Мәди Бегалиев: «Дәрігерлеріміздің біліктілігі шетелдіктерден кем емес»

Oinet.kz 18-11-2010 975

Screenshot_3.jpg

Мәди Бегалиев, Шымкент қалалық жедел жәрдем ауруханасының бас дәрігері:

Шымкент қалалық жедел жәрдем ауруханасы  облыстағы ең үлкен денсаулық сақтау мекемесінің бірі. Мұнда жылына 10 мыңнан астам науқасқа операция жасалып, 20 мыңға жуық адам стационарлық ем алып шығады. Одан бөлек қабылдау бөлімінде 23 мыңдай науқасқа жедел жәрдем көрсетіледі.  Осындай үлкен мекеменің жұмысын үйлестіріп, жолға қоюдың оңайға соқпайтыны айтпаса да түсінікті. Қалалық жедел жәрдем ауруханасына басшы болып білікті дәрігер ретінде елге кеңінен танымал, бұған дейін де жауапты қызметтерді абыроймен атқарған Мәди Бегалиев тағайындалғалы бері осы денсаулық сақтау мекемесінде ел сүйсінетін жақсы тірліктер жүзеге асып жатыр. Заман талабына сай құрал-жабдықтар алынды. Үлкен ұжымды басқаруда іскерлік танытқан беделді басшы, облысымыздың бас  хирургі Мәди Бегалиевтің  бүгінгі медицина жүйесі  жайлы айтар ойы аз емес. 

- Мәди Қожаұлы, жыл басынан бері қолданысқа енген бірыңғай ұлттық  жүйе  жайында қоғамда түрлі пікірлер айтылуда.  Өзгерістерге әлі  толық үйрене алмай жүргендер кездеседі. Осы реформа өзін ақтады ма? Бұған қандай баға бересіз?

- Жаңа жүйеге баға беру әлі ерте. Оның артықшылықтары мен кемшін тұстарын анықтау үшін  уақыт керек. Дегенмен, қазір жұмыс жолға қойылған секілді. Халық та жаңа жүйеге үйреніп қалды. Рас, «бұрынғы кезбен салыстырғанда қазір ауруханаға жатудың өзі қиындай түсті» деген пікірлерді еміс-еміс естиміз. Ол түсінікті де. Бұған дейін емханада бір жапырақ қағаз берсе болғаны ауруханаға еш қиындықсыз жата беретін. Қазір  арнайы код алып, ауруханаға жіберерден бұрын  науқас медициналық тексеруден өтеді. Бұл тәртіптің тиімді тұсы  - көрсеткіштер белгілі болғанға дейін ауруханада жатып күтудің  қажеттілігі жоқ. Науқасқа ауруханаға түскен бойда бірден  операция жасауға мүмкіндік бар.

- Дегенмен, реформа қарапайым дәрігерлердің жұмысына қалай да  әсер еткен болар?

- Аса үлкен өзгеріс жоқ, тек  жазу, қағаз толтыру жұмыстары көбейді. Барлық  бөлімдерге компьютер орнаттық.  Бірақ онымен жұмыс істеп,  мәліметтерді енгізу үшін де адам керек қой. Оның үстіне бүкіл жұмысты компьютермен жүргізу мүмкін емес. Науқастың ауру тарихы қолмен жазылады.

 - Денсаулық сақтау саласындағы ең өзекті мәселелердің  қатарында ана мен бала өлімі айтылады. Бұл бағытта қандай өзгерістер бар?

- Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың өзінің Жолдауында ана мен бала  өлімін азайтудың жолдарын қарастырды. Бұл ұлттық деңгейдегі мәселе. Бұл бағытта қазір үлкен жұмыстар атқарылды. Биыл облыстық денсаулық сақтау басқармасының бастығы Жұмағали Исмайловтың бастамасымен біздің аурухананың жанында жүкті әйелдер мен жас аналардың арнайы орталығы ашылды. Бұл республика деңгейінде ашылған тұңғыш орталық.   Мұнда жүктілікте жүрген және босанған әйелдерге күрделі операциялар жасаймыз. Жыл басынан бері біз 390 әйелге  операция жасап үлгердік. Барлығы да сәтті аяқталды. Негізі, ана өлімі деген мүлдем болмауы керек. Әсіресе хирургиялық себеппен. Әзірше біздің қол жеткізген үлкен жетістігіміз – биыл облыс бойынша  хирургиялық патологияның кесірінен бірде-бір ана өлімі тіркелген жоқ. 

 - Бұл орталықтың өзге  денсаулық сақтау мекемелерінен қандай ерекшеліктері бар? 

- Мұнда соңғы үлгідегі медициналық құрал-жабдықтар мен  қондырғылар орнатылған. Осы арқылы өте күрделі операцияларды жүргізуге мүмкіндік алдық. Бірақ, ең бастысы - орталықта кілең  мықты мамандар шоғырланған.  Жалпы, кез-келген салада жетістікке жету үшін ең әуелі мықты мамандар болуы қажет. Бізде біліктілігі жоғары хирургтар, анестезиолог пен  реаниматологтар жұмыс істейді. Дәрігер мамандардың жұмысын өзім қадағалап тұрамын. Арнайы атап өтетін жайт, науқас адамға операция жасауға барлығымыз бір кісідей атсалысамыз.

-  Сізді ел мықты хирург ретінде де таниды. Операцияларға жиі қатысып тұрасыз ба?

- Өзім аптасына 3-4 операция жасаймын. Ең қиын операцияларға қатысуға тырысамын. Қажет болған жағдайда кез-келген маман кез-келген уақытта мені операциялық залға шақыра алады.  

- Мықты хирург болу үшін не қажет?

- Денсаулық сақтау саласындағы 30 жылдық тәжірибемнен түсінгенім, ең әуелі  білім керек. Екіншіден, дәрігер адамға мейірімді болуы тиіс.  Ал науқас адамға деген мейірімділігі  екі есе артық болуы керек.  Себебі ол  қиналғандықтан дәрігердің көмегін сұрап келіп отыр. Оған көңіл бөліп,  жылы сөз  айту қажет. Науқас адамға дөрекі сөйлеудің өзі жағдайды қиындатып, аурудың асқынуына апарып соғуы бек мүмкін.  Яғни, психолог  бола білу керек.  Тіпті кішігірім операция жасау қажет болса да дәрігер науқас адамның сеніміне кіруі қажет. 

 - Сіз кезінде облыстық клиникалық аурухананы басқардыңыз. Сол кездегі денсаулық сақтау жүйесі мен қазіргі жағдайды салыстырып көріңізші. Қандай өзгерістер бар?

- Бұрын медицинаға  қаражат тым аз бөлінетін. Ауруханаларды  жөндеуден өткізуге, қажетті құрал-жабдықтарды сатып алуға қаржы үнемі  жетпей жататын. Қазіргі жағдай мүлдем басқа. Тек  біздің аурухананы алып қарайтын болсақ, соңғы екі жылда  құны 1 миллиард теңгені құрайтын  құрал-жабдықтар сатып алынды. Мұндай бұрын-соңды болмаған. Қазіргі таңда бас дәрігер өзі басқаратын мекемеге қажетті құрал-жабдықтар тізімін жазып, ұсынысын дәлелдей алса облыстық  бюджеттен қаржы міндетті түрде бөлінеді. Дәл қазір біздің ауруханада қалыпты жұмыс істеу үшін барлық қажет заттар толығымен жеткілікті. Дәрі-дәрмектен де,  құрал-жабдықтан да жетіспеушілік көріп отырғанымыз жоқ. Енді, шетелдің  мықты медициналық  орталықтарындағыдай  ең  заманауи, былайша айтқанда «супер техника» әзірше жоқ. Бірақ, мен үшін техника емес, білікті мамандар қымбат. Құрал-жабдықтар қанша жерден мықты болғанымен, жұмыс істейтін мамандардың кәсіби деңгейі төмен болса ол техникадан түк те пайда болмайды.

- «Қазір медициналық ұйым басшылары  көбіне  менеджерлік қызметті атқарып кетті. Бас дәрігер тек емдеумен айналыссын, ал шаруашылық мәселелерді өзге адамға тапсырайық» деген ұсыныстар да айтылып жүр. Бүған қалай қарайсыз? 

- Бұл ұсынысты қолдамаймын. Бас дәрігерді тек емдеу ісімен шектеу меніңше дұрыс емес. Аурухананың жұмысын дұрыс үйлестіру үшін ол мекеменің  тыныс-тіршілігін, қандай қажеттіліктердің барын, жетіспей жатқан құрал-жабдықтар мен дәрі-дәрмектердің тізімін беске білуі шарт.  Аурухана басшысы дәрігер-маман болмаса ол мәселені жете түсінбейді. 

  - Дәрігерлерге төленетін жалақыға көңіліңіз тола ма?

- Жоқ, денсаулық сақтау саласы қызметкерлерінің айлығы тым төмен. Әрине, жалақы өссе дәрігерлердің жұмысқа деген ынтасы да анағұрлым күшейетіні сөзсіз.  Бірақ бұл мәселені біз емес, Үкімет шешеді.

- Мамандардың біліктілігін арттырудың бірден-бір жолы – шетелге жіберіп, тәжірибе алмасу екені белгілі. Осы бағытта қандай жұмыстар атқарылып жатыр?

- Біздің ауруханамызға Мәскеу, Литва, Алматыдан  профессорлар арнайы  келіп, семинарлар өткізді. Бірақ шетелден мамандарды шақырудағы себеп – медицина саласындағы соңғы жаңалықтар мен технологиялармен танысу ғана. Мен талай елде болып қайттым, содан байқағаным - біліктілігі жағынан біздің дәрігерлеріміз шетелдік әріптестерінен  кем емес. Өзге елдерге тәжірибе алмасу үшін мамандарды жіберіп тұрудың пайдасы мол. Бірақ, менің ойымша оған  әжептәуір тәжірибе жинақтаған дәрігерлерді ғана қатыстыруымыз қажет. Оқуды енді бітірген жастарды шетелге жібергеннен ұтарымыз шамалы. Ол онда  дұрыстап ештеңе үйрене алмайды. Шетелге бару үшін өзімізде кемі 10 жыл жұмыс істеп, тәжірибе жинақтау қажет. Біздің ауруханада көптеген студенттер іс-тәжірибеден өтеді.  Қолымыздан келгенше жас мамандарды үйретіп, тәжірибе бөлісеміз. Өз кезегінде жастар да   білімі алуға, тәжірибе жинақтауға  ұмтылуы тиіс. Жалпы, мен үшін студенттің қай оқу орнын бітіргені аса маңызды емес.  Алматы,  Астана немесе Шымкентте оқып келді не, бәрі бірдей. Мәселен, 20 студенттің барлығынан бірдей мықты маман шықпайды. Әрі кетсе 5-6 адамның білім алуға деген ұмтылысы болады. Жалпы, медицинаға кездейсоқ келген адамдар көп ұзамай бұл саладан өзі-ақ кетеді.  Айталық, жиі сынға ұшырап жүрген қаламыздағы  медициналық академияның  талай түлектері бүгінде өте жоғары білікті дәрігер ретінде танылып жүр. Ал жастарды бірден басшылық қызметке тағайындауға өзім қарсымын. Ол басқару ісіне кірісуден бұрын барлық сатылардан өтуі тиіс.    

- Халықтың ауруды болдырмау және салауатты өмір салтын қалыптастыруға аса үлкен мән бермейтінін бүгінде медицина мамандары жиі айтып жүр. Осы  бағытта қандай-да өзгерістер бар ма?

– Жалпы, жасы 40-тан асқан адам міндетті түрде жылына бір рет тексеріліп тұруы керек. Ал бізде қалай? Сау жүрген кезде тіпті жүрегінің қай жерде екенін де білмейтіндер көп қой.  Ауру әбден асқынған соң ғана  дәрігердің көмегіне жүгіну – қанымызға сіңіп кеткен әдет секілді. Осының өзі  біз үшін талай қиындықтар тудырады. Тұрғындар  уақытты өткізбей, ауру асқынбай тұрғанда келіп көрінсе деймін.   Дана халқымыздың «ауырып ем іздегенше ауырмайтын жол ізде» деген сөзін іс жүзінде орындайтындар тым аз.  Соңғы бір-екі жылда ғана оң өзгерістерді  байқай бастадым. Өз денсаулығына көңіл бөліп, спортпен шұғылданушылардың қатары көбейіп келеді.

Айдар Ниязов: «Мақсатым—суретшілердің рухын көтеру»
Сейітжамал Пәкеев: «Медицинада бизнес жасауға болмайды»
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу