Оралмандар Оңтүстікке қоныстануға құмар

Oinet.kz 25-12-2009 1096

39521-6-reshenie_problem_oralm_ru.jpg

Тәуелсіздік алғаннан күні бүгінге дейін  Оңтүстік Қазақстан облысына қоныс аударған оралмандардың саны 46630 отбасыға немесе  159559 адамға жеткен. Егер салыстырмалы түрде алар болсақ,  Оңтүстік оралмандарды өзге өңірлерге қарағанда ең көп қабылдаған облыс болып тұр. Неге? Мұның бірнеше себептері бар. Біріншіден, Оңтүстік қандастарымыз көп тұратын Өзбекстанмен шекаралас орналасқан облыс. Екіншіден, мұнда диқаншылықпен айналысуға мүмкіндік мол. Сондай-ақ,   Оңтүстікке  бет түзеген көш қарасының мол болуына  жергілікті халықтың қонақжай пейілі мен ақжарқын көңілі де себеп болған сияқты.

Біз облысқа қоныстанған оралмандардың қазіргі жағдайы туралы және алда атқаралар жұмыстар туралы  ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Көші-қон комитеті Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша департаментінің бастығы Әбдібақыт Мақұлбаевпен сұхбаттасқан едік.

--Әбеке, атамекенге қоныс аударған қандастарымыз негізінен қай елдерден көшіп келген? Алдымен статистикалық деректерге жүгініп көрсек.

--Тәуелсіздік алғалы Оңтүстікке қоныс аударған  46630 оралман отбасының 88,4 пайызы Өзбекстаннан, 5,1 пайызы Тәжікстаннан, 1,5 пайызы Ираннан, 1,9 пайызы Түркіменстаннан, ал, 3,1 пайызы басқа алыс, жақын шет елдерден келгендер. Оралмандардың   57,2 пайызы квота арқылы, ал қалған 42,8 пайызы өз күш-көлігімен келгендер.

--Яғни, олардың жартысынан астамы квотамен келгендер екен? Жалпы, осы квотаға бөлінген қаржының көлемі және оның игерілуі қай деңгейде?

-- 2008 жылы біздің департаментке көшіп келу квотасына үміткер 2769 азаматтың өтініші тіркелген болатын. Оның ішінде, департамент жанынан құрылған комиссияның шешімдеріне сәйкес 2712 отбасы көшіп келу квотасына енгізілді. Оларға көрсетілген мөлшерде бюджеттік бағдарлама бойынша 497 311 мың теңге--біржолғы жәрдемақы  мен көлік шығындарына, 1 615 460,7 мың теңге тұрғын үй салу үшін бөлінді.  Қаржы оралман ортбасылардың «Қазақстан халық банкі» филиалдарынан ашқан жеке есеп-шоттарына аударылды. Көші-қон комитетінің ОҚО бойынша департаментінің 2008 жылы аталған қаржылардың игеру көрсеткіші 99,94 пайызды құрады. Ал, игерілмеген қаржының көлемі 1 362 мың теңге.

--Бұл қаржының игерілмей қалуына не себеп?

--Аталған қаржы оралмандарды құжаттандыруға көзделген. Көп жағдайда жыл соңына дейін олар Қазақстан Республикасы азаматтығын ала алмауына байланысты құжаттандырылмайды. Қазіргі уақытта аталған қаржы құжаттандыру үшін төленетіндігін ескере отырып, оны алдын ала өтемақы ретінде аударып беру үшін тиісті заң актілеріне өзгерістер енгізу туралы ұсыныстар беріліп жатыр.

--Көшіп келген оралмандарға арнап қызмет көрсету орталықтарының жұмыс істей бастағанын білеміз. Қазір облыста олардың саны қанша?

--Оралмандарды бейімдеу және кіріктіру орталықтары Шымкентте және Ақсукенттен ашылған. Орталықтарда оралмандарды қолданыстағы заңдылықтарға, қазақ тіліне, өлкетану лекциялары, кәсіптік мамандықтар алуға оқыту ұйымдастырылған. Шымкенттегі орталық 170 орындық. Биыл мұнда  60 адам оқу курстарынан өтті. Бұл оқу курстарында сұранысы жоғары дәнекерлеуші, электрик, слесарь, тігінші, массажшы, іс есепші сияқты мамандықтарға оқыталады. Ал, Ақсукенттегі орталық 140 орындық. Былтыр онда 343 адамды бейімдеу қызметтерінен өткен.

--Әбеке, оралмандарды тұрғын үймен қамтамасыз етуге бөлінген қаржы осы мақсатқа толық жетеді деп ойлайсыз ба?

--Дайын үй сатып алуға жеткіліксіз, әрине. Сол себептен көптеген оралмандар отбасылары квота бойынша алған қаржысын баспаналы болу үшін үй салуға жұмсауда.

--Ал, оралмандардың проблемасын шешуге бағытталған «Нұрлы көш» бағдарламасының орындалуы қалай?

--«Нұрлы көш» бағдарламасы Қазақстанға көшіп келіп жатқан оралмандарды экономикалық дамуға негізі бар аумақтарға тиімді қоныстандыруды, оларды баспанамен, жұмыспен, мектеп, балабақша және басқа да әлеуметтік инфрақұрылымдармен қамтамасыз етуді көздейді.

Аталған бағдарламаға сәйкес облыс аумағына көшіп келген оралмандарды Шымкент-Ташкент бағытында (Қазығұрт, Сарыағаш аудандары), Шымкент-Тараз бағытында (Түлкібас, Төлеби аудандары) және жаңадан салынып жатқан Көксарай су қоймасының жағалауларына қоныстандыру жоспарланып отыр. Аталған бағдарламаға сәйкес  2 жылдың көлемінде 2920 оралман отбасын (шамамен 14600 адам) қабылдау жоспарлануда.

--Осы «Нұрлы көш» бағдарламасының аясында Шымкентте «Асар» мөшлтекауданының салынғанын жуырда Елбасымыз халықпен тікелей желіде ерекше атап өтті.  Аталған мөлтекауданда қандай жобалар қолға алынып жатыр?

--Бүгінгі күні «Асар» мөлтекауданы Республикалық бюджеттен бөлінетін қаржы бойынша 2009 жылы басталатын пилоттық жобалардың бірі болып бекітілді,. Оған үстіміздегі жылы 4 млрд. 322 млн. теңге бөлініп отыр. Бекітілген жоба бойынша 2009 жылы «Асарда» 575 тұрғын үй салынып бітуі тиіс. Сонымен қатар, 16,94 шақырымдық су жүйелері, 15 шақырымдық электр жүйелері салынады.  2010-2011 жылдары әр жылы 575 үй салынып, жалпы 3 жыл көлемінде 1725 үй пайдалануға беріледі деп жоспарланып отыр. Үш жыл көлемінде үй салуға 10 млрд. 709 млн. теңге, әлеуметтік инфроқұрылымға 1 млрд. 546 млн. теңге, инженерлік инфроқұрылымға 5 млрд. 821 млн. теңге, жылыжай салуға 1 млрд. 701 млн. теңге бөлу көзделіп отыр.

--Жаңадан салынатын үйлердің жоспары, оны берудің тәртібі қандай? Несиені уақытында қайтару үшін оралмандардың тұрақты табыс көзі болуы керек. Оларды жұмыспен қамту мәселесі қалай шешілуде? 

--«Асардағы» үйлер екі түрлі модулмен салынады. Бірінші модуль жалпы көлемі 101,6 шаршы метрді, құны 4 млн. 498 мың теңгені құрайды. Үйдің бір шаршы метрінің құны 44270 теңге болады. Бұл модульде 690 үй салынады. Екінші модульде үй екіқабаттан тұрады. Оның көлемі 166 шаршы метрі, құны 7 млн. 349 мың теңгені құрамақ. Оның да әр шаршы метрі 44270 теңге. Бұл модульде 1035 үй салынады.

Сонымен қатар бұл мөлтекауданда бір мектеп, бір балабақша, бір отбасылық дәрігерлік амбулатория, тәртіп сақтау бекеті, байланыс бөлімі болады. Жалпы, «Нұрлы көш» бағдарламасына сәйкес көшіп келген оралмандарды жайластыру үшін облыстың аудан, қалаларында барлығы 2977,2 гектар жер бөлу жоспарланған, оның ішінде тұрғын үй салу үшін—430,2 гектар, ауыл шаруашылығымен айналысу үшін 2400 гектар, инженерлік коммуникациялар жүргізу үшін 147 гектар жер бөлу көзделген.

Жалпы, облыс көлемінде жайғасқан оралмандарды тұрғын үймен қамтамасыз ету үшін 10,4 млрд. теңге бөлінеді. Оның ішінде 2825 отбасына үй салып беру үшін 10,1 миллиард теңге, 95 отбасына тұрғын үйлерді қайта қалпына келтіру үшін 0,3 млрд. теңге қаралған.

Тұрғын үйлер «Қазақстан тұрғын үй құрылыс жинақтау» банкінің несиелендіру жүйесі арқылы берілетін болады. Несиенің қайтару мерзімі 15 жылға белгіленіп, орташа есеппен алғанда бір айда банкке қайтаратын қаржының көлемі 29300 теңгені құрайды. Несиенің бір жылдық өсімі—4 пайыз.

Алдын ала жобалау есептері бойынша оралмандардың басым көпшілігі ауыл шаруашылығында жұмыс істеуге бейім адамдар. Сол себептен тұрақты жұмыспен қамтамасыз етіледі деп жоспарланып отырған 7810 адамның 4069-ы ауыл шаруашылығында, 625-і бюджеттік мекемелерде, 622-і жеке кәсіпкерлікте, 2494 адам жалдамалы жұмыстармен қамтамасыз етіледі деп күтілуде.

Жерді тиімді пайдаланып, жоғары технологиялық әдістерді кеңінен пайдаланып, тұрақты жоғары өнім өндіру үшін Ордабасы ауданы, Арыс қаласы аумақтарына көшіп барған оралмандардың 1165 отбасына жалпы құны 2 млрд. 330 млн. теңгені құрайтын жылыжайлар салынады. Аталған отбасылар толығымен жұмыспен қамтылады және жерден жыл бойы өнім алып отырады

Оралмандарды жұмыспен толық қамту мақсатында оларды жеңілдетілген несие беру арқылы бизнес жобаларға тарту жоспарланған. Бағдарламаға сәйкес 2010 жылы 1140 отбасына 533,5 млн.теңге, 2011 жылы 1235 отбасына 565 мың теңге несие беріледі.

Келген оралмандардың ауыл шаруашылығына бейім екенін ескеріп, 1165 үйге ауылшаруашылық өнімдерін өсіруге жылыжай салып беру көзделген. Өнімді сатудан түскен қаржы несиені қайтарудың бірден-бір жолы болады.

Полат Қырықбаев: «Алып анадан туып ауылдан шығады»
Ғалым Смағұлұлы: Карикатура – аударманы қажет етпейтін жанр
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу