Индустрия министрлігі жалған ақпарат таратқан «Азия Автоға» ескерту жасады

Oinet.kz 15-05-2020 1168

Қазақстан Республикасының Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі (бұдан әрі – Министрлік) «Азия Авто» АҚ және «Азия Авто Қазақстан» АҚ кәсіпорындарымен жасалған моторлы көлік құралдарын өнеркәсіптік құрастыру туралы келісімге қатысты жағдай жөнінде жалған ақпарат тарату фактілері тіркелгенін хабарлайды Oinet.kz тілшісі.  

Screenshot_1.jpg

ҚР ИИДМ Баспасөз қызметінің жазуынша, министрлік осыған орай Қазақстан Республикасында моторлы көлік құралдарын өнеркәсіптік құрастыру туралы Келісім ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Индустрия және жаңа технологиялар министрінің «Қазақстан Республикасының заңды тұлғалары резиденттерімен моторлы көлік құралдарын өнеркәсіптік құрастыру туралы келісімді жасасудың, оның талаптары мен үлгі нысанының кейбір мәселелері туралы» 2010 жылғы 11 маусымдағы № 113 бұйрығына (бұдан әрі – Бұйрық) сәйкес жасалатынын хабарлайды.

Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің «Кеден одағына мүше мемлекеттер мен Бірыңғай экономикалық кеңістік аумағында «моторлы көлік құралдарын өнеркәсіптік  құрастыру» ұғымын қолдану шарттары туралы» 2014 жылғы 29 мамырдағы № 72 шешіміне сәйкес Министрлік 10 кәсіпорынмен моторлы көлік құралдарын өнеркәсіптік құрастыру жөнінде 19 келісім жасады.

Кәсіпорындар келісімдер аясында көлік құралдарын балқытып біріктіру, бояу және құрастыру бойынша технологияларды игеру және оқшауландыруды ұлғайту туралы өздеріне міндеттемелер алды.    

«Азия Авто» АҚ және «Азия Авто Қазақстан» АҚ кәсіпорындары келісім бойынша өнеркәсіптік құрастыру туралы міндеттемелерін орындамады. Ал өзге кәсіпорындар шанақты балқытып біріктіру және бояу бойынша технологиялық жабдықтарды іске қосу жөніндегі міндеттемелерін келісімнің жоспар-кестесіне сай орындады.

«Азия Авто» АҚ 2002 жылғы 20 желтоқсанда құрылып, алғашқы мемлекеттік тіркеуден өтті.

Кәсіпорын өз қызметін бастағаннан Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қосымша құн салығынан және кедендік төлемдерден босатылып, мемлекеттік преференциялар алып келді.

Сондай-ақ, төленген утилизациялық алымды қайтару түрінде ынталандырылды. Министрлікпен жасалған келісімдер бойынша өнеркәсіптік құрастыру туралы қарсы міндеттемелер алған отандық кәсіпорындардың барлығына мемлекеттік қолдау көрсетілді.

2001 жылғы 15 тамызда «ҚР басым бағытты экономика секторларында инвестициялық қызмет атқаратын инвесторды мемлекеттік қолдау және ынталандыру шаралары туралы» алғашқы инвестициялық келісімге қол қойылды.

2010 жылғы 24 маусымда «Азия Авто» АҚ-мен 2017 жылғы 1 маусымнан бастап шанағын балқытып біріктіру және бояу бойынша технологиялық операцияларды ұйымдастыру міндеттемесімен бірге 8703 ТН ВЭД ТС (жеңіл автомобильдер) тауар позициясымен моторлы көлік құралдарын өнеркәсіптік құрастыру туралы келісімге қол қойылды. Бірақ аталған міндеттеме орындалған жоқ.

«Азия Авто Қазақстан» АҚ 2012 жылғы 19 желтоқсанда құрылып (пайдалануға берілген жоқ), алғашқы мемлекеттік тіркеуден өтті.

2012 жылғы 28 желтоқсанда «Азия Авто Қазақстан» АҚ-мен 2019 жылғы 1 желтоқсаннан бастап шанағын балқытып біріктіру және бояу бойынша технологиялық операцияларды ұйымдастыру міндеттемесімен бірге 8703 ТН ВЭД ТС (жеңіл автомобильдер) тауар позициясымен моторлы көлік құралдарын өнеркәсіптік құрастыру туралы келісімге қол қойылды. Бірақ аталған міндеттеме де орындалмады.

Өндірушілердің міндеттемелеріне сәйкес компаниялар 84 ай (7 жыл)ішінде шанақты балқытып біріктіру және бояу бойынша технологиялық жабдықтарды пайдалануға беруі тиіс.

Әрі моторлы көлік құралдарын өнеркәсіптік құрастыру туралы келісімге қол қою ережелерінің 8 тармағына сәйкес өнеркәсіптік құрастыру туралы көпжақты келісімге қол қоюға болады. Өнеркәсіптік құрастыруға көшу мерзімі көпжақты келісім тараптарының бірі қабылдаған ең жоғарғы мерзімнен асып кетпеуі тиіс.

«Азия Авто» АҚ кәсіпорнының өз міндеттемелерін орындауға дайын еместігін ескере отырып, міндеттемелер мерзімін ұзарту мақсатында 2017 жылдың басында «Азия Авто» АҚ мен «Азия Авто Қазақстан» АҚ моторлы көлік құралдарын өнеркәсіптік құрастыру туралы көпжақты келісімге қол қою туралы Министрлікке өтініш білдірді.

2017 жылғы 7 сәуірде Министрлік аталған кәсіпорындармен «Азия Авто» АҚ-на келісім аясындағы міндеттемелер мерзімін 2019 жылғы 1 желтоқсанға дейін ұзартуға мүмкіндік беретін көпжақты келісімге қол қойды.

Моторлы  көлік құралдарын өнеркәсіптік жинау туралы келісімнің 2.1.3 тармақтарына сәйкес есепті жылдан кейінгі әр күнтізбелік жылдың 1 сәуіріне дейін өндіруші уәкілетті органға жоспардың орындалуы туралы – келісім кезеңдерін іске асыру кестесін ұсынуға міндетті.

Осылайша, ағымдағы жылғы сәуірде есепті ұсыну барысында «Азия Авто» АҚ-ның моторлы көлік құралдарын өнеркәсіптік жинау туралы қол қойылған көпжақты келісімге сәйкес 10 жылдай уақыт бұрын өзіне алған міндеттемелерін кезекті рет орындамағаны расталды.

Келісімнің 4.3 тармағына сәйкес келісім нормалары орындалмаған немесе тиісті деңгейде орындалмаған жағдайда уәкілетті орган өндірушіге анықталған бұзушылықтарды көрсете отырып, оларды 1 айдың ішінде жою туралы жазбаша түрде хабарлама жібереді.

Аталған хабарлама «Азия Авто» АҚ және «Азия Авто Қазақстан» АҚ кәсіпорындарының мекенжайына ағымдағы жылғы 11 сәуірде жіберілді.

Бұйрыққа сәйкес анықталған бұзушылықтардың 1 ай ішінде жойылмауы немесе тиісті деңгейде атқарылмауы Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасында қарастырылған тәртіпке сай келісімді бұзуға және жеңілдіктер беруді тоқтатуға негіз болады.

Жасалған келісім ережелеріне байланысты «Азия Авто» АҚ және «Азия Авто Қазақстан» АҚ кәсіпорындары бұл жөнінде хабарландырылды.

Дей тұрғанмен, өнеркәсіптік құрастыру туралы келісімді бұзу кейбір БАҚ пен әлеуметтік желілерде жазылып жатқандай кәсіпорын қызметін тоқтату дегенді білдірмейді. «Азия Авто» АҚ компаниясы көлік құралдары өндірісін жалғастыруға, сондай-ақ «Азия Авто Қазақстан» АҚ зауыт құрылысын жалғастыруға толықтай құқылы. Министрлік өз кезегінде көрсетілген міндеттемелер орындалғаннан кейін келісім жасап, жеңілдіктер ұсыну мүмкіндігін қарастыруға дайын.

Уәкілетті орган орынсыз талқылаулар мен көпе көрнеу жалған ақпарат таратудан бас тартуға шақырады.

Карантин аяқталса, сайлау өтеді
Шүкеев жұмыссыз қалды
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу