Нұрлан Бекназаров: «Әрбір әзілдің түбінде шындық бар»
Нұрлан Бекназаров, Шымкент қалалық мәслихатының хатшысы:
«Шымкентте жаңа жобалар жүзеге асар күн жақын»
- Шымкент қаласының жақын болашағын қалай елестетесіз?
- Егемендік алғалы бергі 20 жыл ішінде Шымкент қаласы үлкен өзгерістерді бастан кешірді. Қаланың келбеті көркейіп, әлеуметтік-экономикалық ахуалы жақсарды. Осыдан 10 жыл бұрын қаланың бюджеті бар болғаны 2 миллиард теңгені құраса, қазір бұл көрсеткіш 55 миллиард теңгеге жуықтады. Әрине, бұл алдымен Елбасының жүргізіп отырған сарабдал саясатының, онан кейін жергілікті атқарушы орган басшыларының нәтижелі жұмысының жемісі деуіміз керек. Президент Нұрсұлтан Әбішұлы облысымызға келген әр сапарында Шымкент қаласының болашағына көп мән беріп, республикадағы үшінші үлкен қала мәртебесіне, халқының саны миллионға жету қажеттігіне ерекше назар аударумен келеді. Шымкенттіктердің санын миллионға жеткізу аса қиын болмаса керек-ті. Ресми емес деректерге сенсек, қазірдің өзінде облысымыздың орталығында тұрып жатқан тұрғындардың қатары миллионның төңірегіне жетіп қалды. Бұл көрсеткіш күннен-күнге көбеймесе, азайып жатпағаны анық. Әсіресе, нарық заманы басталғалы Шымкентке ағылып келіп жатқан ауыл тұрғындарының саны көп. Олардың көпшілігі осында тұрақты тұрғанымен, ресми түрде тіркелмеуі мүмкін. Ендігі жерде осы қала тұрғындары үшін инфрақұқрылымдық жағынан сапалы жағдай жасау күн тәртібінде тұрған мәселе.
Шымкент қаласының бас жоспары, бұйыртса, биыл мақұлдануы тиіс. Мақұлданған жағдайда қаланың көлемі қазіргісінен үш есеге дейін ұлғайып, 117 гектарға жетпек. Қаншама жаңа жобалар іске асырылады.
- Біздің білуімізше, осы бас жоспарға сәйкес, бірнеше ауданның аумағымен бірге Сайрам ауданының Сайрам ауылы тұтастай енгізіледі деген болжам бар. Осының қаншалықта қажеттілігі бар деп ойлайсыз? Онсыз да қала аумағында ауыл типтес мөлтекаудандар қатары көбейіп, оларды инфрақұрылымдық жүйемен қамтамасыз ету жағы қиындық тудырып отырған жоқ па?
- Археологтардың, мамандардың болжамы бойынша Шымкент кемінде 2200 жылдық тарихы бар көне қала. Ал Шымкентке алып келер негізгі қақпа – Сайрам болып саналады. Жалпы қала көлемін кеңейту арқылы жаңа жобалар дүниеге келеді. Сол жобалар жүзеге асқан жағдайда Сіз айтып отырған ауыл типтес елді-мекендердің барлығы да дамуға бет алады. Мұның осы ауылдардың тұрғындары үшін пайдасы болмаса зияны жоқ.
- Мұны не үшін сұрап отырмын? Қаланың шеткі аймақтарының көпшілігі қараусыз қалып қойды десе де болады. Мәселен, Қайтпас-1 елді мекенінде бұрын карьер болған жер қазір үлкен шұңқырға айналған күйі жатыр. Шұңқыр күл-қоқыспен, ит-мысықтардың өлекселерімен толуда. Жарықтың жағдайы тым мүшкіл. Бұл бүлдіршіндердің көру қабілетіне де зақым келтіріп отыр...
- Айтқаныңыз орынды. Ондай жағдайдың кездесетініне келісемін. Бұл әу баста неден пайда болды? Жаңа айтқанымдай, еліміз нарықтық экономикаға өткен алғашқы жылдары ауылды жерлерде жаппай жұмыссыздық белең алып, қалаға ағылды. Сол жылдары амалдың жоқтығынан қала шетіндегі жерлер тұрғын үй салу мақсатында жоспарсыз берілген. Соның салдарынан бүгінде көп қиындықтар туындауда. Тіпті, жол түсетін жерге тұрғын үй салынып кеткен жағдайлар да кездеседі. Ендігі жерде сол үйлерді үкімет қайта сатып алып, жол жүргізуге мәжбүр. Бұл Шымкентке ғана емес, жалпы республиканың өзге де қалаларына тән проблема.
Қадағалаусыз жер таратылу 2007 жылға дейін жалғасты. Осы жылы Үкімет арнайы қаулы қабылдап, бұл үрдіс тоқтатылды. Ол қаулыға сәйкес, жергілікті әкімдік жер телімдерін берер алдында ол аймақ барлық инфрақұрылымдармен, яғни су, жарық, жол және газбен қамтамасыз етілуі тиіс. Дәл қазіргі жағдайда Шымкенттің бюджеті мұндай мәселеге қаржы қарауға қауқарсыз. Сол себепті, жер телімдерін беру де уақытша тоқтап тұр. Алайда, Шымкент қаласы бойынша жер кезегінде 60 мыңнан астам адам тіркелгенін де ұмыт қалдырмауымыз керек. Осыған орай жер телімдеріне инфрақұрылым жүргізуге облыстық, республикалық бюджеттен қаражат сұрап, келешекте кезек санын қысқартсақ деген жоспар бар. Ал әзірге шеткі мөлтекаудандардың ішкі жолдарына асфальт төсеу жұмыстарына көбірек көңіл бөлінуде. Жарық, су мәселесі де біртіндеп шешіліп келеді.
- Тарих қойнауына тапсырылған төртінші шақырылым мен қазіргі шақырылым депутаттары арасында белсенділіктері жағынан айырмашылық байқалады ма?
- Бесінші шақырылымда сайланған 29 депутаттың 13-і бұған дейін де депутаттық мандатты иеленгендер болса, қалған 16-сы алғаш рет халық қалаулысы атанғандар. Демек, қазіргі депкорпустың құрамы көп өзгерді деген сөз. Әрине, жаңа құрамның жұмыс істей бастағанына көп бола қоймады, дегенмен, алдағы уақытта жоғары белсенділік танытатынына сенімдімін. Өйткені, жастар көп. Олардың арасында бизнесмендер де, заңгер де, қаржыгер де, инженер де, дәрігер де, білім, мәдениет саласының өкілдері де бар. Әрине, бұл төртінші шақырылымдағы әріптестерім аса белсенділік таныта алмады деген сөз емес. Қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуына әркім өз шама-шарқынша үлес қоса білді.
- Осы жерде айта кеткен жөн, өткен шақырылым депутатары мен билік басындағыларының арасында бірқатар шиеленістердің болғаны жасырын емес. Мәслихаттың бірқатар депутаттары мінез көрсетіп, қала әкіміне сенімсіздік жариялау туралы бастама көтеруге дейін барса, мәслихаттың хатшысы да бірнеше рет жаңартылды. Мұның себебі неде?
- Әрине, бірқатар сауалдар, пікірталастар болды, бірақ, мұны билік пен мәслихаттың арасындағы келіспеушілік деп нақты айтуға болмайды. Қала әкіміне де ресми түрде сенімсіздік білдірілген жоқ, тек бастама көтеріліп барып басылды. Ата заңымыздың талабы бойынша елімізде екі билік – атқарушы және өкілетті билік жұмыс жасайды. Екі биліктің де түпкілікті мақсаты өзара таласып-тартысу емес, халыққа қызмет ету, елдің әлеуметтік-экономикалық ахуалын жақсарту.
- Сайлаушыларыңызбен жиі жолығып тұрасыз ба?
- Жұмыс кестесі бойынша айына екі рет қабылдау күнім бар. Ал сайлаушылар, қала халқы үшін кестеге тіреліп тұрған ештеңе жоқ, қабылдай беремін. Жұмыс орнымда болсам қандай мәселемен болса да келген адамды қабылдауға тырысамын. Олардың мұң-мұқтажын тыңдауға, жол көрсетуге, қолдан келіп жатса шешуге әзірмін. Депутат болған соң халықтың арасына жиі барып тұру керек. Халықпен кездескенде олар бізге өкпе-назын емес, шаруасын айтуы керек. Кеше біз бағдарламамызды алып, қолдаңыз деп халықтың алдына бардық. Қолдады. Енді біз халыққа қолдау көрсетуіміз тиіс. Сонда ғана артымыздан сөз ермейді. Өз басым сайлаушыларымның алдына ашық жүзбен бара аламын. Халықтан қашудың қажеті жоқ, өйткені, ертеңгі күні бәрібір алдына барамыз.
- Сынға, әзілге қалай қарайсыз?
- Әрбір әзілдің түбінде бір шындық бар. Ол шындық намысқа тимейтіндей болса, дөп тиіп жатса неге дұрыс қабылдамасқа? Өзім де әзілдесемін. Бірақ, барлығы да өз орнымен болғаны жөн. Сынға қатысты көзқарасым да тура осындай. Сын дұрыс айтылса, қорытынды шығаруға тырысамын. Бірақ, барынша үлкен қателікке жол бермеуге ұмтыламын.
Әңгімелескен Шадияр Молдабек,
Мұрағаттан, 12.05.2012 ж