Түркістанда шенеуніктер депутат болуға ұмтылып жатыр
Праймеризге облыс әкімі аппаратының жетекшісі, облыста бірнеше ауданның тізгінін ұстаған, жұртшылық іскерлігін мойындаған Әуелхан Тұрғымбеков Қазығұрт ауданынан қатысып, 66 пайыз дауыспен бірінші орын алды деп хабарлайды Oinet.kz тілшісі.
Түркістан облысы әкімі аппаратының басшысы Әуелхан Тұрғымбеков
Мақтаулы Тұрғымбековтің Мәжіліске баруы өте лайық таңдау, дұрыс шешім екенін ел ерекше ризашылықпен айтып жүр. Дәл осы Қазығұрт ауданындағы тізімде бұрынғы аудан әкімі Әбдімүтәліп Көбеевтің ұлы Данияр Көбеевті (55 пайыз) көзіміз шалды. Үлкен-Көбеевтің 1994 жылы Жоғары Кеңестің депутаты болып сайланғаны, кейіннен «Ауыл» партиясының атынан облыстық мәслихатқа түсіп, өтпей қалғанынан хабардармыз. Кіші-Көбеевтің қазіргі қарқыны жаман емес сияқты.
Арыс қаласының әкімі Мұрат Қадырбек
Осы аудандағы тізімнен бұрынғы аудан әкімі Тілләбек Мұсабаевты (10 пайыз) да байқадық. Бұрынғы әкімдер демекші, Мақтааралдан экс-аудан әкімі Қасымбек Хаметов бақ сынап, 25 пайыз дауыс иеленді. Ал, Отырардан осы ауданның 1992-1993 жылдары әкімі болған, бүгінде «Ауыл» партиясының облыстық филиалы төрағасының орынбасары Қанжігіт Сыздықтың ұлы Ғани Қанжігітұлы да бақ сынады. Әкесі «Ауылдың», ұлы «Нұр Отанның» намысын жыртатын неткен демократиясы дамыған елміз десеңізші. Шардара ауданының бұрынғы әкімі, бүгінде облыстық мәслихаттың депутаты Серікбай Ибадуллаевтың қызы Рая Ибадуллаева Түркістан қаласынан қатысып, үздік ондықтан көрінді.
Түркістан облыстық мемлекеттік сатып алу басқармасының басшысы Ерғали Білісбеков
Бұған дейін жазғанымыздай, бұл праймеризде мәслихаттағы депутаттар ғана емес, «действующий» әкімдер мен басқарма басшылары да бақ сынады. Солардың бірі, былтырғы әскери қоймадан шыққан жойқын жарылыстан әбден шыңдалған Арыс қаласының әкімі Мұрат Қадырбек 85 пайыз дауыс алды. Рас, болса Қадырбек Мәжіліске баратынға ұқсайды. Мемлекеттік сатып алу басқармасының басшысы Ерғали Білісбеков додаға Бәйдібек ауданынан ат қосып, мәре сызығына 75 пайыз дауыспен жетті. Білісбековтың де мәжіліс мандаты үшін күресіп жүргені айтылуда. Басқасы басқа тендер өткізетін басқарманы қиып тастап кету бекер емес қой.