Марат Достаев: Бұл жауапсыз махаббат
27-05-2022
Білім ордасы. Өнер мектебі. Қылқалам шеберлерінің қарашаңырағы. Қырық жылға жуық тарихы бар Ә.Қастеев атындағы Шымкент көркемсурет колледжі білім мен өнерді ұштастыра білген оқу орны ғана емес облыс суретшілерінің басын қосатын, олардың шағырмашылық бағыт-бағдарын айқындайтын шаңырақ.
Бұған дейін облыстық мәдениет басқармасын басқарған, өнертану ғылымының кандидаты, мәдениет қайраткері, сурет өнерінің қыр-сырына, терең иірімдеріне бойлай білген Айдар Ниязовтың аталған оқу орнының директорлығына тағайындалғанынан көп бола қойған жоқ. Онымен арадағы сұхбатымыз қарашаңырақтың бүгінгі ахуалы ғана емес жалпы облыстағы қылқалам шеберлерінің жай-күйі турасында өрбіді.
--Айдар Қамбарұлы, жаңа заман өнердің қай саласында болсын жаңа бағыт, жаңа ізденісті талап етеді. Қазіргі оқу орындарының бәрі де осы талаптың үдесінен шығуға мүдделі. Көркемсурет колледжінің келешегі туралы не айтасыз? Болашақ суретшілерді, қолөнершілерді даярлауда қолға алар, қозғау салар тірлік қайсы?
--Мен осы оқу орнынан басшылыққа келердің алдын өзімнің бағыт-бағдарымды белгілеп алдым. Ол—суретшілердің рухын көтеру, олардың шығармашылық өміріне жаңа серпін беру. Алға қойған мақсатым айқын. Оны жүзеге асыруға тәжірибем де, білімім де жетеді деп ойлаймын.
Қазақстанда суретшілерді даярлайтын арнаулы орта оқу орны екеу ғана. Оның бірі О. Таңсықбаев атындағы Алматы көркемсурет колледжі, екіншісі осы білім шаңырағы. Одақ кезінде Ә.Қастеев атындағы көркемсурет училищесі көптің бірі емес, атағы алысқа кеткен, дәрежесі биік оқу орны болатын. Оқуға қабылдау кезінде бір орынға 5-6 алты талапкер таласатын. Оған түскісі келген түлектер тек осы облыстан емес, Қазақстанның орталық, солтүстік облыстарынан да ағылатын. Ең мықты суретші-педагогтар осында дәріс берді. Бірақ кейінгі жылдары колледж беделінің біршама төмендегені рас. Ол облыстық деңгейде қалып қойды. Ендігі міндет сол биікті қайта бағындыру.
-- Жаңа заманның сұранысына сай көптеген оқу орындарында жаңа мамандықтар ашылып, кейбір мамандықтар қысқарып жатыр. Бұл тұрғыда колледжде қандай өзгерістер жасалуы тиіс деп ойлайсыз?
--Иә, рас, тіпті колледждердің санын қысқарту керек деген пікірлер де айтылып жатыр ғой. Бірақ бұл дұрыс емес. Біздің колледждің суретшілерді даярлайтын кейбір жоғары оқу орындарының факультеттеріне қарағанда мүмкіндігі жоғары. Өйткені Көркемсурет колледжінің қызметі толығымен осы салаға арналған. Бұл колледжге тек оқу орны емес сонымен бірге өнер ордасы деп қараған дұрыс. Кейде жоғарыдағы басшылар бізден колледжді бітірген түлектердің қайда жұмысқа орналасқаны туралы мәлімет сұратып, мамандықтарды қысқарту туралы ұсыныстар беріп жатады. Суретшінің бір жерде тұрақтап жұмыс істемеуі заңды ғой. Ол сурет салады, шығармашылық жұмыспен айналысады. Қылқалам өнері—идеология. Сондықтан елдің атын шығаратын, мәдениетін танытатын мамандықтарды қысқартпай, керісінше көбейту керек.
Жуырда колледж директорлары кеңесінің отырысында мен біраз мәселенің басын ашып айттым. Мәселен, облыста қазір 8 театр жұмыс істейді. Ал, облыста сахнаны әрлейтін бірде-бір кәсіби бутафор жоқ. Бірде-бір театрда кәсіби гример жоқ. Ал, осы екі мамандық сахна өнері үшін өте қажет. Ал, көркемдеуші декоратор, мультипликатор мамандарын даярлап шығарудың қажеттілігі әлдеқашан туған. Облыста қазір мультфильм шығаратын студиялар бар. «Алтын сақа» фестивалінің Шымкентте өтіп жатқаны да бекер емес. Неге осы мамандарды колледжде даярламасқа. Біз қазір осы жөнінде жоғарыға ұсыныс беріп жатырмыз.
Жалпы оңтүстік өңірі талантты суретшілерден кенде емес. Бір ғана Төлеби ауданынан 18 КСРО Суретшілер Одағының мүшесі шыққаны осының айғағы емес пе? Мықтылардың көпшілігі бізде түлеп ұшқан. Ал, уақытында білім ала алмаған, ауылда қалып қойған талант қаншама?! Менің ойымша, халқы тығыз қоныстанған өңірде суретшілерді даярлайтын бір жоғары оқу орны көптік етпейді. Латвия, Литва сияқты елдердің әр қаласында бір-бір көркемсурет институты, академиясы бар. Олар оны көп деп жатқан жоқ қой.
--Колледждің көкжиегін кеңейту әрине жақсы ұсыныс. Бірақ көп нәрсе материалдық базаға байланысты емес пе? Колледждің қазіргі материалдық базасы қаншалықты талапқа сай?
--Колледждің базасы, ол енді проблемалық мәселе. Атына лайық ғимарат емес. Елуінші жылдары зауыттың кеңесесі ретінде салынған екен. Өмірінде бірде-бір рет күрделі жөндеу көрмеген. Бірақ қолдан келген шараны жасап жатырмыз. Ғимараттың кіре беріс бөлігін жөндедік. Бірінші қабаттан осы оқу орнының студенттерінің курстық, дипломдық жұмыстары қойылған мұражай аштық. Осы мұражайдан Ә.Қастеевтың шапанын және оның еңбектерін көруге болады.
Колледждің бұрынғы құрамы сақталып қалды. Сырттан бірлі-жарым мамандарды шақырдық. Мәселен Сайд Атабековті. Ол сурет өнерінде өзіндік стилі бар танымал суретші. Қазір студенттерге фотоөнердің қыр-сырын үйрету үшін семинарлар өткізіп жатыр. Шәкірттердің бұл өнерге деген қызығушылығы зор. Танымал суретші Симаковты, облысқа белгілі дизайнерлер М. Айдүйсеновты, Инна Кимді шақырдым. Осының өзі ұжымның жұмысына тың серпіліс алуына жетеді деп ойлаймын. Басшылыққа келгеннен кейін шығармашылық жұмысқа, өзіміздің танытуға барынша назар аударылып жатыр. Көркемсурет галлереясында осы оқу орынының ұстаздары салған еңбектерді қойдық. Жұртшылыққа колледждің жемісін, мүмкіндігін көрсеттік. Осындай шығармашылық көрмені жылына кемінде бір рет өткізіп тұру ойымызда бар. Ең бастысы--мықты рух. Мықты рух болса, бәрі болады.
--Иә, қылқалам шеберлеріне осы рух, бірлік жетіспей жатқан сияқты. Облыстық Суретшілер одағының аты бар да заты жоқ ұйымға айналғалы қашан. БАҚ бетінде суретшілер арасындағы дау-дамай туралы талай мәселе көтерілді. Одақтың мүшесі ретінде сіз бұған не айтасыз?
--Суретшілер үшін қазір ең басты тақырып Суретшілер Одағының ғимараты болып тұр. Бір тобы оны ұстап тұру мүмкін емес, сондықтан сату қажет дейді. Кезінде одақ тізгінін ұстаған Айнабек Оспанов көптеген оң тірліктерді атқарды. Суретшілерді жұмыспен қамтамасыз етті. Одан түскен пайданы ғимаратты жөндеуге, оның барлық шығындарын жабуға жұмсады. Қазір Суретшілер одағының ғимараты қаңырап тұр. Бұрын жұмыс қайнап жататын жерде өлі тыныштық. Оның осындай шарасыз кейпіне қарап жаның ауырады.
Менің ойымша, Суретшілер одағында мүмкіндік пайдаланылмай жатыр.
Айталық, соңғы бір-екі жылда облыс әкімі Асқар Исабекұлының арқасында Шымкентте қаншама жұмыстар атқарылды. Дендробақ, Теміржол вокзалы, Абай саябағында әрлеу, безендіру жұмыстары жүргізілді. Суретшілер Одағы осы тапсырыстардың барлығынан құр қалды. Неге? Біз Суретшілер Одағын сақтап қалып, оның мәртебесіне лайық ету үшін қолынан іс келетін жастарға мүмкіндік бергеніміз дұрыс деп ойлаймын.
--Бірақ суретшілер одағы ғимаратын сатып жіберу өзге облыстардан алынған тәжірибе ұқсайды. Суретшілер Одағының республикалық ұйымы да мұны қолдап отыр емес пе?
--Рас, Алматыдағы Суретшілер одағының ғимараты, көрме залдары кезінде сатылып кеткен. Онда суретшілердің басын қосатын екі-үш бөлмелік кеңсе ғана бар. Бізге олардың қателігін қайталаудың қажеті жоқ. Бірақ бүгінгі дүрдараздықтың бәрі де өткінші деп ойлаймын. Өйткені өнер адамдары қашанда бірге болуы тиіс. Осында суретші-педагогтардың одағын құру ойымызда бар. Өйткені танымал суретшінің, мүсіншінің тәжрибесі, өнегесі бізге керек. Осында білім алып жатқан шәкірттерге қажет. Көркемсурет колледжі солардың басын қосатын, оңды істерге ұйықты болатын орынға айналуы тиіс.
Сұхбаттасқан Бақытжан ӘБДІРАШҰЛЫ