Кеше - «Нұр Отанда», бүгін - «Ауылда»

Oinet.kz 11-12-2020 1177

Сайлаудың қарсаңында саяси партиялар елдің мұңын мұңдағыш келеді. Саясаткерлер, белсенділер қазір күн сайын дердік мәлімдеме жасайды. Проблемаларды көтереді. Бұған таңқалатын ештеңе жоқ. 

Жуырда «Ауыл» Халықтық-демократиялық патриоттық партиясының Ақмола облысы бойынша филиалы қайта өңдеу саласы мәселелері бойынша көшпелі кеңес өткізді. Іс-шара «Аян» диірменді-макарон комбинаты» ЖШС-нің өндіріс алаңында партия басшылығы және қайта өңдеу компанияларының өкілдерінің қатысуымен өтті.

Ауыл партиясы.jpg

«Біз ауыл шаруашылығы өнімдерін шығаратын кәсіпорындарға жиі барамыз және олардың айтқан мәселелерін жоғары жаққа жеткізіп, шешу жолдарын қарастырамыз. Жалпы еліміз бойынша 270-ке жуық осындай кәсіпорын бар. Бұлардың барлығының қуатын айтатын болсақ жылына 11-12 миллион тонна дәнді дақылдарды қайта өңдей алады. Өкініштісі осы кәсіпорындар 2019 жылы тек 5 миллион дәнді дақыл өңдеген. Көрсеткішті көтеру үшін мемлекеттік саясатты өзгертуіміз керек», деді кездесуде Партия төрағасының бірінші орынбасары Төлеутай Рақымбеков.

Т.Рақымбековтың айтуынша, Қазақстан 2011-2013 жылдары тек ет бағытын дамытуға қатты көңіл бөлген, ұн тарту және дәнді дақылдарды қайта өңдеу саласы мемлекет назарынан тыс қалған.

«2007-2009 жылдары Қазақстан ұн экспортынан дүние жүзінде бірінші орынға шықты. Халықаралық ұн саудасында кейінгі 10-15 жылда еліміз тұрақты түрде үштіктен көрініп жүрген болатын. Бірақ, кейінгі жылдары ондай көрсеткіш жоқ. Ол тұрмақ бізден тұрақты түрде ұн алатын көрші Өзбекстан, Тәжікстан, Ауғанстан елдері ұн алмайтын жағдайға жетті. Мысалы, Тәжікстан өзінің ұнға деген сұранысының 95 пайызын біздің ұнмен жабатын. Ал қазір біздің шенеуліктердің бұрыс саясатының арқасында 95 пайызын өзінің өнімімен жауып отыр. Оларда бидай жоқ, олар Қазақстан бидайының арқасында өздері ұн тартып отыр. Статистикаға сүйенсек былтыр Өзбекстан мен Тәжікстанға 700 мың тонна ғана ұн жеткізген екенбіз, бидайға есептегенде 1 миллион тонна, ал бидай ретінде 3,5 миллион тонна шығарыппыз», деді ол.

Яғни, Р.Рақымбековтың айтқанынан түсінгеніміз,  шетелге тауарды бидай емес, ұн ретінде жібергеннің пайда көп. Осы арқылы елдегі диірмендердің толық қуатында жұмыс істеуіне, жұмыс орындарының көбеюіне, салық түсімінің артуына жағдай жасалады.     

Осылайша саяси науқанда ауылдықтардың проблемаларын көтеріп жатқан «Ауыл» партиясының басшылары  Мәжіліс депутаттығына кандидат болып тіркелген әріптестеріне куәліктерін табыс етті. Партиялық тізімімізде белгілі фермерлер, көрнекті саяси және қоғам қайраткерлері, танымал журналистер бар. Қазақстан Республикасының сайлау туралы Заңына сәйкес әйелдер мен жастардың 30% квотасы туралы талабы толық сақталған. Партиялық тізімде Қайрат Айтуғанов, Қарлығаш Аралбекова, Николай Арсютин, Зейін Әліпбек, Нұржігіт Бегалы, Талғат Зейнуллин, Дәулеткерей Кәпұлы, Әйгерім Көкеева, Дәурет Қуат, Болатбек Қыстауов, Кенжеғали Машырықов, Алмас Мұхаммедов, Төлеутай Рахымбеков, Айдар Саттаров, Әзімхан Сатыбалды, Қанат Тасыбеков, Рабиға Тоқсейітова, Бахаргүл Төлеген және Хаданович В.В. бар. 

Бұлардың ішінде Болатбек Қыстауов бір кездері Түркістан облысы Қазығұрт, Шардара аудандарының әкімі, «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары қызметтерін атқарған. Осылайша кешегі «Нұр Отанның» жетекшісі бүгін «Ауыл» партиясының кандидатына айналды. Биыл жазда «Рейтинг» газетінің тілшісіне берген сұхбатында Болатбек Қыстауов елордада IT технология саласына қатысты жұмыстармен айналысып жүргенін мәлімдеген болатын.   

"Рейтинг" газеті, 

№49, желтоқсан, 2020 ж 

ЖСДП халықтың мүддесін сатып кетті
Әлтаевты түлен түртті. Түрткен Құлыбаев па әлде ағайынды Мырзахметовтер ме?
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу