Полат Қырықбаев: «Алып анадан туып ауылдан шығады»

Oinet.kz 03-12-2009 1390

Screenshot_17.jpg

Полат Қырықбаев, Оңтүстік Қазақстан облыстық туризм, дене шынықтыру және спорт басқармасының бастығы:

- Полат Наурызбайұлы, осы аптада облыс әкімдігінің кезекті мәжілісінде есеп бердіңіз. Әңгімені спорт мекемелерін қаржыландыру деңгейі қандай дәрежеде екенін білуден бастасақ.

- Облысымызда басқармаға бағынышты олимпиадалық дайындық орталығы мен жоғары спорт шеберлігі мектебі, Бекзат Саттарханов атындағы дарынды балалардың спорт мектеп–интернаты мен 15 мамандандырылған спорт мектептері, төрт мемлекеттік коммуналдық  қазыналық кәсіпорындары және «Ордабасы» футбол клубы» акционерлік қоғамы өз қызметтерін атқарып келеді.

Үстіміздегі жылға бюджеттен туризм, дене шынықтыру және спорт  саласына 2 миллиард 701 миллион 217 мың теңге бөлінген. Сонымен қатар облыс аумағында  бұқаралық жарыстар ұйымдастыру мен өткізу үшін қосымша 30 миллион 969 мың теңге, облыс спортшыларының республикалық, халықаралық жарыстарға қатысуы мен дайындығына  297 миллон 177 мың теңге қаралған. «Жол картасы» бағдарламасы шеңберінде 127 миллион теңгеге 3 спорт мекемесіне күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді.

Өткен жылы облыстағы қала, аудандарда балалар мен жасөспірімдердің 36 спорт мектебі болса, биыл олардың саны 39-ға жетті. Шардара, Отырар аудандары мен Түркістан қаласында  спорт мектептері балалар игілігіне ұсынылды.  

- Ауыл спортының ахуалы қандай?

- Ауылдық спорт мектептерінде бүгінде 23567 спортшы спорттың 38 түрімен шұғылданып жүр. Оларды жаттықтыруға 872 ұстаз жұмылдырылған. Осы тұста айтпай кетпеуге болмайтын бір мәселе бар: ауыл мектептерінің арасында 34 пайызы ғана жаттығуларын жеке залдарында өткізсе, өзгелері залды жалға алуға мәжбүр.

Жыл басынан бері 90-нан аса республикалық біріншілік өтіп облыстың намысын қорғаған спортшылар 258 алтын, 224 күміс пен 264 қола медалға қол жеткізді. Ал Азия біріншіліктеріне қатысқан жерлестеріміздің олжасы: 55 алтын,  24 күміс пен 27 қола медаль. Әлем жанкүйерлері көз тіккен дүбірлі додалардан қос алтын мен үш күміс, 6 қола медалмен оралды. Биыл Қазақстан Республикасының ІІ Жастар спорт ойындарында  жерлестеріміз  спорттың 30 түрінен бақ сынап,  жалпы командалық есепте 2-ші орынды иеленді. Ал Петропавл қаласында өткен 4-ші республикалық «Ақ бидай» ауыл спорты ойындарында оңтүстікқазақстандықтар алғашқы үштікке табан тіреді. Бұдан бөлек Ресейде ұйымдастырылған әлемдік бәсекеде   батуттан секіруден жұптық байқауда Әлиев Пермамед пен Шинкарев Александр алтыннан алқа тақты. Ескек есуден  Москва қаласында өткен жастар арасындағы әлем чемпионатында Михаил Емелянов қола жүлде иеленді. Жапониядағы  жүзу жарысында Азия чемпионатында Анастасия Прилепа үш қашықтық бойынша жеңімпаз атанса,  Данияда еркін күрестен өткен әлем чемпионатында Олимпиада ойындарының қола жүлдегері Елена Шалыгина қола жүлдеге ие болды. Қытайда әлем кубогы сарапқа салынғанда оқ атудан Рашид Юнусметов жеңімпаз атанды. Осы аталған жарыстардың қорытындысы бойынша биылғы жылдың 9 айында 30 халықаралық дәрежедегі спорт шебері, 155 спорт шебері мен 1126 спорт шеберіне үміткерлер, 924 бірінші санатты спортшы дайындалды.

Келер жылы Ванкуверде (Канада) өтетін XXI қысқы Олимпиада ойындары, Сингапурде жалауы желбірейтін жасөспірімдердің тұңғыш жазғы Олимпиада ойындары мен Гуанчжоуда (Қытай) тартысқа түсетін Азия ойындары сияқты үш бірдей  спорт әлемінде маңызы бар жарыстар өткелі отыр. Осы жарыстарда да ұлттық құрама командалары сапындағы жерлестеріміздің ел абыройын асқақтататынына үміт артып отырмыз. Сондай-ақ,  былғары қолғап шеберлері, Олимпиада ойындарының қола жүлдегері Еркебұлан Шыналиев пен әлем чемпионатының қола жүлдегері Біржан Жақыповтың алдағы Азия ойындарында үлкен олжамен қуантатынына сеніміміз мол. Оңтүстік Қазақстан облысы спортының тарихында фристайыл спортының шеберлері Жібек Арапбаева және Рустам Аблятифов  тұңғыш рет қысқы Олимпиада ойындарына жолдама жеңіп алды. 

- Алда үш бірдей маңызды жарыс күтіп тұрғанын айттыңыз. Осы додаларда қанша спортшы қандай олжа салады деген болжам бар?

- Әрине, бұл дүбірлі додадан мүмкіндігінше мол олжаға кенелсек деген арманымыз бар. Одан бөлек 2011 жылы Астана және Алматы қалаларында өтетін қысқы Азия ойындары мен 2012 жылы Лондонда өтетін жазғы Олимпиада ойындарына деген дайындыққа да көп көңіл бөлінуде. Осы мақсатта ұйымдастырылатын іс-шаралар жоспары мен жеңіп алуға болатын жүлделер бойынша тапсырма-жоспар да дайындалды. Алайда, оны әзірге жария етудің қажеті болмас.      

- Әлемдік додаларда соңғы кездері қай құрлықтың мерейі үстем болып келеді және оның себебіне үңіліп көрдіңіз бе?

- Спорт деген соқыр жеребе секілді мың құбылып отырады. ХХ ғасырдың соңында өткен барлық додаларда АҚШ, Жапония, Ресей, Германия секілді елдердің спортшылары алдына жан салмай келсе, ендігі жерде Азия құрлығының, әсіресе Қытай, Туркия, Пәкістан, Индия, Корея елдерінің спортшылары керемет жетістіктерге  жете бастады. Әрине, мұның себебін зерделеп, себебін тапқандай да болдық. Біріншіден, жоғарыда аталған елдердің спортшылары спорт ғылымына ерекше ден қойған. Қарапайым оқу–жаттығу жиындарының өзі үлкен ғылым деуге болады. Екіншіден, бұл спортшылар үшін қаншама ғылыми институттар мен сала мамандары бірлесіп жұмыс жүргізіп келеді. Демек, бұл әдісті неге біз де қолданбасқа деген заңды сауал туындайды. Оны шешу жолы да жоқ емес сыңайлы. Облысымыздағы дене шынықтыру және спорт саласы мамандарын дайындап отырған  М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетімен бірлесе облысымыздың спортшыларын алдағы республикалық, халықаралық жарыстарға қатысуына және спорт мамандарының біліктілігін даярлау және қайта даярлау бойынша ғылыми негізде ықпал жасау мақсатында екі жақты  меморандум дайындауымыз қажет.

- Атақты спортшымыз Әлия Юсупова отбасылық өмірге бет бұрды. Енді оның спортпен қоштасуына тура келетін болар?

- Әлия 10 жыл бойы ел намысын халықаралық, әлемдік жарыстарда қорғап келді.  Осы жылдар аралығында көркем гимнастикадан Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген спорт шебері атанған ол Азия чемпионаттары мен Азия ойындарының бірнеше дүркін абсалютті чемпионы, әлем кубогы кезеңдерінің жеңмпазы, Пекин, Афина Олимпиада ойындарында 4-5 орындарды бағындыра білді. Енді міне Әлия қарындасымыз үлкен спортпен қоштасқалы отыр. Облысымызда көркем гимнастиканы одан әрі дамыту бағытында Әлияның жүлдесіне арналған жарыс және салтанатты спортпен қоштасу кешін келесі жылдың ақпан-наурыз айларында жоғары деңгейде өткізуді жоспарлап отырмыз.

- Жүлденің жеңіл жолмен келмейтіні түсінікті. Мықты спортшы дайындау үшін мықты материалдық-техникалық база болуы шарт. Әңгімемізді осы арнаға ауыстырсақ.

- Шынын айту керек, облысымыздағы дене шынықтыру мен спорт саласын одан әрі дамытуға байланысты облыс әкімдігінің бірқатар қаулылары шыққанымен қала, аудан, ауыл әкімдіктері тарапынан  бұқаралық дене шынықтыру мен спортты дамытудың негізі -  материалдық–техникалық базаны қалыптастыруға жете көңіл бөлінбей келеді. Бұл кемшілікті қайталамас үшін барлық қала, аудан басшылары келесі жылдың бюджетін бекіту барысында осы саланың материалдық-техникалық базасын қалыптастыруға қаржы қараулары қажет-ақ. Сондай-ақ, спортшылардың түрлі деңгейдегі жарыстарға  қатысуына қаржы бөлулері тиіс. Қазіргі кезде аудандардың спортқа деген қамқорлықтарына талдау жасар болсақ, бір адамға шаққанда жергілікті бюджеттен Мақтарал ауданы 110 теңге, Сарыағаш ауданы 231теңге, Сайрам ауданы 189 теңге,  Түркістан қаласы 207 теңге, Бәйдібек ауданы 751теңге, Созақ ауданы 819 теңге, Отырар ауданы  1003 теңге бөліп отырғанын байқауға болады. Спорттың биік шыңын бағындырған жерлестеріміздің 95 пайызы ауылдық жерден шыққандығын ескерер болсақ, бұл айтылған мәселеге ерекше көңіл бөлу қажеттігі айтпаса да түсінікті.  Осыған қарамастан алып анадан туылып ауылдан шығатыны айна қатесіз екені даусыз дәлелденіп келе жатыр.

Басқарма мамандардың талдауына сенсек, облысымыздағы спорт ғимараттарының жалпы саны  3433 нысанды құрайды. Осы нысандар жылда Қазақстан Республикасы туризм және спорт министрлігіне тапсырылатын жылдық статистикалық есепке ілінгенімен шын мәнінде дене шынықтыру мен спорт саласымен айналысуға мүмкіндік жоқ. Мәселен 18 жүзу бассейндерінің саны бар да сапасы жоқ. М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің меншігіндегі «Денсаулық» спорт кешені ғана толық мүмкіндігімен жұмыс жасап келеді.

- Алып анадан туып ауылдан шығады деп әдемі әңгіме айттыңыз. Сол алыптар Октябрь Жарылқапов, Әбдісалан Нұрмаханов, Бекзат Саттарханов, Мұхтархан Ділдәбеков сынды мықтылардың ізбасарларын дайындау қалай жолға қойылуда?

- Бұл өте маңызды мәселе. Осы бағытта бірқатар жұмыстар қолға алынды. Бүгінде басқармаға қарасты облыстық спорт мектептерінен 211 білікті жаттықтырушы аудан, қалаларда жұмыс жасап жатыр. Жылына  2 рет, көктем және күз айларында аудандарда дамытуды қажет ететін спорт түрлерінен облыстық біріншіліктер өткізу, жарыс қорытындысы бойынша үздік спорт мектебін анықтау, дарынды жас спортшыларды іріктеу және облыстық Б.Саттарханов атындағы мектеп-интернатына қабылдау қолға алынады. Бүгінгі күнге әйелдер арасындағы  күрес, ауыр атлетика, қол күресі, футбол секілді спорт түрлері қатты дамып келеді. Сол себепті де мектеп-интернатта қыздар бөлімін ашу жоспарлануда.

Ауыл жаттықтырушыларына жылына екі рет семинар-кеңес және ашық сабақтар өткізу арқылы біліктілігін көтеру мәселесі де жоспарланды. 2009 жылдың қазан айында облыстық семинар-кеңес Шымкент қаласында ұйымдастырылса, келесі жылдың сәуір айында Созақ ауданында ұйымдастырылмақ. Осы тұста айта кеткен жөн, Созақ және Сарыағаш аудандарында жергілікті кәсіпкерлер өз қаражаттарына спортзал мен стадион салып, жасөспірімдердің спортпен шұғылдануына мүмкіндік жасап отыр. Осы игі бастама әр ауданда көрініс берсе нұр үстіне нұр болар еді. Жақында өткен Елбасының елмен тікелей тілдесуі сәтінде де спорт саласына қатысты біздің облыстан 30-ға жуық сауал түссе, соның көпшілігі ауыл спортын дамытуға жағдайдың жасалмайтыны жеткізіп, Елбасыдан көмек сұраған. Міне, бұл ауыл спорты, дәлірегі ауылдағы спорттық нысандарға көп көңіл бөлу қажеттігін аңғартады.

Әңгімелескен Шадияр Мекенбайұлы

Берік Құлтасов: «Қабылданған шешімдердің заңдылығы тексерілуде»
Оралмандар Оңтүстікке қоныстануға құмар
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу