«Бозарық» бос уәде болып тұр
Шымкентте соңғы уақытта электр энергиясына қатысты шағым көп. Жел тұрса, қар жауса, жарықтың жалп ете қалатыны үйреншікті жағдайға айналды. Шеткі аудандарда түнгі уақытта жарық жиі өшіріледі. Бұл қалада электр қуаты тапшылығының барын білдіретін сияқты. Жарықпен байланысты ел арасында әрқилы әңгімелер де күшейіп келеді.
Жалпы миллионнан астам тұрғыны бар Шымкентті электр қуатымен қамтамасыз етуде түсініксіз жағдайлар бар. Жекеменшік трансформаторлардың мәселесі әлі күнге толық шешімін таппай тұр. Қаладағы жарық мәселесін шешеді деген ірі-ірі жобалар мерзімінде іске аспайды. Ал әкімдер уәде беруден шаршамайды.
Қайбір жылдары Шымкенттегі «Солтүстік» қосалқы станциясының құрылысы ұзаққа созылып, дау-дамайға, соттасуға ұласқан еді. Одан кейін қолға алынған ірі жоба «Бозарық» қосалқы станциясының құрылысы одан да сорақы жәйттарға апарып соқты.
Қаланың төрттен бірін, оның ішінде жаңа әкімшілік іскерлік орталықты жарықпен қамтамасыз етеді деген «Бозарықтың» «жыры» 2015 жылдан басталды. Осы жылы станцияның құрылысына мемлекеттік сатып алу өтіп, «Шымкентхиммонтаж» ЖШС-і жеңімпаз деп танылды. Бөлінген қаржының көлемі 6,5 миллиард теңгеден асады. Құрылыс 2016 жылдың желтоқсанында аяқталуы тиіс болатын. Алайда мердігер мойнына алған міндетін толық орындаған жоқ. Естеріңізде болса, 2017 жылдың басында Ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев қамауға алынды. Осы істе Қызылордадағы әйнек зауытына қатысты эпизод қаралған болатын. Ал әйнек зауытының құрылысын жоғарыдағы әңгіме еткен «Шымкентхиммонтаж» фирмасы жүргізген. Компания басшылары істі болған соң «Бозарықтан» береке кете бастады. Құрылыс жұмыстары қаңтарылып қалды. Сол жылдың наурызында Шымкент қаласының тұрғын үй коммуналдық шаруашылық бөлімі мердігермен арадағы келісімшартты сот арқылы бұзды. Тендер қайта өтті. Алайда кейінгі мердігерлердің жұмысы да өнімді бола қойған жоқ.
Әкімдердің елге өтірік уәде беруі осыдан кейін басталды. 2017 жылы өзінің жылдық есеп беру жиынында қаланың сол кездегі әкімі Ғабидолла Әбдірахымов мамыр айында «Бозарық» подстанциясы пайдалануға берілетінін, сол кезде қалаға қарасты елді мекендердің жарықтан таршылық көрмейтіндігін жеткізді. Алайда нысан аталған мерзімде пайдалануға берілген жоқ.
2018 жылы Шымкенттің сол кездегі әкімі Нұрлан Сауранбаев халыққа берген есебінде «Бозарық қосалқы станциясы биыл бітеді» деген еді. Бірақ құрылыс бұл мерзімде де біткен жоқ.
«Бозарықты биыл бітіреміз» деген сөзді қалаға қайта әкім болып тағайындалған Ғабидолла Әбдірахымов 2019 жылы айтты. Сол жылы мамырда Шымкентке премьер-министр Асқар Мамин келді. Үкіметтің баспасөз қызметі Премьердің «Бозарық 220/110/10 кВ» қосалқы станциясының құрылысы жобасын уақтылы аяқтау мәселесіне ерекше көңіл бөлгенін» жария етті. Әбдірахымов бастаған шымкенттік шенеуніктер сол жолы Үкімет жетекшісін «Бозарықты биыл қарашада іске қосамыз» деген уәдемен шығарып салды. Шілденің аяғында Әбдірахымов қызметінен кетіп, оның орнына Айтаханов тағайындалды.
Тамызда Айтаханов «Бозарықтың» басына барып, құрылыс жұмыстарымен танысты. Артынша әкімдіктің баспасөз қызметі «Бозарық 220/110/10 кВ» станциясы биыл қараша айында пайдалануға беріледі. Нәтижесінде, 250 мың адам тұратын 10 жаңа тұрғын үй алабы үздіксіз электр қуатымен жабдықталады» деген мәлімет таратқан еді. Алайда «Бозарық» айтылған мерзімде іске қосылған жоқ. Осылайша Шымкенттің әкімдері басқаны былай қойғанда Маминнің өзін де алдап соқты. Әкімдер уәдені неге сүйеніп бергені, оның неге орындалмағаны белгісіз күйде қалды.
Биыл қаңтарда қалаға Мұрат Әйтенов әкім болып келді. Ақпанда халыққа берген есебінде Әйтенов «Бозарықты биыл пайдалануға береміз» деген сөзді айтты. Ал биылдың аяқталуына бар-жоғы бір ай ғана қалғаны белгілі.
Алғашқы кезде «Бозарықтың» биыл қазан айында аяқталатыны айтылып жүрді. Алайда бұл мерзім өтіп кетті. Жуырда Мұрат Әйтенов “Оңтүстік” телеарнасында өткен “Әкім сағаты” бағдарламасында: «Шымкент қаласының солтүстік бөлігінде соңғы 3 жылдан бері электр энергиясының жетіспеушілігі орын алуда. Аталған мәселені шешу мақсатында қуаттылығы 220 кВ «Бозарық» қосалқы станциясы салынып жатыр», – деді. Әкім қосалқы станцияның құрылысын “Аврора Констракшен” компаниясы жүргізіп жатқанын, бұл жұмыстарға бюджеттен 9,7 миллиард теңге қаржы бөлінгенін мәлім етті. Құрылыс жұмыстары қазір 90 пайызға аяқталған. Әкім станция жыл соңына дейін пайдалануға берілетінін атап өтті. Өткен аптада «Бозарыққа» қалалық энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Жолшыбек Шайхсламов арнайы барып қайтты. Осы сапар барысында да нысанның құрылысы биыл аяқталатыны айтылды.
Әкімдердің уәдесіне қаншалықты берік екендігінің барометріне айнала бастаған «Бозарық» биыл аяқтала ма? Әкім Әйтенов пен оның командасы берген уәделерін қаншалықты орындай алады? Біз осыған байланысты коммуналдық саланың жай-жапсарын жақсы білетін азаматтармен сөйлесіп, пікірін тыңдап көрген едік. Олар нысанның биыл аяқталатынына күмән келтірді. Себебі мұндай қосалқы станцияны мемлекеттік қабылдаудан өткізудің өзіне 2-3 ай уақыт қажет көрінеді. Дегенмен бар-жоғы бір ай қалса да ел Әйтеновтің айтқан сөзіне, мерзіміне сенім білдіруде. Бұл Әйтеновтің уәдесінде қаншалықты тұра алатын әкім екендігіне, сонымен бірге оның коммуналдық салаға жауапты орынбасары қызметіне биыл қыркүйекте тағайындалған Мәулен Айманбетовтің де іскерлігіне сын болайын деп тұр.
Не де болса, әліптің артын бағып көрейік.
"Рейтинг" газеті,
№48, 3 желтоқсан, 2020 ж