Сұлтанханов сынға ілікті
03-05-2023
Түркістан облысы әкімінің орынбасары Мейіржан Мырзалиевтың істі болғаны туралы мәліметтің анық-қанығы әзірге жария етілген жоқ. Бірақ ақпарат құралдарында, әлеуметтік желіде әрқилы болжамдар айтылып жатыр.
Кейбір БАҚ-тар әкім орынбасарының ісін шетелден ауыл шаруашылығы техникаларын әкелуімен байланыстырып жатыр. Бірақ нақты ресми дереккөзі жоқ. Кім біледі, бәлкім бұл жай ғана қауесет шығар. Бірақ «жел тұрмаса шөптің басы қимылдамайды» деген сөзді де жоққа шығаруға болмайды.
Әкім орынбасарының үстінен бюджет қаражатын талан-таражға салды деген факті бойынша тергеу амалдарының басталғаны туралы алып-қашты мәлімет дүйсенбіде телеграм каналдарының бірінде жарияланды. Шенеуніктің денсаулығына байланысты демалысқа кеткені де айтылды. Әлеуметтік желіде әрқилы пікірлер өрбіп бара жатқан соң сейсенбіде Түркістан облысы әкімдігінің баспасөз қызметіндегілер Мейіржан Мырзалиевтің қазіргі уқытта "гипертониялық криз" диагнозымен облыс ауруханаларының бірінде ем қабылдап жатқан туралы ақпарат таратты.
Артынша Сыбайлас жемқорлықа қарсы іс-қимыл агенттігі ресми мәлімдеме жасап, әкімі орынбасарының ұсталғанын жоққа шығарды.
-Мырзалиев сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің өндірісіндегі қылмыстық іс бойынша қорғалуға құқығы бар куәгер ретінде шақырылды. Ол күдікті ретінде танылған жоқ, оған қатысты бұлтартпау шарасы таңдалмады. Өзге ақпарат тергеу мүддесіне сәйкес жарияланбайды, - делінген хабарламада.
Қылмыстық-процестік кодекстің 78-бабында қорғалуға құқығы бар куәге мынандай анықтама берілген:
«Егер адам қылмыстық құқық бұзушылық туралы арызда және хабарда оны жасаған адам ретінде көрсетілсе не қылмыстық процеске қатысатын куә оған қарсы айғақ берсе, бірақ мұндай адамға процестік ұстап алу қолданылмаса не оны күдікті деп тану туралы қаулы шығарылмаса, онда ол қорғалуға құқығы бар куә мәртебесін алады». Яғни, бұдан шығатын қорытынды құзырлы органдарға арызданған адамның хатында немесе оның ауызша жауабында Мейіржан Мырзалиевтің аты-жөні нақты аталған. Енді тергеушілер мұның қаншалықты негізді екендігін анықтауы тиіс. Егер негізді екендігі анықталса, қорғалуға құқығы бар куәнің айыпталушыға айнала салуы әп-сәтте. Егер әкім орынбасары қылмыстық жауапқа тартылса, мұның бәрі де айналып келгенде Шөкеевтің карьерасына көлеңке түсіретіні айтпаса да түсінікті.
Жуырда Түркістанға Елбасының өзі арнайы келді. Осы сапарында Тұңғыш президент рухани астанада атқарылып жатқан жұмыстарға өте жоғары баға берді. Тіпті Шөкеевке арнайы құрмет білдірді. Кім біледі, кейбіреулер орынбасарына қатысты жағдай Шөкеевтің позициясына берілген соққы екендігін айтып отыр. Сонда бұл Шөкеевті аяқтан шалу ма?
Істің мән-жайы алдағы күндері белгілі болмақ.
Айта кетері, Мейіржан Мырзалиев Түркістан облысы әкімінінің орынбасары лауазымына 2019 жылы Шөкеевпен бірге келген болатын. Ол 1998-2002 жылдары Қазақ Мемлекеттік Заң Университетін заңгер, 2005-2006 жылдары Ломоносов атындағы Мәскеу Мемлекеттік Университетін экономист, 2010-2011 жылдары ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару Академиясын, 2014-2016 жылдары Дьюк Университетін халықаралық саясат магистрі мамандығы бойынша білім алған. Түркістанға келгенге дейін Қостанай облысы әкімінің орынбасары қызметін атқарған.
"Рейтинг" газеті