Шүкеев жұмыссыз қалды
Oinet.kz хабарлайды -Бердібек Сапарбаев Жамбыл облысының әкімі болғалы бұрынғы әкім Асқар Мырзахметовтың бір кадрін өсіріп, бір кадрін «өшірді».
Суретте Еркебұлан Дауылбаев пен Мұратхан Шүкеев
Соңғы мәліметтерге қарағанда, облыс әкімінің құрылыс саласына жауапты орынбасары Еркебұлан Дауылбаев креслосын босатып, елордаға қарай бет түзеген. Еркебұлан Дауылбаев Асқар Мырзахметовтың тәрбиелеген кадрі саналады. А.Мырзахметов Оңтүстік Қазақстан облысында әкім болған жылдары бұған дейін кеден саласында еңбек еткен Дауылбаевты бірден құрылыс басқармасына басшы етіп тағайындаған болатын. Осы кезден бастап Мырзахметов пен Дауылбаевтың жұптары жазылған жоқ. «Нұр Отан» партиясында да, Ауыл шаруашылығы министрлігінде де. Мырзахметов Жамбылға әкім болып келген соң ұзамай Даулыбаев оның орынбасары қызметін атқаруға кіріскен еді.
Жамбылда үлкен кадрлық ауыс-түйіс жасалған соң Дауылбаевтың жылы орнын суытатыны онсыз да белгілі еді. Оның енді қандай қызметке барары белгісіз болып тұр. Онымен жұбы жазылмаған Асқар Мырзахметов дәл қазір жұмыссыз отыр.
Ал енді өскен кадрге тоқталсақ. Сапарбаевтың өкімімен облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы қызметін атқарып келген Берік Нығмашев облыс әкімінің орынбасары болып тағайындалды. Берік Нығмашев ұзақ жылдар Ауыл шаруашылығы министрлігінде еңбек еткен. Жамбылға ол 2018 жылы Мырзахметовтың артынан еріп келді. Облыс әкімі отызға жаңа толған жігітке облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының тізгінін сеніп тапсырған еді. Сапарбаев бұл сенімді одан әрі ұштап, Нығмашевті өзіне орынбасар етіп алды.
Айтпақшы, Берік Нығмашев бұған дейінгі орынбасар Мұратхан Шүкеевтің орнын басты. Мұратхан Шүкеев уақтысында Байзақ ауданының әкімі, «Нұр отан» партиясы Жамбыл облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары қызметтерін атқарған. Облыс әкімінің орынбасары қызметін ол 2018 жылдың қазан айынан бері атқарып келген еді.
Шүкеев әзірге жұмыссыз жүр.