Қошановтың Исмоиловтан не артықшылығы бар?
20-11-2024
Күні кеше 31 арнаның "Неге" бағдарламасының түсірілімінде танымал саясаткер, журналист Ермұрат Бапи төбелес шығарды. Ол қоғам белсендісі Тазабек Сәмбетайдың "ЖСДП партиясын сатқан көпес, саудагер" деген сөзіне шамданып, оған жұдырық ала жөнелген. Шықшытына соққысын дәл тигізіп, артынша ішінен теппек болды. Дегенмен Ермұрат Бапиды түсірілім алаңындағылар жібермей ұстап қалып, Тазабек Сәмбетайды арашалап үлгерді. Әйтпесе ол өзіне тіл тигізген белсендіні көкала қойдай етіп сабап тастауы әбден мүмкін еді.
Осы видеоны көрген көпшілік Ермұрат Бапидың кәсіби боксшыдын кем түспейтін қарым-қабілеті мен дәлдеген нысанасынан мүлт кетпейтін шеберлігіне шексіз риза болып, пікірлерін жаудырды. Бір күнде төбелесқой ретінде танылған Ермұрат Бапи шын мәнінде кім? Осыған Oinet.kz тілшісі жауап іздеп көрді.
Ермұрат Бапи 1959 жылы 7 наурызда Шығыс Қазақстан облысы Зайсан ауданы Қарабұлақ ауылында дүниеге келген. 1985 жылы ҚазМУ-ды бітірген. Білімі жоғары.
Еңбек жолын 1976 жылы Зайсан ауданы "Достық" газетінде тілші, университетті бітіргеннен кейін "Коммунизм туы" газетінде тілші, аға тілші, бөлім меңгерушісі, "Социалистік Қазақстан" газетінде тілші, аға тілші (1985-95), Қазақ радиосы бас директорының орынбасары, коммерциялық және тапсырыстық бағыттағы бағдарламалар редакциясының жетекшісі болып қызмет атқарды.
1995 жылы қызметте тасы өрге домалап, ҚР Премьер Министрінің баспасөз қызметі жетекшісінің орынбасары болды. Бұл жауапкершілігі зор қызметті 1997 жылға дейін атқарды.
1998-99 жылдарды "Реформа" орталығының консультанты болды.
1999 жылы оның қызығы мен шыжығы мол журналистік дәурені басталды. Яғни "Солдат" газетін ашты. Бұл туралы Ермұрат Бапи бір сұхбатында:
- 1990 жылдардың соңына таман оппозициялық журналист болуыма Қазақстанның бұрынғы премьер-министрі Әкежан Қажыгелдин себепкер болды. 1997 жылдың күзінде биліктен кетіп, оппозициялық жолға түскен ол сол кезде "жасырын құрылтайшы" ретінде "ДАТ" газетін ашқан еді. Газеттің алғашқы редакторы марқұм Шәріп Құрақбай болды. Мен газет редакциясының "көзге түспейтін" сырттай жетекшісі едім.
1998 жылдың тамызында Рахат Әлиевтің бастамасымен "ДАТ"-қа қарсы қылмыстық іс ашылып, Шәріп Құрақбайды сотқа сүйреу машақаты басталған кезде Әкежан Мағжанұлы маған: "Енді жасырынатын түгі қалмады, "ДАТ"-ты қолыңа ал" деп тапсырды. Содан бері 22 жыл бойы "ДАТ" сериялы газет жобасын шығарып келемін, - деп айтқан еді.
Жалпы, Ермұрат Бапидың өмірінің соңғы 20 жылында ол оппозициялық бағыттағы газеттер шығарып, билікпен күресті. Күресе жүріп талай сотқа тартылды. Сотта оған журналистикамен айналысуға тиым салынды. Осы себепті де ол - өз газеттерінде әрқашан "Бас оқырман" болып жазылады. Бұның себебі туралы Ермұрат Бапи былай дейді:
"Журналистік кәсіппен айналысуға тыйым салынғаннан кейін қол қусырып отыратын емес, оның үстіне алған беттен айнуға азаматтық ар деген "пәлекет" жол бермеген соң газет шығаруды жалғастыру қажет болды. Ол үшін газет бетіне шығатын жазу-сызуыма бір кәсіби қызметтің атауы керек еді.
Содан мені нақақ жаламен "қылмыскер" қылған соттың қорытындысына байланысты өткізген баспасөз мәслихаты кезінде Ұлттық баспасөз клубының жетекшісі Сейітқазы Матаев: "Сөзді "СолДАТ" газетінің бас...", - деп бастап мүдіріп қалды да, редактор деп атауға болмайтынын ескеріп: "бас оқырманына береміз" деді. Журналистер одағының төрағасы Матаев таңып берген сол атау маған ұнап қалды да, күні бүгінге дейін "бас оқырман" болып жүрмін".
Жалпы Ермұрат Бапи тек газет шығарып қана қоймай, уақтысында "ЖСДП" партиясының төрағасы болды. Кейіннен ол төрағалықтан кетті. Ел ішінде "Партияны 200 мың долларға сатты" деген қаңқу сөздер тарады. Дегенмен бұл дәлелденбеген нәрсе. Өзіне осындай айып тағылған Ермұрат Бапи қай кезде болмасын халықтың сөзін сөйлеп келгенін, ешқашан ешқандай ақшаға сатылмайтынын әрқашан айтып келеді. Кешегі эфирдегі төбелестің де себебі осы. Өзіне жағылған күйеге шыдай алмаған Ермұрат Бапи намысын жұдырықпен қорғауға мәжбүр болды.
Қысқаша айтсақ Ермұрат Бапидің өмірі күреспен өтіп келеді.