріне басшылық жасаған. Осы жылдары полиция генерал-майоры атағын алған. Бұдан кейінгі жылдары Ішкі істер министрлігіндегі Кримналдық полиция департаментіне жетешілік жасаған. Бұдан Қожахметовтың кәсіби ізкесуші екендігін аңғаруға болатын сияқты. Айтпақшы Марат Ахметжанов уақтысында Оңтүстік Қазақстан облысының прокуроры қызметін атқарған. Сәйкестікті қараңыз, 2009 жылы Ахметжановтың тұсында облыста  субсидияға қатысты қылмыстық істер қозғалып, соның нәтижесінде  біраз шенеунік сотталды, біразы қызметтерінен босатылды. Бұл жолғы қылмыстық істердің салқыны да атқамінерлерге оңай соқпайтын түрі бар.   

Марат Ахметжанов келтірген қылмыстық статистиканы және «жемқорлықтың салдарымен емес, себептерімен күрес керек» деген сөздерін нақты мысалдармен өрбітсек. Биыл облыста «мердігерден 30 миллион теңге пара алуға оқталды» деп айыппен Келес аудандық тұрғын үй, коммуналық шаруашылық бөлімінің басшысы қызметін атқарған Әділхан Кенегесов ұзақ жылға сотталды. Бұл іс былтыр қазан айында Түркістан облыстық қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотына берілген болатын. Іс бойынша бір ғана куәгер бар. Бірақ осыған қарамастан сот отырысы биылдың жазына дейін созылды. Үкім шілдеде шықты. Сот Кенегесовты тағылған айып бойынша кінәлі деп тауып, 11 жыл 3 айға бас бостандығынан айыру жазасына кесті.  Сотталушы жақ апелляциялық арыз берді. 30 қыркүйекте  30 миллион теңге параға қатысты іс бойынша облыстық соттың апелляциялық алқасы өзінің төрелігін айтты.  Үкім өзгеріссіз қалдырылды. 

Апелляциялық алқада сотталушының адвокаттары Кенегесовке ауыр жаза тағайындалғанын, пара беру ісінің арандату екендігін алға тартты. Алайда алқа алғашқы сатыдағы соттың үкімі негізді әрі әділетті деген қаулы қабылдады. Үкім күшіне енген соң  тәртіп бойынша Келес ауданының әкімі Ақментай Есбаев он күн ішінде облыс әкімі Өмірзақ Шөкеевтің атына отставкіге кету жөнінде арыз жазуы тиіс болатын. 

Келестің әкімі онсыз да былтыр қарамағындағы парамен ұсталған ауыл әкімінің ісінен кейін бір рет отстакіге арыз берген болатын. Алайда оның отставкісі қабыл алынбай, әкім тәртіптік жазамен қызметінде қалдырылды. Бұл жолғы отставкінің тағдыры да алдыңғысының кебін киген сияқты. Себебі үкімнің күшіне енгеніне бір айдан асып кетті. «Құда да тыныш, құдағи да тыныш». Ақментай Есбаевтың өзі жуырда ғана Түркістанның төрінде атқарған жұмыстары туралы баспасөз мәслихатын берді. 

Осы жерде айта кетейік, Қазақстанда қосшысы парамен ұсталса, басшысына отставкіге кетуге мәжбүрлейтін тәртіп Тұңғыш президент Нұрсұлтан Назарбаевтың тұсында көтерілген. Бірақ ақырғы шешімді Елбасы емес, 2019 жылдың желтоқсанында  президент Қасым-Жомарт Тоқаев қабылдап, қолданысқа енгізді. Содан бергі аралықтағы екі жылда Түркістан облысында  бірде-бір шенеунік отставкіге кеткен жоқ.Келес ауданының әкімі  Есбаев бір емес екі рет отставкі құрығынан оңай құтылған секілді.  Мұның алдында өзі қолдап-қорғап жүрген қарамағындағы ауыл әкімінің жемқорлық қылмысы үшін отставкіге арыз берген Кентау қаласының әкімі Дәурен Махажанов та креслосын сақтап қалды. Бір әкімге екі рет берілген кешірімінен кейін Түркістан облысында енді біреу-міреуді отставкіге жіберуге ешкімнің де моралдық құқығы жоқ. 

Қазіргі уақытта Шымкент қаласы Қаратау аудандық сотында Бәйдібек ауданы әкімінің орынбасарының ісі қаралып жатыр. Түркістан облыстық қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотында облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының бұрынғы басшысы Полат Қырықбаевтың соты өтіп жатыр. Егер «зәмәкім» мен Қырықбаевқа сот айыптау үкімін шығарса, ол күшіне енген соң Бәйдібек ауданының әкімі Ержігіт Шәріпбек пен Шөкеевтің спорт саласында бақылау жасайтын орынбасары Сәкен Қалқаманов та сөгіс немесе қатаң сөгіспен қызметінде қалдырылса енді еш таңқала қоймаспыз. 

Тоқаевтың бастамасы осылайша Түркістан облысында дүбірлеп басталып, соңы күбірлеп аяқталды. Сонда мұндай шешімді қабылдағандар пәрменсіз бе, әлде осы талапты орындауға құлықсыздардың ойында біз білмейтін бір гәп бар ма?  

"Рейтинг" газеті, қараша, 2021 ж

«ҚазТрансГаз Аймақ»-тың шартымен келіспейміз!
Елді шулатқан депутат мандатынан айырылды. Ендігі кезек кімдікі?
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу