Нұржан Әлтаев: «Бизнесті өркендететін жеңілдіктерді жұрт кәдеге жаратса...»
Нұржан Әлтаев, кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығының директоры:
Шымкентте кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығының ашылуы жылдың айшықты жаңалықтарының бірі десек жаңылмаймыз. Шағын және орта бизнесті дамытуға мемлекет тарапынан оңтайлы жағдайлар жасалып, көптеген бағдарламалар қабылданып жатқанымен, осы жеңілдіктерді пайдалану, тіпті ондай мүмкіндіктер жайлы нақты мәліметтерді табудың өзі оңайға соқпайтын. Жаңа орталық ашылған соң бұл кедергі оң шешімін тапты. Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығының жұмысымен осыдан бірер ай бұрын премьер-министр Серік Ахметов те танысып көрді. Мұндай тәжірибені өзге аймақтарға да тарату керектігін қадап айтқан Үкімет басшысы мұндай бастама бизнесті дамытуға тың серпін беретінін атап өтті. Осы тұрғыда жаңа мекеменің басшысы Нұржан Әлтаевпен жолығып, көкейде жүрген сауалдарымызды жолдадық.
- Нұржан Бауыржанұлы, орталықты құру идеясы қашан, қалай пайда болды?
- Мұндай орталықтың керектігі кәсіпкерлік саласында көптен бері айтылып келді. Бірақ, бұл ойды жетілдіріп, жұмыстың нақты бағытын анықтауға біраз уақыт кетті. Елбасымыздың Жамбыл облысына биылғы арнайы іс-сапары барысында кәсіпкерлерге бір терезе қағидасы бойынша жан-жақты қызмет көрсететін орталықтарды құру керектігін қадап айтқан соң бұл бастамаға тыңғылықты кірістік. Басты міндетіміз – кәсіпкерлерді қолдау, түрлі кеңес беру, бизнес жобаларды жүзеге асыруға атсалысу. Үкімет тарапынан бизнесті дамытуға көптеген шаралар қабылданғанымен, тәжірибе көрсеткендей, кәсіпкерлердің басым бөлігі бұл мүмкіндіктерді пайдалана алмай келеді. Себебі, нақты ақпарат жоқ. Тіпті тәжірибелі, мықты деген кәсіпкердің өзі де белгілі-бір мемлекеттік бағдарламаны оқыған жағдайда, ондағы мүмкіндіктерді бірден түсінуі екіталай. Өйткені, бағдарлама мәтіні тым күрделі тілмен жазылған, барлығын түсіну үшін заңгер болу қажет. Біз өз мамандарымыздың күшімен барлық мемлекеттік бағдарламаларды сараптаудан өткізіп, ең керекті ақпаратты, былайша айтқанда мәйегін жинастырдық. Соны келушілерге қысқа әрі нұсқа, түсінікті тілмен жеткіземіз. Мұндай база тек бізде бар.
- Сонда кәсіпкерлер қолдана алмай жатқан нақты қандай мүмкіндіктер бар?
- Бизнесті дамытуға ең қажетті нәрсе – қаражат. Қаражат көзі – несие. Бұл бір. Екіншіден, мемлекет тарапынан түрлі жеңілдіктер, өтемақылар мен субсидиялар қарастырылған. Мұндағы мәселе – кәсіпкер өзіне тиімді жолдарды таба білуі қажет. Айталық, сіздің бизнес идеяңыз бар делік. Несие алу үшін бизнес жоспар даярлау керек. Бірде-бір банк сізге оны жазып бермейді, мемлекеттік бағдарламалардың беретін мүмкіндіктерін тәптіштеп түсіндіріп жатпайды. Ал біздің менеджерлер сіздің бизнес идеяңыз бойынша іске кіріседі. Бизнес жоспар жасайды, заңгерлік кеңес береді. Барлық қызметіміз тегін. Білікті мамандардың осындай ақыл-кеңестері арқылы кәсіпкер түрлі қиындықтарға ұрынбай, кәсібін өрге домалатуға мүмкіндік алады. Мәселен, жер телімі қажет болса, біздің орталық арқылы индустриалдық аймақтарда жалға берілетін өндірістік орындар жайлы ақпарат ала аласыз. Онда дайын инфрақұрылымы бар, қосымша шығындар шығарудың қажеттілігі болмайды. Осының өзі жұмысты анағұрлым жеңілдете түседі. Қазіргі таңда Үкімет тарапынан қабылданған «Жол картасы-Бизнес», «Экспортер» секілді бірқатар бағдарламалар жұмыс істеуде. Одан бөлек «Даму» қоры, «Қазақстан Даму Банкі», «ҚазАгро», «Қазнекс» секілді арнайы қаржылық құрылымдар өте тиімді шарттарды ұсынуда. Бірақ, мұндай ақпарат екінің бірінде жоқ. Бар болса да жұрт оны тиімді пайдаланудың жолдарын таба алмай әуреге түседі. Жасыратыны жоқ, кейбір мекемелерге барсаң құжат даярлау процесінің өзі жүйкені тоздырып жібереді. Түрлі анықтамаларды, кейде қажетсіз құжаттарды сұратып-ақ шаршатады. Бұл ретте мамандарымыз қандай құжаттарды даярлау керектігін алдын-ала түсіндіріп, қажет жағдайда несие беруші мекеменің кейбір жөнсіз талаптарына тойтарыс беріп отырады. Бір сөзбен айтқанда, бұл орталықтың құрылуы - Оңтүстіктегі бизнес тұғырының биіктей түсуіне тікелей септігін тигізері сөзсіз. Жалпы, кәсіпкерлікте тәжірибесі жоқ азаматтардың да өз кәсібін жолға қоюына жәрдем береміз.
- Қалайша?
- Мәселен, қарапайым мұғалім, дәрігер немесе кәсіпкерлікке қатысы жоқ басқа да кез-келген азамат жылыжай бизнесімен шұғылданғысы келсе, оған кәсіпкерлік негіздерін оқытамыз. Істі неден бастап, қандай құжаттар жасау керектігін, несиені қалай алуды түсіндіріп, бағыт-бағдар береміз. Сонымен қатар, жылыжай шаруашылығының қыр-сырын үйретеміз. Бұл кәсіптің қандай ерекшелігі барын, жылыжай салуда нені ескеру керектігін, қандай көшет отырғызу қажеттігін агроном түсіндіріп береді. Осындай сабақтарымызға қатысқан бір топ азамат өз бизнесін ашуға кірісіп те кетті.
- Өзіңіз айтып өткен мемлекеттік бағдарламалардың мүмкіндіктері жайлы кеңірек әңгімелесеңіз.
- Айталық, «Экспортер» бағдарламасы шетелге тауар шығаратын бизнесмендердің өңі түгілі, түсіне де кірмеген көмек пен жеңілдіктердің 20-дан астам түрін ұсынады. Шетелге тауар шығарған кәсіпкер мемлекет арқылы кейбір шығындарының 50 пайызына дейін өтей алады. Немесе, жаңа өндіріс ашып, шетелден жоғары технологиялық қондырғылар әкелетіндерге қатысты арнайы қабылданған заң бар. Осы құжат бойынша кәсіпкер кедендік преференцияларға иеленіп, кедендік баж салығын төлеуден босатылады. Бұл миллиондаған теңгені құрайтын сома. Дегенмен, кеден қызметіндегілер бұл заңды насихаттамайды, қайта керісінше көбірек салық түсіру олар үшін тиімді.
Тағы бір мысал. Жуырда бізге бір кәсіпкер келіп, текстиль саласында күрделі жобаны жүзеге асыру ниетін жеткізді. Әуелгі жоспары бойынша, зауытты арнайы экономикалық аймақта салуды көздепті. Жобаны талқылау барысында әлеуметтік-экономикалық даму деңгейі төмен аудандарға қатысты қабылданған бағдарламаның мүмкіндіктерін қарастырдық. Сөйтсек, ол бағдарламаға Мақтарал, Шардара аудандары да кірген екен. Міне, осы ауданға инвестиция тартқан жағдайда мемлекет тарапынан өте қомақты жәрдем беріледі. Тіпті құрылысқа жұмсалған шығындардың 50 пайызына жуығын өтеуге мүмкіндік бар. Ал енді осындай алып зауыт Шардара ауданында ашылса, жергілікті 1500-нан астам тұрғынға жаңа жұмыс орны ашылмақ. Дегенмен, бұл жобаны жүзеге асыруда бір қиындық пайда болды. Индустрия және жаңа технологиялар министрлігіне хабарласқанымызда, жоғары технологиялық қондырғылардың арнайы тізімі барын білдік. Ол тізімге зауытқа қажет қондырғылар кірмеген болып шықты. Бұл мәселе бойынша анықтап көрсек, тізім жасауда техникалық қателік жіберілген екен. Мұны министрліктегілердің өзі де мойындады. Енді тізімге өзгеріс енгізу ісі қолға алынды. Бұл кедергі оңтайлы шешіледі деген сенімдемін.
- Өзге мекемелермен арадағы байланыстар қалай түзілуде?
- Біздің бастамаға көптеген мекемелердің түсіністікпен қарағаны қуантады. Кәсіпкердің қызметіне қажет барлық дерлік құрылымдармен, атап айтқанда даму институттары және коммерциялық банктермен арада меморандумға қол қойдық. Осының арқасында бүгінде ғимаратымызда барлық дерлік банктердің, сонымен қатар түрлі даму институттарының өкілдері жұмыс істеуде. Яғни, бізге келген адам жан-жаққа сабылмай, қажетті ақпараттың барлығын бір-ақ жерден табады. Мемлекеттік қаржы институттары ұсынған мүмкіндіктермен танысып, банктердің шарттарын салыстыруға мүмкіндік алады. «Қазнекс» секілді кейбір ұлттық компаниялардың облыс бойынша өкілдіктері жоқ. Меморандум арқылы сол компанияның облыстағы өкілі ретінде жұмыс істеуге жол ашылды. Яғни, кәсіпкерлерге қажетті құжаттарды даярлау үшін Астанаға барудың қажеті туындамайды. Орталық өз жұмысының алғашқы бір айында 600-ге жуық кәсіпкерге қызмет көрсетілді. Бірқатар аудандарда филиалдарымыз ашылды. Болашақта облысты түгел қамтып, қызмет аясын кеңейтуді көздеп отырмыз.
- Әңгімеңізге рахмет!