Қанатбек Шағатаев: «Нағыз дәуірлей бастаған шақта далада қалдым»

Oinet.kz 19-03-2019 1602

Screenshot_4.jpg

Қанатбек Шағатаев, Азия чемпионы, Азия ойындарының жеңімпазы, Әлем кубогының күміс жүлдегері:

«Нағыз дәуірлей бастаған шақта далада қалдым»

     Қанатбек Шағатаев тәуелсіздігінің туын жаңадан тіккен Қазақстанның байтақ әлемге  абырой-беделі асқақтап танылуына қомақты үлесін қосқан саңлақ спортшылардың бірі. Оның кезінде Азия чемпионы, Азия ойындарының жеңімпазы, Әлем кубогының күміс жүлдегері атануы осыны айғақтайды.  Ал егемендік еліміздің еншісіне тигенге дейін Қазақстан мен КСРО чемпионаттарының бiрнеше дүркiн чемпионы,  КСРО халықтары жазғы спартакиадасының,  КСРО-АҚШ,  КСРО-Африка елдерi боксшылары кездесуiнiң жеңiмпазы болды.  Рингтегі қарсыласының көпшілігін  жойқын соққысымен есінен тандыра сұлатып салып, жекпе-жекті ертерек аяқтайтын ерекшелігіне байланысты ол «Нокаутер Шағатаев» болып даңқы дүркірегенін спортсүйер қауым әлі ұмыта қойған жоқ.  Шаршы алаңдағы шебер қимылымен көрерменнің көзқуанышына айналған талантты боксшының нағыз жұлдызы жана бастаған шақта неліктен былғары қолғабын шегеге ілуге шешім қабылдағанына қатысты ел аузында екі түрлі жорамал бар. Елдің бірқатары «Шағатаевтың спортпен қош айтысуына  денсаулығы сыр бергені себеп болды» дейді. Енді біреулер «әділетсіздік жолын қайта-қайта кескестеп қоймаған соң амалсыз осындай қадамға барды» деп те жорамал жасайды. Көпшіліктің көкейіндегі сауалды өзінен арнайы жолығып сұрап, біршама сыр суыртпаған едік. Алғашқы сауалымыз «Сіз қайда жүрсіз?» деп басталды.

 - Біраз жылдан бері Кентау қаласындағы спорт мектебіне басшылық жасап жүрмін. Шаршы алаңдағы мен шыға алмаған биікті бағындыратын талантты жастар өсіп келе жатқаны қуантады. Шеберлігі толысқан шәкірттерімнің арасынан Абылай Молдашәкірді, Нұрғали Керімбекті, Асан Бекжігітті атап айтқым келеді. Бұлардың шеберлігі шыңдала түскенімен  мінез бен жігер жағы «бір қайнауы кем» тірлік болып тұр. Жаттығу залында тәп-тәуір қимылдап, байрақты бәсекелерде рингке көтерілгенде  психологиялық тұрғыдан әлсіздік танытып жүр. Бүгінде осы олқы тұсты толтыру бағытында жан-жақты жұмыс жүргізудемін.Кезінде маған жаттықтырушының қамқорлығы жетіспеген еді.—Қанатбек Шағатаевпен арадағы әңгіме әрі қарай боксқа қалай бет бұрғаны жайлы өрбіді.-- Боксқа деген сүйіспеншілігім бастауыш сыныпта-ақ оянған. Бокс секциясына қатысатын ағама ілесіп,соңынан қалмайтынмын. Бокстың «Әліппесін» ең алғашқы бапкерім Кеңес Надырқұлов үйретті. Ол Қырғызстанға көшіп кеткен соң  Қазыбек Мырзақұлов бапкерім болды. Белгілі бапкерлер Ақжол Асқаров пен Арыстан Сәрсенбаевтан да тәлім-тәрбие алдым. Талай даңқты боксшы тәрбилеп шығарған Нұрғали Сафиуллин менің де негізгі жаттықтырушым болды.

- Шаршы алаңда қанша рет кездесу өткізгеніңіз есіңізде ме?

- Шынымды айтсам, шаршы алаңдағы кездесулердің нақты санын тап басып айта алмаймын. Әйтеуір, жекпе-жектің көпшілігінде нокаутпен жеңіске жетіп, рингтегі шайқасты ерте аяқтайтынмын. Өзім оңақаймын, бірақ негізгі жойқын соққымды сол қолыммен жұмсаймын. Қарсылас үшін бұл «тосын сый», себебі күшті соққыны олар оң қолымнан күтетін. Ал менің қағидам – соққыны қарсыластан алыстау орналасқан оң қолмен емес,  жақынырақ тұрған сол қолмен берген дұрыс деп есептейтінмін. Талай қарсыласым осылайша тұзаққа түсіп, нокаут алды.  

- Олимпиада чемпиондары Ермахан Ыбрайымов, Василий Жиров бір кездері Сізден дүбірлі додаларда жеңіліс тауып жүретіні рас па?  

- Расы, рас қой енді. Жировтың салмағы менен 5-6 келіге үлкен. Негізі, Вася  өте шыдамды спортшы. Көпшілікке қосыла бермейтін, жарыста да, жаттығуда да өзімен-өзі.  Бапкері Апачинский жаттығу барысында әбден қинап, қара терге түсіретін. Бәлкім, осының арқасында шығар, Жиров әуесқой және кәсіпқой бокстың биігін қатар бағындырды. Менімен қолғап түйістірген жылдары Ермахан жастау еді. Маған әсіресе қарағандылық Аркадий Топаевтың шеберлігі қатты ұнайтын. Еліміздегі менің салмағымдағы негізгі қарсыласым да сол еді. Мұның бәрі дұрыс қой. Алайда әлем кубогын сарапқа салатын жарысқа жолдама беру үшін  өткен додада Топаевты айқын басымдылықпен ұтсам да төрешілердің соған бүйрегі бұрып, тіпті менің жеке жаттықтырушым да соларға сатылып кеткені мен ұмыта алмайтын реніштің бірі.

- Спорттағы нағыз жұлдызыңыз жана бастаған шақта кенеттен сәтсіздіктерге ұшырай бастауыңыз осындай әділетсіздіктердің  әсерінен бе, әлде басқа да себептері бар ма?

- Жоғарғы оқу орнының студенті кезімде әскерге шақырылып, Душанбеге жіберу спорттағы сәтсіздіктерге басты себептің бірі болды. Бұл 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасына байланысты қазақ жастарына деген теріс көзқарастың  дәл ушығып тұрған кезі болатын. Ол жақта ұлты орыс командирлердің бірі  қыр соңыма түсіп қуғындап, жүйкемді әбден жүндей  түтті. Жаттығу жасауыма көпе-көрнеу кедергілер көп шықты. Ішер асымыз да, басымыздағы баспанамыз да талапқа сай болмай әбден қиналдық. Сары ауруға шалдығып, ішкі ағзаларыма зақым тиді. Міне, осындай әрі моралдық, әрі материалдық жағынан жаным, тәнім азаптанып, 2 жыл бойы бабымды жоғалтқаным спорттық кареьерамды оңдырмай сәтсіздікке ұшыратты. Осы өкінішіме біріншіден, бабым бұзылатынын біле тұра нағыз дәуірлеуге бет бұрған шағымда әскерге, онда да елімізде қалдырмай Душанбеге  жіберіп қойып еш қам жасамай құралақан отырған бапкерлерімді кінәлі деп есептеймін. Екіншіден сол жылдардағы ұлттық құрамадағы дәрігерлердің біліксіздігі, диагнозды дұрыс қоя алмайтыны  да денсаулығымды нашарлатты. Соңғы уақытта шаршы алаңға шыққанда тез шаршап қала беретінім өкпеме су жиналғандығының кесірінен екенін әбден асқынғанда барып білдік қой. Осылайша нағыз дәуірлей бастаған шақта далада қалдым. Әттең-ай деймін-ау, байрақты бәсекелерде менен қирай ұтылып жүрген кубалық қарсыласымның Атланта Олимпиадасында чемпион атанып, бағы жанғанын қайтерсіз? Жалпы, спорттық карьерамда Куба  мен Өзбекстанның боксшыларымен талай рет қолғап түйістіріп, соларға бір рет те жеңілмеппін. 

