Талғат Рысқұлбеков: «Қайрат ату жазасына кесілгенде де қасқайып тұрды»

Oinet.kz 18-03-2019 1712

Screenshot_1.jpg

Талғат Рысқұлбеков, «Желтоқсан рухы» қоғамдық бірлестігі төрағасының міндетін атқарушы:

Біз үшін қастерлі әрі киелі Тәуелсіздік ұғымынан Желтоқсан жаңғырығын бөлектей алмаймыз. Қаракөздеріміздің қас дұшпанының қаталдығы мен сапер күрегінің құрбаны болса да Тәуелсіздік туын қадап кеткен сол Желтоқсан көтерілісіне биыл 25 жыл толып отыр. Бірақ, бұл елеулі мерекені бүгінде ардақ тұтып елеп, ескеріп жатқанымыз шамалы. Әйтсе де, мемлекет тарапынан айтарлықтай мәртебе алып, саф алтындай бағаланып жатпаса да Желтоқсанның жоғын жоқтап, барын түгендеп жүрген азаматтарымыз баршылық. Соның бірі – Халық қаһарманы Қайрат Рысқұлбековтың туған інісі Талғат Рысқұлбеков. Сол кездегі тоталитарлық жүйеге, үстемдік еткен орталыққа қарсылық танытып, ұлтты ұйымдасуға шақырған көтерілістің 25 жылдығы қарсаңында Талғат Ноғайбайұлын ашық әңгімеге тартқан едік.

– Ең алдымен оқырманға өзіңізді таныстырып өтсеңіз?

– Мен Халық қаһарманы Қайрат Рысқұлбековтың туған інісімін. Ағам секілді мен де Желтоқсан көтерілісіне қатыстым. Ағамнан екі жас кішімін. Әкеміз Ноғайбай мен анамыз Дәметкен сегіз баланы тәрбиелеп өсірді. Қайрат – үшіншісі. Ағам екеуміз Мойынқұм, Шу ауданында малшылардың балалары оқитын мектеп-интернатта бірге оқыдық.

– Алматыға келгенге дейін ағаңызбен бірге болдыңыз. Демек, ағаңызды сізден артық білетін адам кем шығар. Ал, бала Қайрат, аға Қайрат қандай болған еді?

– Бала күнінен өте белсенді, пысық, алғыр болды. Тазалықты жаны сүйетін. Спортпен шұғылданды, суретті де жақсы салатын-ды. Сабақты да өте жақсы оқыды. Негізінен «сегіз қырлы, бір сырлы» еді ағам. Артынан ерген біздерге аса қамқор, мейірімді бола білді.

Жетінші сыныпта комсомол қатарына өтіп, бірден сол ұйымның мектептегі комитетінің хатшысы болып сайланды. Ол өзіне жүктелген міндетке аса жауапкершілікпен қарайтын еді. Алғаш студент атанғанда да қатарластарының арасынан топты жарып шығатын қасиетімен ерекшелене білді. Бірінші курстың өзінде жатақхананың студенттер кеңесінің төрағасы болды.

– Жараға тұз сепкендей болып көрінсе де сол Желтоқсан көтерілісіне қалай қатысқандықтарыңызды айтып берсеңіз?

– Ағам мектепті бітірген соң ауылда бір жыл жұмыс істеді. 1986 жылы азаматтық борышын өтеп келді. Сол жылы мен де училищені бітірген едім. Екеуміз арман қуып, Алматыға оқуға келдік. Мен Политехникалық институтқа, ал ол Сәулет-құрылыс академиясына оқуға түсті. Бірақ, біздің студенттік өміріміз ұзаққа созылмады...

Мен, 1986  жылы Д.Қонаевты орнынан алып, Г.Колбин тағайындалған пленум кезінде медициналық институттың емдеу-сауықтыру кешенінде жатқан едім. 17 желтоқсан күні азанда Абай, Сәтбаев көшелерінің бойынан көптеген студенттердің алаңға бара  жатқанын байқап қалдым. Жатақханадағы бір бөлмеде тұратын жігіттерге бар көргенімді айттым. Оқытушылар жатақхананың алдына студенттердің ешқайда аттап баспауын қатаң қадағалап тұрды, тек сабаққа ғана жібереді. Амалын тауып жатақханадан жалғыз өзім шықтым да алаңға тартып кеттім. Алаңға барсам, бес жүздей адам жиналып қалыпты. Бір сағаттың ішінде алаңға бес мыңға жуық адам жиналды. Бәріміз «басшы  өз ұлтымыздан болу керек» деп ұрандатып тұрдық. Мінберге көтерілгендер әр республиканы өз ұлтының адамы басқару керектігін айта бастағанда бірнеше адам әлгілердің қолдарын қайырып алып кетіп жатты. Біздер «Жіберіңдер!» деп шулай бастадық. Бірақ, олар еш елемеді. Сөйтіп, біз оларды босатуға әрекет жасадық. Негізінен төбелес осылай басталған еді. Одақтың бірнеше қаласынан әкелінген екі қатар жауынгерлер бізге қарсы шықты. Жас қыздардың шашынан тартып сүйрегенін көріп, олардың шырылдаған «ағатайлар, құтқарыңдар!» деген жан дауысын естіген жігіттер автобусты төңкеріп, өртеп жіберді. Қақтығыс жарым түнге дейін созылды.

Қырғын төбелестен аман қалғанымыз жатақханаларымызға қайттық. Бәрімізді төбелесіп жүргенде сыртымыздан суретке түсіріп алыпты. Милициялар әлгі суреттерден альбом жасап алып, келесі күні таныған студенттерін шетінен ұстай бастады. Соның салдарынан 26 желтоқсан күні ауылға қайтуға мәжбүр болдым. Артымнан Қайрат ағам да ауылға келді.  Жаңа жылды осылайша бірге өткізген едік. Мереке өткен соң, ағамды нағашымның үйінде ұйықтап жатқан жерінен ұстап әкетті. Мен Алматыға жалғыз қайттым. Келіп оны іздеп таба алмадым. Іздемеген жерім, ашпаған есігім қалмады. Ақыры ағамды қалалық ішкі істер басқармасынан бір-ақ таптым. Ата-анама хабар бердім. Содан сот басталды. Қайратқа «Савицкийдің өліміне қатысы бар» деген жала жапты. Жаланы ұрып-соғып қинаса да мойындамаған екен ол. Алаңға барғанын, қазақтың қызын құтқарамын деп милицияға қол жұмсағанын ғана мойындаған. Оның ату жазасына кесілгенде де қасқайып тұрғанынан хабардарсыздар. Жалпы, Қайраттың кейінгі тағдыры елдің есінде. Қайталап айтудың реті жоқ шығар.

– Ал, сіздің тағдырыңыз қалай болды?

– Бұл көтерілістен кейін жаппай қудалаудың басталғанын жоғарыда айтып өттім. Ағам  ұсталғаннан кейін мені де оқудан шығарып жіберді. Алаңға барғандарды түрлі сылтаулармен университеттен қуып жатқан кез ол. Менің мойныма жоғарыдағы милиция мектебінің курсантын сабағанымды кінә  етіп   қойды.  Әрине, ол күндер ешқашан ұмытылмайды. Бүгінде отбасым бар. Он жылдан бері намазға жығылдым.

– Осыншама жылдан бері  жауыр  болса да жауабы табылмаған бір сұрақ бар: Желтоқсан көтерілісі өзінің лайықты бағасын алды ма?

– Еліміздің Тәуелсіздігіне жол ашқан Желтоқсан көтерілісіне 25 жыл толса да оған әлі толық баға берілген жоқ. Бүгінгі таңда Желтоқсанға жаңа көзқарас қажет деп есептеймін.

– Сонда бұл көтеріліске неліктен әлі күнге дейін лайықты баға берілмей келеді?

– Мен бұның екі себебін атап өтер едім. Біріншіден, Желтоқсанның не оқиға, не көтеріліс екені әлі күнге дейін айқындалмады. Кеңес Одағы тұсында Желтоқсан оқиға ретінде қаралды. Әйтсе де, бұл оқиға болып басталғанымен, бұл шын мәнісінде ұлт азаттық көтеріліс еді. Алаңда кескілескен тайталас болғаны белгілі. Сонда алаңдағы айқаста жастар намыстарын тік ұстап күресті, әскерилер және арнайы жасақтар біздерді аяусыз басып жаншыды. Демек, Желтоқсанды көтеріліс ретінде қараған орынды болмақ. Екіншіден, азаттық таңы атса да сол кездегі көзқарастан арыла алмаған азаматтар арамызда баршылық. Желтоқсан жөнінде сөз болғанда, оған қатысқан жастардың бәрін ұлтшылдықты көздегендер секілді елестетеді олар. Бірақ, біздер халықтың рухын түсірмеу, халқымыздың  еңсесін көтеру, елді өз ұлтымыздың азаматтары басқара алатынын жеткізу мақсатында алаңға шықтық емес пе...

Біздегі Желтоқсан көтерілісі КСРО құрамындағы көп елге түрткі болды. Олар тәуелсіздігін ала-сала бірден жаңару жолына көшті, яғни, демократиялануға бет бұрды. Сондықтан да, Кеңес кезеңінен бастап құзырлы орында отырғандардың барлығын босатты. КГБ-да отырғандарды да тағынан тайдырды. Ал, елімізде бұл үрдіс жүрмеді. Кеңестік жүйемен қалыптасып қалған басшылар жылы орнын суытпай қызметінде қала берді.   Оның   үстінде жоғарыда айтқанымдай, Желтоқсан көтерілісіне қырын қарайтындар арамызда аз емес. Олар ең болмаса Елбасының  бұл көтеріліс жөнінде айтып жүрген пікірлерін басшылыққа алса ғой. Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев өзінің «Ғасырлар тоғысында» атты кітабында: «1986 жылғы Желтоқсан көтерілісі қазақ жастарының сана-сезімінің қаншалықты өскендігін көрсетті. Олар жүз жылға жуық уақыт бойы халықты казармалық тәртіпте ұстап келген тоталитарлық жүйенің алдында бірінші болып айылдарын жиған жоқ. Жастар бұдан әрі кез-келген ұлтқа тән ұлттық мақтаныш сезімін қорлауға жол бермейтінін өз халқының атынан ашық мәлімдеді», – деп атап өткен еді. Сондай-ақ, Президенттің өзі бас болып Алматыда Желтоқсан қаһармандарына арнап ескерткіш ашуға ұйытқы болды. Кезінде Елбасының арнайы Жарлығымен әр жылдың 17 желтоқсаны «Демократиялық жаңғыру күні» деп жарияланғаны мәлім. Бұл желтоқсандықтарға деген үлкен құрмет әрі қолдау. Бұдан біздің азаматтар үлгі алулары керек. Міне, сондықтан да 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісінің ширек ғасырлық төл мерекесін өткізу жөнінде Желтоқсан қайраткерлерінен, қоғамдық ұйымдар мен партия өкілдерінен арнайы комиссия құрылып, бұл маңызды шараға мемлекеттік деңгейде мән берілуі әділдік болар еді. Әйтпесе, Ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығы кең көлемде аталып өтілуде, ал Желтоқсан көтерілісінің 25 жылдығы еркерусіз әрі елеусіз қалып келе жатқаны жасырын емес қой. Осы тұста Желтоқсанның 20 жылдығы да жетім қыздың тойындай өткенін атап өтсем артық болмас.

– Желтоқсанға нақты мәртебе берілуі үшін не істеу керек?

– Анық статусты тарихшылар мен халық өздері береді. Жер бетінде халықтың айтуынсыз мынау былай болады   деп өздігінен шешім шығара салатын мемлекет болмаса керек. Бәріне де уақыт төреші...

– Сол жылдары Алматыда оқыған студенттердің дені бүгінде Желтоқсан көтерілісіне қатысқандықтарын айтып, өздерін қаһарман ретінде көрсетіп жүр. Билікке де алақан жаятындар көбейіп кеткені ащы болса да шындық. Бұған не айтасыз?

– Сөзіңіздің жаны бар. Бұндай мәселелердің орын алмауы үшін, ақ пен қараны ажырату мақсатында мемлекет тарапынан арнайы бағдарлама, комиссия құру қажет. Сонда ғана көмекке зәру нағыз желтоқсандықтарға көмек беріліп, бүгінгідей қордаланған мәселе болмас еді. Бір анығы, Желтоқсанға қатысқан азаматтар – отаншыл, ұлтының жанашыры, әрі көтерілісті пайдаланып, жеке мүддені көздеп, материалдық жағдайларын жақсартамын деу – біз секілді желтоқсандықтарға тән емес.

– Сіздер Желтоқсанға қатысқандарыңызда өрімдей жастар едіңіздер. Бүгінде жастардың бойынан сондай жігерді көре аласыз ба?

– Әр заманның өз батырлары бар, әрі бола да береді. Бұл – табиғат заңы. Тек сол батырларымыздың ерліктерін келер ұрпаққа тәрбие ретінде таныта білсек болғаны. Желтоқсанның жалынды жастары, кешегі Қайрат, Ләззат, Ербол, Сәбираның атын тарихта қалдыру үшін олардың ерлігін бүгінгі ұрпаққа күнде айтсақ та артықтық етпейді. Бұл жастарымызға жігер беріп, олардың рухын көтеретіні сөзсіз. Біз осы жолда бүгінде шамамыз келгенінше еңбектеніп келеміз. «Халық қаһарманы» деген атаққа лайық болмаса да, жоғарыда аты аталған халық қаһармандарына дем берген Желтоқсанның ерлері арамызда тірі жүр. Соларды жастармен етене араластырып, білім ошақтарында тәрбие сағаты, түрлі кездесулер көптеп ұйымдастырылса деген тілегім бар.

Тәуба, қазіргі қазақ жастарының бойынан қайсарлықты да, жігерлікті де, ұмтылысты да байқаймыз. Ал, болашағы зор ел боламыз десек, сол жастарымызға алдыңғы толқын ағалар сүрінгенде сүйеу, құлағанда демеу болып, осындай ұлағатты істі ұрпақ жадында мәңгіге қалдыруымыз керек. Басты мақсат – жастардың бойына ұлттық патриоттық сана-сезімді сіңіру болса керек. Сонда ғана Қазақ елін дау да, жау да ала алмайды.

Талғар Мейірханов: «Иммунитет тапшылығы адамның әлеуметтік жағдайына, жынысына қарамайды»
Күлия Айдарбекова: «Ханның ролін сомдап, шынайы өмірде де содан шыға алмай жүрген актерлер бар»
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу