Домбыра маусымы басталды
12-04-2024
Күлия Айдарбекова, Оңтүстік Қазақстан облыстық мәдениет басқармасының бастығы:
«Ханның ролін сомдап, шынайы өмірде де содан шыға алмай жүрген актерлер бар»
- Мәдениет саласының облыстағы басшыcы ретінде Сізді бүгінде қандай мәселе толғандырып жүр?
- Мәдениет саласы - өте күрделі сала.Осы саладағы бір ғана театрдың, ондағы бір сахнаның өзі қаншама сырға толы десеңізші. Жалпы, облысымыздағы 8 театр былтыр 30 спектакль қойыпты. Көпшілік тек сахнадағы дайын дүниені көреді. Ал шын мәнінде сахнаның сыртындағы қайнаған өмір өз алдына бір әлем. Бір шығарманы сахнаға әзірлеу үшін есепсіз тер төгу қажет. Оған кейде бір-екі жыл, тіпті адамның бүкіл өмірі жұмсалып жатады. Бұл мәселенің бір жағы.
Екіншіден, көптің көкейіндегісін дөп басу қиын. Сахна тым қатал ғой, «сыртың бүтін, ішің түтін» болса қабылдамайды. Сенің көңіл-күйіңді, жүрегіңмен жылап тұрғаныңды сезінгісі келеді. Бүгінгі көрермен мен өткен ғасырдағы көрерменнің айырмашылығы жер мен көктей. Қазір үйде теледидардан 100 шақты арнаны ауыстырып қарап отыруға, интернет арқылы кез келген қызығушылығыңның жауабын табуға мүмкіндік бар. Алыс-жақын шетелдерге жиі ат басын бұрып жүрген жерлестеріміз көп. Отандық және шетелдік мәдениетті қатар қойып салыстыра алады. Яғни, көзі ашық, көкірегі ояу көрермен қалыптасқандықтан өнер адамдарына қойылатын талап та жоғары. Өкінішке қарай, көрермендер талғамы өзгергенімен, өнер адамдарының ішінде көштен қалып қойған, кешегі атақ-даңқының арқасында өмір сүруді қалайтындар аз болмай тұр. Рас, олар кезінде еңбегі бағаланып, сый-құрметке, атақ-даңққа ие болды. Бірақ сол атаққа лайықты болып бүгінгі уақыт талабына сай таланттарын таныта ала ма? Осы жағын терең ойланса дейсің. Спортшылар арасында» чемпион болудан көрі оны сақтап қалу қиын» дейтін қағида бекерге қалыптасқан дейсіз бе? Бір кездердегі алған атақ-даңқтың буына арбалып, үнемі ұлы хан, атақты билердің ролін сомдаймын деп, шынайы өмірде де әлі күнге дейін сол кейіпкердің бейнесінен шыға алмай мастанып жүрген актерлер де бар.
- Былтыр Тараз қаласында өткен даңқты Баукеңнің, Бауыржан Момышұлының 100 жылдығына орай ұйымдастырылған фестивальда еліміздің әр өңірінен өнердің өкілдері бас қосқанда ауылы аралас, қойы қоралас қоныстанған Оңтүстік Қазақстан облысының намысын қорғайтын театр ұжымы қатыспай қалды.
- Ащы да болса шындықты айтайық – театр ұжымы фестивальда бақ сынауға дайын емес еді. Режиссердің таңдауы драматург Додоревтің «Қатардағы жауынгер» атты күрделі психологиялық драмасына түскен. Премьерадан кейін мамандармен бірге спектакльге талдау жасадық. Спектакль сәтті шыққан жоқ. Спектакль соғыс жылдарында тағдыры тәлкекке ұшыраған жауынгерлер жайлы. Өте күрделі психологиялық шиеленістерді бір қойылымда көрсетіп, көрерменге жеткізу өте қиын. Оған қоса шығарма бұған дейін әлі қазақшаға аударылмаған. Оны қазақ тіліне кәсіби мамандар емес, театр қызметкерлерінің өздері аударғанын қайтерсіз? Әдеби тілдің орнына күнделікті қолданыстағы тұрмыстық тіл қолданылған. Сәтсіз аудармадан сәтті қойылымның шығуын күту мүмкін бе?
- Бұған тек режиссер кінәлі ме?
- Әртістердің де белгілі деңгейде кінәсі бар деп есептеймін. Театрдың абырой-беделін түсірмеуді жақсы білетін әртістер «бұл спектальды қою қателік» деп режиссерге неге ойларын ашық білдірмегені түсініксіз. Осындай себептерді ойласа келе мұндай сәтсіз дүниемен Тараздағы фестивалде ұятқа қалудың қажеті жоқ деп таптық.
- Тәрбие ошағы болуы тиіс театрдың өзі көптен бері у-шудан, дау-дамайдан, талас-тартыстан көз ашпай жүр.
- Таласып, тартысатындай ештеңе жоқ. Тек жұмыс істеу керек. Даулы мәселенің барлығы біртіндеп реттелуі үшін біраз жұмыс атқардық. Әншейінде көңіл бөліне бермейтін құжаттардың да құпиясына үңілдік. Сөйтсек мейлі театр, мейлі филормония, немесе басқасы болсын, шығармашылықпен шұғылданушылардың қай-қайсысы да белгіленген норматив бойынша жұмыс істеуді белінен бір-ақ сызып тастағанына біраз уақыт болыпты. Облыстық филармонияны алайық. Мұнда қызметкерлердің міндеттері нақтыланбағанбаған. Кімнің, не үшін жауапты екені белгісіз. Жалпылама қойылған міндеттемемен шектелген. Сонда қызметкерлердің жұмысын қалай бағалау керек? Осының салдарынан ортамызда бірнеше жыл бойына репертуары жаңаланбаған әншілер жүр. Оларға мемлекет жалақыны не үшін төлейді? Тойдан қалмай ән шырқап көлденең табыс тапқаны үшін бе? Әр мекеменің атқарған тірліктеріне қарай есеп беруін қолданысқа енгізіп едік, бірқатар мекеме басшылары өзі атқарған жұмысына дұрыс талдау жасай алмай әбден әуре-сарсаңға түсті. Кемшілігін көрсетсең «бізден ондай талап етілмеген» деп ақталуға бейім. Мекеме басшысының өзі осылай десе қарапайым қызметкерден не күтуге болады? Жетекпен ғана жүруге үйреніп қалғандар аз емес. Ал мәдениет, өнер саласында өз пікірі, идеясы болмаса тоқырауға ұшырамай ма? Сондықтан, қазір әр қызметкердің міндеттерін нақтылап, құжат жүзінде бекіттік. Батыр Баукеңнің, Бауыржан Момышұлының «тәртіпке бағынған құл болмайды» деген жақсы сөзі бар. Тәртіпке бағыну арқылы көптеген мәселелер оңынан шешіле бастады.
2011 жыл сәтті басталып жатыр десем артық айтқандық болмас. Театр ұжымы үш спектакльды әзірлеуде. Алла бұйыртса, «Шәмшінің мандолинасы» атты музыкалық спектакльді көктемнің алғашқы күндерінде көрерменнің назарына ұсынамыз. Одан соң Бәйдібек бабамызға арналған «Ұлы көш» атты қойылым әзірленіп жатыр. Үшінші спектакль ақиық ақын Мұқағали Мақатаевты дәріптеуге арналған. Жалпы, биыл жеңіл-желпі дүние қойылмайды. Барлығы да еліміздің егемендігіне, тәуелсіздікке арналған, көрерменге ой салатын қойылымдар. Сонымен қатар әлемдік классикаға да жүгінеміз. «Король Лир» спектаклін ұсынсақ деген ойымыз бар.
Биыл тәуелсіздігіміздің 20 жылдығын атап өтетіндіктен мәдениет саласы қызметкерлерінің жауапкершілігі еселей түсетіні белгілі. Осыны өнер адамдары жақсы түсінгенін қалаймын.
- Қуыршақ театрының облыс орталығындағы ескі шіркеу ғимаратында орналасқаны көптен бері айтылып жүрген көкейтесті мәселе.
- Қазақ және орыс драма театрларының ұжымдары бір ғимаратта орналасқан. Биыл орыс театрының ұжымына жеке ғимарат алу жоспарланып отыр. Оның орнына қуыршақ театры немесе әзіл-сықақ театры көшуі мүмкін. Әзірге екеуіне де ескі шіркеуді мекен етуден басқа амал жоқ.
- Мәдениет саласында биыл қандай бағыттар бойынша жұмыс атқаруға басымдық берілмек?
- Мұражайлардың деңгейін өсіруге, дәрежесін көтеруге ерекше көңіл аударылады. Мұражайларға, ондағы дүниелердің орналасуына дейін көзқарасты өзгерту керек. Байқайсыз ба, мұражайлар біріне-бірі ұқсас, егіз сияқты. Барлығында бір көрініс: ортада киіз үй тұрады, көрпе-төсек пен сандықтан басқа түк жоқ. Сондықтан мұражайлар ауданның тарихын ғылыми негізде зерттеп, соған сәйкес көрмелер ұйымдастыруы керектігі жайлы талап қойдық. Айталық, Созақ ауданының мұражайы Созақ көтерілісін неге зерттемеске? «Созаққа барсаң күйшімін деме» деген сөз бар. Атақты Сүгір Әлиұлы мен Төлеген Момбековке арнап бұрыш ашуға болады ғой. Шардараның мұражайы қойма сияқты, әркімнің әкеліп берген заттарын қоя бергеннен басқа жұмыс атқарылмаған. Есесіне осы өңірдің мақтанышына айналған балық пен күріш шаурашылығы, Шардара ГРЭС-нің тарихы жайлы сыр шертетін жәдігерлер мен экспонаттар жоқтың қасы.
- «Қазір кітап оқылмайды» деген пікір жиі айтылып жүр. Бұл пікірді түзеп, дұрыс түсінік қалыптастыру үшін қандай қадам жасауға болады? - Кітап оқымай өскен бала армандамайды, өмірге де, адамға да ғашық бола алмайды деп есептеймін. Интернет қанша жерден дамып жатса да жас ұрпақ тәрбиесінде кітаптың алар орны ерекше болып қала бермек. Сондықтан биыл облысымызда кітап оқуды насихаттап, ең оқымысты әулетті анықтайтын конкурс ұйымдастырмақпыз. Бұл байқауда біз әсіресе ауылдық жерлерге басымдық береміз. Сондағы мақсатымыз, ата-әжелерден бастап жастарға дейінгі аралықта кітап оқуды насихаттау. Бұл бастама жемісін береді деген ойдамын.
Мұрағаттан, 29.12.2011 ж