Кадиовертер жүрек жұмысын жақсартады
26-01-2024
Сейітжамал Пәкеев, Шымкент медициналық колледжінің директоры:
1930 жылы Шымкентте тұңғыш медициналық техникум ашылды.
Алғашында мұнда тек санитарлық дәрігердің көмекшісі мамандығы оқытылды. Таяуда 80 жылдық мерейтойын арұқа-жарқа атап өткен Шымкент медициналық колледжінде 8 факультет жұмыс істейді. Ал оқу орнының түлектері облыс түгілі республикағы кез-келген денсаулық сақтау мекемесінде жоғары сұранысқа ие десек артық айтпаған болар едік. Соңғы жылдары медициналық колледжді іскерлікпен басқарып келе жатқан Сейітжамал Пәкеев әрдайым бірінші орынға сапа мәселесін қоятынын қадап айтты. Оқу орнының басшысымен әңгімеміз осы тақырыптан басталды.
- 80 жыл бұрын ашылған медициналық техникумның алғашқы түлектерінің саны 22-ні құраған, - дейді Сейітжамал Орынбасарұлы. - Бүгінде колледжде 1900 студент тәлім алуда. Бұл тағы қысқарған түрі. Осыдан үш жыл бұрын колледждің басшылығына келгенімде оқушы жастардың саны 2500-нан асатын. Бірақ, бізге керегі сан емес, сапа. Білім алып, мамандыққа үйренгісі келмейтіндерді оқудан шығардық. Жалпы, медицинаға кездейсоқ келгендер осы салада ұзақ жүре алмайды. «Диплом алсақ болды», деп жүрген жастар аз емес. Сондықтан, колледжге құжат тапсырған балалармен, олардың ата-аналарымен сөйлесіп, олардың мақсаттарын анықтауға тырысамын. Уақытым тығыз болса да бұл шаруаны кейінге ысырмаймын. Бұл салаға адасып келгенін түсінгендер құжаттарын алып, басқа оқуға тапсырып жатады. Студенттердің сабақ үлгеріміне айрықша назар аудардық. Колледждің жарғысында жазылғандай, 40 сағаттан астам сабаққа қатыспаған студент оқудан шығарылады.
- Мұндай қатаң шараларды құптамайтындар да табылған шығар?
- Рас айтасыз, алғашында бұл саясатқа бағынғысы келмегендер табылды. Қарсылық білдіріп, қолдамайтындар аз болған жоқ. Бірақ қазір жағдай өзгерді. Білім беру ісінің сапасын арттыру үшін қатаң талап қоймай тірлік алға жүрмейді. Маған қоңырау шалып, мәселесін шешкісі келген азаматтар болды. Үстімнен арыз-шағым жазғандар да болды. Бірақ ешуақытта өзім ұстанған қағидалардан айныған емеспін. Қатаң талап қойылған соң оқығысы келетін адам қалады, оқымайтындар кетеді. Біз медицина саласы үшін кадрлар даярлап жатқандықтан колледждің түлектері болашақта елге қызмет көрсетуі тиіс. Ал ол сауатсыз маман болса нәтижесі не болады? Науқас адамға көмек көрсетудің орнына зиянын тигізіп жүрмей ме? Оқушылар мен оқытушылардың санасын өзгертуге де күш саламын. Мен оқытушыларға «өзіңді науқас адамның орнына қойып көр. Кезінде өзің сабақ берген шәкіртіңнің білімі төмен екенін біле тұра оның қабылдауына барасың ба?» деп үнемі айтамын. Сонда олар ойланады. Қазір білім сапасына қатысты талап анағұрлым күшейген. Медициналық оқу орнын бітіргелі жатқан студенттер мемлекеттік дипломмен қатар сапа мамандығы сертификатын алуы тиіс. Бұл сертификатсыз оны жұмысқа ешкім қабылдамайды. Тағы бір жаңалық – колледжімізде қазақ тілді бөлімдердің де үлесі жылдан-жылға артып келеді, қазір шамамен студенттердің 60 пайызы ана тілінде оқиды. Бірақ мұндағы басты мәселе – қазақ тілді кітаптар мен оқулықтар жоқ. Соған қарамастан мейлінше сапалы білім беруге тырысамыз. Дегенмен, ең басты талапты оқушыларға емес, мұғалімдерге қойдық. Себебі, студентке білім беріп, мамандыққа баулу үшін мұғалімдердің өздері пәнді жақсы меңгеруі тиіс. Оқытушылардың біліктілігін арттыру мәселесіне көп көңіл бөлеміз. Айталық, жуырда колледжімізге Челябинск медициналық академиясының бір топ мамандары келіп, семинар өткізді. Осындай тәжірибе алмасулардың маңызы зор. Бір айта кететіні, ресейлік әріптестеріміз колледжіміздегі мұғалімдердің біліктілігіне, оқу орнының материалдық-техникалық базасына аса жоғары баға беріп кетті. Студент жастарға сапалы білім беру жолында бізге Жұмағали Исмаилов басқаратын облыстық денсаулық сақтау басқармасы да үлкен жәрдем беріп жатыр. Айталық, бізде 6 интерактивті тақтаның барын естіген ресейлік мамандар таңданысын жасырмады.
- Еңбек нарығындағы мамандықтарға деген сұраныс ескеріле ме?
- Әрине. Бүгінде медициналық колледжде жастар тіс дәрігері, фельдшер, санитарлық дәрігердің көмекшісі, фельдшер-лаборант, фармацевт мамандықтары бойынша тәлім алуда. Мұның қай-қайсысы да керек мамандықтар. Біз үнемі статистикалық мәліметтерді саралап отырамыз. Облысымызда қазір 17 мыңнан астам орта буынды медицина қызметкерлері жұмыс істеуде екен. Қазір жаңа ауруханалар, фельдшерлік-акушерлік бекеттер ашылып жатыр. Демек медицина қызметкерлеріне сұраныс арта бермек. Бірақ, бірінші кезекте ауылға жас мамандарды көптеп тарту керек. Қалада дәрігерлер жетіп артылады.
- Медициналық білім беру бағдарламасына өзгерістер енгізіліп жатыр ма?
- Қазір мемлекеттік білім беру ісіндегі жаңа стандарттар шығып жатыр. Өзім көп жыл бойы денсаулық сақтау мекемелерінде жұмыс істедім. Тәжірибелі маман ретінде айтарым, теория мен іс-тәжірибенің арасын жақындатпайынша сапалы білім алу мүмкін емес. Сондықтан облыс орталығындағы медициналық базалармен келісіп, бірлесіп жұмыс істеуді күшейттік. Бұрындары іс-тәжірибе сабағына кеткен студент көше сыпырып, еден жуып жүре беретін. Қазір ол мүлдем жоқ. Студенттердің іс-тәжірибеден сапалы түрде өтуіне айрықша қадағалауды қолға алдық. Менің қойып отырған талабым – колледжді бітіріп шыққан маман бірден кез-келген денсаулық сақтау мекемесінде жұмысқа толық кірісіп кететіндей жағдайда болуы керек. Ол үшін ауруханалар мен емханалардағы жұмыс тәртібін, ондағы жаңа құрал-жабдықтармен жұмыс істеуді жетік меңгеруі тиіс. Науқастарға не керек? Жылы сөйлеу, нақты диагноз қою және уақытылы емдеу беру. Осы қасиеттерді студенттерімізге сіңіруге тырысамыз. Мақтанғаным емес, бірақ біздің колледжді бітірген түлектерге сұраныс жоғары. Оларды кез-келген денсаулық сақтау мекемесі жұмысқа қабылдауға ниет білдіреді, басым көпшілігі жұмысқа алынды. Бұл да болса біздің оқу орнына деген сенімнің көрсеткіші. Тіпті оқуын аяқтап, жұмысқа орналасқан соң да колледж түлектерін назардан тыс қалдырмай, олардың жұмыс сапасы жайлы бас дәрігерлердің пікірін біліп отырамыз.
- Қазір облысымызда жекеменшік медициналық оқу орындары қаптап кетті. Ондағы білім саласы қай деңгейде?
- Бірден айтайын, медицинаны бизнеске айналдыруға болмайды. Мұның зардабы ауыр болатыны сөзсіз. Облысымызда 4 мемлекеттік колледж бар. Жекеменшік оқу орындарының саны одан да көп. Білім сапасына арналған жиындардың бірінде медколледждердің тым көбейіп кеткенін ашық айттым. Оқу орнының тиісті материалдық-техникалық базасы болмай, білікті оқытушылар сабақ бермей сапалы маман даярлау мүмкін емес.
"Ойнеттің" мұрағатынан, 2010 ж