- АҚШ-қа барып  кәсіпқой бокста да бақ сынап көріпсіз. Мұхиттың арғы бетінен арнайы шақыру келген бе еді? 
- АҚШ-Қазақстан командалық кездесуі  ұйымдастырылғанда мұхиттің арғы бетіне 5 жігіт болып аттандық. Командада менімен бірге Нұржан Сманов пен қазіргі ұлттық құраманың бас бапкері Мырзағали Айтжанов та бар. Лос-Анжелес пен Сан-Диегода өткен кездесулерде үшеуіміз де жеңіске жеттік. Қалған екі боксшы ұтылып қалды. Турнирдің үздік боксшысы ретінде танылдым. Шаршы алаңдағы өнерімізге қызыққан американдық промоутерлер Сманов екеумізге кәсіпқой боксқа өтуге ұсыныс жасады.  Ұлттық құраманың капитаны болғандықтан Нұржан елге қайтуды ұйғарды, ал мен Америкада қалғанды жөн көрдім. Оның үстіне жерлесіміз,  күрестен әлем чемпионы Бисолт Дециев  те сол кезде Лос-Анжелесте жаттығатын. Ол маған көп көмек берді.

 Кәсіпқой бокста бірден чемпион бола алмайсың. Бірталай кездесу өткізіп, рейтингіңді өсіруің керек. Америкада жүрген 2,5 ай ішінде 5 спарринг өткізіп, қарсыластардың барлығын нокаутпен ұттым. Тіпті өзімнен 10 келі ауыр қарсыластарды кескен теректей құлаттым. Бұған риза болған промоутерлер қомақты қаржы ұсынып, келісім-шартқа отыруға асықты. Бірақ, бір күні Қазақстаннан Нұрғали Сафиуллин қоңырау шалуы бұл жоспарды түбегейлі өзгертіп жіберді.  «Сенің салмағыңдағы Топаев 75 келіге ауысты. Алдағы уақытта Иранда Азия чемпионаты өтеді, сонда барып ел намысын қорғауың керек», - деді ол. Еліміздің намысын қорғау, тәуелсіздігін жаңадан алған Қазақстанды байтақ әлемге таныту туралы тапсырма түссе қалай аянып қалайын? Басқаша ойланудың өзі мүмкін бе? Сөйтіп, Иранға ұлттық құрама сапында аттанып, Азия чемпионы, одан соң Хиросимода Азия ойындарының жеңімпазы атандым. Көп ұзамай Әлем кубогының күміс жүлдесін қанжығаға байладым. Содан кейінгі қадамдарым сәтті болған жоқ. Денсаулығым сыр бергендіктен Олимпиада ойындарына қатысу тек асқақ арман күйі қалды. Кейде Америкадан кеткеніме де өкінемін. Бәлкім, кәсіпқой бокста үлкен табысқа жетер ме едім. Ол жақта жүргенімде дәрігерлер де дұрыс қарап, денсаулығым жақсы болар ма еді? Кім білсін...Қайтеміз, өмір ғой енді...

Мұрағаттан, 03.05.2011 ж

Күлия Айдарбекова: «Ханның ролін сомдап, шынайы өмірде де содан шыға алмай жүрген актерлер бар»
Әділ Тойғанбаев: «Биліктен кетуді трагедия жасаудың қажеті жоқ»
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу