Евгений Дробязко: «Орыс тіліне қарағанда қазақ тілін үйрену оңай»

Oinet.kz 24-03-2019 1024

Screenshot_3.jpg

Евгений Дробязко. Қазақтың «сары баласы» атанған шымкенттік тележурналист Женяны білмейтін жан кемде кем шығар. Тоқсаныншы жылдардың соңыннан бастап «Отырар» телеарнасында қазақ тілінде жаңалықтарды жүргізіп, көрерменнің көзайымы болған Женя кейінгі жылдары «КТК» теларнасының Оңтүстік Қазақстан облысындағы меншікті тілшісі қызметін атқарды.  Кәсіби журналист ретінде есімі күллі Қазақстанға танымал Женя жуырда Астанаға қызмет ауыстырды. Біз осының мән-жайын білмек болып, онымен телефон арқылы тілдескен едік.

  --Шымкенттен кетіп қалғаным рас, жаңа жұмысым Астанада,--деді бізге Женя,-- Жоғарғы соттамын. Осында  баспасөз қызметінің жетекшісі әрі Жоғары соттың ресми өкілі қызметін атқарып жатырмын. Бірақ бұл орынға ресми түрде тағайындалғаным жоқ. Өздеріңізге белгілі,  мемлекеттік қызметке қабылдану үшін алдымен конкурс өтуі тиіс. Мұндай жөн-жоралғы әлі жасалған жоқ.

--Біздің білуімізше, бұл қызметті бұған дейін жерлесіміз Оксана Петерс атқарып келіп еді. Ол қайда кетті?

--Оның қайда кеткенін білмеймін. Бәлкім, телеарнаға оралған шығар. Онымен тілдесудің сәті әлі түсе қойған жоқ.

--Ал, өзің неге журналистикадан басқа салаға ауыстың?

--Телеарнадан ешкім қуған жоқ. Басқа саладан да бақ сынап көргім келді. Нақтырақ айтар болсам,  жақсы бір ұсыныс түсті. Одан бас тартуға болмайтын шығар дедім. Мен журналистикада 15 жылдан бері істеп келемін. Көрермендерімді өте жақсы көремін. Өзімді әлі де осы саланың өкілі санаймын. Жаңа қызметке кіріскеніме екі-ақ апта өтті. Оның соңғы аптасында Талдықорғанда жүрмін. Өздеріңіз де хабардар шығарсыздар, осындағы әскери сотта «Арқанкерген» шекара бекетіндегі қанды оқиға бойынша сот мәжілісі өтіп жатыр. Сотқа қатысқан БАҚ өкілдеріне мәліметтер әзірлеп, жұмыстарын үйлестіріп дегендей шаруаларды атқарудамын. Жұмыс бастан асады.  Тіпті, Астанаға барғалы көшеге шығып, қаланың келбетін тамашалауға да уақыт таппадым.

«Орыс тіліне қарағанда қазақ тілін үйрену оңай»

--Женя, қазақ тілін қалай меңгердің? Оған кімдер ықпал етті?

--Мен Шымкент қаласында қарапайым орыс отбасында дүниеге келгенмін. Орыс сыныбында оқыдым. 9-сыныпқа дейін қаладағы №35 мектепте, ал 10-11 сыныптарды №8 мектепте аяқтадым. Қазақ тіліне бастауыш сыныптан кейін ден қоя бастадым. Шынымды айтсам, қазақ тілін бір каникулда үйреніп кеттім. Оған қатарлас достарымның көмегі көп тиді. Жалпы, менің бір қасиетім, тіл үйренуге деген ерекше қызығушылығым, қарым-қабілетім бар. Осы қабілетімнің арқасында ағылшын, түрік тілдерін де үйреніп алдым. Егер қажеттілік болып қалса, қытай тілін де оңай үйреніп кетер едім.

Әлі есімде, мектепте оқып жүргенімде қазақ тілінен пәндік олимпиадаға қатысатынмын. Аудандық, қалалық, облыстық жарыстарда үнемі бірінші орын алатынмын.  11 сыныпта оқып жүргенімде, 1995 жылы Өскемен қаласында қазақ тілі пәнінен тұңғыш рет республикалық олимпиада өтті (бұған дейін қазақ тілінен республикалық пән олимпиадасы өтпейтін). Осы жарысқа қатысып, бірінші орынды иелендім. Қазақ тілін терең меңгеруіме №35 мектептегі ұстазым Роза Оралбаеваның және №8 мектептегі ұстазым Бибіхан Әшірқызының еңбегі көп сіңді.

--Отбасыңда қазақ тілінде жақсы сөйлейтін өзіңнен басқа біреу болды ма?

--Қарындасым Юля ғана қазақшаны жақсы меңгерген. Ол қазір қаржы саласының маманы. «Цеснабанкте» жұмыс істейді.

--Қазақ тілін үйрену өміріңе қаншалықты өзгеріс әкелді? Өзге ұлттың өкілдері үшін мемлекеттік тілді меңгеру қаншалықты қиын болады деп ойлайсың?

--Егер қазақ тілінде еркін сөйлей алмағанымда тележурналистикаға келу-келмеуім екіталай еді. Мемлекеттік тілді білуім менің өмірімді күрт басқа арнаға бұрды. Қ.А. Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университеті Шымкент бөлімшесінің филология факультетінде оқып жүргенмін. 1998 жылы  жергілікті «Отырар» телеарнасының жүгіртпе жолынан «қазақ редакциясына жүргізушілер қажет» деген жарнаманы оқып, бағымды сынап көрсем дедім. «Отырардың» ұжымы мені өте жақсы қарсы алды. Сол жердегі аға-әпкелерім үлкен қолдау көрсетті. Рас, алғашқыда көптеген қиындықтар болды. Бірақ уақыт өте келе журналистиканың қыр-сырын меңгеріп кеттім. Сол жылдары жаңалықтарды қазақ тілінде жүргіздім. Көремендерге таныла бастадым. Егер мемлекетік тілді меңгермесем мұншалықты танымал болмас едім.

Қазақ тілін үйренудің қиын ештеңесі жоқ. Филолог ретінде айтарым, қазақ тіліне қарағанда қайта орыс тілі әлдеқайда күрделі, үйренуге қиындау. Мектепте оқып жүргенімде бізге АҚШ-тан келген бір мұғалім сабақ берді. Ол кісі қазақшаны жақсы сөйлейтін, ал орысшаға шорқақтау еді. «Қазақ тілін үйрену орыс тіліне қарағанда оңайлау» дейтін.

  Қазақ тілін мемлекеттік тіл ретінде әрбір қазақстандық білуі тиіс деп ойлаймын.  Елбасымыздың өзінен бастап, осыны талап етіп жатыр емес пе? Алдымен әрбір қазақстандықтың көкейіне тілге деген құрмет ұялауы керек. Жастар үшін қазақ тілін меңгеру қажеттілік. Себебі оны білмейінше алдағы уақытта жұмыс істеу мүмкін емес.

 Журналист болып жүргенімде облыстың түкпір-түкпірін аралайтынбыз. Ауылдағы халықпен орыс тілінде түсінісе алмайсың. Қазақ тілін білгенім үшін ауылдағы ағайындар мені жылыұшырай қарсы алып, төріне шығаратын. Емін-еркін пікір алмасатынбыз. Егер қазақ тілін білмесең жергілікті халықпен мұншалықты шұрқыраса алмайсың ғой. Кейде қазақ тілін түсінбейтін әріптестеріме (оның ішінде қазақ ұлтының өкілдері де бар) жаным ашып кетеді. Баспаөз мәслихатында, жиындарда олар қаншама маңызды мәліметтерді жіберіп алады. Мені қоршап алып, «анау не деп жатыр, мынау не жатыр?» деп сұрайтын. Оларға аудармашылық қызмет көрсеткен кездерім де жиі болған. Ал, қазақ тілін білгенімнің арқасында менің алдымнан ондай проблема шыққан жоқ. Қазақ тілін білмегенімде жаңа қызметке де келмес едім. Өйткені баспасөз хатшысы болу үшін қазақ, орыс тілдеріне жетік болуың керек.

«Қазақтың классикалық әндерін ұнатамын»

 --Шығармашылық жолыңда қазақ және орыс тілдерінде хабар жүргіздің? Қазақ пен орыс журналистикасының арасынан қандай ерекшеліктерді байқайсың?

--Қазақ тележурналистерінің орыс әріптестеріне қарағанда деңгейі төмен деп айтуға болмайды. Қазір теларналарға жаңа толқын келіп жатыр. Кәсіби біліктілігі жоғары, шығармашылық ұжыға жаңа леп, жаңаша бағыт алып келіп жатқан жастардың көптігі қуантады. Жалпы, журналистер халық пен биіктің арасындағы алтын көпір саналады. Бүгінгі қазақ журналистері осы міндеттерін толық орындап отыр деп айта аламын.

     --Той-думандарда қазақ әндерін шырқайтыныңды білеміз. Қазақтың қандай әндері ұнайды? Қазақы дәстүрді ұстанасың ба?

--Маған қазақтың классикалық әндері ұнайды. Әсіресе, Шәмшінің әндерін жақсы көремін. Қазақы дәстүрге құрметпен қараймын. Достарымның көбісі қазақ ұлтының өкілдері болғандықтан беташар, шілдехана, сүндет тойларға жиі барып тұрамын.

--«Астана» телеарнасының бұрынғы жүргізушісі Максим Рожин қазақ қызына үйленді. Сенің де алдағы уақытта  қазақ қызымен жұп жарастырсам деген жоспарың жоқ па?

--Ойыңызды түсіндім. Өмірде бәрі де болуы мүмкін. Бірақ міндетті түрде қазақ қызымен отау құрамын деген жоспар қойғаным жоқ. Әр адамның өз тағдыры бар ғой. Бұйырғанын көрермін. Егер өзімді түсінетін, тәрбиелі қазақ қызы жолығып жатса, үйленер едім.  

--Ашық-жарқын әңгімеге рахмет. Жаңа қызметіңе сәттілік тілейміз!

Мұрағаттан, 28.11.2012 ж

Бахадыр Нарымбетов: «Шымкент қазақ тілінің мәртебесін биіктетумен ерекшеленуі тиіс»
Ерғали Орманов: «Заманауи құрал-жабдықтар жұмыс сапасын арттыруда»
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу