Шымкентте Ресей азаматының орнына Қазақстан азаматы басшы болып тағайындалды
Шымкент қаласы әкімінің өкімімен Бауыржан Қалмұхамедұлы Тұманбаев қалалық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы болып тағайындалды.
Олег Почивалов, Бауыржан Тұманбаев
Бауыржан Қалмұхамедұлы 1974 жылы Оңтүстік Қазақстан облысында дүниеге келген. Білімі – жоғары, мамандығы - дене тәрбиесі пәнінің оқытушысы және спорт жаттықтырушысы, мемлекеттік басқару бакалавры. Еркін күрестен ҚР Еңбегі сінген жаттықтырушы.
Қызмет жолы 1991 жылы №1 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің жаттықтырушысы болудан басталған. Кейіннен түрлі жылдар аралығында Сайрам аудандық білім беру және спорт бөлімінде бөлім меңгерушісінің орынбасары, бөлім басшысы, ОҚО спорт бөлімінің басшысы болған. 2013-2017 жылдары ОҚО дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары лауазымында жұмыс жасады.
2017 жылы ОҚО жекпе-жек спорт түрлерінен олимпиада резервінің мамандандырылған балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің директоры, 2018 Шымкент қаласының Олимпиада резервін даярлау орталығының директоры.
2020 жылдан бүгінге дейін Шымкент қаласының дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары қызметін атқарып келді.
Еске сала кетейік, бұған дейін аталған басқарманы Олег Почивалов басқарқан болатын. БАҚ беттерінде оның Ресей азаматы екені туралы жиі айтыла бастады. Биыл ақпан айының басында Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департамент басшысы Әли Көмекбаев шенеуніктің Қазақстан азаматтығынан айырылғаны туралы ақпарат қалалық Полиция департаментінен келіп түскенін мәлімдеген еді.
Кейінірек қалалық Полиция департаменті көші-қон басқармасы бұл мәліметті былайша түсіндірді: «Көші-қон басқармасының қызметкерлері тексеру жұмыстарын жүргізу барысында 1974 жылы туылған азамат Почивалов Олег Владимировичке ҚР Азаматтық туралы Заңның 21-бабының 5-тармағының талаптарына сәйкес, Қазақстан Республикасының азаматтығынан айыру жайты тіркелді», – деді Шымкент қалалық ПД көші-қон басқармасының бөлім басшысы Гүлжан Нысанбаева.
Еске салсақ, ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің V отырысында қос азаматтығы бар мемлекеттік қызметшілерге жазаны қатаңдату керектігін айтқан болатын.