Кадиовертер жүрек жұмысын жақсартады
26-01-2024
Ерғали Орманов, Облыстық тіс емдеу емханасының бас дәрігері
- Ерғали Керімбекұлы, Сіз басқаратын мекемеге қашан бас сұқсаңыз да кезек күтіп отырған науқастарға тап боласың. Бұл балалар арасында тіс жегіден зардап шегетіндер қатарының күрт көбейгендігін көрсетеді ме, әлде бұрыннан қалыптасып кеткен үйреншікті көрініс пе?
- Рас, балалар арасында тісжегіден зардап шегетіндер көбейген. Мұның ең басты себебі - тіс тазалау гигиенасының дұрыс сақталмауы. Балалар тісін қалай тазалау керектігін, түрлі қауіп-қатерден қалай сақтау қажеттігін біле бермейді. Негізінде тісті тәулігіне екі реттен, яғни таңертең және жатар алдында міндетті түрде жуу қажет. Көпшілігіміз тісімізді таңертең тазалағанымызбен, кешкі тазалыққа онша мән бермейміз. Ал түнгі тіс тазалау өте маңызды роль атқарады. Өйткені, кешкі астан кейін ауыз қуысында қалып қойған тағамның қалдықтары таң атқанға дейін тазаланбай, тіске жабысады. Осыдан келіп тісжегі пайда болады. Ол жан-жағын зақымдап, тісті жарамсыз күйге дейін түсіреді. Бүлдіршіндер арасындағы тістің құрттауы көбінше осы тазалыққа мән бермеуден басталады. Тіпті, тәулігіне бір рет те жумайтын балалар да аз емес. Олардың тісжегіден зардап шегуінен бөлек маржандай тістері сарғайып, ақтығын жоғалтады.
- Балалар арасында тіс тазалау гигиенасын қалыптастыру үшін не істеуге болады?
- Тісжегінің неден пайда болатынын балалар түгілі олардың ата-аналарының арасында да көпшілігі білмеуі мүмкін. Бұл кемшілікті тоқтату үшін мектептердегі стоматологиялық кабинеттердің жұмысын жандандыруға күш салудамыз. Бүгінде Шымкент қаласындағы 15 мектепте ауыз қуысы гигиенасы мен тіс ауруларын алдын-алу кабинеттері жұмыс істейді. Облыс бойырша оқушы саны 800 және одан көп 55 мектепте стационарлы стоматологиялық кабинеттер ашылған. Ондағы кабинеттерде баланың тісін емдеумен қатар, аурудың алдын-алу жолдары да жан-жақты үйретіледі. Біздің мамандарымыз қандай тіс шеткасы мен пастасын пайдалану қажеттігін, тісті қалай тазарту керектігін үйретеді. Тісті дұрыс және үздіксіз, уақтылы жуып отырудың нәтижесінде тіс жегіден зақымдану қаупінің 50 пайызға дейін төмендейтіні дәлелденген. Сонымен қатар ауруды алдын-алу үшін тісті фторлы дәрі-дәрмекпен өңдейміз. Тістің бетін фторлы дәрі-дәрмекпен өңдеп қойсақ, тіс жегімен зақымдалмайды. Мұндай әдіс әрбір келген науқасқа жүргізіледі.
- Осыдан екі жыл бұрын мекемелеріңіздің ғимаратына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілгеннен кейін емхананың сыртқы көрінісі өзгеріп шыға келді. Емді сапалы жүргізуге де мүмкіндіктеріңіз артқан болар?
- Біздің мекеме қайта құру кезеңінде өз дәрежесін толығымен сақтап қалған республикадағы емханалардың бірі саналады. Әңгімені әріден бастар болсам, 1980 жылға дейін Шымкент облысында халыққа облыстық және қалалық емханалар стоматологиялық көмек көрсеткен. Шымкент қалалық медицина бірлестігінің құрамында балалардың тісін емдейтін төрт стоматологиялық бөлімше болатын. Олардың әрқайсысында 2 орындық емдеу кабинеттері, хирургиялық және мектептерде стоматологиялық кабинеттер болған. Мектептегі демалыс кезінде дәрігерлер балабақшаларда қызмет еткен. 1980 жылы бұл бөлімшелер біртұтас балалар стоматологиялық емханасы болып біріктіріліп, мамандандырылған емхана ретінде айқындалды. Онда емдеу кабинеттері, ауыз қуысының шырышты қабаты ауруларын емдеу, парадонтологиялық, хирургиялық, функционалды диагностикалық және ауыз қуысы гигиенасының кабинеттері жұмыс істеді. Сонымен қатар, облысымызда алғаш болып тіс техникалық лабароториясы мен ортодонтиялық кабинет ашылып, рентген және сол заманға лайықты жаңа жабдықтармен жабдықталған физиотерапиялық кабинет те жұмыс істеді. Мектептер мен балабақшаларда алдын-ала емдеу жұмыстарын жүргізу үшін мектептерде дәрігерлердің екі профилактикалық бөлімшелері құрылды. Нәтижесінде балалар стоматологиялық емханасы жас дәрігерлерді дайындайтын мамандандырылған, әдістемелік және балаларға ортодонтиялық көмекті ұйымдастыру орталығына айналды. Ал қазіргі біз орналасқан ғимарат 1998 жылы пайдалануға берілді. Облыстық әкімдіктің бұйрығымен 2007 жылдан бері емханамыз облыстық статус берілді.
Емхана пайдалануына берілген жылы ғимараттың жағдайы нашар болатын. Қабырғалары сөгіліп, сапалы қызмет көрсетуге көп кедергі келтірді. 2010 жылы жүргізілген күрделі жөндеуден кейін ғимарат мүлдем басқа кейіпке енді. Сыртқы сәулетінен бөлек жаңадан көптеген медициналық жабдықтар сатып алынды. Қазір емханада облыста алғашқы рет туа біткен ауытқулармен дүние есігін ашқан балаларға арналған оңалту орталығы ашылды. Мұның бәрі Елбасының денсаулық саласына зор қолдау көрсетуінің нәтижесі. Бұл орталықтың арқасында ел арасында «қасқыр таңдай», «қоян жырық» аталып кеткен, яғни бет-жақ сүйектері шала дамыған нәрестелерді алғашқы туылған күнінен бастап емдеуге мүмкіндік туды. Мұндай аурумен туылған сәбилер дұрыс тамақтана алмайды. Олардың жырық жерлеріне арнайы дайындалған пластинка қойылып, жырығы жабылады. Осыдан кейін ғана дұрыс тамақтана алады. Мұндай кабинет екі ауысым бойынша таңғы сағат 8-ден кешкі 20.00-ге дейін жұмыс істейді. Бүгінге дейін қаншама сәбиге осындай ем түрлері жасалды. Сондай-ақ, фторлы дәрі-дәрмектермен тісті өңдеу, тұрақты тістердің сызаттарын жауып емдеу әдісі қолға алынды. Осы әдісті жүзеге асыру үшін облыс бойынша Республикада алғашқы рет 28 гигиенист маман қызмет көрсетуде. Соңғы жылдары емханамызға «Нива» санитарлы автокөлігі, ортопантомограф, визиограф, Жапонияда өндірілген 15 дана «Осада», АҚШ-та өндірілген 9 «Перфомер» атты стоматологиялық құрылғылар, залалсыздандырылған саймандарды сақтауға арналған «Панмедтер» алынды. Қаладан шалғай орналасқан елді-мекендердегі балаларға стоматологиялық көмектің қолжетімділігін арттыру үшін «Купава» стоматологиялық тіркеме және КамАЗ автокөлігіне орналастырылған стоматологиялық жылжымалы кабинет алынды.
- КамАЗ көлігіне орналастырылған жылжымалы кабинет жайлы көпшілік кеңінен хабардар бола бермеуі мүмкін. Оның мүмкіндігі жайлы түсіндіре кетіңізші.
- Бұл жылжымалы медициналық құрал аудан тұрғындары үшін өте ыңғайлы болды десем, артық айтқандық болмас. Мұнда тіс емдеу, жұлу, алдын-алу шараларына қажетті медициналық жабдықтардың барлығы бар. Тіпті, тісті тұтастай жақ сүйегімен қоса түсіретін компьютер де бар. Ол арқылы қай тістің сау, қайсысы тіс жегіден зардап шеккенін, қайсысын емдеу, қайсысын жұлу керектігін нақты білуге болады. КамАЗ-дағы кабинеттің күшімен ғана соңғы кездері Ордабасы ауданының Төрткөл елді-мекеніне арнайы шығып, 18 жасқа дейінгі 1610 бала мен 202 жүкті әйелге қызмет көрсетіп қайтты. Сондай-ақ, Арыс қаласы Байырқұм елді-мекенінде 1523 адамға, Қазығұрт ауданы Жігерген елді-мекенінде 1084 бала мен 80 жүкті әйелге, Бәйдібек ауданы Боралдай ауылында да осынша тұрғынға қызмет көрсетіп қайтты.
- Сіздер қанша халыққа және қандай санаттағы науқастарға қызмет көрсетесіздер?
- Аудан тұғындарына негізінен жаңағы айтқан жылжымалы кабинет арқылы қызмет көрсетеміз. Ал қалада 214 500 адамды қамтимыз. Ұжымда 142 штат болса, оның 56-сы дәрігерлер. Барлығы да тәжірибелі мамандар. Олардың арасында Алматы және Ресейде оқып, тәжірибе жинақтап келген мамандар аз емес. Үкіметтің 2009 жылғы 15 желтоқсандағы қаулысына сәйкес 18 жасқа дейінгі балалар мен жасөспірімдердің, жүкті әйелдердің тісін жұлу, емдеу және пломба салу секілді қызметтері, сондай-ақ, әлеуметтік тұрмысы төмен отбасы мүшелеріне, зейнеткерлерге, мүгедектерге жедел көмек көрсету тегін жүргізіледі.
Емхана құрамында Жапония мен АҚШ-та шығарылған заманауи қондырғылармен жабдықталған 12 емдеу кабинеттері бар. Физиотерапия кабинеті де жаңа жабдықтармен жабдықталған. Ортопаномограф аппаратында бір түсірудің арқасында жоғарғы және төменгі жақтағы барлық тістердің, сонымен қатар танау бөліктерінің де рентген түсірілімін алуға болады. Тіс ауруы жүйкеге қатты әсер ететін ең жаман сырқаттардың бірі. Бұл аурудан зардап шеккендерге жедел жәрдем көрсету үшін дәрігерлер екі ауысымда еңбек етеді. Тіпті, демалыс және мереке күндері де сағат таңғы 9-дан түскі 15.00-ге дейін кезекші дәрігерлер жұмыс істейді. Хирургиялық кабинетте емдеу ғана емес, амбулаториялық оталар да жасалады. Тіс емдеуге қажетті құрал-саймандарды әрі заласыздандырып, әрі таза сақтайтын арнайы «Панмедтер» атты шкафтар пайдаланылады.
- Ақылы қызмет көрсету бөлімі де бар шығар?
- Тегін қызмет көрсетілетін топтың құрамына кірмейтін халықтың сұранысын ескеріп, осыдан екі жыл бұрын ақылы бөлім ашылған болатын. Онда ересектерге емнің түрі-түрі жүргізіледі. Сондай-ақ, балаларға да ақылы қызмет көрсететін ортодонтиялық, ортопедиялық стоматология секілді ем түрлері бар. Ортодонтиялық ем, яғни қисық шыққан тістерді түзеу бүлдіршіннің жас ерекшелігіне және науқастың ауру сатысына орай жасалады. Ортопед дәрігерлер ересектерге теміркерамикалық, алынатын және алынбайтын протездер дайындаумен айналысады. Үстіміздегі жылы тіс еттерін емдеуге арналған «Вектор» атты аппаратты алудың нәтижесінде пародонтологиялық кабинет ашылды. Ал эндодонтиялық кабинетке қойылған «Дентопорт» атты қондырғының арқасында жарамсыз деген тістердің өзін емдеуге мүмкіндік алдық.
Әңгімелескен Ш.Мекенбайұлы