Әлтаевты түлен түртті. Түрткен Құлыбаев па әлде ағайынды Мырзахметовтер ме?
OINET.KZ - Саяси доданың қарсаңында билік партиясының ішіне жік түсті. Депутат Нұржан Әлтаевтың жуырда жариялы түрде «Нұр Отанның» қатарына аластатылуы, мандатына айырылуынан кейін осылай деуге толық негіз бар сияқты. Қазір Әлтаевтың әркетіне көптеген азаматтар қолдау білдіріп жатыр. Ал кейбіреулер экс-депутаттың мұнысын саяси ойынға теңеп, оның артында үлкен күштердің тұрғанын тұспалдайды. Бәрі биліктің құрып берген сценарий бойынша жасалып жатқанын айтушылар да жоқ емес. Кім біледі, бәлкім сайлау кезінде елдің назарын осындай сенсацияларға аудару да біреулерге қажет болған шығар. Әйтеуір, соңғы кезде саясат сахнасында түсініксіз жайттардың көбейіп кеткені рас.
Фото Іnbusiness.kz
Әлтаевтың қадамына Украинада жүрген қазақстандық бизнесмен Марғұлан Сейсембаев фейсбуктегі парақшасы арқылы сәттілік тіледі:
- Нұржан Әлтаевті «Нұр-Отан» партиясының қатарынан шығарып, депутаттық мандатынан айырды. Енді бұрынғы қызметтестері мен “достары” олардан теріс айналатыны айдан анық деуге болады,-деген кәсіпкер Әлтаевқа кезінде өзіне қолдау көрсеткені үшін алғыс білдірді. Посттың соңында ол:
- Менің қандай да бір бизнес немесе ашық болмаса жасырын қаржылық мүдделерім болмаған, болмайды да. Ешбірін қаржыландырмағанмын, ешбірінен айрықша құқық та иеленген емеспін. Ешқандай да саяси немесе басқалай ортақ мақсаттарым жоқ. Мен бұл адамдарды елінің шынайы жанашыр патриоттары деп санаймын!-депті. Яғни, Сейсембаев осы мәлімдемесі арқылы өзінің басын әлі құрылмаған партиядан арашалап алды деуге болады. Олай болса, «Ел тірегін» тіреп тұрған дәу кім? Бұған кейінірек тоқталармыз. Алдымен елді шулатып жүрген оппозиционердің өткен өміріне үңілсек.
Нұржан Әлтаев Оңтүстік Қазақстан облысында дүниеге келген. Бізге жеткен ақпараттарға қарағанда, ол Шардара қаласында қарапайым отбасыда туып өскен. Шымкенттегі Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекенттік университетін заңгер мамандығы бойынша тәмамдаған. Екі мыңыншы жылдардың басында ол осы оқу орнында студенттік проректор қызметін атқарған. Бұдан кейін екі жыл Ішкі істер министрлігінде еңбек еткен. 2007 жылдан бастап «Оңтүстік» әлеуметтік кәсіперлік корпорациясында департамент директоры қызметін атқарған. Бұл жылдары корпорацияға Асқар Мырзахметов басшылық жасаған. Әлтаев пен Мырзахметовтың жолы осы жерде түйісті. 2009 жылдың наурызында Мырзахметов Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі қызметіне тағайындалды. Бір жылдан кейін ол Әлтаевты облыстық өнеркәсіп және кәсіпкерлік басқармасының басшысы қызметіне алып келді.
Бұл тағайындаудың әдеттен тыс болғаны рас. Өйткені Әлтаев мамандығы бойынша заңгер. Заңгер облыстық өнеркәсібі мен кәсіпкерлігіне басшылық жасай алады ма? Көпшіліктің көкейінде осындай сауалдың тұрғаны анық еді. Жалпы сол жылдары Мырзахметовтың кадрға қатысты шешімдерінде түсініксіздіктер көбейді және бұл жөнінде «Рейтинг» газеті бірнеше мақала да жазған. Мәселен, әкім құрылыс басқармасының басшылығына мамандығы бойынша кеденші, біраз жылдары кеден саласында еңбек еткен Еркебұлан Дауылбаевты әкеліп тағайындады. Дәл осы басқарманың тізгіні мамандығы механик, құрылыс саласында ешқандай тәжірибесі жоқ Тұманбек Әлиевке де тапсырылды. Мырзахметов сол жылдары өңшең жас кадрларға сенім артты. Алайда солардың көпшілігі сенімді ақтаған жоқ десек, қателеспеуіміз мүмкін. Заңгер Әлтаевтың да өнеркәсіп пен кәсіпкерлікке алғашқыда тісі бата қойған жоқ.
Әлтаевтың мемлекеттік тілге шорқақтығы байқалатын. Облыс әкімдігінде өткен жиындарда ол әңгімесін қазақ тілінде бастап, аздан кейін ресми тілге ауысып кететіндігі үшін сынға ұшырап жүрді. Сол жылдары ол басқармада тәжірибесі мол өзінің орынбасары мен тағы үш қызметкерді негізсіз қысқартып жіберіп, Тәртіптік кеңестің ұсынысымен қатаң сөгіс жазасына алғаны бар. Әлтаев облыстың өнеркәсібі мен кәсіпкерлігін анау айтқандай құлпыртып жібере алған жоқ. Облыс әкімдігіндегі жиындарда Оңтүстік Қазақстан облысының аталған салалар бойынша артта қалып келе жатқаны айтылатын. Басқаны былай қойғанда сол жылдары Елбасының өз ашқан «Азиякерамика» кәсіпорнының тоқтап тұрғаны ақпарат құралдарында көп айтылатын. Керамогранит өнімдерін шығаратын зауыттың құрылысына бюджеттен миллиондаған доллар қаралған болатын. Алайда түрік инвесторлары жетекшілік еткен кәсіпорынның түтіні түзу ұшпай, ақыр аяғында сатылып кетті. Дәл осындай жағдайға Арыстағы томат зауыты да түсті.
Әлтаев басқарма басшысы қызметін бір жыл ғана атқарды. Осының өзі-ақ оның артылған сенімді толық ақтай алмағанын білдіретін сияқты. Бірақ Әлтаевты тағдыр жолы осы кезден бастап өнеркәсіп пен кәсіпкерлікпен біржолата байланысып қалды.
Одан кейінгі жылдары ол кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығының директоры болып, 2013 жылы «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасына ауысып кетті. Әуелі палатаның Оңтүстік Қазақстан облыстық өкілдігіне жетекшілік етті. Кейінірек, басқарма төрағасының орынбасары лаузымына отырды. Осылайша әуелі Абылай Мырзахметовке орынбасары болған Әлтаев 2017 жылы ауыл шаруашылығы министрі Асқар Мырзахметовке орынбасар болып барды. Алайда артынша Мырзахметов Жамбыл облысының әкімі қызметіне ауысып кетті. Әлтаевтың ақпарат құралдарына берген сұхбатына қарағанда, ол жаңа министр Өмірзақ Шөкеевпен тіл табысып жұмыс істей алмаған. Екеуінің ауыл шаруашылығын дамытуға қатысты ұстанымдары сәйкес келмегенге ұқсайды. Арада екі-үш ай өткенде оны Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова өзіне орынбасарлыққа шақырады. Осы қызметте бір жылдай отырған Әлтаев былтыр ақпанда «Nur Otan» партиясының атынан Мәжіліс депутаты болған.
Әлтаев осыдан біраз жылдары бұрын белгілі гимнастшы, еліміздің мақтанышы Әлия Жүсіпова үйленген болатын. Араларында бір ұл, бір қыз бар. Жас жұбайлардың кейінірек ажырасып кеткені белгілі болды. Кейбір ақпараттарға қарағанда, партияға айналғалы жатқан «Ел тірегі» осыдан сегіз жыл бұрын «Атамекеннің» қанатының астында құрылған ұйым. Осы ұйымға жетекшілік еткен Әлтаев кәсіпкерлерге жәрдем берумен айналысқан. Ұйым Әлтаевтың қазіргі жұбайының атына тіркелген көрінеді.
Әлтаев әзірге партия туралы біраз «карталарын» ашып көрсеткен жоқ. Ол егер жоғарыдағылар партияны тіркеуге кедергі келтірсе, билікке қысым жасайтынын, тіпті митингілер ұйымдастыратын айтып отыр. Партияның арғы жағында біраз беделді азаматтардың тұрағынын да жасырып отырған жоқ. Олардың ішінде қазіргі уақытта «Нұр Отанның» мүшесі, биліктің шотын шауып жүргендер де бар көрінеді. Әлтаев «олардың кімдер екендігін партияның съезінде көретін боласыздар» деді. Қызық, әзірге көлеңкеден шықпай тұрған белгілі саяси тұлғалардың ағайынды Мырзахметовтердің бар болуы мүмкін бе? Кім біледі?!
Абылай Мырзахметов қазіргі уақытта «Атамекенде» басқарма төрағасы қызметін атқарады. Қазақстан темір жолының бұрынғы төрағасы, одан кейін көлік және коммуникация министрлігінің тізгінін ұстаған оның кейінірек сотталып, біраз «соқпақтарды» бастан өткізгені белгілі. Ал, Асқар Мырзахметовтың туралы жартымды ақпараттың болмағанына бір жылға жуықтады. Биыл ақпанда Қордайдағы ұлтаралық жанжалдан кейін ол өз еркімен қызметтен кетті. «Мырзахметов қызметке әні барады, міне келеді» деген болжамдардың бәрі расқа шықпады. Экс-әкім «Нұр Отанның» Мәжіліске ұсынған тізіміне де енген жоқ.
Айтпақшы, Әлтаевтың айтуынша, ол жеке тұлғаларды банкрот деп жариялау институтын енгізуді қолдап отыр. Бұл жағына келгенде «Ел тірегінің» алға қойған мақсаты «Adal» партиясының ұстанымына ұқсас. Бұған дейін «Adal» партиясының арғы жағында Құлыбаевтың тұрғаны айтылған. Әлтаевтың партия құру туралы бастамасын да Құлыбаевпен байланыстырушылар да табылып жатыр. Бір азаматқа екі бірдей партияның не қажеті бар? Елбасының күйеу баласы бұған қатысты әлі ешқандай түсінік берген жоқ.
Ал Әлтаев өзінің артында халықтан басқа ешкімнің жоқтығын айтып отыр.