«Мұндай үкімге келіспеймін»: Жанболат Мамай
03-03-2023
Тіркелмеген Демократиялық партияның жетекшісі Жанболат Мамай туралы елдің аузында әрқилы пікір бар. Біреулер үшін Мамай адам құқығы, әділлдік үшін күресіп жүрген белсенді. Енді біреулер үшін билік пен оппозицияның арасында жүрген ойыншы ғана.
Жуырда «Алтын орда» сайты Жанболат Мамай туралы бірнеше фактілерді алға тартыпты. Сайттың жазуынша, жоғарыдағылар Демпартияның жетекшісіне келгенде біраз артықшылықтар жасайтын көрінеді. Мәселен басқа белсенділерге митинг жасауға рұқсат етілмейді. Ал Мамайға келгенде жол ашық. Екіншіден, күштік құрылымдар митингіге шыққан Мамай мен оның жақтастарына келгенде мейілінше кеңпейілділік танытады екен. Жанболат Мамайды оппозицияның өз іші де онша жақтыра бермейді. Сайттың жазғанына сенсек, Жанболат Мамайды уақтысында Мұхтар Әбіләзов қаржыландырған. Белсендінің өзі Әбіләзовтан 110 мың доллар алғанын мойындаған көрінеді.
Жанболат Мамайға оппозициялық қызмет жаман табыс әкелмейді. Ол Алматының элиталық аудандарында орналасқан құны 70 миллион теңгелік зәулім үйде тұрады. Қызы элиталық мектепте оқиды. Оның жылдық оқу ақысы 1,9 миллион теңгені құрайды екен. Алайда фактіні келтіріп отырған жоғарыдағы сайт мұндай мәліметтің қайдан алынғанын, дерекөзін көрсетпеген. Жанболат Мамайдың кедей тұрмайтындығы оның және жұбайы Инга Иманбайдың әлеуметтік желіге жүктеген фотоларынан да байқауға болады. Мамай осыншама байлықты қайдан алған? Оның меншігінде қандай бизнестері бар? Шенеуніктердің жиған тергенін, мүлкін, бизнестерін түгендеп жүрген Мамай ақпарат құралдарындағы өзіне қатысты осындай жарияланымдарды елеусіз қалдырмай, тиісті жауабын беру керек шығар деп ойлаймыз.
Ал енді Мамайды биліктің адамы деуге қандай негіз бар? Бұл өздері түк тындырмаса да біреуді сынауға бейім тұратындардың болжамы ғана ма? Бірақ соңғы кездері митингіге шығуды жиілеткен Мамайдың билікпен күресінен мән кете бастаған сияқты. Бүйте берсе, Мамай айналасындағы азғантай топтың да сенімін ақтамауы мүмкін. Ақырын күтіп көрелік. Кімнің күрескер, кімнің ойыншы екендігін уақыт өзі анықтап береді. Енді Мамай мен Байбектің арасындағы сотқа тоқталсақ.
Естеріңізде болса жуырда Бауыржан Байбек Жанболат Мамайдың өзі туралы видеосында жалған мәліметтер келтіргенін, сол үшін оның үстінен сотқа талап арыз беретіндігін мәлімдеген болатын. Сот Алматы қаласының Әуезов ауданында өтіп жатыр. Соттың алғашқы отырысына Бауыржан Байбектің өзі қатыспады. Оның мүддесін адвокаты қорғаған.
Талап арыз орыс тілінде жазылғандықтан судья қатысушыларға орыс тілінде сөйлеу керектігін ескерткен. Алайда, жаупкерлер Ж.Мамай мен И.Иманбай мемлекеттік қазақ тілінде сөйлейуге толық құқықтары бар екенін айтып, орыс тілін түсінетінін және алдағы сот барысында өздері келтіретін аргументтердің бәрін қазақ тілінде айтатындарын мәлімдеді. Судьяның бұған келіспеуге шарасы қалмаған. Қазір әлеуметтік желіде көпшілік талап арызды орыс тілінде берген Бауыржан Байбектің әрекетін сынап жатыр. Алайда бұл жерде бір мәселені атап өткен жөн. Жанболат Мамай Бауыржан Байбек туралы фильмін орыс тілінде таратты емес пе? Талап арыз сол себепті орыс тілінде берілді. Талапр арыздың орыс тілінде берілуіне басқа себеп жоқ сияқты.
Бұл соттың немен аяқталары белгісіз. Жанболат Мамай фильмде Байбектің біраз былықтарын жайып салған болатын. Ол енді мұны сотта дәлелдей ала ма?
Қалай десек те, осы сотта жеңсе де, жеңілсе де билік партиясының жетекшісімен айқасқан Жанболат Мамай біраз саяси ұпай жинайтыны айдан анық.