Сәбит Исабеков: «Билік қолдамаса, жиырма бес жылдық та атаусыз қалуы мүмкін»

Oinet.kz 09-12-2010 1485


Screenshot_1.jpg

1986 жыл. Желтоқсан. Сол бір сұрапыл күндердің бастан өткерген ол жендеттер ұрып-соққан қазақ қыздарына ара түсіп, қауіпсіздік қызметкерлерінің назарына ілікті. Өзі де ауыр соққы жеп, ауруханаға түсті. Бұдан кейін қамау, тергеу. Артынша сот үкімімен 4 жылға сотталып кете барды. Желтоқсаншы—Сәбит Исабековтың бұдан кейінгі тағдырын өз аузынан естігенді жөн көрдік.  

--Тергеу абақтысында жатқан кезде біз «ешкімді ұрғанымыз жоқ, қылмыс істегеніміз жоқ, сондықтан ақталып шығамыз» деген сенімде жүргенбіз. Бірақ ол ақталмады,--дейді Сәбит.--Сотта маған бір қазақ азаматшасы қорғаушы болды. Ол ә дегеннен «үндеме, сөйлесең әке-шешеңді жер аударады, ағаларыңды жұмыстан қуады» деді. Оның осы сөзіне сенген мен сотта жақ ашқаным жоқ. Соттың маған төрт жыл бас бостандығынан айыру жазасын тағайындаған кезде, аң-таң болдым да қалдым. Сондағы таққан кінәлары Бейбітшілік көшесімен алаңға келе жатып, таяқ жеген қазақ қызына ара түскенім екен. Жендеттен қорғану үшін қолыма таяқ алып, оны ары-бері сілтегенім екен. Бар дәлел--сол бір сәттен түсіріліп алынған сурет қана. Қызыл жағалалардың өздері тауып берген адвокаттың «үндеме» деп  мені әдейі арандатқанын сол кезде түсіндім.

Осылайша сотталып кете бардық. Алдымен Маңғыстаудағы түрмеде отырдым. Сол жерде жиырма шақты желтоқсаншы болды. Анда-санда бас қосып, өзара әңгіме жасап тұратынбыз. Түрме басшылары «мыналар тағы да бірдеңені ұйымдастырып жүрер» деп қауіптенсе керек, ұзамай әрқайсымызды әр тарапқа бөліп жіберді. Мен Ақтөбе түрмесіне түстім. Ол жерде жағдай өте ауыр болды. «Ұлтшыл» болғаным үшін түрме ішіндегі түрмеге көбірек жатып шығуыма тура келді. Осының бәрі денсаулығыма әсер етті. Сол темір тордың арғы жағында жүріп тапқан ауруларымның зардабынан кейіннен бір бүйрегімді, өкпемнің жартысын алдырдым.

Құрт аурына шалдығып, қайтадан Маңғыстау облысына қарасты Жетібай деген жердегі түрмеде ауыстырылдым. Қапастағы  үшіні жылы мерзімімен бітпей жатып табан астында бостандыққа шығарылдым. Прокурордың өзі әуежайға апарып, Ташкентке ұшақпен салып жіберді. Ештеңе түсіндірген жоқ, не қолыма құжат берген жоқ. «Желтоқсан оқиғасына қатысқандарды түмеден шығару туралы жоғарыдан нұсқау келді» дегеннен басқа ештеме айтпады..

--Сонда өзіңіздің ақталғаныңызды қашан білдіңіз. Ал, өтемақы мәселесі қалай шешілді?

-- Ақтау туралы қаулыны 1991 жылы соттан барып алдым. Оған дейін оны не өзіме берген жоқ, не почта арқылы жолданған жоқ. Шаянға келген соң милиция тыныштық бермеді. Ол кезде тәртіп солай еді ғой. Ауылда мал ұрланса да, төбелес болса да мені келіп тергейді. Сондай күндердің бірінде жерлес жазушы Еркінбек Тұрысовқа Алматыдан Мұхтар Шаханов телефон соғып, «Ауылдарыңызды Сәбит Исабеков деген жігіт бар ма? Соны тауып маған жіберіңіз» депті. Кейіннен білгенім, мен сол уақытқа дейін ішкі істер органдарының тізімінде із-түссіз жоғалған азамат ретінде тіркеуде тұрыппын. Хабарды естіген соң Алматыға кеттім. Ал, өтемақыны 1997 жылы сотқа өзім арызданым жүріп алдым. Сот 3 миллион теңге өтемақы өндіру туралы шешім шығарды. Бірақ бюджетте ақша жоқ деп, қаржыны төлеу кейінге шегеріле берді. Ақыры араға адам салып жүріп, жоғарыдағы ақшаның жартысын әзер алдық.   

-- «Желтоқсан» қоғамдық ұйымы алғашқы кезде біршама жұмыстар атқарды. Бірақ біздің білуімізше, ол қазір 7 ұйымға бөлініп кетті. Ұйым жетекшілерінің бір мүдде аясында бірігіп жұмыс істей алмауының себебі неде деп ойлайсыз?

 --«Желтоқсан» ұйымының төрағасы етіп біз алдымен Хасен Қожа-Ахметті сайлағанбыз. Аштық жариялап, бірінші кезекте жазықсыз сотталған қыз-жігіттерді ақтап алуға күш салдық. Бұл міндетті толығымен атқарып шықтық. Конституциялық сот болды. Сотқа шақырылғандардың арасында Колбин, Тұяқбаев келмеді, ал Камалиденов болды. Бірақ сол Конституциялық сот ақырына дейін жетпей қалды. Бұдан кейін желтоқсаншылардың әлеуметтік мәселесі шықты. Ол оны шешу үшін биліктің жәрдемі қажет болды. Сол жылдары Елбасының бізге пәтер беру туралы нұсақауы шыққанымен, бюрократиялық кедергілерден ол алғашқыда орындалмай жүрді. Дегенмен Алматыда тұратын желтоқсаншылардың барлығына дерлік пәтер берілді. Мен пәтерге қол жеткізе алмадым. Өйткені туберкулез аурунынан әлі толық жазыла алмай, Шымкентке қайтып кеткен болатынмын. Желтоқсанда жазықсыз сотталғандардың көпшілігі Шымкенттің қыз-жігіттері еді, бірақ бізде пәтер беру мәселесі осы уақытқа дейін шешілмеді. Біраз мекемелерге осы мәселені айтып көріп едім, болмады. Кезінде Болат Жылқышиев әкім болып тұрған кезде шешіп береміз деген еді. Бірақ ол қызметтен кетіп қалды.

Осыдан кейін ырду-дырду басталды. «Желтоқсан» ұйымының басы-қасында жүрген азаматтардың мүдделері бір арнада тоғыспады. Бұған сол кездегі арнаулы органдардың да ықпалы тиген сияқты. Оның шет жағасын өзім де сездім.  Алғаш құрылған ұйымға Аманжол Нәлібаев, бұдан соң Зиядин Исабеков ағамыз төрағалық етті. Ол екеуі де марқұм болып кетті. Кейіннен Әлібек Мұзаффаров жетекшілік жасады. «Желтоқсан» ұйымының қазір аты бар да заты жоқ.  

--Жоғарыдағы бір сөзіңізде  Ж.Тұяқбаев Конституциялық сотқа келмеді дедіңіз. Оның бұл оқиғаға қаншалықты қатысы бар? Желтоқсан оқиғасына қатысты мәліметтер әлі мұрағаттан шыққан жоқ деген пікірлер көп айтылады. Бұған айтасыз?

--Ж.Тұяқбаев сол кезде Бас прокуратурада үлкен қызметтерді атқарған. Бір желтоқсаныншының сотына мемлекеттік айыптаушы ретінде қатысқан. 1987 жылы қазақ халқына «қазақ ұлтшылдығы» деген негізсіз айып тағылып, оны жоюға қатысты көптеген шаралар атқарылды. Қаншалықты кінәсі барын білмедім, бірақ Ж.Тұяқбаев сол кезде жауапты басшы ретінде көптеген құжаттарға қол қойған.

Желтоқсан оқиғасына қатысты көптеген құжаттардың әлі жарияланбағаны рас. М.Шахановтың қолында том-том құжаттар болатын. Оның неге жарияламай отырғанын әлі күнге түсінбеймін.

--Хасен Қожа-Ахмет кейде М.Шахановтың еңбегін жоққа шығарған пікірлерін айтып қалады. Сіздің ойыңызша, Желтоқсан шындығын жарыққа алып шығуға М.Шахановтың қаншалықты еңбегі сіңді?

-- Қазақ зиялыларының бірінің еңбегін бірі жоққа шығаратын сөздеріне кейде күйіп кетемін. М.Шахановтың Желтоқсан туралы алғаш болып Мәскеудегі пленумада айтқан рас қой. Конситутциялық соттың басы-қасында да сол кісі отырды. Хасен Қожа-Ахмет 1986 жылы алаңда болып, саяси себептермен түрмеде отырғаншығар, бірақ кезінде оның «Желтоқсан» ұйымының төрағасы ретінде бастама көтергенін көрген емеспін.

--Күні кеше Алматыдаға баспасөз мәслихатында өзін президентікке үміткер ретінде ұсынған В.Козловқа жұмыртқа лақтырған Талғат Рысқұлбеков «Желтоқсан рухы» ұйымының төрағасы. Ол Халық қаһарманы Қайрат Рысқұлбековтың туған інісі деген әңгімелер айтылып жатыр. Оны сіз білетін бе едіңіз?  

 --Иә, мен білетін Талғат Қайраттың туған інісі. Кезінде ол «Желтоқсан» ұйымына жиі келіп тұратын. Оны батырдың інісі ретінде құрметтедік. 2000 жылдардан кейін мен олармен араласқан емеспін. Талғат кейіннен дін жолына түсіпті деп естідім. Қазір «Желтоқсан рухы» ұйымының төрағасы көрінеді. Оның Желтоқсан оқиғасына қатысқан-қатыспағанын білмеймін.

--Келер жылы Желтоқсан оқиғасына жиырма бес жыл толады. Жиырма жылдық оншалықты кең көлемде аталып өтпеді. Жиырма бес жылдық та соның кейпін киеді деп ойамайсыз ба?

--Жиырма жылдықта Алматыға арнайы шақырылдық. Елбасының қатысуымен алаңда Желтоқсанға арналған ескерткіштің ашылуы өтті. Басқа ешқандай шара болған жоқ. Жиырма бес жылдықтың қаншалықты аталып өтілуі билікке байланысты. Билік қолдамаса, ешетеңе болмайды.

Oinet.kz

Сейітжамал Пәкеев: «Медицинада бизнес жасауға болмайды»
Керімбек Ниязбай: «Мен бала кезден ұлтжанды болдым»
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу