"Шатағы көп шақырылым". Мерзімі біткелі жатқан мәслихат несімен есте қалды?
Өткен жұмада Түркістан облыстық мәслихатының депутаттары кезекті 54-інші сессияларын өткізіп, 19 мәселені талқылады. Бұл алтыншы шақырылымдағы мәслихаттың соңғы мәжілісі десек те болатын шығар. Мәжіліс пен мәслихат сайлауының үгіт-насихат кезеңі басталып қойды. 10 қаңтардан кейін тізгінді жаңа шақырылым ұстайды. Биліктің партиясы, Мәжіліс пен мәслихаттағы орындардың басым бөлігін иеленіп жүрген «Нұр Отанның» таратқан мәліметіне қарағанда, бұл жолы мәслихат 70 пайызға жаңаруы мүмкін. Депкорпустың 50 пайызы нәзік жандылар мен жастардан құралатын болады. Ал халық қалаулыларының 100 пайыз партиялық тізім бойынша сайланатыны айтпаса да белгілі.
Алтыншы шақырымдағы мәслихаттың алғашқы сессиясы. 2016 жылдың наурызы
Әйтеуір, келесі шақырылымның мүлдем жаңаша сипатта болатын түрі бар. Әрине, бәрін уақыт көрсете жатар. Біз бүгін жаңа шақырылым емес, шатағы көптеу, жолы ауырлау болған алтыншы шақырылым туралы әңгіме етпекпіз.
Жалпы, Оңтүстік Қазақстан, одан кейінгі Түркістан облыстық мәслихаты депутаттарына келгенде өзгермейтін бір дүние бар. Сайлау сайын мәслихаттағы мандаттардың басым бөлігін қалталы кәсіпкерлер иеленеді. Әрине, «тегін адамның таз болмайтындығы» әу бастан белгілі ғой. Дегенмен дәл осы алтыншы шақырылымдағы 50 депутаттың ішінде бір мектеп директоры, бір бас дәрігер, бір оқу орнының ректоры, бір аудан әкімінен басқасының бәрі қалталы кәсіпкерлерден құралғанын айта кетейік. Сайлау науқаны кезінде «Нұр Отанның» қалталыларға таңдау жасағаны, олардың қарсыластарының әртүрлі жолдармен додадан шығарып тасталғаны туралы әңгіме ел ішінде көпке дейін айтылып жүрді. Қызықтың көкесі сайлау біте салысымен басталды.
Депутаттарға куәлік табыс етілгеннен кейін екі-үш апта өтпей жатып, Мақтаарал ауданынан сайланған су жаңа депутат Айдархан Орынбасаровтың үстінен қылмыстық істің қозғалғаны белгілі болды. Шымкент қаласы Әл-Фараби аудандық соты оны қамауға алу туралы санкция берді. Халық қалаулысына «қорқытып алу» бабы бойынша айып тағылды. Алайда Ұлттық қауіпсіздік комитеті жүргізген істің мән-жайы осы уақытқа дейін жария етілген жоқ. А.Орынбасаровтың басынан нендей жағдайдың өткені, кімнен, не үшін қорқытып ақша алмақ болғаны белгісіз күйде қалды. Екі-үш айдан кейін айыпталушы-депутаттың өз еркімен мандатын тапсырғаны мәлім болды.
«Қорқытып алу» оқиғасының қызық жері мынау еді: Айдархан Орынбасаровтың «Нұр Отан» партиясының қатарына 2016 жылдың 13 қаңтарында өткені көп ұзамай-ақ мәлім болып қалды.
Партияға өткеніне бар-жоғы бір ай ғана болған азамат қалайша талайлар таласқан праймеризден оп-оңай өтіп, облыстық мәслихаттың сайлауына «Нұр Отанның» атынан жіберілген? Көпшіліктің көкейіндегі осы сауалға не сол кездегі партия Төрағасының бірінші орынбасары Асқар Мырзахметов, не партияның облыстық филиалының төрағасы, облыс басшысы Бейбіт Атамқұлов жауап берген жоқ. Бәрі үндемей құтылды. Бұл үшін ешкімнің жауапкершілігі де қаралмаған сияқты. Бірақ қалай десек те, әйтеуір, осы жағдайдың «Нұр Отанның» беделіне әжептәуір нұқсан келтіргені рас.
Депутаттардың арасында істі болу, сотталу одан әрі жалғасты. Кезек Оңтүстік Қазақстан политехникалық колледжінің директоры Амангелді Сопбековке келді. Жалпы, 2016 жылдың Амангелді Сопбеков үшін ауырлау болғаны рас. Облыстық мәслихаттың бірнеше шақырылымының депутаты атанып жүрген ол саяси додаға бұл жолы Шардара ауданынан ат қосты. Оның науқан кезінде сайлау комиссиясының отырысы өткелі жатқан ғимаратқа басып кіріп, үстіне белгісіз сұйықты құйып өртеймін деп қорқытқан әрекеті ақпарат құралдарында көп жазылды. Сопбеков өзінің талабын қалай, қандай жолмен қойса да ақыры өз дегеніне жетті. Сайлауда қарсыласынан екі есеге жуық басым дауыс алып, мәслихаттың мандатын кезекті рет иеленді. Рас, кейінірек өз-өзін өртеймін деп қорқыту дерегі бойынша үстінен қылмыстық іс қозғалғанымен, сәуірде қысқартылды. Алайда арада 3-4 ай өткенде Сопбеков «пара берді» деген айып бойынша қайта істі болды.
Осы іс бойынша шығарылған үкімге қарағанда, Амангелді Сопбеков облыстық білім басқармасының лауазымды басшыларына өзі жетекшілік ететін колледжге бөлінетін мемлекеттік грант санын қысқартпау үшін 3 миллион теңге пара берген. Сот үкімімен ол ірі көлемде айыппұл төлеуге сотталды. Заңға сәйкес сот үкімі күшіне енген соң Сопбеков мандатынан айырылды. Жалпы осы жолы Шардара ауданынан сайланған екі депутаттың да өкілеттігі қысқа болды. Екінші депутат, Шардара ауданының бұрынғы әкімі, алғашқы кезде мәсхатшы қызметін атқарған Қамытбек Айтөреев жол апатынан көз жұмды.
Осы жерде сұм ажалдың алтыншы шақырылымдағы біраз депутатты алып кеткенін айта кетейік. Олардың ішінде биыл жазда ел ішіне тараған індеттің салдарынан қайтыс болғандар да бар. 2018 жылдың жазы мен күзінде жеті депутат өз еріктерімен мандатын тапсырды. Осылардың бәрін есептесеңіз, алтыншы шақырылымдағы халық қалаулыларының қатары кәдімгідей сирегенін байқауға болар еді. Мұндай жағдай бұрын-соңды болмаған. Енді депутаттықтан өз еріктерімен бас тартқандарға тоқталсақ. Мұны Қазақстанның тарихында бұрын-соңды кездеспеген фарс-мажорлық жағдай деуге болады.
2018 жылдың маусымында Президенттің Жарлығымен Түркістан облысы құрылып, Шымкентке республикалық маңызы бар қала мәртебесі берілді. Үшінші мегаполис 17-ші аймақ болып өз алдына отау тікті. Осыдан кейін облыстық мәслихатқа Шымкент қаласынан сайланған 14 депутат туралы мәселе көтерілді. Жұрт арасында «сайлаушысы жоқ депутаттар» туралы әңгіме қозғалды. Халық қалаулыларының алды арыздарын жаза бастады.
– Біз мәслихатқа Шымкент қаласынан сайландық. Ал Шымкент облыстан бөлініп, өз алдына республикалық маңызы бар қала мәртебесін алды. Шынымды айтсам, осыдан кейін мен мәслихатта өзімді ыңғайсыз сезіне бастадым. Өзім мүше болып табылатын мәслихаттағы заңдылықтардың сақталуы жөніндегі комиссияда осы мәселені көтердім. Әріптестеріме «біздің енді депутат болып жүргеніміз қаншалықты заңды?» дедім. Депутаттар бұл жөнінде әрқилы пікірлер айтты. Кейінірек 2-3 депутаттың өкілеттігін тоқтату жөнінде арыз жазғанын білдім. Осыдан кейін мен де осындай шешімге тоқтадым, – деген болатын сол кездері «Рейтинг» газетіне берген сұхбатында депутат Қилыбек Тұрлыбек.
Артынша мандатынан өз еркімен бас тартқан тағы бес депутаттың аты-жөні белгілі болды. Олар: Рәшкүл Оспаналиева, Қайрат Молдасейітов, Бахарам Абдукаримов, Жұмағали Білісбеков және Арман Берденов еді. Бұларға кейінірек «Нұр Отан» партиясының облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары қызметін атқарып жүрген Нұрмахан Жолдасов қосылды. Ал қалған жеті депутат мандаттарынан бас тартқан жоқ. Бұл жағдай өмірде сайлаушысы жоқ депутаттың да бола беретінін көрсетті. Айтпақшы, сол депутаттардың көпшілігінің кандидатуралары жетінші шақырылымға «Нұр Отанның» атынан берілген тізімнен табылса, енді бірі Шымкент қалалық мәслихатына ұсынылып жатыр.
Шатағы көптеу, жолы ауырлау болды дегенімізбен алтыншы шақырылымның еншісіне өте үлкен тарихи шешімдерді қабылдау бақыты бұйырды. Іріленген Мақтаарал және Сарыағаш аудандары бөлінді. Жетісай мен Келес аудандары қайта құрылды. Осылайша көп жылдардан бері айтылғанымен, нақты іске аспаған мәселе ақыры шешімін тапты. Түркістан облысы құрылды. Осы тарихи өзгерістердің бәрі де алтыншы шақырылымның қаулысымен жүзеге асты. Депутаттар облыс әкімі қызметіне ұсынылған екі (Ж.Түймебаев, Ө.Шөкеев) кандидатураға дауыс беріпті. Ең бастысы, осы жолғы депкорпус мерзімінің соңына дейін жұмыс істеді. Халық қалаулыларының «қоңыраудан қоңырауға» дейін отыруын, сайлаудың өз мерзімінде өтуін де бүгінде жаңалыққа жатқызуға болатын шығар, сірә.
Ал жетінші шақырылымнан не күтеміз? Бәрін уақыттың еншісіне тапсырдық.
"Рейтинг" газеті
№50, 15 желтоқсан, 2020 ж