Түркістанның әкімін не түлен түртіп жүр?

Oinet.kz 20-05-2021 1968

«Рейтинг» газетінің өткен нөмірлерінің бірінде біз Түркістан қаласының әкімі Рашид Аюпов пен оның қарамағындағы қызметкерлердің жауапсыздығынан төтенше жағдай кезінде мүгедектердің мемлекет тарапынан коммуналдық қызметтерге берген жеңілдіктерін пайдалана алмай қалғанын жазған едік. Осы мақаламызда Түркістан қалалық әкімдігінің өзі отырған ғимаратты сатып жібергенін де тілге тиек еткенбіз. Тақырыпқа қайта айналып соғуға тура келіп отыр.

Screenshot_5.jpg

"Рейтингтің" коллажы

Осы аптада республикалық ақпарат құралдарында Түркістан қаласы әкімдігі сатып жіберген ғимараттың экономикалық соттың шешімімен қайтарылғаны туралы мәліметтер жарияланды. Ғимарат қала әкімі Рашид Аюповтың шешімімен аукционға шығарылып, ақыр аяғында заңсыз әрі нарықтық бағасынан әлдеқайда арзан сатылып кеткен болып шықты. Түркістанның әкімін не түленнің түрткенін кім білсін?

Ал сот шешімінде, тіптен қайран қаларлық мәліметтер кездеседі. Айта кетері, ғимарат Түркістан қалалық прокуратурасының талап арызымен және аталған құзырлы органның табандылығының нәтижесінде мемлекетке қайтарылған. Мәселенің мән-жайына қарағанда, Түркістан қалалық әкімдігі қаншама жылдардан бері отырып келе жатқан құтты ғимаратынан безініп, одан көшіп кетеді. Ғимаратты қонақүйге айналдыру жоспарланған.  

Рашид Аюповтың өзі кешегі күні халыққа арнаған бейнеүндеуінде бұл облыстық әкімдіктен келген тапсырма екендігін алға тартыпты. Әкім мұндай шешімді биыл наурызда Түркістанда өтуі тиіс саммитпен байланыстырған. Апыр-ай, ә, сонда қалай, әкімдіктің 1-2 күндік жиын үшін өзі отырған ғимаратты қонақүйге айналдырмақ болған әрекеті ақылға сия ма? Әлде Түркістанда онсыз да өтпей қалған саммит жай ғана сылтау ма? Мұның арғы жағында көпшілікке белгісіз біраз гәптің бары анық. Мәселені бұдан әрі сот шешімімен өрбітсек.

Алғашқыда әкімдік ғимаратын жекешелендірумен облыстық әкімдік айналыспақ болған. Осы себепті ғимаратты облыс әкімдігінің коммуналдық меншігіне беру жөнінде шешім қабылданады. Алайда бұл жағы заңға томпақ келсе керек, ақыр аяғында ғимарат қайтадан Түркістан қалалық әкімдігінің құзырына өткен.

Былтыр тамызда ғимаратты электрондық сауда-саттыққа қойып, жекешелендіру туралы Түркістан қаласы әкімінің қаулысы қабылданады. Яғни, заңсыздықтардың бәрі Аюповтың қабылдаған осы қаулысынан басталған.  

Осы кездері қалалық әкімдік бұрын Түркістан облыстық әкімдігі отырған, мұражай ғимаратына көшіп алады. Ал ескі әкімдіктің ғимаратының ішінде бұзу жұмыстары басталған. Әкімдік өзіне тиесілі, әлі сатылмаған ғимаратты сақтап қалу шараларын жүргізбеген. Нәтижесінде бұзу жұмыстарының салдарынан кейіннен бағалау кезінде ғимараттың  шаршы метрінің нарықтық құны 29,17 пайызға дейін төмендеген. Ғимаратты кімнің бұзғанына біз сәлден кейін қайтып ораламыз. Алдымен бағалау жұмыстарына тоқталсақ.

18 тамызда қалалық әкімдік «Бағалау және сараптама» ЖШС-мен  ғимаратқа бағалау жұмыстарын жүргізу жөнінде келісім жасайды. Дәл сол күні аталған серіктестік ғимаратты 313 736 279 теңгеге бағалап берген. Сот барысында бағалау жұмыстарының талапқа сәйкес жүргізілмегені анықталған.

«Бағалау және сараптама» ЖШС-мен физикалық сипаттамалары тура келмейтін, бәсекелес бола алмайтын жылжымайтын мүліктің шаршы метрі үш есе төмен объектілермен салыстырылып, яғни ғимараттың құны нарықта мағыналас нысандардың жоқтығына қарамастан, баламалы әдісті негізсіз қолдану арқылы шығарылған»,– делінген сот шешімінде. Тіпті бағалау кезінде ғимаратқа 2018 жылы 257 миллион теңгеге  жөндеу жұмыстарының жүргізілгені де ескерілмеген. Былтыр желтоқсанда Түркістан облысы бойынша сот сараптамалары институтының берген қорытындысы ғимараттың құны 438 604 616 теңгені құрайтынын, ал оны қалпына келтіру жұмыстары үшін 146 941 361 теңгені қажет ететінін анықтап берген. Яғни, ғимарат өзінің нарықтық құнынан әлдеқайда аз бағаланған. Осындай былық-шылықты жасаған бағалаушы компанияның өкілдері шақырылғанымен сотқа келмеген.

Қазанда аукцион өтеді. Онда көкшетаулық К.Бектасова деген жеке кәсіпкер, ғимаратты бағаланған құнынан бір тиынын да көтерместен  313 736 279 теңгеге сатып алған. Сол қазанда әкімдіктің экономика бөлімімен алып-сатып алу туралы келісімшарт түзіледі. Прокуратураның берген талап арызын қанағаттандырған экономикалық сот осы келісімшарттың күшін жойды. Бірақ Түркістан қалалық әкімдігі мен жеке кәсіпкер сот шешімімен келіспейді. Олар жоғары инстанцияларға шағым беретіндіктерін айтып отыр.

Түркістан қаласының әкімі Рашид Аюпов осы даулы мәселеге ақпарат құралдары арқылы берген түсініктемесінде ғимараттың нарықтық құнының 50 миллион теңгеден асатынын айтыпты. Төрт қабатты, қаланың қақ ортасындағы ат шаптырым жері бар ғимарат 50 миллион теңге тұрады деу қисынға келе ме? Түркістанда қазір бір қабатты тұрғын үйдің бағасы да бұдан асып түсуі мүмкін. Өйткені облыс орталығы, көркейіп жатқан қалада жылжымайтын мүліктің құны күн санап шарықтап барады.

Ал жеке кәсіпкер Қ.Бектасованың ақпарат құралдарына берген сұхбатына қарағанда, ғимаратты сатып алғанға дейін-ақ, оның ішіндегі көп дүниелер бүлінген.

– Түркістанға статус берілген кезде «BІ Group» бір нәрсе жасағысы келген, сондықтан оның іші бұзылған дейді. Ғимараттың іші цемент пен сынған, шашылып жатқан құрылыс заттарына толы, – депті Құлбибі Бектасова.  

Осы жерде ғимараттың әлі сатылмай жатып, бұзу жұмыстарының жүргізілгеніне қайта оралсақ. Кәсіпкердің айтқанынан бұзу жұмыстарын атышулы «BІ Group» компаниясының жүргізгені аңғарылады. Дәл сол аралықта Шымкентте атшабардың орнына тұрғын үй кешенін саламыз деп, елді шулатып жатқан компания Түркістан қалалық әкімдігінің бұрынғы ғимаратында әлдебір коммерциялық жобасын жүзеге асырмақ болғанға ұқсайды. Алайда кейінірек компания бұл жобасынан айнып қалған. Осыдан кейін барып, ғимаратты аукцион арқылы жеке кәсіпкер Бектасова сатып алған. Осы болжам қисынға келетін сияқты.

Міне, мәселе қайда жатыр?! Яғни, ғимаратты жекешелендірудің  арғы жағында биліктегі біраз азаматтардың, компаниялардың мүдделері жатуы ықтимал. Бір қызығы, бюджеттің азын-аулақ қаржысын жеген немесе заңсыз жұмсағандар сотталып, темір тордың арғы жағына кетіп жатыр. Ал өздерінің заңсыз шешімдерімен мемлекетке 100 миллиондаған шығын келтірген түркістандық шенеуніктер түк болмағандай тірліктерін атқарып жүре бере ме? Егер сот шешімі күшінде қалдырылса,  ғимаратты қайта қалпына келтіруге қажетті 146 миллион теңге шығынды кім төлейді? Елді шулатқыш «BІ Group»  компаниясы ма әлде Түркістанның әкімі Рашид Аюпов па?  P.S. Айтпақшы, Рашид Аюповтың Түркістандағы жалғыз мәдениет үйін қалай жекешелендіріп жібергеніне алдағы уақытта арнайы тоқталатын боламыз.

"Рейтинг" газеті,

№20, 20 мамыр 2021 ж

Тоқаев Мәскеудегі парадқа неге бармады?
Күдікті емес, куәгер
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу