Тоқаев Мәскеудегі парадқа неге бармады?
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Мәскеуде өткен Жеңістің 76 жылдығына арналған парадқа барған жоқ.
Мемлекет басшысының Ресей астанасында өтетін әскери шеруге қатыспайтыны алдын ала белгілі еді. Себебі Президенттің баспасөз қызметі бұған дейін осы жөнінде ақпарат таратқан. Онда:
- БАҚ өкілдерінен Қасым-Жомарт Тоқаевтың Мәскеудегі Жеңіс күніне арналған парадқа қатысатын-қатыспайтынын сұраған сауалдар келіп түсіп жатыр. Ресей тарапынан парадқа шақыру келген жоқ. Сондықтан Мемлекет басшысының жұмыс кестесінде Мәскеуге сапар жоспарланбаған,-делінді.
Путин бұл жолы Тоқаевты ғана емес, парадқа шетелдің бірінші басшыларын шақырған жоқ. Тек Тәжікстан президентінен басқа...
Расында да Мәскеудегі әскери шеруде Путинмен бірге иық тіресіп Эмомали Рахмонның жүргені көпшілік арасында түсініспеушілік тудырды. Бұл немен байланысты? Жуырда ғана қырғыз-тәжік шекарасында болған қақтығыспен бе? Алайда кейіннен белгілі болғандай, Тәжікстан 2021 жылы Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымына төрағалық етуде. Рахмон Мәскеудегі әскери шараға аталған ұйымға төрағалық етіп отырған елдің басшысы ретінде шақырылған.
Путин Жеңіс күнінде бұрынғы одақтас елдердің басшыларына құттықтау хаттарын жолдаған. Ресей президентінің құттықтауын тек Украина мен Грузия елдерінің басшылары алған жоқ. Мұның арғы жағында біраз саясат жатыр.