Шымкентте көшеттер қурап, субұрқақтар қаңтарылып тұр

Oinet.kz 01-06-2021 1656

Шымкентте былтыр егілген көшеттердің қурап, субұрқақтардың әлі іске қосылмағанын ақпарат құралдары жарыса жариялап жатыр. Мегаполиске төтесінен келген ешқандай апат жоқ. Бәрі де сол баяғы шымкенттік, шенеуніктік әдіс-тәсіл. Әлдебір компания тендерге баса-көктеп кіріп, жоғарыдағы қолдаушыларының арқасында лоттарды иеленіп кеткен. Алайда мойнына алған міндетін атқаруға қауқарсыз болып шыққан. 

Screenshot_3.jpg

Қазір осы компанияның артында Шымкент қаласы әкімінің бір орынбасарының тұрғаны айтылып жатыр.  Осы аптада редакцияға тендерден заңсыз шеттетілген «Шымкент жасыл қала» ЖШС-ы жұмысшыларының арызы келіп түсті. Аталған компания 2006 жылы құрылған. Гүзарлар мен саябақтарды, субұрқақтарды, ұңғымаларды күтіп ұстауға маманданған, осы саладағы жинаған тәжірибесі мол, бес қаруы сай мекеме. Мегаполис содан бергі 15 жылда  осы «Шымкент жасыл қаламен» дамыды, гүлденді, көркейді десек артық айтқанымыз емес.

Компанияның директоры Ұланбек Алдабергеновтің айтуынша, серіктестік сол 2006 жылдан бастап саябақтар, гүлзарлар, субұрқақтарды күтіп ұстауға қатысты тендерлерді ұтып алып жүрген. Басқаны былай қойып, компанияның былтыр, «Шымкент ТМД елдерінің мәдени астанасы» жылы аясында  атқарған жұмыстарына тоқтала кетсек. 2020 жылы пандемияның кезінде серіктестікте жұмыс істеп, нәпақасын тапқандардың саны 530-дан асқан. «Шымкент жасыл қаланың» кәсіби мамандарының қолымен шаһардағы  бірқатар саябақтар қайта жаңғыртылған.

- Мәселен, мегаполисте қаланың ең сүйікті орнына айналған Арбат, әл-Фараби алаңдары абаттандырылды. Осы Арбаттағы тұрғын үйлердің  қас бетін жаңарту, шатырларын, есік-терезелерін толығымен ауыстыру жұмыстарын демеушілік көмек ретінде өз есебімізден жүргіздік.  «Шәмші әлемін», Чернобыль апатында қаза болғандарға арналған аллеяны, атшабардағы Наурыз алаңын, Қонаев-Түркістан, Қонаев-Иляев көшелерінің қиылысындағы және 8 мөлтекаудандағы гүлзарларды, Балалар темір жолын абаттандырдық. Бас-аяғы 8 нысан қайта жаңғыртылыпты. «Шәмші әлемінің» жаздық сахнасын, колонналарын  өз есебімізден жаңарттық.  Бұдан бөлек жұмысшыларымыз Түркістан қаласында 30 гектар жерге Дендробақ салды. Осындай материалдық-техникалық базасы мықты, мамандарының тәжірибесі мол, өзінің жоғары кәсібилігін дәлелдеген компанияның тендерден  шеттетілуі мегаполистің дамуына жасалып отырған қиянат,  - деді директор. 

Енді істің мән-жайына тоқталсақ. Биыл Шымкент қаласының мемлекеттік сатып алу басқармасы мегаполисте саябақтар мен гүлзарларды ұстап тұруға тендер өткізеді. Конкурсқа  4 мердігер – «Шымкент жасыл қала», «Сарыағаш Аман», «Buіld Stroі» және «ЛТД Тұрмыс»  серіктестіктері қатысқан. Күтпеген жерден конкурстың нәтижесі бойынша бірінші орынға  жоғарыдағы қызметтерге 1 369 605 654 теңге баға ұсынысын берген «Buіld Stroі» компаниясы жеңімпаз деп танылады. Ал осы жұмыстарды 1 348 958 333 теңге, яғни, жоғарыдағы қатысушыдан 20 647 321 теңге арзанға орындап беруге ұсыныс берген «Шымкент жасыл қала» ЖШС  «біліктілік талаптары сәйкес келмейді» деген негізбен конкурстан шеттетілген.  Конкурстық комиссияның  ұйғарымында серіктестіктің 5 тонналық автопогрузчигі, 30 тонналық катогы, 1 техник-механик маманы жоқ екендігі көрсетілген.

Screenshot_4.jpg

– Алайда мемлекеттік сатып алу басқармасының шығарған шешімімен біз келіспейміз. Себебі серіктестіктің конкурсқа тапсырған  өтінімін зерделеу барысында 1 дана 5 тонналық автопогрузчиктің, 1 дана 30 тонналық катоктың бары құжаттармен расталып,  тіркелген. Яғни, комиссия бұрмалаушылыққа барды ма деген күдігіміз бар.  Екіншіден, серіктестіктің біліктілігі туралы мәліметтерде Ә.Мырзатайдың мамандығы қате жазылып кеткен. Ол техник-механик деп емес, техник-электрик деп көрсетілген. Заң бойынша егер конкурсқа қатысушы өтінімінде түзетуге болатын грамматикалық немесе арифметикалық қателер болса, конкурстық құжаттаманың талаптарына сәйкес келеді. Демек конкурстық комиссия серіктестіктің өтінімінен негізсіз себептермен бас тартқан,– дейді Ұ.Алдабергенов.

Ең қызығы мынада, осы аталған конкурсқа тапсырысты Шымкент қаласының жайлы ортаны дамыту басқармасы (бұл бұрынғы табиғат және табиғи ресурстарды пайдалануды реттеу басқармасы.Ж.Т) болған. Конкурстық комиссияның төрағалығына аталған басқарманың басшысы Ахмет Татыбаев бекітілген. Алайда Татыбаев құзырлы органдарға жазып берген түсініктемесінде конкурс кезінде өзінің орнына басқа адамның дауыс бергенін көрсеткен. Сонда бұл қалай? Яғни, Татыбаев конкурстың заңға сәйкес болмағанын әу бастан-ақ мойындаған және сақтық шараларын жасаған деген сөз. Дәлірегі ол жауапкершіліктен басын арашалап қалуға талпынған сияқты.

Осыдан кейін тендерден  шеттетілген «Шымкент жасыл қала» ЖШС-ының басшылары құзырлы органдарға шағымданады. Арызданушылар бізді Шымкент қаласы прокуратурасының берген жауабымен де таныстырды.  Комиссияның заңды белден басқаны хатта тайға таңба басқандай жазылған.

– 2021 жылғы 18 наурыздағы қорытындылар туралы  хаттамаға сәйкес конкурстық комиссия өзіне ыңғайлы әлеуетті өнім берушілер «Buіld Stroі» және «Сарыағаш Аман» ЖШС өтінімдерін конкурсқа  қатысуға рұқсат беріп, конкурс қорытындысымен 1 369 605 654 теңге баға ұсынған «Buіld Stroі» ЖШС-ін жеңімпаз ретінде заңсыз таныған,– деген қала прокурорының орынбасары  Б.Мұхамеджанның жауабында Шымкент қаласы бойынша ішкі мемлекеттік аудит департаментіне конкурстың күшін жою шараларын қарастыру ұсынылған. Алайда   ұсыныс осы уақытқа дейін ескерілмеген. Бұл «Шымкент жасыл қала» компаниясын тендерден  шеттетудің бірінші фактісі. Енді екіншісіне тоқталсақ.

Қаладағы субұрқақтарды күтіп ұстау бойынша өткізілген екінші тендерді де қалалық мемлекеттік сатып алу басқармасы ұйымдастырған. 4 компания «Шымкент жасыл қала», «Айдынбек», «Строительная компания «AAAtyrauGroup» және «ЛТД Тұрмыс» серіктестіктері өтінім берген. Жеңімпаз болып  «Шымкент жасыл» ЖШС танылған. Алайда «AAAtyrauGroup» ЖШС  мұнымен келіспей, ішкі мемлекеттік аудит департаментіне арызданады.

Нәтижесінде «AAAtyrauGroup» ЖШС кемшіліктерінің болуына қарамастан конкурстың жеңімпазы деп танылған, ал «Шымкент жасыл қала»  ЖШС-ының тез арада «кемшілігі» анықталып, тендерден шеттетілген. Кемшілікке серіктестіктің  4 квт жылжымалы электр станциясының орнына 12-15 квт жылжымалы электр станциясын ұсынғаны, электрик-механик У.Аманбаевтың жеке куәлігінің мерзімінің  өтіп кеткені негіз етіп алыныпты.

– Интернеттегі ашық дереккөздерінен алынған ақпараттарға қарағанда,  «Строительная компания «AAAtyrauGroup» ЖШС-ына  2019 жылы 2 жұмысшы, 2020 жылы 0 жұмысшы, 2021 жылы 1 жұмысшы тіркелген. «Сонда компания тендер талабындағы  95 жұмысшыны басқа мекемеден уақытша жалға алған ба?» деген сұрақ туындайды. Жұмысшысы жоқ мекеменің талапта көрсетілгендей,  соңғы он жылда субұрқақтарды күтіп ұстау қызметтерімен айналысқаны, жұмыс тәжірибесінің болғаны күмән туғызады. «AAAtyrauGroup» ЖШС-ының бюджетімізге төлеген салық ауыртпалықтары  20,96 пайызды құрапты. Бұл да күдікті. Себебі мұндай көрсеткішпен ол республика деңгейінде  «үздік салық төлеуші» мекемелердің қатарына енгізілген болар еді. Бірде-бір жұмысшысы не жұмыс тәжірибесі жоқ, бюджетке төлеген салықтары қолдан бұрмаланған серіктестік осылайша жоғарыдағы қолдаушыларының арқасында бәрін оп-оңай иеленіп кете салған сияқты,– делінген арызданушылардың жазған хатында.

Ал енді Шымкенттің саябақ, гүлзарларындағы жағдай адам аярлық.

– Біздің елуден астам техникамыз қаңтарылып тұр. Ал жеңімпаз «Buіld Stroі» компаниясы көліктерді жалға алып жұмыс істеп жатыр. Компанияның өкілері тіпті тендерді ұтып алмай жатып-ақ, жұмысшыларды жинай бастады. Яғни, конкурсты жеңіп алатындықтарына олар әу бастан сенімді болған деген сөз. Тәжірибесі болмағандықтан, жұмысты алып кете алмағандығы ақпарат құралдарынан айтылып жатыр.  «AAAtyrauGroup» компаниясы субұрқақтарды іске қоспаған. Мұның бәрі айналып кегенде қаладағы гүлзарларға, саябақтарға үлкен қауіп төндіреді,– деді директор.  

Біз осы жөнінде қалалық жайлы ортаны дамыту басқармасының басшысы Ахмет Татыбаевпен сөйлеспек болғанбыз. Алайда басшы телефон қоңырауын көтермеді. Оның мессенджеріне мән-жайды түсіндіріп, жазған сауалдарымыз да жауапсыз қалды.

Осы аралықта оқырмандарымыз қаладағы гүлзарларда  қурап жатқан көшеттердің фотоларын да жіберіпті. Енді бір-екі күнде жаз басталады. Көшеттер қазірден қурап жатса, ертең жазда, шіліңгір шілдеде жағдай қандай болады? Мұның соңы шымкенттік шенеуніктердің масқарасын шығаруы әбден мүмкін.

Айтпақшы, жоғарыдағы «Buіld Stroі» компаниясының артында Шымкент қаласы әкімінің бір орынбасарының тұрғаны туралы ақпарат тарап жатыр. Сонда қала әкімі Мұрат Әйтеновті өзінің орынбасары ұятқа қалдырмақ па? Шенеунік-орынбасар қаланың  жағдайын емес, өзінің қу құлқынын, жеке бизнесінің қамын күйттеп жүргені ме? Даудың артында тұрған «диспетчер» кім?

Ал «Шымкент жасыл қала» әділдік іздеп, сотқа талап арыз беріп отыр. Яғни, қызықтың бәрі алда деген сөз. Біз бұл тақырыпқа қайта ораламыз. «Buіld Stroі»  компаниясының артында қай «замәкімнің» тығылып отырғанын да бәлкім сол кезде ашық айтатын боламыз.

"Рейтинг" газеті, 

27 мамыр, 2021 ж

Мамай миллиондарды қайдан тауып жатыр?
Шымкентте Ресей азаматының орнына Қазақстан азаматы басшы болып тағайындалды
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу