Мамырбек Есбергенов: «Кличкам» - құрақ көрпе»

Oinet.kz 11-11-2010 2200

Screenshot_2.jpg

«Шымшыма» әзіл-сықақ театрының егіз қозыдай болып жүретін екі әртісі Ержан Байтілеуов пен Мамырбек Есбергенов жайлы бұрын да жазған болатынбыз. Оқырмандардың сұрауы бойынша бұл жолы қос қалжыңқойдың балалық шақтарына саяхат жасаған едік.  

Ержан Байтілеуов: - Мен онша бұзық болмадым. Бірақ, 6-сыныпта оқып жүргендегі бір жағдай есімнен кетпейді. Соңғы сабақ физика болатын, ол  пәнді еш түсінбеймін. Сабақты болдыртпаудың амалын іздедім. Күздің кезі еді. Әр сыныптағы пешке от жағады. Сыныптың кіре берісінде суланған тряпка тұратын. Сол тряпканы алып, түтіннің мұржаға кететін тесікті бекітіп, кетіп қалдым. 10-15 минуттан кейін «ойбай, өрт шықты» деп айқайлаған дауыстар естілді. Жүгіріп келсек, сыныптың іші көк түтіннен көрінбейді. Ағайлар түтінмен алысып, оқушылар үйлеріне қайтты. Бірақ, мұны менен көрген жоқ, кінәсі болмаса да бұзық балдар басы салбырап директордың кабинетіне кіріп шықты.  

Мамырбек Есбергенов:

«Кличкам» - құрақ көрпе

- Денемде тыртық көп та менің, «кличкамның» өзі құрақ көрпе. Бала кезімде ұрыншақ тұғынмын. Балабақшаның өзінде тілімді кестім, тамтөбесінен секіремін деп. Каналда суға ағып ойнаймыз деп аяғымның екі жерінен тіліп алдым. Бір күні есекпен шауып келе жатқанмын, ешек арам болады ғой, қалың бұтақтың арасына қойып кетті. Бет-аузым жырылып, ешектен оңбай құладым. Тыртығымның саны тағы да артты. Үйдің артында жол болатын, көршіміз мотоциклмен күн сайын өтетін. Бір күні жолдың ортасын «ор» қылып қазып, бетін шырпымен жасырып қойдық. Қызық көреміз деп, орны толмас өкінішке жолыға жаздағанбыз. Мектепте сурет сабағынан қыздардан қалам сұраймын. Береді. Тарс еткізіп сындырамын да «мә, ұшын шығарып ал» деп қайтарып беремін. Сабақта тыныш отыру жоқ қой. Мұғалім: «Есбергенов тұр, сабақ айт!» дейді. Шулап отырған адам қандай тақырып айтылып жатқанын қайдан білсін? Отыр, «2», күнделігіңді әкел, - дейді. Мен тұрып бара жатып, алдымда отырған кез-келген баланың күнделігін байқатпай аламын да, ағайдың алдына қоямын. Шиырып «2» қойып береді. Қайтып келе жатып «мә, 2 алдың, е!» деп күнделікті егесінің алдына тастай саламын. «Ағай мынаны қараңызшы, менің күнделігімді апарыпты» деп жылайды. Ағай болса «қоя бер, журналға Есбергеновке қойдым» деп жұбатқансиды. Садақ, ләңгі, рагатка... ойбой, бір атқанда екі шымшықты қатар құлататынбыз, қарғалар көріп тоқтап қалатын ғой...

- Екеуіңіз бірге жүрген жылдары да талай қызықтар болған шығар?

Ержан Байтілеуов: - Мамырдың істемейтін бәлесі жоқ. Ақтөбеге кететін болып, поездың купе вагонында жатқанмын. Мамыр тамбурға темекі шегуге кеткен. Оның түрін көрген адам бірден өзбек деп ойлайды. Полицияны көріп қалса әдейі артқа қарап, жүзін жасырғансиды. Күдік алған олар қасына келеді. «Ей, бері кел!» десе, бұл «нүмә» дейді басын салбыратып. Өршелене түскен олар қайталап «бері кел!» дейді ғой, бұл тағы да дауысын бәсеңдетіп «нүмә» дейді. «Өзбексің ба?» деп сұраса басын изейді.

- Қайда барасың?

- «Ақтөбе тамамға».

- Онда не істейсің?

 - Құрылыс.

- Құжаттарың бар ма?

- Нүмә

- Удостоверение

- А, иә

- Қайда?

- Қо-жәйын-дә

- Қожайының қайда?

- Купеде ятыпты, - деп соларды маған ертіп келеді де ақырын:

- Қо-жәйын, сізді кәпитәнләр чақырып ятипти, - дейді. Содан кейін полицияларға құжат көрсетіп, «соткаға» түсіріп алған қалжыңдарды көрсетіп жүріп әйтеуір өзбек емес екеніне әрең сендіреміз. «Әртіс екенсіңдер ғой» деп кетеді күліп. Екі-үш минут жатқаннан кейін Мамыр қайта сыртқа шығуға бет алады. Жының келіп қайда баратынын сұрасаң, жайбарақат «қой тағы полицияларды іздеп келейінші» деп, ерінбестен тағы біреуін ертіп келеді ғой, жарықтық. Әйтеуір жүрген жері комедия.

Дайындаған Шадияр Мекенбайұлы

Серік Ибадуллаев: «Алғашқы үштікке кіреміз»
Айдар Ниязов: «Мақсатым—суретшілердің рухын көтеру»
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу