Әділ Тойғанбаев: «Биліктен кетуді трагедия жасаудың қажеті жоқ»

Oinet.kz 19-03-2019 860

Screenshot_5.jpg

Әділ Тойғанбаев, Қазақ Ұлттық Конгресінің жетекшісі:

«Биліктен кетуді трагедия жасаудың қажеті жоқ»

«Мәжілісте кем дегенде екі партияның өкілдері болуы тиіс деген қазіргі талапты «оның біреуі оппозициялық партия болуы керек» деп өзгерткен жөн. Сондай-ақ, «оппозиция» деген түсініктің барлық құқықтық жағын ашып беретін заңнама қажет».  Қазақ Ұлттық Конгресінің көшбасшысы, экономика ғылымдарының кандидаты Әділ Тойғанбаев осылай дейді. Сәуір айының басында өткен жиында Әділ Еркінұлы, сондай-ақ, халықтың атынан және халықтың сенімімен жұмыс істейтін толыққанды парламент қалыптастыру кезек күттірмейтін мәселе екенін айтты. Оның пікірінше, Үкіметтің әр қадамы халықтық парламенттің бақылауында болуы тиіс. Сонымен бірге, Тойғанбаев мырза: «Президенттік республиканың артықшылықтарын мойындай отырып, оның тарихи бағасы өз құндылығын жойды деп есептейміз», – деп мәлімдеді.

Осыған орай, Конгресс көшбасшысын әңгімеге тартқан едік.

–Барлық топтар мен таптардың мақсат-мүддесін тең көздейтін парламенттік республика құруымыз керек, бүгінгі күннің тұрғысынан алғанда, ең дұрыс әрі оңтайлы шешім осы болмақ, – дейді Ә.Тойғанбаев. – Көппартиялы парламент деген де сөз жүзінде емес, іс жүзінде болуы шарт. Бүгінгідей көппартиялы деген аты бар да, заты жоқ болмас үшін парламенттен оппозицияға квота бөлуді Конституциямен бекіту керек. Ассамблеяға берілген квота оппозицияға да берілуі тиіс. Яғни, сайлау қорытындысы қандай болғанына қарамастан, оппозициялық партия өкілдерінің парламентке өтетініне заң бойынша кепілдік берілуі қажет.

Парламенттік республикада кадрлық өзгерістер жасау, жалпы ротация жасау оңай. Заң шығарушы органның құзыреті жоғары болса, кәсіби деңгейі жоғары жас мамандардың өсуіне жол ашылады.

–Үкіметте де біраз өзгеріс болуы тиіс қой онда...

–Үкіметке жүктелетін жауапкершілік көбейіп, Үкіметтің құзыретін кеңейту – кезек күттірмейтін мәселе. Президент белгілі мерзімге сайланып, ауысып отыруы керек. Ал Үкімет басшысы парламенттің және жалпы халықтың алдындағы күнделікті жауапкершілікті өз мойнына алуы керек. Егер премьер-министр өз қызметінде бір қателік жіберсе немесе қоғам үшін қолайсыз шешім қабылдаса, сол күннің ертесіне ол отставкаға кетуі керек. Басқарушы топтың жауапкершілігі сонда ғана артады. Әрі бұл кәсіби біліктіліктің артуына да ықпал етеді.

–Бірақ, билікке қолы жеткен адамның одан өз еркімен бас тартуы оңай емес екенін де мойындау керек шығар...

–Дамыған елдердегідей, бізде де биліктен кету қалыпты әрі үйреншікті жағдай болуы керек. Одан трагедия жасаудың қажеті жоқ. Бұл орайда Шығыс Еуропаның мысалы сабақ бола алады. Сексенінші жылдардың соңында онда басқарушы партиялар өздері бастама көтеріп, коалициялық басқару тәжірибесін енгізген болатын. Соның нәтижесінде Польша, ГДР, Венгрия, Чехия, Болгария сияқты бірқатар елдерде басқарушы элита ортақ мақсат үшін тізе қосып, бас біріктіріп, бір партияның айналасына топтасып, ақырында сайлауда жеңіске жетіп, билікке келгені мәлім. Бұдан олар ұтпаса, ұтылған жоқ. Ал басқарушы элитаның бірлігінің арқасында Халықтың ұтқаны айтпаса да түсінікті.

Керісінше, әкімшілік ресурсты немесе басқалай күш қолдану арқылы билікті бермей отырған елдердің халі мүшкіл. Тарихи тұрғыдан алғанда да, биліктің ұзақ уақыт бір қолға шоғырлануы түптің түбінде жарға жықпай қоймайды. Жеке-дара билік құрудың стратегиялық салдары тым ауыр болатынын соңғы уақыттағы әлемнің бірқатар елдерінде болған жағдайдан-ақ анық аңғаруға болады.

–Мұндай үлкен өзгерістерге біздің қоғам дайын ба, қалай ойлайсыз?

–Мәселені айналдырып әкеп қоғамға тірей беруге болмайды. Қазақ қоғамының басқа дамыған қоғамдардан айтарлықтай айырмасы жоқ екенін көрсетуіміз керек. Оның алғышарттары ретінде ең бірінші кезекте қоғамдық, жалпыұлттық телевидение құрылуы қажет.  

Жалпыұлттық телевидение түрлі саяси топтардың пікір алаңына айналатынына, саяси мақсаттан мемлекеттік мүддені жоғары қоятын кәсіби мамандардың тұғыры болатынына сенемін. Қоғам мен биліктің бір-біріне өзара сенімі ақпараттың сапасына байланысты екенін естен шығаруға болмайды. Ал сапалы ақпарат ұсыну арқылы кәсіби біліктілік көтерілетіні айтпаса да түсінікті.

Жалпыұлттық немесе қоғамдық телевидение құру – кезек күттірмейтін, уақыттың талабынан туындап отырған жауапты іс. Бірақ, бұл жауапты іске мемлекетті араластыруға болмайды. Яғни, сіз бен біздің төлеген салығымызға құрылатын телевидениені биліктің өзін-өзі жарнамалайтын мінберге айналдыруына жол бермеуіміз керек. Сонда жалпыұлттық телевидение өзін толығымен ақтайды.

Сонымен қатар, рухани және мәдени қауіпсіздікті қалыптастыру да алдыңғы кезекте атқарылатын шаруалардың қатарында. Ұлттық әдебиетті өркендетуге, ұлттық кинематографияны дамытуға, рухани-мәдени саланы бүгінгі заманға сай бейімдеуге тиіспіз. Бұл сала ұлттық озық дүние тудырудан бастап, оқулықтардың сапасына дейінгі толып жатқан мәселені шешеді. Ал ол үшін жүйелі ақпараттық және қаржылай қолдау қажет. Қаржылай көмек жасалмаса, ақпараттық қолдау болмаса, өнер де, әдебиет те, өнеркәсіп те көтеріле алмайды. Бұл дәлелдеуді қажет етпейтін заңдылық. Ең бірінші кезекте осыны жолға қоюға тиіспіз.

–Сыртқы саясатта ше?

–Сыртқы саясатта біздің алдымызға екі ғана жол бар. Бірі даму да, екіншісі – тоқырау. Таңдау жасау өз еркімізде. Бір сөзбен айтқанда, алдыңғы қатарлы елдермен терезесі тең әріптестік байланыс жасауға тиіспіз. Бірақ, ұлттық мүдде басты орында болуы керек. Өзімізді басқалардың пайдалануына жол бермеуіміз керек.

Мұрағаттан, 03.05.2011 ж

Қанатбек Шағатаев: «Нағыз дәуірлей бастаған шақта далада қалдым»
Нұрлан Бекназаров: «Әрбір әзілдің түбінде шындық бар»
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу